ЭКОНОМИКА ТЫНЫСЫ – ИНВЕСТИЦИЯ
27.05.2016
1366
0

Инвестиция – экономиканың негізгі қозғаушы күші екені қазіргі кездің ақиқатына айналды. Шетелдік инвесторларды экономиканың барлық саласына тарту, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасау Үкіметтің, соның ішінде Инвестициялар және даму министрлігінің басты міндеті болып отыр.

Мұнай бағасының құлдырауы се­бе­бінен әлемдік экономикада қалыптасқан жағдай бізге де салқынын тигізді. Соған қарамастан, Қазақстан индустриаландыру саясатын одан әрі жүргізіп, инвестиция тартуды жалғастырып келеді. Инвес­тиция­лық саясаттың бұған дейінгі көр­сеткіші де ел экономикасы қуатының арт­қанын және инвестициялық тартым­дылығының дәлелі болса керек. Мәселен, соңғы он бір жылда 220 млрд. доллар шет­ел­дік тікелей инвестиция экономиканың түрлі салаларына жан бітіріп, жұмысын жандандырды. Соның ішінде, индустриаландыру бағдарламасының аясында 2005 жылдан бері тікелей тартылған инвес­тиция­ның 77% ел экономикасының ау­қым­ды бөлігін алып жатқан өңдеу саласы­на құйылған.

Экономикаға дағдарыстың салқыны тиіп, инвестиция көлемі кейбір салаларда төмендеуіне байланысты инвестициялық кли­матты жақсарту мәселесі қолға алынып, осы бағытта бірқатар жұмыстар жаса­лып жатыр. Айталық, Үкімет басшысы жа­нынан трансұлттық компаниялардың қа­тысумен жасалып жатқан ірі инвес­тициялық жобалардың жұмысын бақылау үшін арнайы кеңес құрылды. Сондай-ақ, инвестиция тартудағы мәселелерді аймақ­тық деңгейде кедергісіз шешу мақсатында облыс әкімдері басшылығымен де кеңестер құрылды.

Сондай-ақ, Сыртқы істер министр­лі­гі­мен бірлесе отырып, инвестиция бойынша арнайы кеңесшілер жіберілетін 10 ел анық­талды. Олар: АҚШ, Ұлыбритания, Ита­лия, Оңтүстік Корея, Иран, Жапония, Гер­мания, Франция, Қытай, Үндістан.

Инвесторлардың келуі бар да олардың эко­номикада жұмыс істеуіне қолайлы жағ­дай жасау мәселесі бар. Бұл тарапта да ми­нистрлік  бірқатар іс-шаралар қабылдап, іс­ке асырып жатыр. Соның бірі – инвестор­лар­ға қызмет көрсететін «бір терезе» жүйе­сі. Бұл – инвестордың уақытын үнемдеп қа­на қоймайды, құжат рәсімдеу мәселе­ле­рін бір жерден жедел шешуіне жағдай жасайды. Мұндай «бір терезе» Алматыда – 3, Астанада – 2 және облыс орталықтарында бір-бірден ашылып, жұмыс істеп тұр. Оның жұмыс нәтижесіне келер болсақ, осы жылдың төрт айында төрт жүз ин­вес­тор­ға қызмет көрсеткен.

Инвестиция тартуда бұдан өзге де көп­теген жұмыстар атқарылуда. Эко­но­ми­каның қан тамырына айналып отырған индустриаландыру бағдарламасы аясында атқарылған істер мыңдаған жұмыс орны­н ашып, бюджет қоржынын толтырып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруда. Бұл бағдарламаның негізгі бағыты – инвестиция тартымдылығын өсіріп, со­ның арқасында жаңа технологиялар мен кә­сіби білікті мамандардың тәжірибесімен қоса, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашып отыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір