АҚЫН және ҒАЙЫП ЕРЕН ҚЫРЫҚ ШІЛТЕН
27.05.2016
2367
1

СерикАқыннан қалған өлеңдер ел-жұртқа екі кітап болып жетті: Томанов С. Пәруана / Алғы сөзін жазған Маралтай Райымбекұлы. – Алматы: Үш қиян, 2004; Томанов С.У.  /Құрастырғандар Марал Томанова, Еркін Жапаров /Алғы сөзін жазған Абдұлла Бақбергенов. – Алматы: Атамұра, 2006/. Екі кітап та ақынның өзі дүниеден өткен соң жарық көрді.


Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д.

 

Серіктің өлеңі толқыған жанның шын­дығынан, тебіренген жүректің сырынан туған. Ақын жанының шындығында саз, ақын жүрегінің сырында наз болған­дық­тан, ақынның өлеңі де сазды және назды. Сазды әрі назды өлеңнен жүрекке ыстық, жанға жайлы леп еседі. Халықтың: «Өнер алды – қызыл тіл», – деп сүйінуі саз­ды әрі назды өлеңнің жүрекке ыстық, жанға жайлы жайсаң лебіне байланысты болар ма деп ойланамыз.

Жаратушы жаратқандарының әр­қай­сы­сына лайықты қасиет дарытқан. Олар­дың біріне дарыған қасиет өніп-өседі, біріне дарыған қасиет өліп-өшеді. Ақын­дық өнерге, ақындық болмысқа біткен қа­сиет­тің жөні бөлек. Оның жарығы мен жалыны тілден шығады.

Жырларыма таңданба жарық көрген,

Жүрегіме жүгінбе шабыт керген.

Шын құдірет – тілімде, жырымда емес,

Шыңыраудан шындықты алып берген, – деген өлең жолдарына ақынның шын құ­ді­реті тілінде екендігі туралы ой өзек бол­ған. Әдетте ақындық қасиетті табиғаттан де­ген ілгеріде өткен данышпандардың сө­зін тілге тиек етіп айтатынымыз бар. Ақын­дық өнерді, ақындық қасиетті іштей құрамдас бөліктерге бөліп, жіктейтініміз де болады. Өлеңдегі мазмұн мен пішінді, ой мен сезімді жеке алып қарастыру тә­жі­рибесі де кездеседі. Солардың арасында өлеңнің тілі, ақынның тілі – өз алдына ұлан­­ғайыр бір дара сала. Ғылыми еңбек­терде өлең мәселелерін мұндай салаларға бөліп зерттеу ғылыми таным жүйесіне сай жүргізіледі. Ал ақынның өз өнерінің «шын құдіретін» тілінен табуында, «жарық көр­ген жыр», «шабыт керген жүрек» жайын көре-біле тұрып, ақындық өнерінің «шын құдіреті тілімде» деп білуінде шығарма­шы­лық сара таным бар. Ақынның даралы­ғы оның шығармашылық сара танымына негізделеді.

Ақын «шын құдірет – тілімде» дегенде, өзінің тілін, өзінің өлеңінің тілін ғана айт­пайды, ана тілін мадақтайды, ана тілін ардақ тұтады. Серіктің өлеңінің құдіреті, рас, тілінде. Ана тілінің нәрін бойына ана әлдиімен сіңірген, баба өмірінің мәнін ойына ата сөзімен сіңірген ақынның тілі әрлі, ойы нәрлі. Ақын өлеңіндегі ой образды, сөз суретті, сезім сұлу. Ақынның об­­разды ойы, суретті сөзі, сұлу сезімі – бә­рі тіл құдіреті арқылы өріледі. Ақынның тілі тау бұлағындай мөлдір, таң самалындай таза. Ақынның тілінің ұшында тұрған жаны жібек жалаудай: самал лебін сезінсе, алтынды шашағын желбіретіп, елбіреп тұ­рады. Шөл даладағы шөл өсімдігінің ар­манын сезінсе де үлп-үлп етіп, үлбірей жөнеледі.

Тағдырыңа тауфиқсыз әлің келмей,

Ала жаздай бір тамшы жауын көрмей,

Өткіздің бе өмірді үмітпенен,

Жауын құмар жаныңа дамыл бермей.

«Күз. Шөл өсімдігін жұбату» өлеңі осылай басталады. Шөл өсімдігінің аты-жөні, түр-түсі белгісіз. Бірақ оның тірлігі, әл-ахуалы, жай-күйі толық көрініс тапқан. Төрт жолдың әрқайсысының өз мәні, өз ма­ғынасы бар. Шөл өсімдігі. Тауфиқсыз тағдыр. Тауфиқсыз тағдырға әлі келмеу. Үш бунақтан тұратын бір тармақта осындай үш түрлі сындарлы ой өзегі бар. Шөл өсімдігі. Шөлге біткен, шөлде өнген өмір. Шөлдің шөлі қанатын болса, ол шөл бола ма. Шөлде өскен өсімдіктің шөліркемейтіні бола ма. Шөлде өсіп, шөліркеген өсімдіктің шөлін басу үшін көл жағасына барып өсуіне тағдыр жаза ма, шөл өсімдігі көлге бітіп, шөлін бассын деп тауфиқсыз тағдыр өзгере ме… Шөлде өніп, шөлде өсу – тағ­дыр­дың жазуы. Ала жаздай бір тамшы су тат­пау – тағдырдың жазуы. Өмірді үмітпен өткізу – тағдырдың жазуы. Тауфиқсыз тағдырды өзгертуге ақынның Ғайып Ерен Қырық Шілтені ғана себепкер болуы мүм­кін еді.

Шөлде өніп, шөлде өскен де, көлге бі­тіп, көлде өскен де армансыз болмайды, тіле­ген тілегінің бәріне жетпейді. Көлде өскеннің де, шөлде өскеннің де өмірінің өзегі судан нәр алады. Көлге бітіп, көлде өскен өскіннің шөлді аңсамайтынын кім біліпті. Аңсайтын болса, ол да шөлді өле-өлгенше аңсар еді, шөлге шығып шөліркеу­ден ол да үмітін үзбес пе еді… Құдайдың құдіретімен шөлге бітіп, шөлде өскендердің өзі де, өзегі де су аңсап өсіп, су аңсап өтеді. Шөл өсімдігі өссе, су аңсап өседі, шөл өсім­дігі өлсе, су аңсап өледі. Шөл өсімдігі­нің осындай тағдыр-талайы, шөлге де, ыстыққа да үнсіз шыдаған, шыдамы жетпеген жерде үн-түнсіз үзіліп кетуге бар жай-күйі ақын жанынан мейір-шапағат сезімін туғызады. Сол сезім ақыннан ақынның лирикалық кейіпкеріне жетеді. Ойға алған көп тілегі орындалмаған, шөлі қанбай арманда қалған, өзін шаң басқан, өзегіне тамшы тамызар бір жанкүйер, бір жанашыр таппаған шөл өсімдігіне мейірімі түскен лирикалық кейіпкер оған қолынан келген көмегін көрсеткісі келеді. Шөлде өскен сол өскіннің өзіне бір жанкүйер табылғандай сезінуінен бақыт табардай толқиды, соның шөлін бас­қы­сы, соған сүйеу болғысы келеді. Жанашыр іздегенге жанашыр­лық көрсетуге, сусағанға су беру­ге, сүрінгенге сүйеу болу­ға, жаны жабыр­қа­ғанға жан­се­рік болуға дайын тұрған лир­икалық кейіп­кер­дің шөлге де, шөлдегі өк­сікті өскінге де ықыласы түсіп, жүрегі рақым нұрына, мейірім шуағына толып елжіреген қалпы – ақын­ның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған тамаша көрініс. Ақын­ның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған осы тамаша көрініс – ақын өнерінің асыл өзегі, ақын бол­мысының абзал қасиеті.

Шөл өсімдігін жұбату мына шумақпен аяқталады:

Теңіз бен өзендерден шалғай жатып,

Өмір кештің таңдайға нәр алмай түк.

Шілдеден шыға алмайтын шөп-шалам көп,

Күресіп күзге жету қандай бақыт!

Жер бетінде өніп-өсетін жайсаң өсім­дік­тер­дің өмір жасы көктемде басталып, күзде аяқталады. Шөл өсімдігінің өмірі де осындай. Бірақ  шөл өсімдігі өз тіршілігінің әрбір қас-қағым сәті үшін күреседі, өмі­рі­нің күзіне толассыз күреспен жетеді. Шөл өсімдігі өзегіне тамбаған тамшы судың орнын қайсар рухымен толтырады. Әйтпе­се өзегі құрғап, өзі қурап, желге ұшып кет­пек. Шөл өсімдігі бәрін көрді, бәріне төзді, бәріне шыдады. Өзегін қайсар рухы­мен нәрлендірді. Сөйтіп күзге жетті.

Дүниеде шаң баспайтын ештеңе жоқ. Шаң шынның жүзі мен асылдың көзіне де қонады. Ақын өлеңінде адам өмірінің, дү­ние  шындығының шаңнан арылып тазарған, саф алтындай сарғайған, сөйтіп сығымдалып бір тал шөл өсімдігіне айнал­ған бейнесі жасалған. Шөл өсімдігі – сөз­бен салынған сурет. Суреттің бояуы қа­нық. Шөл өсімдігінің таңдайына нәр ал­май, сіресіп өскен, тағдырдың жазуымен тіресіп өскен қалпы, айналасы, ортасы – бәрі көңілдің көзінде, көздің алдында тұрады. Шөл өсімдігі – күрескер. Шөлде өніп, шөлде өсу, шөлмен күресіп, күзге жету – сүйегі асыл, негізі берік берен болмыстан, мұқалмас, жасымас қайсар рухтан. Шөл өсімдігі – қазақ өлеңінде бұған дейін болмаған, бұған дейін көзге түспеген, теңі де, теңдесі де жоқ образ.

Шөл де, шөл өсімдігі де Серіктің өмірі мен өңірінің, туған өлкесінің шындығы. Ақын өмірі мен өңірінің, туған жерінің шындығын, туған жерінің табиғатын көзінен таса етпеді.

Сарқып ішіп күз лебін, Сыбдыр қақтым емен боп. Жаз қызығын іздедім, Жапы­рағым елеңдеп… – деп, емен болды, қазанда оңып, қарашада тоңып, жаз қызығын іздеді. Құстар қайтқанда: Қосы­лып кетем дей ме қатарына,Қанат бітіп жүрегім дірілдеді, – деп, алаңдады.Талас болып, әттең-ай, жаралғанда… – деп, өзен болып тасып ақпағанын арман қылды. Ауылының қарғаларын маңдайынан сипап, арқасынан қағып:

Жамырап жар салатын таңға қарай,

Айналайын ауылдың қарғалары-ай!

Қатарыңа мен-дағы қосылар ем,

Қанатымның, қап әттең, болмағаны-ай! – деп өкінді. Енді бірде:

 

Епті сұмдар мен електен өткен

Пенделік пиғыл мені өкпелеткен.

Аранын ашқан адамнан қашқам,

Амал жоқ, сосын

Терек боп кеткем, –

деп, тереңге бойлады.

Ақынның «Табиғаттан тағлым» өлеңін­де: Жыңғылдарым – жекжаттарым, Жусан біткен – жерлесім; Сертке берік сенімді адам – Селеу кешкен сексеуіл… – секілді шумақтар  бар. Туған жерінің жыңғыл­дарын жекжаттарындай, жусан біткенді жерлесін­дей көріп, сексеуілді өзі іздеп таппай жүр­ген сертке берік сенімді адамға балап, соларға құрметін білдіріп, солармен сыйласып, солармен сырласып жүрген лири­ка­лық кейіпкердің кейпінен ақынның өз келбеті көрінгендей болады. Әр нәрсе­ден жақсылық іздеп, бар нәрседен көңілі қайт­қан ақын жарық күнде шам алып іздеп таппаған адалдық пен адамдықты,  сый­лас­тық пен сырластықты, ақтық пен пәк­тікті солардан тапқандай болып көрінеді.

Туған жер, Атамекен – өнер біткеннің асыл арқауы, таусылмас тақырыбы. Туған жер, Атамекен туралы қазақ сөз өнерінде жарығы мен жарқылы көз қарықтырғандай небір керемет шығармалар бар. Жарығы мен жарқылы көз қарықтарғандай осы керемет шығармалардың сәні мен салтанаты жарасқан әдемі әлемінен Серік То­манов­тың жүректің қылын шерткен сырлы сазы төгіледі. Сол сырлы саздың бір қайырымында ақын туған жерін жанарына көшіріп алмақ болады:

Көшсін деп көз ілмедім қыр, құмдарың,

Жиделерің, теріскен, жыңғылдарың.

Қоңыраулы шеңгелің көшсін түгел,

Жоғалтпай жанға жақын сыңғырларын.

Қыр, құм, жиде, теріскен, жыңғыл, шеңгел, жусан, селеу мен сексеуіл… Серік осылардың арасында өсті. Солардың арасында ойнады, солардың арасында күлді, солардың арасында жылады, солардың арасында жұбанды. Соларды жырлады. Кетерінде жанарына, көкірегіне соларды көшіріп алып кетті.

Ерте-ерте, ертеде өткен Аяз би атамыз­дың тұсында хан уәзірлері шөптің жаманын іздегенде, Серіктің қоңыраулы шең­геліне тоқтаған. Сонда, жарықтық, Аяз би атамыз хан уәзірлеріне ақыл беріп, шөптің жаманы шеңгел емес екеніне ханның да, ханның уәзірлерінің де көзін жеткізген. Шөптің жаманы есептеліп, Аяз бидің ақылы арқасында жаманның есебінен қайта шыққан қоңыраулы шеңгелін Се­ріктің сонша сүйіп, құрмет тұтуы, жанарына, кеудесіне көшіріп алып кетпек болуы – таңданарлық талап, таң боларлық таңдау. Таңданарлық, таң боларлық таңдау ақын танымының табиғатпен тектес қасиетінен туған. Ақынның табиғатпен тектес қасиетіне сын жоқ.

Ақындық өнердің байтақ кеңістігінде ойдың да, ойлаудың да шегі болмайды. Бірақ сол шексіздіктен іздеп тапқан шекті көркемдік бейнелеу құралдарынан елесі естен кетпейтін образ жасау – шығарма­шы­лық ойлаудың кемелдігінің нәтижесі.

Ақынның терекке айналып кетуінде оның өз болмысына, табиғатына, өміріне жат ештеңе жоқ. Періштелері перілерімен келіп, бұтақтарын паналар деп теректің кейпіне түсу, жанын жапырақ қылып жел­бірету – ақынның образды ойлауының, образ жасау жолындағы көркемдік қиял­дауы­ның бастапқы сатысындағы көрініс­тер. Өлеңнің келесі жолдарында көркемдік қиял жаңа деңгейге көтеріледі. Бұтақтарын жайып, жапырақтарын желбіреткен терек адам болып, ақын болып: Келсе ғой шіркін Ғайып-Еренім, Жасыл жанымды жайып өлермін.Жа­пы­рақтарым сыбдырлар сонда, Жолына қарап уайым жегенін, – деп армандайды.

Өмірінде ешкімге, ешнәрсеге тәуелді болып көрмеген, жалған күліп жарамсақ­та­ну­ды білмеген ақынның алыс сапарға аттанар қарсаңда дүниедегі ең жақын­да­ры­на ашып тұрған сырынан шындықтың күйі төгіледі.

Поэзияда тал-терек аз жырланған жоқ және жақсы жырланды. Мұқағали жас қайыңға: «Өмір сүрейік алмасып», –  деп сөз айтатын, «Сәби болғым келеді», – деп арман қылатын еді. Ақынның сөзінен де, арманынан да  бір керемет саздың сарыны сезіледі. Мұндай сөз айтуға, мұндай ар­ман­ға талпынуға негіз болған күш қандай, күй қандай…  Серік терекке өмір алмасу,  алмасып өмір сүру туралы сөз айтпайды. Серік «тебіренемін деп терек болып кеткен». Ол – терекпен бір. Терек — образ. Оның өзегінің бір жартысында – бал, екінші жартысында – у. Екі жарты бір бүтін болып, бөлінбей, жарылмай ағады. Екеуі де қасиетін өзгертпейді.

Ақын мен теректің тұтасып, бір бүтін болып, Ғайып Ерен Қырық Шілтенін ізде­гені, күткені, сол келер ме деп уайым же­гені, жылау жанына содан жұбаныш тап­қысы, содан жылу алғысы келгені, сол келер жолға бұтақтарын бұрып, жапырақ-жанын жайғаны, сол келер болса, жасыл жанын жайып өліп кетуге бары… – терек боп жайқалған жанның сыры, терек боп тебіренген жүректің жыры, терек боп шайқалған өмірдің шыны. Сыр да, жыр да, шын да удай ащы, балдай тәтті. Теректі образ деуіміздің мәнісі осында.

Серіктің терегі, Серіктің Шөл өсімдігі, Серіктің Қоңыраулы шеңгелі… – бұрын-соңды поэзия әлемінде болмаған, поэзия әлеміне Серіктің өзі алып келген сырлы да нұрлы образдар. Ақын өлеңдерінің поэ­ти­­калық қуаты тармақтар мен шумақ­тар­дың мазмұны мен мағынасында емес, ақындық ойлаудың тереңінен туған образ­дардың мәнінде.

Серік Томанов қазақ өлеңінің көркем­дік бейнелеу қорын жаңа поэтикалық өр­нек­термен байытты. Серік өлең өнерінің әлеміне мағыналық қатары мен қатпары табиғаттың өзіндей түрлі-түсті көркем сурет­тер мен образдар алып келді, қазақ өлеңіне жаңа саз, жаңа сарын қосты. Ғайып Ерен Қырық Шілтенін күтумен өткен ақын бар мен жоқтың, ащы мен тәт­тінің, көл мен шөлдің аралығында дариядай шалқып, сағымдай қалқып аққан өмір­ден көргені мен білгенін, көкірегіне көшіріп, көңілінде байытқан қазынасын өлеңдеріне қалдырды, өлеңдерін өмірге қалдырды.

Алла рақым етсін, ақынның рухына!

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.04.2020 | 12:43

У Вас телефон все время занят, перезвоните как будет время. 8(953)345-23-45 Антон

ПІКІР ҚОСУ