АШЫНДЫРМА АҚЫНДЫ…
27.05.2016
3345
0

64Жүрсін ЕРМАН

 Бауыржан Халиолланы күту

 

Кіретін ұйықтаса түсіне өлең

Мен сені киесі бар кісі деп ем.

Жайлауын жыр-ғаламның дүбірлетер

Дөненің бар еді ғой кісінеген?!

 

Ақын ең жыр айнасын кірлетпеген,

Басыңды Бақтықожа құрметтеген.

Қоғадай иілетін Нұрлан ағаң

Өтсін деп өмірі ду-дүрмекпенен.

 

Кісендеп қасиетті қалам, тілді

Жүрмісің шомылдырып талантыңды.

Қолдағы алтыныңды құмға көміп

Таба алмай қалдың ба әлде сол алтынды?

 

Жүйрікті қор еткенде қолға матап,

Болады қисық темір балғаға тап.

Отыңа май құйғанмен жұрт гуілдеп

Жаныңа желеу болмас жалған атақ.

 

Дақпырттың демеу болмас құр қамшысы

Ақынның жәрмеңке ғой бұрқанса іші.

Таңдайын талайлардың жібітпей ме

Үзіліп түскен жырдың бір тамшысы.

 

Демеймін ініміздің сыйы үзілді,

Дей көрме ағамыздың күйі зілді.

Санына сақсыр тиген бұғыдай боп

Шайқаймын шаңырақтай мүйізімді.

 

Аузыңа кептелмесе жыр аптығып

Шайырды шаршатады тұрақтылық.

Мен сені күтіп жүрмін қансонарда

Келер деп құрық сүйреп, құр ат мініп!

 

***

 

Жүректе – жыр, көңілде – күй тұрғанмен

Өтіп жатыр өмірім ит-ырғаңмен.

Уайыммен оянам таңғы ұйқымнан

Оянудың орнына сыйқырлы әнмен.

 

Уақыт – зая, самалдай жыр еспеген,

Тағдырым да секілді бір ескі өлең.

Өтіп жатыр түндерім уайыммен

Кетіп жатыр күндерім күреспенен.

 

Айтылғанда өтірік бет қызармай

Ызаланам бәріне кекті жандай.

Бәрін алып – сататын хан базарда

Шындығымды жүремін өткізе алмай.

 

Ию-қию шығарар есебін кім

Әділетпен толмаса есе бір күн

Несі қымбат қорлықпен өткен күннің,

Несі аяулы өксіген осы өмірдің?…

 

***

Жұрт жүреді сыртымнан көп тон пішіп,

Сырт көз үшін кию керек оңды ішік.

Тәйке тұрған асығымды бүк дейді,

Алшы түскен сақам ылғи болды шік.

 

Ағайынға аласарып жақпаймын,

Қақпақылға  түсіп кеткен доптаймын

Бойыма шақ жұмыстарды  атқармай

Ойыма шақ емес сөзді оттаймын.

 

Көңіліме түскеннен соң қаяу мұң

Оңып кеткен сырмақтағы бояумын.

Ыңғайынан табылам деп әркімнің

Өзімді өзім жоғалтуға таяумын…

 

***

 

Барам- келемін,

сенделіп келем-кетемін,

Не болса соған көңілді – елеңдетемін

Қадалма, қалам, қағазға кенедей болып,

Өле алмай жүріп, өңмендеп өлең не теңім?!

 

«Сырымды жұртқа жаюға» неге ынтығамын,

Желкемді  қиып барады көген-тұмарым.

…Аранын ашқан ашқарақ көңіл-пешіме

Көмейі толып қалғанша өлең тығамын!

 

***

 

Темірше.

Темірше дос.

Темірше ағам,

Өгейлігін көрсетті-ау өмір саған.

Шөміштен қысып құйды ол сыбағаңды

Қытымыр секілденіп келін сараң.

 

Бұрқатып анда-санда жыр дауылын

Сағынып жүруші едің сыр қауынын.

Мылтығыңды кезеніп бүкең-бүкең

Қуалап Жетісудың қырғауылын.

 

Аңшылық құрар шағың тек күзде еді,

Құстардың алдарқатып көп тізбегі

Қырғауыл қанатындай қызыл-жасыл

Көп арман қуғаныңмен жеткізбеді

 

Жетем деп Сырға бардың, қырға бардың,

Үні едің сұңқылдаған бір ғаламның.

Қырғауыл қауырсыны секілденген

Кім білген баянсызын жыр-қаламның!

 

Ақтөбелік ақын Ершат Қайболдинді

айтысқа шақыру

 

Ершат інім!

Төбеңе шабытыңның кер шатырын.

Тербетіп Нұрпейістің аруағын

Ала кел ақын бабаң берсе ақылын.

 

Әйтеуір өлең әкел астанаға

Сөз әкел

айта алмайтын басқа бала.

Торғайдай шырылдаған жаныңды әкел

Тасыған мейманасы тас қалаға.

 

Сусаған сағыныштан кім арылған,

Шығайын иіскелеп құмарымнан.

Есіме Есенбайды түсіретін –

Бір жұтым жұпар әкел Шұбарыңнан.

 

Қонатын кез болмай ма өренге бақ,

Қарағым, күмілжімей төмен қарап

Өтежан ауылының отын әкел

Бір шумақ былдырлаған өлеңге орап.

 

Ақ перзент ақыны едің Ақтөбенің,

Әлдилеп жыр-ананың бақ бөбегін.

Босатып бесігінен қол-аяғын

Айтып кел Қуандықтың жатқа өлеңін.

 

Алматы дуылдасын, дүркіресін,

Ақ жаңбыр өлең болып сіркіресін.

Көшені сыпыратын Камаздары

Абайдың даңғылынан жыр күресін.

 

Күдіктің көк тұманы түрілер шақ,

Туады тұлпарға да мінілер сәт.

Алаңдап жүрмін күнде әуежайға

Аңқылдап кеп қалар деп інім Ершат!

 

     Жоғалған дос

 

Заманда шайдай ашық күшілерім

Сен менің болып едің бір тіреуім.

Мамыражай күндерді есіңе алып

Жөн шығар жаймашуақ жыр тілеуің.

 

Елгезек қалпыңменен елең етіп

Сезуші ең көңілде күн сіркіреуін.

Елемей жүруші едік тізе қоссақ

Сергелдең сел-өмірдің сілкілеуін.

 

Ол дәурен оралмасқа кеткен шығар

Несіне күлбілтелеп іркілемін.

Күші барлар соңыма түскен кезде

Көлеңкемнің өзінен үркіп едің.

 

Көрмеген-білмеген боп күмілжиміз

Ортаға кірген өмір түлкілерін.

Басыңа бақ қонғанда бас- алты күн

Көктен түсе қалғандай күркіредің.

 

Авгийдің ат қорасын тазартарда

Болып ем боқ күрейтін бір күрегің

Маған билік дегенің бұйым емес

Қолдап тұрса Құдай мен жұртым-елім.

 

Қала берем өзімнің биігімде

Елемей күдіктің көп кірпілерін.

Ажал келіп қалмаса аяқасты

Үзеді жақсылықтан кім күдерін.

 

Сабасына түседі дария да

Кірбіңнің табар мезгіл мүмкін емін.

Қабыл болса қанеки бір тілегім

Түзелер риясыз күлкілерім.

 

«Мен солай бар шаңнан бір сілкінемін,

Мен солай рахаттанып бір күлемін»

Сыр сандығым сыңғырлап ашылмай жүр

Жоғалған күміс баулы кілтім едің!

 

Өз үйім

 

Өз үйім – өлең төсегім,

Осында өніп, өсемін.

Осында келіп құтылам

Даңғазасынан көшенің.

 

Осында бүкіл қазынам,

Кездерім болса қажыған

Әңкі де тәңкі басымды

Осында тығып жазылам.

 

Көлденең көздің сұғынан

Осында келіп тығылам.

Үйректей атса біреулер

Үйіме жетіп жығылам.

 

Айта алман сүттей ақпын деп,

Үйімнің дәмін татқым кеп,

Қансырап келіп осы үйге

Қанымды жалап жаттым көп!

 

Көңірсіп жанса ошағым

Күн менен түнді қосамын.

Күтеді мені осы үйде

Күдерін үзбей қосағым.

 

Әкемнен қалған шаңырақ

Қалмасын дедім қаңырап.

Жамырап келіп жатса екен

Ұлым мен қызым маңырап.

 

Алтыннан ардақ босағам,

Айтармыз әлі қош-аман.

Білдірмей алшы осы үйде

Жанымды бір күн, жасаған.

 

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ

Неліктен немересі Есдәулеттің

Қумады қыр соңынан еш дәулеттің.

Ол сірә адал ұлы болса керек

Ел даңқын еселейтін есті әулеттің.

 

Қулыққа Ұлықбекті қылыпты епсіз,

Тұрғаны қандай жақсы күліп кексіз.

Ұлықбек өлеңсіз де күнін көрер,

Өлең күні не болар Ұлықбексіз?!

 

Таба алмай ағалары берер баға,

Жасынан атандырды шебер бала.

Дән болып түскен жері дарынды ұлдың –

Өсірген топырақ қой нелер дана.

 

Болмады ол жақсыларға жайдақ іні,

Оқалап өлең етіп ойдағыны.

Ішіне интернеттің ине сұғып,

Табады қайдағы мен жайдағыны.

 

Тамшысы текті Зайсан толқынының

Алады аспанға ұшып ол тынымын.

Сенбесең, шешіндіріп көріңдерші –

Қанат бар астында қос қолтығының.

 

Өтеді жыр ғұмыры жарыспенен,

Ол үшін бөрі де өлең, барыс та өлең.

Құлағының ішінде антенна бар

Жүреді хабарласып ғарышпенен.

 

Тәңірім қуат берсін талапқа тың,

Жанына жарық түсір, жолатпа түн.

Ұшуға талпынасың сен де көкке –

Қасыңда жүргеннен соң қанатты ақын!

 

Ақансерінің мұңы

(Оразалының рухына)

 

Табиғаттың заңына наразымын

Оралмайтын болса егер Ораз інім:

Төгіп-төгіп өтетін телегей жыр

Тартылмаса тіліне таразының!

Табиғаттың заңына наразымын.

 

Өзегіне өнер-от түскен інім

Тарқамайтын болды ғой іштегі мұң.

Қыран құсы қайрылып тасқа түсіп

Көкке қарап күрсінген құсбегімін.

 

Шаңқылдаған көп шулан сол қыраным

Топқа түскен ұлдарға болды ұраным.

Тамағымда құмығып өкінішім,

Сағағында қалды үнің домбыраның.

 

Сөзді кәсіп еткендер,

жырды мансап

Кез келгенде сағымды сындырар шақ

Менің түсінігімді тәрк еткенде

Сенің кісілігіңді жүрмін аңсап.

 

Құлмамбетсің,

Көдексің,

Сүйінбайсың,

Бізге тартқан тәңірдің сыйындайсың

Әттең, енді биікке шығып алып

Төбесінен түлкі-жыр құйылмайсың.

 

Бірі болмай сөз сатқан саудагердің

Өзі болдың тоқымнан ауған ердің.

Сені көзге жарқ етіп бір көрсеткен

Миғражына тәңірдің тәуба дермін.

 

Бәдәуимін шілдеде қаталаған,

Сағындым сені көрмей саханадан.

… Ертоқымын  арқалап жалғыз қайтқан

Сағынайдың асынан Ақан ағам.

                    

   Асыл – Ажар туған күн

 

Жүр-ау деп қыр астында тосып ажал

Сен енді еш қорықпа, шошыма, жар.

Өзіңді апарады алыстарға

Аузыңнан түсе салған Асыл-Ажар.

 

Өзің ғой жарқылдаған жанар, түрі,

Өзіңнен кемісі жоқ, жоқ артығы.

Осылай ала берсе тәрбиеңді

Екінші Бақытжамал болар түбі.

 

Қадамын қапысыз ғып санап басқан

Барлығын аңғаратын қабақ-қастан.

Қайткенде ұқсаймын деп ұлы анама

Сәтімен инеңді де сабақтасқан.

 

Тезірек оралсын деп қосына аман

Ол біздің бәрімізді тосып алаң.

Қасиет-қадіріңді кие тұтып

Басады орыныңды осы балаң.

 

Оянсаң ортасында кейде түннің

Қайтқаны қайырымен бейнетіңнің

Бейнесі сол болар ма бізге жеткен

Ақбала, Ханымбике, Зейнекүлдің!

 

Екеуміз ескі қоныс, еңістеміз

Ұрпақты шығарармыз өріске біз.

Жүрер-ау шыр айналып қасымызда

Жебеуші ақ қанатты періштеміз.

 

Айналған қасында әлі шыркөбелек,

Ол саған пәруана бір көбелек.

Сен менсіз қалған күні үміттенем

Сол ғана көз жасыңды сүрте ме деп.

 

ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВ

 

Таулар мен төбелерді айырмаған

Шайыр боп көрінбейді шайыр маған.

Теңіздің жағасында сусап тұрмын

Кемеңе қолым жетпей қайырлаған.

 

Қалайша тірлігіңде танымағам?

Болады тағдырыңа жаным алаң.

Күңгірттеу күн астында күңіреніп

Жүргендей көрінесің әлі маған?

 

Ұлтым-ау, ұлысым-ау деп шырылдар

Жүректе жасырулы көп сырың бар.

Алашқа асқақтатпай атағыңды

Жаныңда жүрді ме екен жексұрындар?!

 

Ақынға ажал жетпей жоқ бақыт шын,

Ащы мен тұщыны да көп татыпсың.

Шалқұйрық шаңын үзер шақ туғанда

Шарқ ұрған сапарыңды тоқтатыпсың.

 

Табылып таудан биік табалдырық

Бермеді-ау зәлім заман саған да ырық.

Шерің мен шеменіңді шығаруға

Айғайлап әнге бастың амал құрып.

 

Өнерсіз өздерінің басын күйттер

Шұбырып жүрген шығар қасыңда иттер.

Біреулер пенделігін жасырдық дер,

Біреулер елге құнын асырдық дер.

 

Кетерін біледі  олар кім сүрініп,

Астынан табанымның құм суырып,

Арқамнан қаққан болып өзімнің де

Қасымда қарауылдап жүр шұбырып.

 

Сөзіңе отырғам жоқ сөз қосқалы,

Жолыңа шалар едім боз қасқаны.

Махамбетті өлтірген дұшпаны емес,

Махамбетті өлтірген өз достары!

 

Тірлікте ақ пен қара сабылысқан

Ақын көп жолдасы – аяр, жары – мыстан.

Сұрайтын еріккенде ердің қасын

Жанашыр дегеніңнің бәрі – дұшпан.

 

Бұл өзі әлімсақтан білетін іс,

Байыздап тауып жатсың міне тыныс.

Үдеріп көшер кезде керуен-өмір

Үзіліп кету қандай ұлы өкініш.

 

Көтеріп құрметіңе тостарымды

Шараппен жұбатайын аш қарынды.

Тірі емес, өлілерден дос таңдасам,

Мен сені таңдар едім, дос Табылды!

 

ҰЛЫТАУДЫҢ  ҚЫМЫЗЫ

 

Қанеки, қымызыңнан құйшы, ал, қызым,

Шанақтан ән төгілсін күй шалқысын.

Қымыздың шалығымен жазған жырдан

Көк майса шабындықтың исі аңқысын.

 

Біз үшін атамыздың асы – қымыз,

Қымызбен алшы түсер асығымыз.

Сусынын махаббаттың қанып іш деп

Қолынан қымыз құйсын ғашығымыз.

 

Бал дәмі таңғалтады, толғантады,

Толтырып тостағанды қолға ал тағы.

Қымызбен қоса жұтқың келеді екен

Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.

 

Қымыз құй!

Қымыз ішсем – бапқа келем,

Қымыздан артық қазақ таппаған ем.

Атамның асын ішсем, желік буып,

Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең.

 

Шөлінен шығып едім  сағыныштың,

Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.

Аңқаңды алқағанда аппақ сусын

Басылар алаулаған жалыны іштің.

 

Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,

Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.

Баптаулы бал қымыздан аңқып тұрар

Түтінін аңсадым-ау тобылғының.

 

Телміртпей тостағанға, қымызды бер,

Қымызға қазақтай боп кім үздігер.

Мен нағыз қазақпын ба, басқамын ба –

Қызығып жұтқанымда қымыз білер.

 

Болсын деп үйір-үйір жылқым аман

Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.

Балшықтай ұлдарымды баули берсін

Жарықтық жусан исі бұрқыраған.

 

Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,

Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны

Елестей көлбеңдейді көз алдымда

Татыса таңдайыма ыстың дәмі.

 

Қапысыз қадірлесең қонағыңды,

Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.

Сарқып құй сабадағы сусыныңды,

Жібітсін жыбырлаған тамағымды!

 

         ҚҰДАЙБЕРДІ МЫРЗАБЕКОВ ЕЛУДЕ

 

Құдашым, Құдаш  – інім Құдайберді,

Мен саған теңгермеймін былайғы елді.

Серіні сертке берік сен деп білем,

Буынып шыға келсең қынай белді.

 

Басыңнан жылдар зулап өткенімен,

Мен сені әлі жас қой деп келіп ем.

Атыңды бауырлатып талай өттің

Қара өлең дариясының өткелінен.

 

Жаныңды жарқылдатсаң жырға жайып,

Тағатым талай менің тұрды азайып.

Аузыңнан ақық сөздер ақтарылса

Болушы ем түс көргендей бір ғажайып.

 

Кейде сүт те аз болып, көп көмірің,

Айтыстың бір мінбедің көк темірін.

Көмбеге қара үзіп келе ме деп

Қысумен тақымымды өтті өмірім.

 

Көмбеге Құлагер боп жетпегендер

Бәрің де бүгін маған өкпелеңдер.

Кермеде тыпыршыған тұлпар құсап

Жүлдесіз кетті қанша текті өлеңдер.

 

Жаратқан, жақсыларды жат қылмашы,

Шайырға анық екі шақ тумасы.

Сыймадың қалыбына бұл заманның,

Ноқтаға сыймағандай аттың басы.

 

Айтыстың таптың деп ем бел баласын,

Өзің де талайларға енді ағасың.

Оңайға иілмейтін өр басымды

Иілткен талантыңмен сен ғанасың!

 

Жақындау жүрмесең де өте маған

Мен сені деген жоқпын бөтен адам.

Киесі Көкшетаудың сен деп білем

Батасын беріп кеткен Көкен ағаң.

 

 

Киіп ап сақ бабаның саптамасын

Сен енді тұлпар баптап, ат бағасың.

Қазаққа қазақ болу оңай емес,

Тағдырың талантыңды таптамасын!

 

Елудің еңкейтпесін таянғаны,

Сан бұлбұл паналайды саяңды әлі.

Көкшені көтеруге жарайсыңдар

Төлеген, өзің және Баянғали.

 

Сақа деп иірмейді кім асығын,

Ел сорлы – танымаса шын асылын.

Көгілдір Көкшетаудың Құдашының

Тілеймін жығылмауын жығасының!

СӨЗГЕ ҚҰРМЕТ

Қазақтың барлық сөзі меншігімде,

Берейін меншігіменен енші кімге.

Өлеңді шумақ-шумақ шашу үшін,

Шабытым, шамырқанып келші күнде!

 

Ақ жауын секілденіп сіркіреген

Құйылса көктен күнде шіркін өлең.

Татыса таңдайыма сөздің дәмі

Құмарым басылмаса жыр тілеген!

 

Қазақтың екеуінің бірі ұғынар

Өлеңде жүрегімнің дірілі бар.

Мәңгілік сапарыңды бастау үшін

Сөздерім, мәңгілікке тіріліп ал!

 

Жазғырар бұл өлеңді жазды деп кім,

Талғажау еттім сөзді азды-көп күн.

Сәждеге қоймай жүрген басымды иіп,

Ана тіл – ардағыма тағзым еттім!

 

***

Әзілің толып тұрма шын,

Қалжыңдап қойшы, құрдасым.

Түсердей миым ауызға

Аурып тағы тұр басым.

 

Суырып, шаншып жанарым

Сездірсе сырқат хабарын.

Осынау мидың ішінде

Кім білсін – не жоқ, не барын…

 

Миымда бәрі, миымда:

Бұйымда, теңге, тиын да.

Миымда ойнақ салады

Айналған өлең құйынға.

 

Миымда бәрі, миымда:

Мәжіліс, мимырт жиында.

Адалдан келген мадақ та,

Адамнан көрген сыйымда.

 

Миымда мынау дерт алған

Мәңгілік өшпес бар таңбаң.

Аяқтан шалған аярлық,

Алақан қаққан арқамнан.

 

Әркімнің сөзін малданар

Аярға оңай алданар.

Кеш десе, көне салатын

Ақымақ қалпым ол да бар.

 

Сумаңдап жеткен өсек те,

Суынып қалған төсек те.

Мазалап жатыр сол миды

Ұмыттық қанша десек те.

               

Жарым да, кәрі шешем де,

Жауымда кеткен есем де,

Шырт етіп сынған кесем де

Шуылға толы көшең  де.

 

Миымда бәрі, миымда:

Білмеймін, қалай сыюда.

Сыздаған баста сол миға

Солқылдап ауру қиын ба?!

 

***

Қыз едің – көзіндегі моншағы әзір,

Сүюші ем,

Сүймейтіндей онша қазір

Мені сені жақсы көрем демегем.

Сұмдық-ай, өтіпті соншама жыл?!

Жазылмай қалғандай-ау қаншама жыр.

 

Жүр-ау деп бәрін іштей өзің біліп,

Қалдыра жаздаппын-ау сезімді ұмыт.

Қажетсіз бұл не деген қатыгездік,

Жөні жоқ бұл не деген төзімділік?

 

Қамықпа самайыңа қонса күміс,

Лапылдап жүр менде әлі сол сағыныш.

Кеудені кернеп тұрған сөзді айтпаған

Тілімді кесу керек – болса қылыш!

 

Қасыңда жүрмін ғой деп күйеусімен,

Мен сені сүйем әлі, сүйем, сүйем.

Қыл өтпес ортамызға қайдан түскен,

Мына бір жүгірмектер жиенсінген…

 

Маңында үйірілген қыз-келіннен

Мұршаң жоқ қайырлатын бізге мүлдем.

Мен сенің жүрегіңнен айналайын,

Бәріне жетемін деп жүз бөлінген!

 

Қарттың күпісіне иығым шақ

Мен бүгін ата болдым иі жұмсақ.

Махаббат шуағына бөле мені,

Көзіңнің анда-санда қиығын сап!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір