Бигелді Ғабдуллин: «Әдебиет саясаттан да маңызды»
28.07.2025
646
2

  31 шілдеде талантты публицист, жазушы, сыншы және аудармашы Бигелді Ғабдуллин 70 жасқа толады. Қазақстандық жаңа медиакеңістік архитекторларының бірі Б.Ғабдуллин соңғы жылдары әдебиетке нық және нақты бет бұрды. Мерейтой алдында жазушымен кездесіп, өмір, әдебиет жайлы әңгімелесудің реті келді.

– Бигелді Қайырдосұлы, мерейтойыңызбен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін. Белгілі жазушы Адольф Арцишевский сіз туралы ғұмырнамалық «Право на исповедь» романында жазған еді. Өз өміріңізге қандай баға берер едіңіз?
– Өзіңіз түсініп отырғандай, өмір сүру – өзен кешіп өту емес. Дүниедегі ең оңай нәрсе – өле қалу, ал ең қиыны – адамша өмір сүре білу. Өмірімнің баспалдақтары тікенек пен шөгірге толы: өміріме жасалған қастандық, АҚШ-қа эмиграцияға кетуге мәжбүрлік, соттың сансыз қысым-қудалауы түптеп келгенде мені темір тордың ар жағына тықты. Әр нәрсенің межелі уақыты бар демекші, бар қиындыққа барынша төтеп беріп, әр ауыртпалықтан сабақ алуды үйрендім. Бала күннен анық түсінгенім, арқа сүйер дөкей тума-туысым жоқ болғандықтан, тек өз-өзіме ғана сенуім еді. Мен – нағыз Self-made man, өз тағдырымды өз қолыммен жасаған адаммын. Өмірді жылдармен санамай, істермен мөлшерледім. Сондықтан келген жасыма байыппен қараймын. Адамның нағыз, шынайы өмірі шамамен 60 жастан басталады. Алла тағала маған 61 жасымда ұлды болу бақытын сыйлағаны кездейсоқ емес. Нақ осы жаста адам пісіп-жетіліп, өзгемен бөлісер тәжірибе жинақтап, артынан ерген жастарға ұстаз болар дәрежеге жетеді. Сондықтан өмірге өкпелеуге еш себебім жоқ.

– Сіз өміріңіздің қайғылы беттері болғанын жасырмайсыз. Әйтсе де, сізді жолы болмаған азамат деп атау қисынсыз. Өміріңіз шығармашылық жетістіктермен өрнектелді. Өзіңіз жүріп өткен жолдың жарқын жақтары, өмірлік ұстаздарыңыз, етене араласқан, үлгі тұтқан танымал тұлғалар туралы не айтар едіңіз?
– Сәттілік парасатты пайым иесіне ғана серік болады десіп жатады. Мейлінше еңбекқор, алдына қойған мақсатқа жетуде табандылық көрсете білгендерге деп қосып айтар едім. Сәттілік өмірімде аса маңызды рөл атқарды деп айта алмаймын. Бүгінгі күні жеткен межем тынбай еңбектенудің арқасында ғана еңсерілді. Қарапайым отбасында дүниеге келгендіктен, бала күннен ұққаным: тапшылық пен шалғай жердің шектеуінен шығу үшін жақсы оқып, жан-тәнімді, рухымды шыңдап-шынықтырып, жоғары білім алуым ауадай қажет-тін. Алдыма қойған мақсатқа жеттім де. Қазақстанның озық жоғары оқу орнына түсіп, үздік атандым, содан соң КСРО-ның беделді оқу орны – Горький атындағы Әдебиет институтын алдыңғы қатарлы аяқтадым. Университетті аяқтарға бір жыл қалғанда әйгілі республикалық жастар газеті «Ленинская смена»-ға жұмысқа қабылдандым. Мақалаларым республикалық комсомол басшыларының назарына ілігіп, студент кезімде-ақ аталмыш ұжымның қатарына қосылдым. Қатаң іріктеуден өтіп, 27 жасымда еліміздің бас газеті «Казахстанская правда»-ға мәдениет және өнер бөлімінің корреспонденті болып қабылдандым. Оған дейін бірнеше ай қазақтың атақты драматург, жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың кеңесшісі болып қызмет істеп үлгердім. «Казахстанская правда» мен үшін нағыз өмір мен журналистика мектебі болды. Осы газетте жүргенімде біртуар тұлғалар: Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, Дмитрий Снегин, Давид Симашко, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Әзілхан Нұршайықов, Сағынғали Сейітов, Хамит Ерғалиев, Бақытжан Момышұлы, Максим Зверев, Леонид Кривощеков, Леонид Скалковский, Оралхан Бөкей, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдіков, Сафуан Шаймерденов, Сағат Әшімбаев, Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, Юрий Герт, Александр Жовтис және т.б. таныстым. Олардың қайсыбірімен сұхбаттасып, аралас болу мен үшін нағыз университет еді. Айтары жоқ, мен үшін өмірдің шуақты сәттері аз болмады. Мысалы, аудандық мектеп-интернатта оқып жүргенімде Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жолдама алдым. Еліміздегі ең беделді жоғары оқу орны Киров атындағы ҚазМУ-ге түстім. Еліміздің ең мықты газеттерінде қызмет істедім. Бауыржан Момышұлы, Олжас Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықов, Анатолий Ким, Тимур Зульфикаров сынды заманымыздың үздіктерімен достасып, төрт жылға жуық Вашингтонда тұрдым. Сүйгеніме қосылдым, ұл-қыз өсірдім.

– Сіз он жылдан астам уақыт дегдар жазушылар ұйымы Қазақ ПЕН клубын басқарып келесіз. Бұл ұйым Қазақстанда қалай пайда болды?
– Иә, 2013 жылы Қазақ ПЕН клубының жалпы жиналысында бірауыздан осы қоғамдық ұйымның президенті болып сайландым. Клуб атауы – ПЕН. Ағылшынның «poet» (поэт), «essayist» (эссеист), «novelist» (романист) сөздері қысқартылып, «PEN» қалам сөзінен құралған. Ұйымның мақсаты – дүниежүзі жазушыларының шығармашылық ынтымақтастығына ықпал етіп, көркем аударманы дамыту. Ұйым түрмеге қамалған, саяси режимнен теперіш көріп, репрессияға ұшыраған ақын-жазушыларға қол ұшын беріп, қолдап отырады. ПЕН клубы жазушы Кэтрин Эми Доусон-Скоттың бастамасымен 1921 жылы Лондонда құрылып, алғашқы басшысы болып жазушы Джон Голсуорси тағайындалған болатын.
Бүгінде клубқа 120 елден 160-тан астам ұлттық орталық мүше болып отыр. Ұлттық орталықтар тілдік принципке сәйкес құрылған. Қазақ ПЕН клубы осы беделді халықаралық ұйымның ассоциативтік 160 мүшесінің бірі болып табылады. Қазақ ПЕН клубын құру идеясын клубтың алғашқы президенті қазақтың көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ұсынған еді.

– Соңғы жылдары сіз әдебиетке түбегейлі бет бұрдыңыз. Әдебиеттің біздің қоғамымызда алатын рөлін қалай бағалар едіңіз, әдебиет пен өнер саясаттан тысқары бола ала ма?
– Менің ойымша жазушы, суреткердің рөлі жұртқа ақиқатты бұрмалаусыз, нақты түрде көрсете білуде. Өмірді ұзын-сонар оқиғалар тізбегі ретінде ұсынып қана қоймай, сіздің осы тізбектегі орныңызды нақты айқындап беруінде дер едім. Немесе, кемінде, сізге тиесілі орынды өз бетіңізше табуыңызға мүмкіндік береді. Бір тұрғыдан алғанда әдебиеттің мәні саясаттан да жоғары: әдебиет санаға өзге деңгейде әсер етіп, «қарапайым өнер» қатарына жатпайды. Бұл жерде туындайтын сұрақ «әдебиетке саясат қажет пе?» Саясат – қоғамда қаралатын күрделі мәселелер тізімі, оны экономикалық теория деу жаңсақ пікір. Саясат – Қазақстанды алып қарағанымызда, сіздің күнделікті тұрмыс-тіршілікке деген көзқарасыңыз. Ал күнделікті тұрмыс-тіршіліктен қашу, бас тарту – меніңше, логикалық тұрғыдан алғанда қисынсыз нәрсе. Пушкин орыс поэтикасының негізін қалаушы ғана емес, орыс этикасының түптамырының діңгегі, ал пушкиндік этика саяси бейтараптықты құптамайды. Ахматова айтпақшы: «Вяземский өз күнделігінде күңкілдесе, Пушкин бүкіл Ресейге паш етті». Бүгінгі күннің шындығы – шиеленіске толы, жария етілуі қажет тақырып, әдеби мәнділігі соншама бай материалды бүгіп қалу қисынға келмейді. Протопоп Аввакумның «Әр қиындыққа – бір дұға» деген мағыналы сөзі бар. Адам қандай қиындықты бастан кешсе де, әдебиет оның көмекке келер дұғасы іспетті болуы тиіс.



– Сіз қазақ авторларының АҚШ пен Англияда аударылып, жарыққа шығуын ұйым­дастырдыңыз. Қазақ ПЕН клубының қай жобасын аса маңызды деп санар едіңіз?
– Халықаралық Қазақ ПЕН клубы қазақтың классик жазушыларының шығармаларын ағылшын тіліне аударуды таңдауы кездейсоқ емес. КСРО ыдыраған соң әлемде ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтың тоқырауы белең алды. Өткен 34 жылда Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Бақытжан Қанапьянов, Ұлықбек Есдәулетов, Данияр Сүгірәлинов сынды белгілі қаламгерлерден өзге бірде-бір жазушы дүниежүзілік деңгейде танылмады. Бұл белескке көтерілу шығармалары ағылшын тілінде жарық көргендерге ғана бұйырады. Статистика бойынша бүгінгі таңда ағылшын тілі тек халық­аралық қатынас тілі ғана емес, дүниежүзі мәдениетінің тіліне айналды. Осыған орай жазушының әлемге танымал болу-болмауы ағылшын тіліне тәуелді. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтырып, классиктеріміздің кітаптарын АҚШ пен Англияда аударып, шығаруды жөн көрдік. Біз әлемді Қазақстанның шынайы бет-бейнесімен, халқы, тарихы, мәдениетімен таныстырмақпыз. Осы орайда аса күрделі шығармашылық мәселе – елдің өмірі мен тұрмысын, арман-мүддесін, проблемасын, адам жанын, қазақ әдебиетінің бет алысын неғұрлым терең, дәлме-дәл айқындайтын шығармаларды іріктеу қажеттігі туындады. Әрине, біз әр түрлі стильде жазатын жазушыларды тізімге қосқымыз келді. Сөйте тұра, ерекше «қазақи» әдебиет деп аталатын, өзбек, қырғыз, өзге де әдебиеттен ерекшеленіп тұрған, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың қасіретті тағдыры, сталинизм зобалаңы, ашаршылық, Арал трагедиясы көтерілген, «эпикалық» стильге, замана талаптарына сай, мүддесі ортақ авторларды жарияласақ деген едік. Осы шарттарды ұстана отырып, Қазақ ПЕН клубы мазмұны аталған талаптарға неғұрлым жақын «Біз – қазақпыз…» топтамасына 25 авторды іріктеп, шығармаларын бірінші кезекте АҚШ пен Англияда аударып, шығаруды жөн көрді. Бұл тізімде Абай, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Сәкен Жүнісов, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақов, Бердібек Соқпақбаев, Смағұл Елубай және басқалар бар. Қазақ ПЕН клубын басқарғаннан бері өзімнің басты міндетім – дүниежүзі мәдени-ақпарат кеңістігінде Қазақстан мәртебесін жоғарылату деп белгіледім. Әдебиет – ұлттық шектеу-шекарасыз дүние. Сондықтан ұлтаралық, халықаралық өзгешеліктерге қатысты қиындықтарға қарамастан, әдебиет халықтар арасындағы байланыс пен мәдениеттер арақатынасы құралы болып қалуы тиіс. ПЕН клуб ел мен елдің арасында түсіністік пен сый-құрмет орнату үшін құрылған. Қазақ ПЕН клубы да осы игі мақсатқа ұмтылады. Кеңестік дәуірде қазақ жазушылары халықаралық аренаға шығармаларын орыс тіліне аудару арқылы ғана шығатын. Заман өзгерді. Бүгін дүниежүзін Қазақстанның шынайы мәдениетімен таныстырып, тарихы, мәдениеті, әдебиеті бай халқымыздың нағыз бет-бейнесін көрсететін уақыт жетті.

– 2013 жылы құрылған «Біз – қазақпыз…» топтамаңыз, шындығында, бір институт атқаратын үлкен жоба. Шығармаларды іріктеу кезінде қиындықтар, даулы сәттер туындаған болар?
– Клуб президенті болып сайланған сәттен бастап, «Біз – қазақпыз… Қазақ классикасының таңдамалы шығармалары» жалпылама атауымен қазақ әдебиетін АҚШ пен Англияда аударып, шығаруды мақсат тұттым. Сол сәтте кімдерден бастасақ екен деген сұрақ туды. Бұл өте күрделі мәселе. Мен ағылшын тіліне бүгінгі Қазақстанның өмірі, өзекті мәселелері мен қазақ халқының ниет-ықыласын анағұрлым терең, дәлме-дәл айқындайтын танымал жазушылардың шығармаларын аударуды ұйғардым. Осы жылдар аралығында АҚШ пен Англияда Абайдың «Қара сөздері», Олжас Сүлейменовтың, Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы өлеңдері, Мұхтар Әуезовтің таңдамалы шығармалары, Әбіш Кекілбаев, Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақов, Герольд Бельгер, Бердібек Соқпақбаев, Смағұл Елубаев, Қажығали Мұханбетқалиев, Ұлықбек Есдәулетов, Серік Ақсұңқарұлы, Раушан Бүрітбаева және т.б. қаламгерлердің романдары мен шығармалары аударылып, басылып шықты. Жоғарыда айтылғандай, ең алдымен, аудармаға автор іріктеу – бұл, шын мәнінде, өте күрделі, іріктеушінің әдеби, тарихи, зерттеу жүргізуін талап ететін үлкен жұмыс. Авторлар тізімі дайын болған соң келесі мәселеге көшеміз: қай жазушыны қай тілге аудару керек? Демек кей авторды ағылшын, бірін орыс, бірін неміс тіліне дегендей. Бір авторды бірнеше шет тіліне аудару тиімді бола қоймас, әрине. Осының бәрі атқарылған соң маман аудармашы іздеп-қарастыру қажет. Әрине, аудармашы аталмыш тілдің иесі, аударма әлеміне танымал, көркем аударма ісінде дарынды болуы тиіс. Әдебиет – адам жанының айнасы. Өзіңе беймәлім халықты оның прозасы мен поэзиясына терең бойлап қана танып-біле аласыз. Менің бұл бастаған ісімді Йоханессбургтің Халықаралық ПЕН клубы жоғары бағалап, «Алматы бастамасы» деген айдар тақты. Қазақ авторларын ағылшын тіліне аудару өте қиын жұмыс.Тарихи, этнографиялық детальдардың көптігі, суреткердің тартымды және образға бай тілі, стилі мен ырғағы заманауи америкалық әдеби тілден алшақ.

– Соңғы бір атап айтарлық жобаңыз – «Audarma» баспасынан шыққан алғашқы кітаптың авторы Нұрлан Оразалин. Өзіңіз романның алғысөзінде айтқандай: «Бұл – заманауи Қазақстанның сан қырлы дауыстарының бірі». Осы жобаға кеңірек тоқтала кетсеңіз?
– Жоғарыда айтылғандай, Қазақ ПЕН клубының алға қойған мақсаты – заманауи қазақ әдебиетінің бетке ұстар алдыңғы үлгілерін шет елдерге таныту. Бұл тұрғыда Қазақ ПЕН клубы қазақ классиктерін АҚШ, Англия, Франция, Германия және басқа да елдерде көркем аударма жасауда бай тәжірибе жинақтады. Біз кітап басып шығаруды еш кедергісіз атқара аламыз – Amazon, Apple Books және Google Play Books сынды платформалар мәтінді цифрлы түрде басып, кітабыңызды сұранысыңызға сай жарыққа шығарып, төрткүл дүниеге қолжетімді етеді. Айта кетерлігі, біздің баспа арқылы шет елде кітаптың көркем аудармасын жасап, басып шығару қазақстандық жазушыларға арзанға түседі. Осы орайда Қазақ ПЕН клубының аясында біз қазақ-америкалық «Audarma» баспасын құрып, басты назарды қазақстандық авторлардың шығармаларын шет тілдерге аударуға бағыттадық. Жобаның артықшылығы – іріктеу жұмысының жариялылығы мен демократикалық тұрғыда өтуі, кәсіби редакциялау, ең ірі дүниежүзілік платформаларда басылып, кітаптың АҚШ-та шығуы, қазақстандық әдебиеттің шет елде таралуы. «Diverse Voices of Modern Kazakhstan» – қазақстандық авторлардың дүниежүзі бойынша өз оқырманын табуы. Әлбетте ұсынылған шығармалар қатаң таңдау-талаптан өтеді. Бізге елдің шынайы өмірін анық, тереңінен көрсете алатын, халықтың мұң-мұқтажы, проблемаларын, қазақ әдебиетінің үрдістерін жеткізе білетін шығармалар қажет.
Сәтті аударманы әдетте конгениалды деп атап жатады. Көркем аударманың басты тілдік мәселесін әр аудармашы өз бетінше шешеді: сөзбе-сөз, я болмаса көркемдік (fidelity or beauty). Дәлме-дәл, сөзбе-сөз деген нені білдіреді? Түпнұсқаның дәлдігі ме, шығарманың идеясы мен рухы ма? Осы тұрғыдан алғанда кей аудармашы мәтін ана тілінің, отандық оқырманның таным-түсінігіне сай болуы маңызды десе, енді бірі оқырман өзге мәдениет пен ойлау жүйесін қабылдап, ана тілін қалайда пайдалануды ұсынады. Бұл мәселеге біздің көзқарасымыз – екі жақтың ұсынысын бірдей қолданып, екеуінің бір-бірімен үйлесім табуы қажет деп санаймыз. Мұндағы басты проблема тек тілдік мәселе емес, оқырман жанын көркемдікке тартып, шығарма рухының әдеби әлемге сіңісуі. Сонымен, әдеби көркем аударма – ұзақ уақыт, қыруар еңбек жұмсалатын, аудармашының біліктілігі сыналатын, екі тілді жоғары деңгейде меңгерумен қатар, екі елдің мәдениетін де жете білуін талап ететін маңызды жұмыс.

– Горький атындағы Әдебиет институтында алған біліміңіз әдеби санаңызға, сөз құдіретіне деген көзқарасыңызға қалай әсер етті?
– Әдебиет – қоғам үні екені әркімге де түсінікті. Әдебиет – тек сөз өнері ғана емес, елдің тарихы, мұң-мұқтажы мен үмітінің айнасы. Абайдан Қуандық Түменбаевқа дейінгі атақты жазушылар – бұрын да, бүгін де қазақ халқының тағдыры туралы айтып қана қоймай, ұлттық сана-сезімді қалыптастырушы. Бүгінгі күні де ұлттық әдебиет осы дәстүрді жалғастыруда. Бірақ алда бізді әлі де талай сынақ күтіп тұр. Цифрлық технология заманында, оқырманның талғамы өзгеріп, мәдениет пайда табу көзіне айналған шақта әдебиет көмекке өте зәру. Көптеген жылдар «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттерінде жұмыс істеп, «Новое поколение», «XXI век», Central Asia Monitor басылымдарын, «Радиоточка» порталын және т.б. құрып, басқардым. Сөз құдіреті біреуге шабыт берсе, шындықтан қауіптенетіндер үшін қорқыныш болғанына да көзім жетті. Шығармашылығымның сан қырына жалғыз ғана ортақ дүние – қалам дер едім. Әдебиет институтында оқып жүргенімде философ Георгий Куницын «адам жанына үш қабілет берілген», деп үйрететін. Атап айт­қанда: 1. Адам ақиқатты тану үшін жаралған. Ертең жақсы өмір сүргенім емес, соны бүгін білгенім маңызды; 2. Адам жақсылық жасау үшін жаралған; 3. Адам әлемге сұлулық әкелуі тиіс. Бар шығармашылық қызметім осы үш қағидаға саяды. Творчествомды жақсылық жасау үшін жұмсаймын.



– Сан ғасырлық қазақ тарихынан мағлұмат беретін «Ұлы көш» атты еңбегіңізді ғылыми зерттеу деуден бас тартып, «тарихи эссе» деп атапсыз. Өз басыңыздан өткен оқиғалар тарихқа деген көзқарасыңызға ықпал етті ме?
– Эмиграциядан оралған соң 2004 жылы «Central Asia Monitor» газетін құрдым. Ал 2006 жылы мені «Астана» телеарнасына бір сағаттық «Байыпты сұхбат» бағдарламасын жүргізуге шақырды. Сол кезде «Наркомы» деректі сериалын қолға алмақ болдым. Архивтерді ақтарып жүріп бұл адамдардың ұмыт болып, өмірбаяндары көмескі тартып бара жатқанын түсіндім. Сол кезде Қазақ­станның басшылары туралы кітап жазу ойыма келді. Керей мен Жәнібек хандардан бастау керегін түсіндім. Әйгілі британдық тарихшы Томас Карлейль айтпақшы, дүниежүзі тарихы – ұлылардың өмірбаяны. Осылайша, 2012 жылы бестселлерге айналған «Ұлы көш» эссе кітабы дүниеге келіп, француз тіліне аударылды. Егер әріден тартсақ, кезінде бұл кітаптың идеясын Ілияс Есенберлин марқұм ойыма салған еді.
– Соңғы кітабыңыздың атауы «Мараль» неліктен «а» арқылы жазылған, осы шығармаңызды оқи отырып анық ұғынғаным, оны өзіңіз жайлы емес, ашығын айтқаны үшін темір тордың ар жағына тоғытылатын журналистер қауымы туралы жазғандайсыз?..
– Егер де сөздің түбінде ақиқат жатса, қай елде болса да, оны естір құлақ табылады. «Мараль» – көнерген сөз. Жала үшін жауа­кершілік жүктеу сияқты, ұмытылып бара жатқан сөз. Өз басыма келсек, мен үшін жала жалаң метафора емес, жазалау үкімі болып шықты. Бұл сөз тек мен жүріп өткен жолдың символы ғана емес, ойындағысын жасырмай айтқаны үшін репрессияға ұшырай алатын бүкіл бір заманның атауы. Бұл кітаптың атауы, жала жабу – билік қаруына айналғаны туралы. Шындық – қауіпті, оны айтқан адам жазықты болуы туралы. «СИЗО», «Мараль» атты туындыларым кабинеттің салқынында емес, қанның қайнауынан шықты. Жасырары жоқ, роман желісі – өз өмірбаяным. Өз тәжірибем – бүгін журналист, қоғам қайраткерісің, ал қас-қағым сәтте – тұтқынсың. Бірақ бәрінен бұрын айтарым, роман шынайы сезімнен туды. Өміріме қауіп төнсе де, соттап, қысым көрсетсе де, қорласа да абыройыңды сақтап қалуға болатынына деген кәміл сенімнен туды. Тіпті СИЗО-да. Тіпті тәуелсіз, еркін ойың жүйеге қарсылық болып саналатын елде де. Көп жұрт сталиндік лагерьлердегі қиянат өткенде қалды деп сенеді. Әтттең, біздің пенитенциарлы жүйе зұлымдығы есте қалған кезеңнің естеліктерін әлі де балапандай баптауда.
Баяндалған дүние – ойдан құрастырылмаған, өз басымнан өткен жағдай. Адам мен хайуанның арасындағы айырмашылық шекарасы қай жерде, соны түсінуге тырыстым. Айналаң бетон, темір тор, болашағың бұлыңғыр… сол сәт адами тұлғаңнан жұрнақ сақтала ма? Темір тордың ар жағына қылмысың үшін емес, коррупция, келеңсіздіктерді сынағаның үшін түсу заңға деген сеніміңе сынақ болғанымен, өзіңді рух бостандығына жетелейді. Мені жаздың деп кінәлады, БАҚ құрдың деді. Сөз бостандығын айып қып таңғанда, парадокс, төрт қабырғаға қамалғанымда алғаш рет еркіндіктің не екенін түсіндім. Тәннің емес. Рухтың. Еркіндік ойлау қабілетіңде. Ойдан қорықпауда. Әділдік сезімі өлмегенде. Олардың мақсаты – жазалау емес, сағымды сындыру еді. Мен сынбадым. Өйткені шындық – қылмыс емес. Одан қорықса да. Қорқыныш бойымды билеген түндерді өткіздім. Сол түндерде санамда ең мықты ойлар туды. Үрей – жан айқайы емес. Үрей үнсіздікте. Ар-ұжданыңмен оңаша қалғанда. Қорыққаным рас. Азаптаудан емес. Кесілер мерзімнен емес. Өз болмысымды жоғалтудан. Айнадан адам емес, екі бүктелеген, енжар, сұлық көлеңкемді көруден. Сөзге тоқтадым. Ойға тоқтадым. Камерада сенделіп, күбірлеп айтқан өлең жолдарына тоқтадым. «Кешіруді үйрен… ренжіткенге дұға қыл…». Пастернак, Мандельштам, Олжас Сүлейменов, Бахыт Кенжеев, Варлам Шаламов… осылар мені дұға септігін тигізбеген кездерде шыңыраудан алып шыққан. Осылайша, аман қалдым. Ең бастысы, болмысымды сақтап қалдым. Өзім туралы кітап жазғым келмеді, бәріміз үшін жаздым. Өйткені өзімнің басымнан өткен дүние өзгелердің басына да түсуі мүмкін. Қазақстанда ғана емес. Бұл кітап адамның еркін басып-жаншу машинасының қалай жұмыс істейтіні туралы. Барыңнан айрылсаң да, абыройыңды сақтаудың маңызы туралы. Бұл кітап өзімді ақтап, өзгені күстаналау үшін жазылған жоқ. Біз тұйық кеңістікте мекендемейміз. Есіңізде сақтаңыз, әр сөздің, әр іс-қимылдың өзгеге әсер етері хақ. Әрбір адами қасиеттің көрінісі де. Егер де «Мараль», «СИЗО»-ны оқыған бірде-бір адам өзінің жападан-жалғыз емес екенін түйсінсе, кітаптың бекер жазылмағаны. Біздің әлемде сөз қауіпті қаруға айналды. Алайда адам сөзіне ерік беруші күш – саясат, насихат, сот та емес, тек әдебиет қана. Менің кітаптарым – қарсыласу әрекеті. Кешірім әрекеті. Сөз құдіреті әлі де әлемді өзгерте алатынына сенімім.

– Енді «Қантар – 22» кітабына тоқтала кетсек. Осы күрделі тақырыпта документалистика жанрын таңдапсыз. Куәгер іздеп бүкіл елді аралап қайттыңыз. Осы туындыны дайындаған кезде қандай да бір қиындыққа ұшырадыңыз ба? Бұл оқиғадан қандай сабақ аламыз?
– Бұл кітап маған оңайға түскен жоқ. Кітапты жазу үшін ұшақпен, пойызбен, көлікпен, атпен мыңдаған километр жолды еңсеріп, еліміздің ондаған облысын аралап шықтым. Қиындыққа себеп болған, біріншіден, жұрт үндеуіме жауап беруге, кездесуге, естеліктерімен бөлісуге құлықсыз болды. Арасында «… тергеу абақтысында, уақытша ұстау изоляторында басымнан өткен жағдайды жазғаныңызды қаламаймын. Бір жағынан бөлісіп, ішімді босатып алғым-ақ келеді, ал екінші жақтан жанымды жаралап,ашылғым келмейді. Қорқынышты!» дегенді ашық айт­қандар кездесті. Әсіресе кездесуден құқық қорғау органдарының өкілдері қашатын. Олар бастық жібермеді, қызметтен босай алмаймын дегендей сан түрлі сылтау айтатын. Арасында «Ескіні еске алып не керек? Әділдік іздеу? Біздің елде оны табу мүмкін бе?» деушілер де кездесті. Куәгерлер өзімізді, елімізді өзгертіп, кері дәуірге бір сәтте лақтыра салған үлкен трагедияға қатысқандарын түсінді. Іштей оларға түсіністікпен қарадым, өткеннен қорған іздеу қисынсыз. Өлген тірілмейді! Екіншіден, билік «құпия» грифімен белгіленген құжаттарды зерттеуге рұқсат бермеді. Қашан рұқсат берілерін ешкім ашып айтпады. Үшіншіден, теңізде жалғыз жүзген шабақтың күйін кештім. Айталық, 2022 жылдың қаңтар айында болған оқиғаны бір жыл бойы зерттеген адвокат Айман Омарованың комиссиясында 15-тен астам адам жұмыс істеді. Дәл осындай Абзал Кұспанның комиссиясында да 10 адам болды. Мен болсам… «жалғыздың шаңы шықпас». Төртіншіден, бейбіт құрбандар туралы, оның ішінде бейкүнә сәбилер де бар… ол туралы тізбелеп жазу қиынға соқты. Бұл жұмыс автордан ерекше этикалық, моральдық, физикалық, тіпті метафизикалық күш қажет етеді. Өйткені жақыныңнан айырылу – бүкіл әлемнен айрылуға пара-пар дүние! Мұндай трагедияны жеткізу үшін Шекспир, Достоевский, Абай болуың тиіс… Жан түршігерлік азап пен қорлықты бастан кешкен куәгерлердің естеліктерін селт етпей тыңдау мүмкін емес. Он жерден момын болса да, әр елдің садистері мен қанышерлері барын біліп, мойындаймын. Бірақ… қазақ қазақты азаптағаны миыма қонбайды! Жүздеген адамның өліміне, мысалы, Алматыда, полицейлер мен қауіпсіздік күштері кінәлі еместігіне көзім жетті. Олар өз қызметін орындап, басшылардың бұйрығына бағынды. Бейбіт тұрғындарға оқ атқан олар емес, дайын­далып келген содырлар, діни радикалдар мен полиция киімін киген арандатушылар. Олар үшін өлім-жітім неғұрлым көп болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты тақтан тайдыру соғұрлым оңай болатыны маңызды еді! Әйткенмен, жылқы ішінде ала да бар, құла да бар. Полицейлер арасында күшіне сеніп, қолға түскен кінәсіз жастарды қинап-азаптаған жауыздар да кездесті. Байғұс жастардың өз қорғансыздығын толық сезгеннен басқа қорғанар күші болмады. «Бір мұңда жүз көрініс бар» дейді Вильям Шекспир. Сол бастан өткен трагедияның бір көрінісін менің кітабымнан көре аласыздар. Нендей сабақ дейсіз? Қарапайым: ешбір жағдайда қос билікке – билік параллеліне жол беруге болмайды. Ондай ойын опа әпермейді. Қоғамның негізгі қозғаушы күші халық екенін еш ұмытпау керек. Еліміздің Конституциясына сәйкес жұмыс істейтін мемлекеттік институттардың тұрақты және тиімді жүйесін құру мемлекет пен қоғам дамуының өзермейтін заңы болып табылады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Маруана ХАМЗАҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 31.07.2025 | 14:50

Жақсы сұқбат екен. Қаламыңыз қарыштай берсін!

Қонақ 01.08.2025 | 20:40

Өте тағылымды сұхбат. Сауалдар да, жауаптар да өткір.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір