МӘРМӘР ТАСТАҒЫ ЖЫР ЖОЛДАРЫ ( ЭССЕ )
28.07.2025
68
0

«Бұл – өмір алдамшы екен, жанып, сөнетінін сезбеппін…»
Иә, бұл – жыр жолдары академик, ғалым, ақын Махмут ака Абдрахмановтың қаламынан төгілген сөз маржаны. Мен эссені жазуды қолға алғанымда, басыма келген бастапқы жыр жолдары осы болды. Бойымды әлдеқандай сезімнің баурап алғаны ма, әлде талантты ақын аға рухының құдіреті ме, білмедім. Әйтеуір, бір нәрсенің әсері болғаны анық. Хизмет ака туралы жазғанымда Махмұт аканың еске оралатыны, оның жанынан ұдайы табылатынынан болса керек. Өйткені олар – ұлтымыздың ұлықтары, ілім-білім мен әдебиетімізді биік баспалдаққа алып шыққан, ұйғыр десе, ішкен асын жерге қоятын жандар және де екеуі ағалы-інілі, бір ауылдан баяндайлықтар. Айтайын дегенім, ағалы-інілі бауырлар бұл пәнидің қиындықтарымен бірге күрескен болса, қазір бақилықта мұңдасып, бір-біріне жанымен жаны қосылып, Құлжа жолын күзетіп, әулетінің тірлік-тіршілігін бақылап жатқандай…
Махмут ака өмірінде Хизмет аканың ақыл-кеңесін басшылыққа алып, өзіне ұстаз, пір тұтқанын жасырмайды. Бір естелігінде ол: «Әдебиетте бейшаралық жараспайды. Сен бұл майданға кірдің бе, болды!? Күштілер, дарындылар арасынан орын табуға ұмтыл! Тұлпар болуға тырыс! Бәйгеге қосылсаң, тұлпарлармен бірге шап. Талантсыздар арасында жүріп, «талантты» атанғаннан, жүйріктер қатарында болып, солардың арасынан табылғанға не жетсін!» деп жазды әрі бүкіл өмірін ұстазының жолына арнады.
Мына оқиға есімнен кетпейді. Қазақстан Жазушылар одағының жанынан ашылған «Арзу» журналы жабылып, оның архив материалдарын үйде сақтап қойғанмын. Бір күні Хизмет аканың «Турпан тәвәсидә» атты кітабы қолыма түсті. Ішін ашып, парақтадым. Қара сиямен абзац-абзац жерлерін аямай шимайлап түзетулер енгізіпті. «Тоба, мына кітаптың тамтығын қалдырмапты ғой, қара сиямен соншама бояп, обал-ай!» деп ойладым. Дереу Махмут акаға хабарласып, кітап жайын айттым. «Інім, мекен-жайыңды айтшы! Қазір барамын» деген ол, жарты сағат өтпей есігімнің табалдырығынан аттады. Кітапты қолына алып: «Мен бұл кітапты іздемеген жерім қалмады. Саған рақмет, інім. Қажетті жәдігерді сақтап қалыпсың», – деп мені қайта-қайта құшақтап, ұзақ тұрды. Кейін білдім, бұл – қудалауға ұшыраған «Турпан тәвәсидә» романының Хизмет аканың қайта өңдеп, қысқартқан нұсқасы екен.
Менің сол кездегі әсерлерімнің қаһарманы бұл өмірден өткені рас. «Өлгендер арасында тірілер, тірілер арасында өлгендер бар» деген пәлсапаға сүйенсек, Махмут аканың эссенің алғашқы жыр жолдарынан «өткеннің де қайта жанатыны» болады. Өшкенді қайта жандыру – ашығын айтқанда, тек бүгінгі емес, кейінгі әулеттің міндеті, борышы. Соны түсінуге біз дайынбыз ба? Ділді қытықтайтын намысты сұрақ. Егер біз бұл сұраққа жауап таппасақ, ожданымызды оятпасақ, біздің ұлт болып қалу, тілімізді сақтау, әдебиетімізді әспеттейтін баға жетпес «Түркий тиллар дивани», «Он екі мұқам» сияқты тарихи мұраларымыздан мақрұм болғанымыз.
Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің маңдайы жарқыраған атақты жазушысы, халқымыздың мақтанышы Хизмет Абдуллинді тірісінде көремін деп ешқашан ойламаппын. Мен оның өзімен емес, «Жутдашлар» повесі арқылы алғаш мектепте оқып жүргенде танысқанмын. Ол былай болған. Әр жылы 23 ақпан күні сыныбымыздағы қыздар бізді Қызыл армия мейрамымен құттықтап, әтір, сабын, кітап сыйлау әдетке айналған заман еді. Міне, осындай мейрамның бірінде 1967 жылы, 8-сыныпта оқып жүрген кезде, қыздар маған Хизмет Абдуллиннің «Жутдашлар» деген кітабын сыйлады.
Газетке, сол кездегі «Коммунизм туғиға» (қазіргі «Ұйғыр авази») Хиз­мет Абдуллиннің повесть, романдарынан үзінділер жарияланғанда қысқаша түсініктемелер де бірге берілетін.
Газет-журналдардың пайдалы жағын сол кезде-ақ сезетін едім. Қысқа болса да жазушының өмірінен, шығармаларынан хабардар болатынмын. Сөйтіп, автордың не туралы жазып, не іспен айналысатынын сырттай, ел сөзінен естігеннен гөрі ұлттық басылымдардан оқып, көп мәлімет алушы едім. Кейін оқу дедік, жұмыс дедік, үйлендік, бала-шаға дедік, бірақ кітап оқудан бас тартпадық. Ол кезде телевизор жоқ, қазіргідей айфондарды түсімізде де көрмеген заман болатын.
Жоғары оқу орнында оқып, қалалық та болып алдым. Алматыға көшіп келгеніме он жылдан асса да, әртүрлі жұмыс орындарында істеген, оқуға түсіп, білімімізді шыңдаған жылдары да Хиз­мет аканы көрмеген де, кездестірмеген де едім. Кейін Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің «Дәуір» баспаханасынан ұйғыр халқының бірден-бір ұлттық айнасы «Коммунизм туғи» газетіне ауысып, қызмет істеп жүрген күндердің бірінде Хизмет ака Абдуллинмен кездесуді пешенеме жазыпты.
КезіндеХизмет акамен жиі араласып, бір дастарқаннан дәм татқан кәсіптес ағаларым ол туралы бірде күліп, бірде қызынып сөйлейтін. Олар –
Сейітахун Мәшуров, Туғлуқжан Талипов, Камал Асамдинов, Һезиз Һезимов, Ваһит Мәңсүров, Һезим Бәхнияз, Мәхсут Норузов, Хелил Һәмрә, Нәсирдин Мәңсүров, Веләм Бақиев… Арасында Хизмет ака сияқты Ұлы Отан соғысына қатысқан құрдастары да жетерлік. Қысқасы, «Коммунизм туғи», қазіргі«Уйғур авази» газетінің алғашқы ардагерлері, баспасөзіміздің бетке ұстарлары даңқты жазушы туралы сағаттап ғажайып қырларын сөз ететін. Сол күндерді ойласам, оның әзілдері бүгінгі адамдардың кейіпіне келетініне қайран қаламын. Алайда бір кемшілікті айтпау мүмкін емес. Бүгінгі сөйлеушілер сол кездегі қызық оқиғаларды айтып жүргенімен, оның иесі Хизмет Абдуллин екенінен хабарсыз, өздерінің сөзіндей етіп айтатыны.
Уақыт зымырап өтіп жатыр. Жазушыны көрген, араласып сұхбат­тасқан аға буынның да саны азайып барады. Осы олқылықтарды түзету ниетінде мен өзімнің басымнан өткерген оқиғаны, көргенім мен естігенімді еске алып, жазушы туралы жазуды жөн көрдім. Әдебиетіміздің көшбасшысы Хизмет ака Абдуллинмен тар, қараңғы дәліздегі сол кездесу алғаш әрі ақырғы екенін ол кезде білмеппін. Ол кездесу былай болған.
Мен айтпақшы болған тоғыз қабатты ғимарат қазір бар. Өз орнында тұр.
Алматының әлемге әйгілі Көк базарының қарсысындағы, сол кездегі «Баспасөз үйінің» сегізінші қабатында орналасқан «Коммунизм туғи» газетінің күнделікті жұмыс режімі ҚазТАГ-тан келген ресми хабарларды көз жүгіртуден басталады. Кейін оларды реттеп, бас редактор Турдахун ака Назаровқа көрсетіп, талқыдан өткіземін. Содан кейін бірінші кезекте ресми материалдар аудармашыларға беріліп, кезекті шығатын газет санының макетіне орналастырылады.
Сол күні ресми материалдарды алып, бас редактордың кабинетіне бет алдым. Сегізінші қабатқа көтерілетін лифт редактор бөлмесінің қарсысында. Қабылдау бөлмесі есігінің тұтқасына енді қол соза бергенімде, лифт есігі шықырлап ашылып, ішінен ұзын бойлы, бұйра шашты, қара көзәйнек киген кісі шықты.Мен келген кісіге емес, лифттің шықырлап ашылғанына қайран қалып, сол жаққа назар аударғанмын. Өйткені лифт әр кезде дыбыс шығармай ашылатын. (Лифт Хизмет аканың салмағын көтере алмадыма, білмедім?! Бұл ойдан қазір де арылған жоқпын). Лифттен шығар жердегі әрқашан жанып тұратын лампа күйіп кеткен бе, қараңғылық орнаған. Жарық жерден қараңғыға тап болған кісі бағытынан адасып, мойнын созып, жан-жағына қарады. Сол жақтағы «ЙеңиҺаят», оң жақтағы «Коммунизм туғи» газетінің бөлмелері орналасқан дәлізде қайда барарын білмей тұрып қалды. «Редакцияны білмейтін, ауылдан келген адамға ұқсамайды. Жәрдем керек шығар» деп ойлап, бас редакторға кіретін өз ісімді кейінге ысырып, оның жанына бардым. Қою бұйра шашы құдды ұлы орыс халқының ақыны Александр Пушкинге ұқсайтын кісі, тіл қатпастан қолын созды.
Үлкен кісінің бірінші сәлем бергеніне ыңғайсызданып, оның қолын алдым. Кішкентай қолым оның алақанына сүңгіп, үңгірдің ішіне кіргендей сезіндім.
Ол адам қолымды алып тұрып, басын төмен иіп, маған сынай қарады. Кітап, газет беттерінен суретін көріп жүрген Хизмет аканы бірден таныдым.
–Інім-ай ! Түс кезінде үйден шығып едім, кеш кірген бе? Мынаның іші не болып кеткен?Мен Алматыдан Нью Йоркке келдім бе? – деп сұрады салмақты үнмен.
Алдымда есімі баршаға мәшһүр, ұлтымыздың мақтанышы, Хизмет Абдуллин тұр. Менде үн жоқ. Ол тағы да үн қатты.
– Осы редакцияда өңкей сөзуарлар жұмыс істеуші еді. Не, сен мылқаусың ба? Жоқ, мен сияқты келгендісің бе? Қайда біздің жазғыштар?
«Жазғыштар» дегені жазушылар дегені шығар. Келгенді дегені не екен! Сырттан келген кісісің бе? – дегені болар.
– Кешіріңіз, Хизмет ака, мойныңызды созып, түйе сияқты ана жаққа бір, мына жаққа бір қарап тұрған соң, көмегім керек шығар деп, алдыңызға келдім,–дедім.
– Әй, інім, мойныма жақсы теңеу айттың. Қане енді жол көрсет! Мені әдебиет бөліміне, Долқун мен Савутқа алып бар? – деді күліп.
Ол кісінің күлгендегі мәнісін кейін, Долқун Ясинмен құшақтасып, аманда­сып, өзара сөйлескенде түсіндім.
– Долқун, мына жігіт қатырды. Ахметжан, Абдукерим, Савуттың ұрпағы ма деп қалдым. Бойына қарамай, мені түйеге теңеп, мұрнымнан сүйреп, саған алып келді, – деп мені ишара етті.
Долқун ака да қалжыңды түсініп күлді.
– Інім, сені танымадым. Кімнің баласысың? – деп енді маған сұрақ қойды.
– Химет ака, секретариатқа, Ғайнединге көмекші болып келген Авут Мәсимов деген жігіт болады, – деп Долқун ака мен үшін жауап берді.
– А-а сенің біраз жазғандарыңды оқып жүрмін. Жаз, жаз, інім. Сөйтіп жүріп, төселіп кетесің. Еңбегіңе де риза боласың, таяқ та жейсің,– деп ол Долқунға қарады.
Аты-жөнімді біледі екен. Жазған дүниелерімді де оқып жүр. Одан артық бақыт бар ма мен үшін. Бірақ жазғандарың жақсы не жаман деген жоқ. Ойым­ды Хизмет аканың сөзі бөліп жіберді.
– Осындайжастарға көз қырларыңды салғандарың дұрыс, Долқун. Бұлар – біздің келешегіміз, бұларды тәрбиелеу керек. Малға да жем беріп бақсаң, сүт, ет береді ғой. Сол сияқты бұларға да кеңес беру керек. Әдебиетіміздің, ұлтымыздың ізбасарлары осылар, – деп сөйлеп тұрғанда, бөлмеге әдебиет бөлімінің тілшісі, ақын Савутжан Мәметқұлов кіріп келді.
–Уә, бәллі, Жаркенттің жарық жұлдызы бармысың?– деп ұзын бойлы Хизекең аласа бойлы Савутжанды құшақтап, иілген бойын түзеп, тік тұрып еді, ақынның екі аяғы жерге тимей салбырады да қалды.
– Хизмет ака, жіберіңіз, Савутты асып қоясыз ба? Буынып өлетін болды,– деп, Долқун ака ішек-сілесі қатып, күліп жатыр. Акасының құшағынан босаған Савут:
– Теңеспеген заман деген – осы. Біреу­ге Құдайым шаш пен түйедей бой береді, біреуін мен сияқты барлығынан жұрдай етеді. Бұрынғы замандарда күнәһарларды өлім жазасына тартқанда түйені пайдаланады екен. Шөккен екі түйенің өркешіне ағаш қойып, арқанды іліп, дөңгелектеп байланған ұшын жазаланушының мойнына іледі. Түйені тұрғызғанда, ана байқұс асылып өледі, – деп күлді.
–Долқунға рақмет айт! Жалынып сұрамағанда асылып қалар ма едің,– деп ағасы інісінің арқасынан қақты.
Олардың қалжың сөздерінен, жылы жүздерінен бір-біріне деген құрмет, сыйластық, мейірім айқын аңғарылып тұрды. Олар жандарында менің бар-жоғымды да ұмытқандай. «Менің ендігі керегім жоқ шығар, одан да өз ісімді жалғастырайын» деп есік жаққа беттей бергенімде, Хизмет аканың бұйыра сөйлегенін естіп, тұрып қалдым.
–Ей, жігіт. Мен сенімен сөзімді аяқтаған жоқпын. Рұқсат сұрамай, қайда кетіп барасың?
Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. «Абайсызда жат қылық көрсеттім бе? Қарт қаламгердің қаһарына іліктім бе» деп ойладым. Ол:
–Мына сенен жасы үлкен Савут келген соң, оны күттірмей бауырыма басып, көрістім. Айтпағым, бағана маған жол көрсетіп, есік ашып бергенің, маған құрмет көрсеткенің нені білдіреді, білесің бе?
Хизмет ака сұрақ қойып, жауап бергенімді күтпей:
–Таңғалып тұрғаныңа қарағанда, білмейсің. Білмесең айтайын. Ол – өзіңе есік ашқаның, өзіңді құрметтегенің. Бүгін сен мені, үлкендерді құрметтесең, ертең саған жастар есік ашады. Бұл – өмір заңы. Осы есіңде болсын! Жарай ма? Болды енді жүре бер! – деп ол Долқун мен Савутжанға қарап бұрылып, сөзін жалғастырып кетті.
Қаламдастарды оңаша қалдырып, сыртқа шықтым. Хизмет акамен осы, соңғы рет кездескенімді мүлде ойламап­пын. Бүгін бұл кездесу естелік болып есте қалған күнге айналды. Өйткені арада біраз уақыт өткенде, 1986 жылы 61 жасында Хизмет Абдумуталипұлы бізді тастап, пәниден бақиға кеткен еді. Естуімше, ол аты жаман ауруға шалдыққан екен.
Хизмет ака сөзге шебер болған деседі. Ауырып жатқан күндердің бірінде жазушы досы Камал Асамдинов көңілін сұрап келеді. Ол кісі жазушылықтан басқа халықтық емшілікпен де айналысады екен. Әңгіме арасында ол Хизмет акаға:
– Досым, өзің білесің, менің халық емшілігінен хабарымның бар екенін. Осы сенің ауруыңа көдектің зәрі ем деседі. Бәлкім, соны пайдаланып көрерсің,– деп кеңес беріпті.
Дерттің зардабынан қиналып жатса да, досының сөзіне «жоқ» демепті. Ренжімей жымиып:
– Досым, кеңесіңе көп рақмет! Өзің соны пайдаланып көрдің бе? Әуелі өзің ішіп көр. Егер бетіңдегі ойық жоғалып кетсе, мен де ішейін,– депті.
Сыйластық пен мейірімге толы құрмет ізеті сақталған қалжың емес пе!?
Қазақ қаламдастарымен жиі араласып жүретін Хизмет ака бір күні жазушылармен суретке түсу үшін жиналыпты. Фотограф бойы аласаларды алдыңғы, ұзындарын артқы қатарға орналастырып тұрғанда, Қалмұхан Исабаев келіп қалады. Оның бойы аласа, басында шашы жоқ екен.
–Тоқтаңдар мен келдім, мен де түсіп қалайын,– деп асығып орын іздеген оны Хизмет аға тоқтатып:
–Ей, Қалмұхан, сен алысқа барма, менің жанымда тұр. Суретті көргендер сені Хизметтің кеудесіндегі медалі екен деп ойласын, – деп қалжыңдайды. Сапта тұрған Бауыржан Момышұлы, «Қатырдың Хизеке» деп, бас бармағын көрсетіпті.
Эссені жазу кезінде Хизмет аканың өмірбаянымен де таныстым. Мәліметтерді интернеттен де таба аласыз. Өткен жылдардағы естеліктер бүгінгі жаңа шыққан газет бетінде қалса, ертеңгі жастарға, кейінгі әулетке пайдасы тиіп қалар деген ниетте қағаз бетіне түсіруді өз міндетім деп ойлаймын.
Хизмет Абдуллиннің Құлжа жолындағы қабіріне барғанда мәрмәр тасқа ойып жазылған мына жыр жолдарын әркез оқитын едім. Ол:
О, жан досым! Ренішім жоқ жалғанға,
Жығылып та, кейде жығып
жүрдім мен.
Таяқ тиіп, жарақат алып қалғанда,
Жер-анадан шипа алып тұрдым мен.
Ақын өзі жайлы жазылғанын біліп тұрса да, мен үшін аяқталмағандай сезілетін. Хизмет аканың кітаптары қазір дүкендерде жоқ. Сондықтан толық нұсқасымен танысу үшін интернетті пайдаландым. Рабик ака Исмайиловтың «Уйғур авази» газетінде жарияланған бір мақаласында он екі жыр жолдары келтіріліпті. Кейін Махмут ака Абдурахмановтың кітабынан жиырма жолын оқыдым. Ол «Тәң йол» атты өлеңі екен. Сіздер де оқып, біліп қалыңыздар!
Жолым сонау басталғандай өткеннен,
Еңбек еттім ойлы-қырлы далада.
Арық қазып, тәлім алдым кетпеннен,
Және үйреттім тірлік сырын балаға.
Тастақ, құмды қиялардан өрледім,
Қиындықтан сүріндім де, жығылдым.
Елім үшін аянып мен көрмедім,
Жоқтықтан да, аштықтан да бүгілдім.
О, жан досым! Ренішім жоқ жалғанға,
Жығылып та, кейде жығып
жүрдім мен.
Таяқ тиіп, жарақат алып қалғанда,
Жер-анадан шипа алып тұрдым мен.
Абзалы сол, көштен қалмай келемін,
Жүгім ауыр, жолым алыс, бауырым.
Ақиқаттың биігінде өлемін,
Жеңілмеймін жерге тимей жауырын.
Ақырында бір қияда қалармын,
Кейінгілер өткен күнді білсін деп,
Жаратқандай таудай биік болармын,
Қырандарым самғап ұшып жүрсін деп.
Ақиқаттың биігінде …
Мұнымен Хизмет ака не демек болды екен? Иә, сабыр, ынсап, пейіл деген нәрселер сол заманда да болмаған ба? Солай сияқты. Бүгін де сол ахуал. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Абайдың дана сөздерін оқып, ділге құйып тұрса да құлақ асып, ынсап, иман, сабыр, достық, бірлік сөздерге амал жасайтын зиялыларымыз ұсақталып кетті. Мәрмәр тасқа жазылған төрт жыр жолынан жазушының тартқан азаптарын, ауыртпалықтарын білу қиын емес. Енді16 жыр жолын оқығаннан кейін ақын-жазушы өмірінің қалай өткенін білуге болады.
Х. Абдуллин 1925 жылы 10 қазан күні Алматы облысының қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Баяндай ауылында дүниеге келген. Ташкенсаз ауылындағы қазір өзінің атымен аталатын мектепке он шақырым жолды жаяу жүріп, жеті жыл қатынап оқып бітірген. Өлеңдегі алғашқы жолы және сол жол жайында айтылғаны анық. Қазір сол жолмен жиі жүретін болдым. Астымда машина, жаңа кітаптар баспадан жарық көрген кезде оқушыларға тарату ниетінде Хизмет ака атымен аталатын мектепке және жазушы туған Баяндай ауылының жұртына әрда­йым жолығып тұрамын.
Хизмет ака 1943 жылы Армия қатарына шақырылып, жапон басқыншыларына қарсы соғысқа қатысып, 1950 жылға дейін жауынгерлік қызметте болды. Әскерден келген соң, Алматыдағы жаңадан құрылып жатқан «Йеңиһаят» журналына жұмысқа орналасады. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтын сырттай оқып, бітіреді. Ал 1958 жылы Қазақ­стан көркем әдебиет, кейін «Жазушы» баспаханасында редактор, 1962 жылы «Коммунизм туғи» (қазіргі «Уйғур авази») газетіне ауысып, бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. Одан соң Қазақстан Жазушылар одағында Ұйғыр секциясын басқарумен қатар, әдеби байланысты нығайту бөлімінде кеңесші болады.
1954 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі Х.Абдуллин сол жылы КСРО Жазушыларының ІІ сьезіне Мұхтар Әуезовпен бірге делегат болып қатысады. 1957 жылы академик-жазушы Ғабит Мүсірепов басшылығындағы Қазақстан делегациясының құрамында Шыңжан Ұйғыр Автоном районында болып, көптеген тарихи жерлерді зиярат етеді. Зия Сәмәдий, Тейипжан Илиев, Бұқара Тышқанбаев, Абдулқай Розимен танысады. Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті 50-жылдардың бірінші жартысында қайтадан өрлеу дәуірі басталғанда Хизмет ака алғашқылар болып, ата жұртқа, Отанға махаббатпен суарылған өлеңдерін жазады. Бара-бара өлеңдерінде эпикалық жанр жанданып, «Анайәт», «Давутжан» поэмаларын дұниеге әкеледі. «Дидар ғенимәт», «Көңүлдә қалмисун арман» атты өлең топтамалары оның ақындық асқардан көрінгенін дәлелдейді.
Хизмет Абдуллин поэзия мен проза жанрында да қалам тартып, 1954 жылы алғашқы «Гүлстан» повесі жарық көреді. Одан кейін «Турпан тәвәсидә», «Жутдашлар», «Тәғдир», «Отлуқ чәмбәр» романдары, «Бенакарлар», «Һәқ егиләр, сунмас», «Муһажирә», «Қиранлар», «Дилкәшләр», «Жухаза», «Айдин булақәвлияси» атты басқа да ондаған әңгімелерімен оқушыларға таныс. Бұл біздің соғыстан кейінгі әдебиетіміз еді.
Көркем сөздің шебері әртүрлі жанрларда қалам тартты. Мысалы, «Яркәнт наваси», «Лутпулла», «Шавқун», «Чинтөмүр батур» пьесаларын жазып, ұйғыр театр сахнасына алып шықты. Жазушы бұл туындыларымен ұлттық сөз өнерінің мәдениетін биік белеске шығарып, реалистік шынайылығын, көркемдік дәрежесін арттырды. Жан-жақты талант иесі аудармаға да көңіл бөліп, ұйғыр оқырмандарын орыс әдебиетімен таныстыру үшін М.Лермонтовтың үш поэмасын, А.С.Пушкиннің «Цыганы» поэмасы мен бірнеше өлеңдерін, Л.Толстойдың «Севастопольские рассказы» кітабын, Р.Тагордың хикаяларын,
Д.М.Фурмановтың «Чапаев», М.Исаковскийдің « О поэтическом мастерстве» кітаптарын аударды. Өзінің кітаптары да қазақ және орыс тілдеріне тәржімаланды.
Өз кезінде Хизмет Абдуллин көрнекті қазақ жазушылары – Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сафуан Шаймерденов, Қуандық Шаңғытбаев, Хамит Ерғалиев, Шөмішбай Сариевтің кітаптарын ұйғыр тіліне аудару арқылы, олардың шеберлігі туралы публицистикалық мақалалар жазып, ұлтаралық достықтың беріктігін одан әрі шыңдай түсті.
Ол туралы қазақ қаламдастары көп пікірлерін жазып, қалдырған. Мәселен, Қабдеш Жұмәділов: «Хизмет Абдуллин – жай жазушы емес, өмір мен өлімді түсінген үлкен философ… Ол өз өмірінің нүктесін қалай тауып қойғанын қараңдаршы! Адамның кім екенін оның өмірімен емес, қалай өлетінін білуімен өлшенсе керек. Оның мәңгі мекені жанынан машиналар тоқтамай өтіп тұрады. Бейіттің қасынан өткен мұсылман адам дұға жасап өтеді. Мұндай құрмет иманды адамдардың пешенесіне жазылған…».
Ал Ахмет Жүсіпов болса: «…Ұйғырдың жан-жақты жетілген, бойына табиғат бар байлықты аямаған бұл ақын-жазушы, біздің асыл досымыз Хизмет Абдуллин бізден қанша ризашылық көрсе, бізді де сонша риза ететін еді…» деп ризашылығын білдіреді.
«Хизметтің «Яркәнт наваси» повесін оқып шыққаннан кейін мен оған өз пікірімді айтқанмын.«Ұйғырлар ежелден ән-сазға бай халық. Олар өмірге «Он екі мұқам» сияқты әлемде теңдесі жоқ қазына әкелген. Сен болсаң, бұл повесіңде ұйғырларға саз үйретуге келген бір орыс адамын мадақтайсың. Оны Жаркенттегі балаларға ұстаз етіп көрсетесің. Саз тартуды үйрететіндей бір ұйғыр табылмады ма, не?» – дедім. Ол нағыз интернационалист болған соң жауап қатпады. Бұл – қазақ, бұл – ұйғыр, ал анау – орыс деп бөлуді білмейтін әділ жазушы еді…» деп жазады жақын досы Сафуан Шаймерденов.
Эссені танымал ақын Абдумежит Дөләтовтің сөзімен аяқтамақпын. «Ол өлгенмен, тәні жерге көмілгенімен, рухы біздің төбемізде айналып жүр. Сондықтан біздің келешекке деген үміт-сеніміміз ешқашан өлмейді. Ал Хизмет аканың асқақ рухы бізді қашанда қолдап, қолқанат болғаны, болған». Бұл сөзге менің алып қосарым жоқ.

 

Авут МӘСИМОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма төрағасының
Ұйғыр әдебиеті бойынша кеңесшісі,
ұйғыр балалар жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір