«Еуромола» САЛУДАН ЖАРЫС БАСТАЛЫП КЕТКЕНДЕЙ
27.02.2024
301
0

немесе өлгенді «риза қылу» мен «өкпелетудің» өлшемін білсек…

Қазақ­станға бірінші рет қыдырып келген шетелдік турист бай адамның мазары мен өте кедей адамның үйін көріп таңғалып сұраса керек: «Почему у вас умершие круче чем живые?» – деп. Сөйтсе әлгі кедей – үйдің отағасы: «Осыны да сұрақ деп, – деп бір мырс етіп алыпты да, өз үйін көрсетіп: – Это – «времянка», а тот – постоянка», – депті керемет айшықталған бейіт­ті нұсқап.

  

Өлгендер тірілерден бай тұрады…

«Сөз тапқанға қолқа жоқ». Расында, біз қай заманда болсын «өлі риза болмай тірі байымайды» деп алғашқы тапқан табысымызды алдымен ата-бабамыздың басын көтеріп, құлпытас қондыруға жұмсаймыз. Бұл дұрыс шығар. Бірақ бұрын ол соншалықты байқалмайтын ба еді, әлде қазір әл-ауқатымыз артқан соң бабалардың басына мазар тұрғызудан жарысқа түсіп кет­тік пе, шыны керек, кей кез­дері алыстан келе жатқан қабірлер тұтас қала болып көрінеді. Қала емей не, бейіт­тер көше-көшеге бөлініп, арасында асфальт жол мен жарық тартылып тұрса… Отбасында бір адам қайтса, үйдің қалған адамдарына марқұмның қасынан жер алып қою жаппай үрдіске айналып жатқаны тағы бар…
Қабір басына құлпытас орнатушылардың өздері де: «Біз жалданып, ақшаға мола тұрғызып береміз. Өзіміз қызығамыз. Үйімізде қолданбайтын құрылыс материалдарымен моланың басын безендіреміз. Енді ақшасы бар адамдар не істесе де, өздері біледі. Мәрмәрмен көмкеріп мола тұрғызу үшін ондаған миллион ақша кетеді. Сонда да жасап жатыр. Тапсырыс беретіндер басқалардан ерекше болатындай етіп, әдемі қылып жасағанымызды қалайды. Жалдамалы жұмысшы болған соң, ақшасына жасап береміз», – дейді.
Жоғарыда анекдотқа айналған әңгімеде шетелдік туристің: «Өлісі тірісінен бай тұратын бұл қандай халық?» – деп таңданатындайы бар. Себебі тірілердің мекені деген кей ауылдар ауызсуға жарымай, көшелері афальт­тенбей, жарықсыз отыр. Ал дәл сол ауыл іргесінде «өлілер ауылында» самаладай шам жарқырап, алыстан менмұндалап тұрады.
Дін саласының білімді мамандары, дінтанушы, теологтар: «Шариғат­та бұлар қаралмаған. Бірақ бұл – кезінде біздің ата-бабамыздың дархандығымен дәстүрімізге енген салт, қанымызға әбден сіңіп кетен әдет. Емі жоқ ауру-ау. Себебі байлар байлығын шашып жатса, жарлылар да тыраштанып, несие алып, жаназа намазын жасап, мола салып жатыр. Айтуын айт­қанмен, ешкімге тосқауыл бола алмай отырмыз», – дейді.
Бұрын салынғанына – елу, жетпіс жыл болған ескі мазарды тегістеп, шаруашылықтың түрлі саласына пайдалантын болса, қазір оны қирату мүмкін емес. Ал шариғат­та уақыт өте халықтың, елдің игілігіне керек болатын болса, ол жерді көшіруге болады. Дәл қазіргідей жағдайда болашақта бұл ахуалдың қалай болатынын болжау қиын.
«Басыма қара тас қойсаңдар жетеді», – деп отыратын тәубешіл қазақтың ұрпағы бұл күнде еуромола салуды модаға айналдырып алған. Мұндай ысырап халықты діннен адастыруы мүмкін. Соңғы кез­дері тіпті әке-шешесінің мазарын тірі адамның үйіндей күзететін қарауыл жалдап, жуып-шайғызып қоя­тындар да көбейіп барады…
«Байдың асын байғұс қызғанып­тының» кері емес, біздің айтпағымыз, біріншіден, шектен тыс ысырапшылдыққа ұрынбау болса, екіншіден, күш пен қаржыны дұрыс арнаға бағыт­тау.
Ал жалпы алғанда, әр нәрсенің шегі, өз өлшемі болуға тиіс. «Басыңды тасқа ұрсаң да, өлгенге мойын бұрсаң да, өткен күн қайтып келмейді» деген орта ғасырлық Шығыс шайырларының сөзінде үлкен мән бар, яғни біздің әлі күнге шикізат сатушы елден өндірісі дамыған өркениет­ті елге айнала алмауымыздың бір себебі осында жатқан секілді, яғни тым «өткеншіл» халықпыз. «Өткен ата-бабаларымыз» деп солармен мақтанып, батырлар мен хандарға ескерткіш қойдыру, солардың мерейтойын өткізуден аса алмай отырмыз. Артқыға шектен тыс мойын бұра берген адамның алға жылжи алмайтыны – ақиқат. Біздің де қазір үстімізге қытай не түрік, қырғыз киімін киіп, өзгенің өндірген асын ішіп, неміс пен жапонның көлігін мініп, ұялы телефонын қолданып жүріп, «мықтымын» деуіміз күлкілі көрінетіні сөзсіз.

Біреу өлілерге беріп, енді біреу алып әуре

Әлемде жыл сайын көне жәдігерлер ұрлығынан 6.3 млрд доллар таза табыс түседі екен. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Италияның полиция қызметкрелері Ежелгі Римге тиесілі 5 мың артефактінің жасырылған орнын тапқан. Табылған құнды жәдігерлердің арасында өрнектеліп безендірілген вазалар, түрлі-түсті фрескалар, мүсіндер, сондай-ақ құны 50 млн доллар болатын сәнді зергерлік бұйымдар бар. Тергеу­дің болжамы бойынша, тонаушылар жәдігерлерді басқа елдерге сату үшін Швейцарияға әкеліп, осы жерге тыққан болуға тиіс.
Шетел ғой дейміз, бірақ бізде де бабалар мүлкін музейге емес, өз ауласына тасып жатқандар баршылық. «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам», «Берел» қорғаны мен одан қазып алынған обалар, Сарайшық, Сауран, Отырар сынды ортағасырлық қалалардың орны, тіпті барлығын тізіп айтып шығу мүмкін емес… Осы секілді жүз жыл беріде қалады, мыңжылдықтардың куәсі дерлік жәдігерлер кең-байтақ даламызда жетерлік. Орта ғасырда күллі Шығыс жұртына әйгілі кітапханасы мен соған сай мәдениеті болған Отырардың өзі неге тұрады? «Берел», «Шілікті» обалары кімді қызықтырмайды? Ал қазақ даласын мекен еткен ежелгі және орта ғасырдағы сақтардың, қарлұқтар мен оғыздардың астаналары ше? Тағы бір осындай тарихи мекен – Қызылорда мен Оңтүстік Қазақ­стан облыстарының арасында жатқан Сауран қамалы. Бір қызығы, осылардан қазылып, аршылып алынған жәдігерлердің түпнұсқасы қайда? Қай музейге барсақ та, көретініміз тек көшірме! Түпнұсқасын сұрасаң, әркім әр қилы, алып-қашпа жауап қайырады. Бейресми дерек көздеріне сүйенсек, біздің еліміздегі жәдігерлердің 70-80 пайызы жеке коллекционерлер қолында екен, яғни бай-бақуат адамдар халыққа тиесілі жауһар құндылықтарды ешкімнен қорықпай, өз жекеменшіктеріне өткізіп алған.

Шоқанның құлпытасын диірменге айналдырған

Ащы да болса, ақиқат! Тағы бір шындық, қазақ үшін өлшеусіз еңбек етіп, қыршынынан қиылған Шоқан бабамыздың басындағы құлпытасын ұрлап, диірменге айналдырған мына біз емей, кім? Жә, ол бұрнағы кез­де дерсіз, бірақ біреуге – өтірік, біреуге – шын, қазіргі кез­де қалтасы қалың азамат­тардың арасында таңбалы және балбал тастарды ұрлау үрдісі белең алғанға ұқсайды. Алматы облысы аумағындағы терең тарихымыздан сыр шертетін таңбалы тастар бүгінде сондай талан-таражға түсіп, онсыз да бүтіндей алмай жатқан тарихымыз тоналу үстінде. Тарихтың мүлкін тонаушылар көбіне зәулім сарайларда тұратын бай-манаптар екен. Міне, парадокс: байлары бейіт­ті тонаса, кедейлері тыраштанып, қарызға батып бабаларына бейіт тұрғызуда…

Мәриям ӘБСАТ­тАР,
Түркістан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір