ЖҮРЕКСІЗ БОП КЕТКЕНДЕЙ МЕ АДАМДАР?!
Ақниет ТӨЛЕНДІ
Жас талап Ақниет Төлендінің тұңғыш өлеңдер жинағы Қазақстан Жазушылар одағының демеушілігімен жарық көріп отыр. «Қоңырөлең» деген атпен «Келешек» баспасынан жарық көрген жинаққа ақын қыздың бүкіл ішкі сезім айнасын қолға ұстатқандай өлеңдері кірген. Талғамы биік, айтары бар жас өнерпаздың ой тереңдігі сындарлы сөз толқынын тудырып, әп-сәтте сөз дауылын ұйытқытып әкетеді.
КӨКТЕРЕК
Жүректе сақталған,
Суының сыңғыры.
Сенбісің тәтті арман,
Елесі бұл күні?
Куәсі тағдырдың,
Мекенім балалық.
Баяғы бал күннің,
Жолына бар алып.
Ойнайтын күліп біз,
Суымен жаңбырдың.
Түсінбей жүріппіз,
Қадірін бал күннің.
Тезірек әлде мен,
Кеттім бе есейіп?
Балалық әуремен,
Деуші едік өсейік.
Мұң толып көңілге,
Тыйылды күлкім де.
Балалық өмірге,
Оралу мүмкін бе?
Әлсіз бе ағысың?
Итере алмайсың.
Сарқылған бар күшің,
Бейшара жандайсың.
Тартылсаң егер де,
Талады өзегім.
Сыймай-ақ кемелге
Көктерек – өзенім,
Тасы сен, қарышта,
Кермеңді тағы үзіп.
Алысқа, алысқа,
Әкетші ағызып.
БІЗДІҢ АҚЫН
Біздің ауылдан Алашқа аты әйгілі ақын шықпаған. Алайда, ел арасында «ақын» деген ат алып, той-думанның көркін қыздыратын талай саңлақтар өткен. Соның бірі – Жұмағали ақын болатын. Әттең, жасындай жалынды жырлары болғанымен, аты бір аймақтан әрі аса алмаған күйі дүниеден өтіп кетті.
Дарын туды, ауылына сыймайтын,
Дарын өлді, қауым қалды қимайтын.
Талай елді ауызына қаратып,
Төңірегіне өнерлі жан жинайтын.
Таңды таңға өлеңменен жалғайтын,
Көңілінде бір арамдық болмайтын.
Қарты түгіл, ақсақалы бұл елдің,
Жасына да жырдан шашу жолдайтын.
Әзіліне жас пен кәрі күлетін,
Айналасы той-думан боп жүретін.
Қылығымыз жақпай қалса егер де,
Қызыл тілмен жанымызды тілетін.
Ер жігіттің бекзадасы болатын,
Енді мәңгі сақтап қалды сол атын.
Жұмағали жұрты мәңгі жоқтайды,
О дүниеге сапар шекті ол – ақын.
ЖІБЕК БОЛА АЛМАЙМЫЗ
«Менің де әп-әдемі, нәп-нәзік қыз болғым келеді.
Роза Мұқанова
(«Мәңгілік бала» бейнесі спектаклі).
Театр
Жұрт күледі, кейде тіпті жылайды,
Ақ Ләйлек қыз Мұң қылғаны бұл айды.
Ләйлә, Ләйлә, әдемі ғой меніңше,
Басқаларға мүсәпірлеу сыңайлы.
Жұртшылықты әніңізбен арбаңыз,
Ақ Ләйлек қыз, көңілге мұң салмаңыз.
Онсыз да мұң мәңгілікке сыйлаған,
Екеумізге атом дейтін жалмауыз.
Жарық айға сыр айтамыз, талмаймыз,
Қиялдарға, қияларға самғаймыз.
Құмар деген Төлеген ғой, Төлеген,
Ал екеуміз Жібек бола алмаймыз.
Екеуміздің аппақ, таза жанымыз,
Жүрегіміз, көңіліміз, барымыз.
Түні бойы тамаша түс көргенмен,
Оянғанда баяғыдай халіміз.
Атом деген біздер үшін заман зар,
Сенде мейір, менде ұшқыр қалам бар.
Мейірімді түсінбейді, білмейді,
Жүрексіз боп кеткендей ме адамдар?!
Осындаймыз келіс, маған, келіспе,
Шығарып көр, айтқанымды теріске.
Онан да біз елге жүрек сыйлайық,
Сен – аспанда, мен – жердегі періште!
КАРТИНА
Жер беті толған шаттық қой,
Жер беті толған мейірім.
Осыннан іздеп таптық қой,
Ақ адал жанның пейілін.
Жаманы жоқ қой адамның,
Қатыгез емес ешбірі.
Суреті мынау ғаламның,
Шұғыла, нұрлы кескіні.
Мадонна сынды бұл ғалам,
да Винчи салған баяғы.
Мейірім төккен бір маған,
Жанары оның аялы.
Ізгілік үшін кей-кейде,
Болуы керек жан пида.
Өмірдің өзі, ей, пенде,
Өзіміз салған картина.