Инклюзивті білім – оң нәтиже
28.08.2026
54
0

Білім, ғылым саласында инклюзиялық саясатты оңынан жүргізу көптен бері талқыланып келеді. Мәселен, биылғы есеп бойынша, Қазақстанда 3 мыңнан астам ерекше білімді қажет ететін студент оқып жүргені анықталған. Әйтсе де олармен жұмыс істеуге мұғалімдер дайын ба? Бұл күнтізбеден түспей келе жатқан сауал.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың дамуындағы маңызды мәселелердің бірі – білім беру. Бұл тек диплом алып, мамандық иесі атану ғана емес. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіру мәселесін шешу. Осы мақсатта Қазақ­станда инклюзивті білім беру дамып келеді.
Осы жылы SDU Life ғимаратында «Теңдік: Қазақстандағы инклюзивті білім» тақырыбында дәріс өтті. Шараны SDU University инклюзивті білім беру бойынша жетекші маманы Камила Роллан жүргізді. Камила Кембридж университетінен педагогика ғылымдары бойын­ша докторлық дәрежесін иемденген. Сондай-ақ ЮНИСЕФ-те білім беру және балаларды қорғау бойынша сарап­шы болып қызмет атқарған.
Спикер дәріс барысында еліміздің білім беру жүйесіндегі заманауи бастамалар мен өзгерістер туралы айтып, әртүрлі қажеттіліктері бар студенттердің білім алуына тең жағдай жасау жолдарын атап өтті.
Сондай-ақ бұл бағыттағы Екатерина Смолякова­ның сөзін алға тартсақ та болады. Ол:
– Инклюзивті білім беру жүйесі көбіне тек сыртқы жағдаймен шектеліп отыр.
Біз көп жағдайда инклюзияны пандуспен өлшейміз. Ол да керек. Бірақ білім мазмұны әлдеқайда маңыздырақ. Бағдарламаларды бейімдедік пе, мұғалімге нақты әдістеме бердік пе, мәселе осы жерде.
Ресми мәліметтерде мектептердің
90%-ы, жоғары оқу орындарының басым бөлігі инклюзияға дайын деп көрсетіледі. Алайда бұл көрсеткіштер тек инфрақұрылымды қамтиды. Ал аудиториядағы жағдай басқа.
Бала университетке қабылданды, грант берілді, жағдай жасалды. Бірақ ол аудиторияға кіргенде не болады? Мұғалім оған қалай түсіндіреді? Біз соны ойладық па? – деген болатын ахуалды таразылай келе.
Дегенмен аталған салада көптеген игі жұмыстар жүзеге асып жатқанын да ескерген жөн. Бірыңғай цифрлық жүйе құру жоспарланып отыр. Бұл жүйе арқылы баланың бүкіл білім алу жолы, қажеттілігі мен көрсетілген қолдау бір платформада көрінуі тиіс. Цифрлық интеграция да – басты жоспарлардың бірі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір