БОЛАШАҚ ӨЗ ҚОЛЫҢДА, ЖАС ТҮЛЕК!
27.05.2016
1226
0

Мектеп бітіруші түлектердің жан-жақты дайындығын нығайтуда психологиялық көмектің маңызы зор. Сондықтан да Алмалы ауданы мектептерінде осы сала бойынша да тиімді жұмыстар ұйымдастырылды. Мектептерге жоғары оқу орындарынан білікті психологтар шақырылды. Жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша оқушылардың басым бөлігі ата-ана тарапынан рухани қолдауды қажет ететіні байқалды. Ата-аналармен  семинар-тренинг өткізіліп, кеңестер берілді. Әрине, қорқыныш, үрей сияқты сезімдер әркімде болады. Осындай сезімдерден шыға білудің жолдары да бар. Психологтар өз тренингтерінде ой жалқаулығынан сақтанудың маңыздылығына тоқталды. Ең бастысы – қателікті түзетуді үйрену.


Ұстаз қауымы балаға тек білім ғана берумен шектелмейтіні бәрімізге мәлім. Оқу­шы­ның жан дүниесіне үңіле білетін жандар бү­гінгі күнде ҰБТ-ға дайындаудың жан-жақ­ты әдіс-тәсілдерін де терең меңгерген. Атап айтатын болсақ, пәндік семинарлар, тренингтер, оқушылармен бірге ұйымдас­ты­рыл­ған психологиялық тренингтер  жоспарға сай өз деңгейінде аудан көлемінде өткізіліп ке­леді. Ауданымыздың білім бөлімінің басшысы Байбулов Берік Әміржанұлы Алмалы ауданындағы барлық мектептерді аралап, мек­теп бітіргелі отырған түлектермен жеке кез­десулер ұйымдастырып, ҰБТ-ға  дайын­дық ба­рысы туралы оқушылардың пікір­лерімен бө­лісті. Сондай-ақ, пән мұғалім­дерімен, мек­теп психологтарымен, сынып жетекшілерімен де жүздесіп, ҰБТ-ға дайын­даудың қиын­дық­тары мен нәтижелері туралы сұхбаттасты. Ау­данымыздан биылғы оқу жылында 40 «Алтын белгі» үміткерлері мектеп бітіргелі отыр. Жалпы, аудан бойынша 994 түлек ҰБТ сы­нағын тапсырады. Осы оқушылар мен олар­дың ата-аналары ҰБТ сынағын тап­сыру­дың талаптарымен толық танысты. Ал­малы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен әр мектепте мектеп бітіруші түлектер мен олар­дың ата-аналарына ҰБТ-ға байланысты жи­налыс өткізіліп, талаптар мен анық­та­ма­лар жиынтығы таратылып, ата-аналар мен оқушылар барлық ережелермен танысты.

Сатирик Үмбетбай Уайдин: «Ба­қыт­­ты ешкім ұтып та алмайды, ұрып та ал­май­­ды, ұрлап та алмайды. Ол күреспен ке­леді. Күреспен келген бақыт – нағыз бақыт», – деген екен. Сондықтан шәкірттерге, өз ма­­мандығыңыз бен болашағыңыз үшін күре­се біліңіздер дегім келеді. Ұстаздарыңыздан алған білім нәрі үлкен өмірдің есігін қорық­пай ашуға ықпал етсін. Қарапайым мұғалімге «Ұстазынан шәкірті озыпты» деген нақыл сөздің қаншалықты құнды екенін әркез жадымыздан шығармайық!

Бейбіткүл ТӘЖИЕВА,
Алмалы аудандық білім
бөлімінің бас маманы.

ПІКІР ҚОСУ