ТҰҒЫРЫ БИІК ЖАН
Жұрт Байтұрсынды Байекең дейді.Бүгінде жетпіске келген Өмірбеков Байтұрсын Есжанұлы ұлттық көркемөнер саласында өзіндік орны бар маман, тәжірибелі педагог, өнер саласының білгір ұйымдастырушысы.
Байекеңнің мақсаткерлігі мен таланты студент шағында айқын көрінді. Жетінші сыныптан кейін училищені, одан соң оқуын жалғастырып, 1969 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Педагогикалық Институтының көркемөнер-графика факультетін бітіріп шықты. Осы оқу орнында жұмысқа орналасып, оқытушы, ұзақ жылдар факультет деканы болып қызмет атқарды. Бұл жылдар оның шынайы педагог, оқу ісін ұйымдастырушы ретінде әбден қалыптасқан іскер де білікті маман екенін көрсетті. Ұйымдастыру және шәкірттер тәрбиелеу жұмысында ерекше қабілет танытты. 1978 жылы жаңа құрылған Алматы көркем-театр институтының оқу және ғылым жұмысы бойынша проректорлық қызметке тағайындалды. Ресейде қызмет етіп жүрген отандық білікті мамандарды елге шақырттырып алған тұсы да осы уақыт. Бүгіндері өнертану саласының белді маманы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Қ.Қ.Мұратаевтарды елге сол кезде алып келген еді.1987 жылы, мамыр айында 1986 жылдың желтоқсанында болған оқиғаларға байланысты проректорлық қызметінен босатылып, Кеңес Одағы Коммунистік партия қатарынан шығарылды. 1990 жылы бұрынғы қызметіне қайта қабылданды. 1994-2007 жылдар аралығында Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры болып қызмет атқарды. 2007 жылдың шілдесінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына мұғалімдік жұмысына ауысуына байланысты мұражай директоры қызметінен өз еркімен босатылып, 2009 жылғы 23 сәуірінде Қазақстан Суретшілер одағының XVI съезінде Суретшілер одағы Басқармасының төрағасы болып сайланды.
Байтұрсын Есжанұлы ысылған басшы екенін Одаққа келгенде де анық көрсетіп, өнер үшін суретшілердің басын біріктіре білді.
Байекеңнің әр адам жөнінде өз пікірі, көзқарасы бар. Қандай тапсырма беру керек, оның қандай істерді атқаруға қабілеті бар, осыларды әрдайым ескере білуі қасында жүрген біздерге үлкен мектеп болды.
Әріптестері, шәкірттері Байекеңді өзінің бай кәсіптік және өмірлік тәжірибесін айта отыратын жайдары, тіл табысқыш адам деп біледі. Өнердің бірнеше буынын тәрбиелеген Байекең, құрметтен де кенде қалған емес: Алматы облысы, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, Өнертану профессоры, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», Украина Суретшілер одағы мен Ресей Көркемсурет академиясының Құрметті мүшесі, Ресей музейлер кеңесінің (ИКОМ) Құрметті мүшесі, Қазақстан музейлерінің ЮНЕСКО жанындағы Ассоциациясының Президенті (2000-2009), ЮНЕСКО жанындағы өнер сыны мен зерттеушілері ассоциациясының мүшесі,1998 жылдан бері Қазақстанда қойылатын ескерткіштермен монументтерді сараптау комиссиясының мүшесі, 2006 жылдан бері Алматы қаласы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау комиссиясының мүшесі.
Осыншама мәртебеге өзінің барлық болмыс бітімімен, табиғат берген ұнамды мінезімен, қарым-қабілетімен жеткен Байтұрсын Есжанұлы бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында шеберхана ашып, шәкірттерге дәріс оқып келеді.
Байекеңнің өмірі ізденіс, тынымсыз еңбектен құрылған.
Бірде жолым түсіп Семей қаласына барғанда суретшілер, профессор Құмар Макаров пен профессор Әбдікәрім Қамақ «Байтұрсын біздің ұстазымыз» дегенде, «Зейнет жасындағы бұларға Байекең қай кезде сабақ берген екен» деп таң қалғам. Қаншама шәкірт тәрбиелесе де, Байекең ешқашан ешкімді менің шәкіртім деп еншілеген емес. Бірде Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, суретші Тілеужанов Әбілхан да: «Төбелескенім үшін оқудан шығып қалар едім, Байекең мені қорғап қалды ғой», – деп айтқаны есімде.
Мұның бәрі Байекеңнің өнерге деген құрмет сезімде жатыр деп ойлаймын.
Жанарбек БЕРІСТЕН,
профессор, ф.ғ.к.,
ҚР Суретшілер одағының жауапты хатшысы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.