АДАЛ ЕҢБЕК ИЕСІ
03.06.2016
2885
0

пнритЕкеуміздің таныстығымыз сонау өткен ғасырдың екінші жартысында басталған болатын. Содан бері тонның ішкі бауындай сырласып, ой бөлісіп, пікір алмасып дегендей сәттеріміз көп болатын. Осы орайда қаншалықты маңызды әңгімелерді бастап айтқанмен, әңгімеміздің көбісі сол баяғы ғылымның құпиясына ауыса беретіндігін сезетін едім. Өйткені, профессорды мол білім  бекемдеп алған. Әңгімесін ой түбінен көтеріп ойланып айтатынына қайран қаласың. Онымен осылай сөйлесу, бірге болу ойыңды өсіреді, жан-жағың кеңейгендей сезімде боласың. Көпшілік уақытта оның осындай кең ой-өрісіне ілесе де алмай, тек тыңдай бергім келетіндігін жасырмаймын.

Академик Ғалиолла Төлендіұлының ғы­лым даңғылына шығуы мен оның осы жол­да өсуіне зер салсақ, ол жастық шақ­тан бастап-ақ алдына мақсат қойып, із­дену нәтижесінде жүйелі түрде келгенін аң­ғару қиын емес. Бұл мектеп қабыр­ға­сында, шамасы 9-10 сыныптарда болса ке­рек, сол кездегі «Социалистік Қазақ­стан» (қазіргі «Егемен») газетінің редак­ция­сына сұрау жолдап, Қазақтың ауыл­шаруа­шылығы институтының агрономия фа­культетіне қалай түсуге болады, қандай пән­дерден емтихан тапсырады, жатақ­хана­сы, кітапханасы жақсы ма, спорттың қан­дай түрлері, көркемөнерпаздар үйір­месі қалай деген көптеген сауалдар қойып хат жазғанын, одан көп кешікпей өзі­нің көңілі толатын жауап алғанын ерек­ше бір сезіммен айтқаны есімде. Мен осы­дан бастап өзімді-өзім қамшылап, осы са­лаға еңбек етуді мақсат еткенім рас деп қоя­ды Ғалекең. Бұл дегеніңіз «болар бала ба­сынан», «болар істің басына, жақсы ке­лер қасына» деген өнегелі нақыл сөз­дерге сыйымды, мектеп оқушысының алда тұр­ған оқу – ғылым деген сапарға аяқ алы­сы.

Академик досым өзі бір шабыты толып сөйлегенде сондай оқытушы – про­фес­сорларға, ғылым саласында жүрген ға­лымдарға, жалпы оған алғаш рет қол ұшын бергендерге алғысының шексіз екен­дігін, оларды мақтан ететіндігін үл­кен адамгершілік ниетпен айтып отыруы да ақылды, парасатты, кішіпейіл жандар­ға тән қасиет.

Студент кезден бастап ғылым саласына жол сілтеп себепші болған, ғылыми же­текшісі болған, биология ғылым­да­ры­ның докторы, профессор, Кеңестер ода­ғы­ның  ғылымына еңбегі сіңген қайрат­кері Ағыбай Алмасұлы Алманиязовты ұстазым деп мақтан тұтып жадыраған кез­дерін көп көр­дім. Әсіресе, оның өсім­діктердің цито­­ло­гиясы мен цитоэмбриологиясы бо­йынша берген ілімдерін ерек­ше ба­ғалап, ай­рық­ша мақтаныш сезіммен бас­қаларға жет­кізе білуінің өзі осы ға­лым­ға ғана жа­расатын мінез. Өзі де менің осы кездерге дейінгі  ғылым саласында қан­дай да бір жетістігім болатын болса, соған себепші бол­ған, қолтығымнан демеп, жол көрсет­кен осы кісіге ерекше риза­мын, рахметім орасан үлкен деп отырады.

Кейінгі 20-25 жылдай Ғалиолламен дос-жолдас, әріптес дегендей бірге келе­мін. Көпшілігінде бас қосу отырыстары да болады. Осындайда тілек айту, тост ай­ту дегендер де шындық қой. Сондайда Ға­лиолланың ешкімге ұқсамайтын сол үй иесі жөніндегі өзінің адал тілегін, ақ көңі­лін айта алатын, ерекше, өзіндік бір қа­білетке де бай екендігін байқап отырамын. Оның сөздері қазіргі біздің заманымыз туралы басталып, сол кездерде қалай өмір сүрудің керекті заңдылықтарын бар­лығымызға да, үй иесіне де ортақ екендігін қабыстыра отырып өзінің табиғи ойымен жеткізіп отырады.

Ғалиолла достың мансап дегенді, жал­ған беделді, жасанды жасалатын құр­мет пен қошеметті өте жат көріп, оның не қажеті бар дегенін де талай естідім. Бұл кісінің бүкіл болмысы, жаратылысы тек еңбек және ғылымнан көп хабары бар жан­дармен тығыз  байланыста жүретінінің өзі көп жайттан хабар берсе керек. Ға­лиолламен сөйлесу, әңгімелесу өте жеңіл. Кәдімгі бірге туған туыстай, әрдайым жұмсақ, кішіпейіл, адамға жағымды, жа­тық мінезін айтсаңшы. Сондықтан да оны­мен әңгімелесу , сырласу кездерінде бас­қа бір ой ойлау, бір нәрсені бүгіп қалу ол кісіге жасалған қиянат сияқты болып тұрады. Бұл кісі дегеніңіз кіммен болсын тез сөйлесіп кететін қасиеті, сөзін тың­да­та білетін қасиеттеріне қызығамын. Мә­селе, адамның жасында емес, білімі мық­ты болса өзін көрсете білетіндігін кө­зіммен осы академик Ғалиолла Төлен­ді­ұлынан көрдім. Кезінде Мұхтар Әуезов «Әлкей Марғұлан академик емес, ол сол ака­демияның өзі», – деген екен. Менің осы кейіпкерім осы нақыл сөзге тура ке­ліп, тура тұтас академия сияқты. «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» дегендей-ақ оның әрбір жүргізген ғылыми еңбек­те­рінің жүйелі екендігі байқалады, өйткені, оның ойлау қабілеті бұлақтың бастауы сияқты тың. Меніңше, әрбір ғалым ел игілігі үшін істеліп жатқан жұмыста сыналуы керек сияқты. Әрбір адам ұлт мүд­десін жоғары қойып, өз ісіне адал болуы үлкен қасиеттердің бірі екендігін академик Ғалекең әу бастан-ақ жүрегінде мық­тап бекіткендігі көрініп тұрады.

Академик Ғ.Мейірман лауазымды қыз­меттерде көп болған кісі, санап айтуға да өте қомақты, Республикамыздың  Ауыл шаруашылығы ғылым акаде­мия­сының ака­демик хатшысы, көптеген ғылыми-зерт­теу институттарының директоры, ди­ректордың орынбасары, бірқатар ғы­лыми-зерттеу институт­тарының бас­тауыш партия ұйымының хатшысы, сол ме­кемелердің бөлім меңгерушісі болып қыз­мет жасағаны біздің көз алдымызда.Сол кездерде де айналасындағы адам­дар­дың ар намысына тимей, ерекше бір эмоцияға берілмей, дипломатты түрде ой бөлісетінін достары, әріптестері жиі тіл­деріне тиек етеді.

Академик Ғ.Мейірманның биология ғы­лымдарының ең күрделі саласы – селекция оның генетикалық негіздері маман­ды­ғына сонау өткен ғасырдың 70-80 жыл­­дары келгенін көрген едім. Ол уақыт­тарда ауылшаруашылығы дақыл­дарының генетикалық зерттеулерін бас­тауда өте қиын кезеңдер болатын. Ғы­лыми-тео­рия­лық білім беретін әде­биеттер, оқу­лық­тар өте аз, тіпті бол­ма­ған да еді. Шет­елдік әйгілі генетик ғалымдардың өздері де белгілі бір зерттеу  жүйелеріне  келе ал­май, әр түрлі пікірлерде болатын.

Осыған қарамастан, Ғалиолла Төлен­ді­­ұлы селекциялық, оған қарасты гене­ти­калық зерттеулерді өте ыждағатты, ын­талы түрде бастағаны әлі есімде.

Академик Ғалиолла Төлендіұлының ерек­ше екпін түсіріп айтатын еңбектерінің ішін­де өзінің саналы ғұмырының көбісін арнаған, осы күнге дейін қол үзбей айна­лы­сып келе жатқан саласы – жоңышқа дақылының селекциясы мен генетикасы.

Жоңышқаның биологиялық құры­лымы, генетикалық қасиеттері мен бел­гілері, жалпы табиғаты өте күрделі дақыл. Зерттеу тәжірибелері мен методикалық әдіс­темелерге бағына бермейтін өзіндік ерек­шеліктері бар өсімдік. Табиғатта жоңы­шқаның  диплоидты, тетраплоидты, гек­саплоидты түрлерінің болуы ғылы­ми жұмыстардың нәтижелі  болуына көп­теген қиындықтар тудырады. Өйткені, әрбір генетикалық түрдің (генотиптің) өзінің бейнелеген өсу ортасына байланысты тек сол ортада ғана өзінің потенциалды мүм­кіндіктерін көрсете алатын қасиеті болады.

Генетика мамандығында гетерозис де­ген құбылыс бар. Бұл биология ғылы­мын­дағы өте күрделі генетикалық құбы­лыс екендігін білетін ғалым Ғалиолла зерт­­теу жұмыстарын осы салаға бағытта­ға­нынан ба, әйтеуір зерттеу қортынды­ла­ры­нан жақсы нәтижелер алып жүрге­нінің себебі осы әдісті қолдануынан екені рас.

Білім, ғылым саласында жан-жақты бе­рекелі тірлік жасап жүргендіктен болар, ол үлкен-үлкен ғылыми конференция­ларда, симпозиумдарда, конгресстерде топ жарып, тың пікірлер айта алатын ше­шендік, лекторлық қасиетін өз басым ерек­ше қастерлеймін.

Қай жерге, қай елге барса да академик Ғ.Мейір­ман көрген-білгендерін көңілінен өткізіп, екшеп біздің аудиторияға хабарлап отыратындығын айта кету абзал. Он­да ол сол елде жүріп жатқан ауыл шаруа­шы­лығының әрбір салаларына қа­тысты жаңалықтарды елге жеткізіп, өзі­нің істеп жүрген зерттеулеріне қосып, кейін­гі істелетін шаруаларға да ұсыныс беретін шешендігін айтпасқа болмайды. Бұл әрбір ғалымның қолынан келе бер­мейтін шаруа.

Жасыратыны жоқ, осы кездері ауыл­шаруашылығы ғылымы бойынша осындай жаңалығы, тың ойлары бар ғалым тек осы Ғалекең екендігі даусыз шындық. «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі» деген халық даналығы осындай ерекше мінезі бар адамдарды нұсқаса керек. Ол өзіне дегеннен гөрі жұрт үшін қызмет істе­генін күнде көремін. Бейтаныс кісі­лер­ге де ерінбей-жалықпай егісті қалай егу, күту, жинау керек деген агрономиялық көптеген сауалдарды түсінікті ғылыми тілмен түсіндіргенін көріп, қайран қалып, таңданатын кездерім көптеп кездеседі. Осындай әңгімелердің төңірегінде оның осы ғылымға деген соншалықты ынтасы мен махаббаты жатқанын аңғаруға болады.

Академик Ғ.Т.Мейірман көп жылдар бойы ауылшаруашылығы ғылымын басқару орталықтарында қызмет жасады. Оның ішінде Сыр өңіріне барып Қызы­л­ор­да қаласындағы Қазақтың күріш ғы­лыми зерттеу институтын басқарғанын өзінің әріптестері үлкен жетістікке санайды. Мекеме басқаруда биік бі­лім­ді, өнерді қажет ететіні белгілі. Өйт­кені, бас­қару деген көптеген адамдардың, үл­кен ұжымның ақыл-ойларын, шешім­де­рін, қарама-қайшылықтарын білім мен ақылға салып қорытып, оны мақсатты бағ­дарламаларға жұмсау әркімнің қолы­нан келе беретін тіршілік емес. Мұндай жұмыстар жас кезінен бастап басқару с­ти­лін білетін өз қолтаңбасы бар Ғалиолла сияқты үлкен білікті, тәжірибелі азамат­тардың ғана қолынан келеді.

Еліміздің барлық аймағындағы ғы­лы­ми зерттеу институттары мен тәжірибе станцияларының, тіпті жеке фер­мер­лер­дің де баяғы әу бастан қалыптасуынан бас­тап, осы бүгінге дейін істеп жатқан ба­ғ­­­дарла­маларын толық біліп отыратынынан болар, үнемі сол өңірлерде жүрген ма­мандармен, ғалымдармен араласы өте ты­ғыз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген баталы сөзге лайықты осы азамат. Осындайда ол: «Уақыттың өл­шемі осылай, сондықтан да мен әрбір жұ­мыс өзінің уақытында «базарлы ғой», – деп ойлаймын деп ағынан жарылып айт­қан сөзінің өзі басқамызға үлкен өси­ет­ті, парасатты жандардан шығатын­ды­ғын айтуға тиіспіз.

Академик Ғ.Мейірманның зерттеу ла­бораториясындағы аса ауқымды ғылы­ми жобаларының бірі – «Қазақстан Рес­публикасында жемдік және мал азықтық шөптердің жабайы түрлері мен туыста­ры­ның генетикалық қорын сақтау» проблемасы. Бұл проблема мемлекет тарапынан Біріккен Ұлттар Ұйымының «Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау» құжаттарына сәйкес зерт­теу жүргізіліп келе жатқан үлкен кө­лемді зерттеулер. Мәселенің өзектілігі өте ауқымды. Табиғатта кездесетін жабайы өсімдіктердің көптеген түрлері мен туыс­тары мәдени өсімдіктердің гене­ти­калық қоры екендігін ол бұрыннан бі­ле­тін ғалым. Осы өсімдіктердің генетикалық қоры, қоршаған ортаға байланысты, ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты, түрлі өсімдіктерде болатын ауру­лардың әсерінен жылдан-жылға азайып, кейбірі жоқ болып кетудің аз-ақ алдында тұрған жағдайы бар екендігін білген ғалым, өзінің зерттеу лабораториясының мақ­сатты зерттеулерінің негізгі бір тарауы етіп зерттеуге алғанына, оған білікті ма­мандар мен ғалымдарды ұйым­дас­тыруын айтпасқа болмас. Негізгі мақсаты жабайы түрлер мен туыстардың өзін қаз қалпында сақтау және кәдімгі мәдени селекциялық зерттеулерге пайдалану. Өсімдіктердің жабайы түрлерінің генетикалық құрылы­мын­да, қоршаған ортаның түрлі жағдайы­на (ыстыққа, суыққа, түрлі ауруларға) шы­дамды гендерге өте бай келеді. Осындай пайдалы гендері бар жабайы түрлер мен туыстарды мәдени өсімдіктер сорттарымен будандастырып, жаңа гендері бар ұрпақтар алу. Мұны селекцияда бастапқы материал деп атайды. Бастапқы материалды пайдалану нәтижесінде өмірге жаңа сорттар пайда болады.

Профессор Ғ.Мейірманның  осы проб­ле­масы дүниежүзілік өзектілігі бар, экс­пе­дициялық өте ауқымды зерттеулер еке­нін, оның ішінде осыны ұйымдастыра, осы іске барлығымызды жұмылдыра біле­тін, білімді жетекшінің еңбегін ерекше атап көрсете білуіміз керек. Әр түрлі түр­лерді, туыстарды сол күйінде сақтап қалу үшін жыл сайын сол әрбір түрдің, туыстың дәнін жинау, оны арнайы орындарда сақтау, жылма-жыл оны көбейту және сол өсімдікке тиісті систематикалық анық­та­ма беру негізінде жүргізіледі. Жиналған осы өсімдіктерге үш тілде (қазақша, орыс­ша, латынша) анықтама беріліп, алы­н­ған жерінің бойлық, ендік көр­сеткіші, теңіз деңгейінен биіктігі, «seit coll» анықтамасы толық жазылып, «гене­ти­калық қор» ережелеріне сәйкес құжат­талып, ол шөпке паспорт беріледі.

Сондықтан болар, Ғалекең ғылым ал­дын­да да, ғалымдар алдында да, жастар ал­дында да әр кездерде беделі биік болып тұ­ратындығы маған мақтаныш.

Ғалиолла бүкіл саналы өмірін ғылым жо­лына арнаған, соның ыстығы мен суы­ғына байыпты қарап, үлкен төзіммен келе жат­қан адам. Ғылым мен білімнің нәрін жұт­қан ұрпақтар тобына жатады.

Ғалекең барлық уақыттарда да адам­дарға үлкен сеніммен қарайтыны, кең жүрек­ті жан екендігі әрдайым көрініп тұ­рады. Содан болар, еңбегі берекелі, нә­тижелері көп, ғылым саласындағы талай асулар мен белестерден шаршамай өтіп келе жатқанына қуанамын.

Шәкәрім қажы: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек» осы төртеуі бойында бол­са, сол шын адам болады деген екен. Осы төртеуі де академик  Ғ.Мейірманның бойында бар деп толық айта аламын. Бұл осы ғалымға берген табиғаттың сыйы деп есеп­теймін.

Кенебай ҚОЖАХМЕТОВ,
биология ғылымдарының докторы.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір