Абайдың Қара сөздері – эссе жанрының бастауы
02.09.2025
674
0

Көрнекті әдебиет теоретигі, мәдениет­танушы Михаил Бахтин «Сөз өнерінің эстетикасы» ат­ты еңбегінде: «У.Шекспирдің шығармаларында өз дәуірінде ашылмай қалған мағыналар қазынасы мол» – деп жазған болатын. Осы орайда Абай Құнанбайұлының рухани мұрасының бүгінгі уақыт биігінен зерделену үрдісіне, әсіресе жаңашылдық қуатының қайнар көздеріне баса көңіл аударғанымыз жөн болар еді. Хәкім Абайдың кемел болмысының негізгі өзектерін, оның креативті кеңістігіндегі поэтикалық ізденістердің тамырлы діңгектерін теориялық електен өткізіп, ғылыми айналымға жаңғырта қоссақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Абайдың Қара сөздері бойынша академиялық ғылыми ортада кешенді зерт­теу, талдау еңбектері молынан жинақталған. Біз бүгін соның бір қырына ғана назар аударғанды жөн көрдік. Зерт­теушілердің пікірі бойынша, Абай бұл туындысын шамамен 1890 – 1898 жылдары, яғни 45–53 жас аралығында, «соқтықпалы, соқпақсыз, мыңмен жалғыз алысқан» өмір жолының бірталай белестерін өткеріп, тағдыр тауқыметінің ащысын да, тұщысын да әбден татқан кезінде жазды. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсыздығын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді, қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза бере­йін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – дейді Абай Қара сөздерінің әлқиссасында. Жалпы, Қара сөздердің құрылымы, жанрлық ерекшелігі, автордың оқырманмен оңаша сырласа отырып, сан алуан көкейтесті мәселелерді өзінің өмірлік тәжірибесі, интеллектуалды деңгейі тұрғысынан талқылап, терең байламдар жасауы – хакім Абайдың ізденімпаздық, жаңашыл келбетінің жарқырай ашылған тұсы. Осы рет­те, «Ғақлияның» (арабтың «хикмат» сөзінің түбірінен шыққан, «Даналық сөздері») құрылымдық, мазмұндық ерекшелігі, философиялық байламдары, көтерген тақырыптарының тіршіліктің қалың қойнауынан шыққан экзистенциалды сипаты тұрғысынан, ең бастысы, руханият әлеміне тигізген ықпал-беделі жағынан Еуропадағы Қайта өрлеу (Ренессанс) дәуірінің көрнекті ойшылы, жарық дүниеде Ұлы даланың данышпаны сияқты 59 жас ғұмыр кешкен (1533–1592) Мишель Монтеньнің «Тәжірибелерімен» үндес, пара-пар екенін айт­қымыз келеді. 2 Монтеньнің «Тәжірибелері» – әлемдік ақыл-ой, әдебиет әлемінде ерекше мәні бар, ықпалды шығарма. Шекспир, Декарт, Вольтер, Бейль, Монтескье, Дидро, Руссо, Пушкин, Толстой секілді саңлақтардың жұмыс үстелінен түспеген кітап. «Шекспирде Монтеньнің қолтаңбалары өріп жүр, Паскаль мен Декарт онымен пікір таластырады. Вольтер сынаушылардан қорғап, шыр-пыр болады. Бэкон, Монтескье, Дидро, Руссо, Ламетри, Пушкин, Герцен, Толстойлар ол туралы арнайы пікірлерін жазады, еңбектеріне сілтеме жасайды» – деп көрсетеді уикипедия. Уикипедия сонымен қатар мынандай дәйектерді келтіреді: кітап алғаш 1570 жылы қолға алынып, 1580–82 жж. Бордо қаласында басылып шыққан (екі том). Ерекше айта кететін жайт, Монтень – бүгінде әлем әдебиетінде кең таралған эссе жанрының негізін қалаушы. Оның шығармасының басты атауы – «Essais», «Эсселер» (француз тіліндегі мағынасы «тәжірибелер», орыс­ша – «Опыты»), яки аталмыш жанр өз бастауын осы шығармадан алады. Монтеньнің «Тәжірибелері», ең алдымен, құрылымының қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Алдын ала жасалған шығармашылық жоспар бойынша емес, тіршіліктің қайсыбір нақты оқиғаларына, құбылмалы құбылыстарына орай туындайтын мазасыз сауалдарға қолма-қол жауап берілетін еркін ой, сезім ағыстары. Автор оқырманмен сұхбат­таса отырып, оның көке­йінде жүрген сауалдарына өзінің рухани өресі, өмірлік тәжірибесі, көрген-білгені тұрғысынан толғайды. «Эссе жанры ықшам, ой ағысы жылдам, қозғалмалы болып келеді. Күрделі па­йым жүйесінен қарапайым түсініктерге, көркемдік, поэтикалық образдардан күнделікті тұрмыстық детальдарға дем арасында ауысып отыратын динамикалы ой ағысы», – деп қорытындылайды мәдениет­танушы М.Эпштейн. «Эссе – әдеби жанр, ол – автордың нақты өмір құбылыстарына жеке, тұлғалық ой-пікірін білдіретін, композициялық құрылымы әралуан прозалық шығарма. Көлемі мен атқарар міндетіне келсек, эссе бір жағынан, публицистикалық мақала мен әдеби очеркке келіңкірейді, екінші жағынан, философиялық трактатқа жақын. Кейбір теоретиктер эссені көркем әдебиет­тің эпос, лирика және драмадан ке­йінгі төртінші түрі ретінде қарастырады». Мишель Монтень өзінің «Тәжірибелерінің» әлқиссасын Абайдың Қара сөздеріне ұқсас бастайды: «Бұл – шын жүректен шыққан сөз, оқырман. …Былайша айт­қанда, кітабымның мазмұны – менің өзім, сондықтан, алтыннан да қымбат уақытыңды оны оқуға қиясың ба, қимайсың ба, өз еркің». Хакім Абайдың Қара сөздері мен Мишель Монтеньнің «Тәжірибелері» – тек сыртқы типологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар замана жайында, адам баласының тағдыр-талайы, қадыр-қасиеті мен сенім-нанымы турасындағы ой-толғаулары жағынан да үндес, сабақтас туындылар. Абай өз дәуірінің ірі пассионарлық тұлғасы ретінде – Мишель Монтеньнің, тағы да басқа іргелі Шығыс, Батыс ойшылдары мен 3 қаламгерлерінің шығармаларын терең зерт­тей отырып және оларды креативті түрде дамыта отырып, ұлт­тық әдебиетімізде соныдан соқпақ салады. Жаңа эссе жанрының негізін қалайды. Айта кететін жайт, Қара сөздердің эссе жанрына ұқсайтын тұстары жөнінде Мекемтас Мырзахметұлы, Қайым Мұхамедханов, Зәки Ахметов, Асқар Сүлейменов, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай сияқты ғалымдарымыз атап өткен болатын. Бұл жанр уақыт өте келе әлемдегі аса танымал, адамзат өркениетінен өз орнын, жөнін тапқан Марсель Пруст, Гюнтер Грасс, Альбер Камю, Андре Моруа, Хосе Ортега-Гассет, Жан Поль Сартр т.б. секілді руханият саңлақтарының құрмет тұтатын жанрына айналады. Қазақ әдебиетінде эссе жанрында Ғабит Мүсірепов, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей т.б. жазушыларымыз қалам тарт­ты. Бұл жайт, ұлы ақынның жаңашыл ізденімпаздығының, творчестволық сұңғылалығының ерекше қыры болса керек. Осы орайда Абай Монтеньнің еңбектерімен таныс болды ма деген сұрақ тууы мүмкін. Енді осы сауалға жауап іздеп көрелік. Абайдың 1883 жылы ашылған Семей кітапханасының тұрақты оқырманы болғаны баршаға аян. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романында да айтылған. Кітапхана – ұлы ақынның таным көкжиегін кеңейткен, рухани ізденістерінің құнарлы өрісі болған ерекше орын. Қазіргі тілмен айтсақ, Абай үшін университет дәліздерінен кем болмаған. Сол кітапхананың ресми деректеріне сүйенсек, ашылған жылы оның кітап қоры 274 данадан тұрған. Бүгінде Абай атындағы кітапхананың сирек кез­десетін кітаптар мен қолжазбалар қорында мынадай кітап бар: «Мысли о воспитании и обучении» Ф.Рабле и ­М.Монтэня. Басылым жөніндегі деректер төмендегідей: «Мысли о воспитании и обучении». (Москва: Типография товарищества Кушнеров и Ко. 1896). Избранные места из «Гаргантюа и Пантагрюэля» Рабле и «Опытов Монтэня». Кейде, ізденіс қадамдарының тың өрістерге жетелейтіні рас-ау. Қазір менің қолымда сол кітаптың көшірмесі бар. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша бұл қорда сақталған кітаптарды Абай түгел оқыған. Мәселенің анық-қанығына толық жету үшін енді келесі сұрақтарға жауап табу керек секілді: Семей кітапханасының қорына аталған басылым қай жылы келді? Абай оны қашан оқыды? Шығарма жалпы, Абай творчествосына қалай әсер ет­ті? Қайткен күнде де, Абай мұрасының жаңа қырларын ашып, жаңашылдық әлеуетін уақыт биігінен сараптап, оның креативті ізденістерінің мағыналық өрістерін жаңғырта түсудің мәні зор. Бұл игілікті істің басы-қасында абайтанушылардың жаңа буыны: тек филологтар ғана емес, сонымен қатар мәдениет­танушылар, философтар мен әлеумет­танушылар да белсенділік танытады деген үміт­теміз.

 

 

Ермек АМАНШАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір