АБАЙ СӨЗДЕРІ

А.С.Бергер. Абай ұлы Мағауиямен, 1944
«ОСЫ МЕН – ҚАЗАҚПЫН…»
(Тоғызыншы сөз)
Ақын тоғызыншы сөзін осылай бастайды. Олай болса, қазақтың қай қылығын қостап, оны жақсы көрмекпін немесе нендей қылықтарынан жиреніп, оны жек көруім керек. Ақын оған жауап бермейді. Қазақтың жөнделіп, көңілге қуат қыларлық іске көшеріне ақынның сенімі жоқ. Халқына, оның ұсақ-түйек тіршілігіне налып, қапа болған Абай: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін», – дейді.
Ақынның айтқандарын дәлме-дәл түсінуге болмайды, оның күйзелісі – Асан қайғы іспетті болашаққа үмітпен қарау, өз дертіңді өзің анықтау, өзіңді-өзің аяусыз сынау, сөйтіп кеселді дерттен құтылу жолында қарекет ету. Бұл – өмір философиясының қағидалары. Өмір мен өлім болмысын қатар алып келе жатқан қазақтың философиясында сонау Қорқыт, одан бергі Асан қайғыда молынан кездесетін ойлар жүйесі. Қазақ тұрмысында өлім туралы өлмес ойлар қалдыру дәстүрі болған. Сондықтан да Абай өлер кезде «Әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеуді тілеп, артқа алаң болмай өлуді айтады. Сонда өлімнің қайғысыз болуы оның мәніне жеткендік емес пе? Бұл – мәселенің бір қыры, екіншісі – өлімнің қайғысыз болуы өмірдің мәнсіздігін, өкінішті екенін де мойындау емес пе? Бұл сұрақтарға жауапты адамзат баласы әр заманда қойып келеді, нақтылы жауап жоқ, себебі өмір мен өлім мәнін адам баласы ешқашан шешпек емес. Бұл – табиғат құпиясы, оны адамның мойындауынан өзге еш лажы жоқ. Абай осы қысқа сөзінде осы бағытта ой өрбіткен.
«БАЛАНЫҢ ЖАҚСЫСЫ – ҚЫЗЫҚ, ЖАМАНЫ – КҮЙІК»
(Оныншы сөз)
Бұл сөзде әңгіме арқауы – өмірдің мәні, бала мен әкенің арасындағы қарым-қатынас, яғни болашақ туралы ой айтылады. Ақын қазақ санасына сіңісті болған түсінікпен біреулер Құдайдан бала тілейді, ол баланы не қылады дейді. «Бала адамның бауыр еті» деп өзі айтқандай, дүниеде адамға балалы болғаннан артық қуаныш бар ма?
Бала – өмірдің мәні де, сәні де. Қазақ «Балалы үй – базар» деп бекер айтпаған. Мұның бәрі – Абайға да, оқырманға да айғақты жайлар. Бірақ осы мәселеге Абай өзге қырынан келген. Ақын көпшіліктің Құдайдан бала ғана тілеп, оны баптап-бағу жауапкершілігіне жете мән бермейтініне назар аударған.
Біріншіден, біреулер «өлсем, балам орнымды бассын» дейді. Бұл тілекке ақын уәж айтады: «Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе?.. Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?»
Ақынның бұл ойлары кімді болса да бей-жай қалдырмақ емес. Осы мәселелер төңірегінде бала тілемей тұрып кім ойлаған? Әйтеуір, балалы болу шарт. Шынында да, балаң жаман болса, қалған өмірің тозақ болмақ. Балаң жақсы болса, қызыққа кенелерің сөзсіз. Бірақ өзің бұл ғұмырыңда аз азап, аз қорлық көрдің бе? Жалпы, өмірінде азап, қорлық көрмеген адам бар ма? Әрине, жоқ. Әйтеуір, адамға бірдеңе жетпей жатады. Не мал, не жан тапшы.
Өмірдің азап екені – тура сөз. Бала тілейсің Құдайдан, оның азапсыз өмір сүруіне кепілдік бере аласың ба? Жаныңды қинатып оны несіне өмірге әкелмексің? Дүние есігін аштың дегенің, азап әлеміне ендің дегенмен бірдей. Немесе бұл дүниенің мехнаты аздай, оған қоса өзің қаншама иттік істер жасадың, күнәлі болдың. Енді балаңа да сол иттік істерді жүктемексің бе?.. Иә, ойлану керек. Алайда ойланып-толғануға уақыт жоқ, тез арада құдайдан бала тілеп ала қойған жөн деп санайсың. Одан әрі өзіңе-өзің азап аласың. Бұл – өмір заңы. Одан ешкім құтылып көрген жоқ. Баласы мен ата-анасы арасында түсінбестік болмаған заманды мен білмеймін. Екеуінің арасында әр заман түсінігі жатыр. Бұл – әлімсақтан келе жатқан дәстүр. Олай болса, Құдайдан бала тілесең, арадағы туатын түсінбестікке дайын бол. Абай бұл жерде «әке мен бала арасы былай болуы керек» деген ерекше қағида ұсынып отырған жоқ, тіптен ғибрат айтып та отырған жоқ. Ол өмірде міндетті түрде орын алатын ұрпақтар арасындағы әңгіме өрісі, жеке бастың жауапкершілігі туралы мәселе қозғаған.
Екіншіден, біреулер «баланы құран оқысын» деп тілейді. Өлген адамның соңында қалған ең жақын туыстары, әсіресе баласы құран оқып, марқұмды еске алу мұсылмандықтың бір шарты болып саналады. Сірә, құран оқуды тек дін деп те қабылдаған жөн болмас, бұл – аруақты еске алу, оны естен шығармау деген адамшылыққа қатысты мәселе. Абай бұл мәселе туралы терең әрі өткір ойлар айтқан: «Артымнан балам құран оқысын десең, тіршілікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Жаманшылықты көп қылсаң, балаңның құраны неге жеткізеді? Тіршілікте өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егер де ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?»
Парасатқа толы ойлар. Жақсы адам бұл өмірде де, ахиретте де жақсы. Ондай адамды баласы түгіл, ел болып құрметтемек. Сондықтан тіршілікте өзің жасамаған жақсылықты балаң жасай алар ма екен?
Үшіншіден, «балам қартайғанда асырасын» дейсің. Бұл да бос сөз дейді Абай. Ол мұндай тілектің мәнсіздігін былай дәлелдеген: «Әуелі өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па?»
Құдай емессің, басың жұмыр пендесің, ғұмырың аз ба, көп пе, кім қайдан білсін? Балаң артыңда қала ма әлде, жазмыштан озмыш жоқ, өзіңнен бұрын дүниеден өте ме? Бұны бір делік. Екіншіден, қартайғанда балаң сені асырай қойса жақсы. Бала мейірімсіз, қатыгез болып туса не болмақ? Үшіншіден, малың болса кім асырамайды дейді Абай. «Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай».
Абай бала тілегенде не болатынын осылайша талдай келіп, бар мал-мүлік, байлықты баланың ғылым іздеуіне жұмсау керек деген тұжырым айтады. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ, сондықтан баланы ғылым жолына салу керек.
Абай осы сөзіндегі кезекті айтпақ ойы мал тауып баюды емес, ғылым тауып зор болуды тағы қайталаған. Бұл ой ақынның өлеңдерінде жиі кездеседі. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде де осы ойды өрбіткен. Абайдың ғылымы тек рационалдық мазмұнда емес, оның ғылым туралы түсінігі кең. Ақын айтуында ғылым – ақыл мен сезімнің синтезі. Ол ғылымды дүниетанымдық мәнде қолданған.

Ғарифолла Есім,
академик, жазушы