ТАШКЕНТТЕ ӨЗБЕКСТАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ӘДЕБИ ФОРУМЫ ӨТТІ
23.09.2026
50
0

2–3 қыркүйек күндері Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан жазушыларының «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» атты халықаралық форум өтті. Іс-шара Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Бакуде өткен Бірінші түркология конгресінің 100 жылдығына және ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың туғанына 585 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Форумды ұйымдастырушылар – Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектептік білім беру министрлігі, Өзбекстан Республикасының мәдениет министрлігі, Ташкент облысының әкімдігі, Өзбекстан мен Қазақстан Жазушылар одақтары және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ МЕКТЕПКЕ КӨРНЕКТІ ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРІ РАХМЕТОЛЛА
РАЙЫМҚҰЛОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

2 қыркүйекте іс-шаралар Ташкент облысының Бостандық ауданындағы Қараманаc ауылында орналасқан Рахметолла Райымқұлов атындағы №34 мектепте басталды. Мұнда жаңа оқу жылының салтанатты ашылуы мен алғашқы қоңырау рәсімі, жаңартылған мектеп кітапханасы және коворкинг орталығының ашылу шаралары өтті.
Іс-шара аясында мектеп кітапханасына Қазақстан Жазушылар одағы, Өзбекстан Жазушылар одағы, Өзбекстан Республикасының Ұлтаралық қатынастар және шетелдегі отандастар мәселелері жөніндегі комитеті және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры тарапынан кітаптар табысталды
Мектептегі жаңа оқу жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов:
– Бостандық ауданының Қараманас ауылындағы №34 орта мектепке көрнекті қаламгер, прозашы, драматург, аудармашы әрі қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімінің берілуі – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік.
Рахметолла Райымқұловтың шығармашылық жолы екі елдің рухани әлемін жақындастыруға арналды. Ол қазақ пен өзбек әдебиетінің арасында алтын көпір болып, бауырлас халықтардың бір-бірінің мәдениетін тереңірек тануына, әдеби мұрасын бағалауына қызмет етті.
Қазақ пен өзбек – тағдыры тамырлас, тарихы сабақтас, салт-дәстүрі мен рухани дүниесі жақын халықтар. Біздің әдебиетіміздің де ортақ арналарға тоғысатын тұстары мол. Әлішер Науаи мен Абайдан бастау алатын рухани үндестік кейін Мұхтар Әуезов, Айбек, Ғафур Ғұлам, Сәбит Мұқанов, Міртемір, Зұлфия сынды алыптардың шығармашылық қарым-қатынасы арқылы жалғасты.


Осы ізгі дәстүрдің жалғасуына Рахметолла Райымқұлов та өзіндік үлесін қосты.
Бұл мектептің табалдырығын бүгін аттап отырған әрбір оқушы үшін Рахметолла Райымқұловтың есімі тек маңдайшадағы атау болып қалмауы керек. Оның өмірі мен шығармашылығы сіздерге білімге, әдебиетке, өнерге, туған елге және адамзаттық құндылықтарға қызмет етудің үлгісі болсын. Сіздердің араларыңыздан ертең қазақ пен өзбек халықтарының достығын одан әрі нығайтатын ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен ұстаздар, өнер қайраткерлері, елге қызмет ететін азаматтар шығатынына сенемін.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық қарым-қатынас бүгінде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Екі елдің әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен өнері бір-бірін бұрынғыдан да жақын танып, ортақ рухани кеңістігіміз кеңейіп келеді.
Осы игі үдерістің бір көрінісі ретінде Рахметолла Райымқұлов атындағы мектептің ашылуының мәні ерекше.
Рахметолла Райымқұловтың есімі – екі елдің рухани достығын ұлықтайтын есім.
Бұл мектеп – сол достықтың білім мен тәрбие арқылы жалғасатын ордасы болсын! – деді.

«ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ РУХАНИ МҰРАСЫ – БІЗДІҢ ОРТАҚ
БАЙЛЫҒЫМЫЗ»

3 қыркүйек күні Ташкентте «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» форумының салтанатты ашылуы мен пленарлық отырысы өтті.
Іс-шаралар ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Одан кейін форум аясында Өзбекстан Жазушылар одағында «Әдеби достық – мәңгілік достық» тақырыбында кітап көрмесі және Бірінші Баку түркология конгресінің 100 жылдығына арналған архив материалдарының көрмесі ұйымдастырылды.
Форумның салтанатты ашылу рәсіміне Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің Бас директоры Абдусаид Көчимов және Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Пленарлық отырысты Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Сайид жүргізді.
Форумның тақырыптық сессиясы «Өзбекстан мен Қазақстанның әдеби диалогы: ортақ мұра, заманауилық және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» тақырыбына арналды. Сессия барысында екі ел әдебиеті арасындағы тарихи және қазіргі байланыстар, ортақ әдеби мұра, шығармашылық ынтымақтастық және өзара аударма мәселелері талқыланды.
Сессия жұмысын модератор ретінде Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары Минхожиддин Мирзо жүргізді.
Форум аясында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов екі елдің тарихи әдеби байланысына тоқталып, бірқатар ұсыныстар жасады.
– Форумның «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» деген атауының өзінде үлкен мән бар. Өйткені әдебиет – халықтың жадын сақтайтын ұлы күш. Сондықтан әдеби мұра – үлкен рухани құндылық.
Биылғы форумның тарихи тағылымы да ерекше. 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық конгреске биыл 100 жыл толып отыр. Осыдан бір ғасыр бұрын түркі дүниесінің ғалымдары тіл, әдебиет, мәдениет және руханият мәселелерін ортақ деңгейде талқылау үшін бас қосты. Бұл жиын түркі халықтарының ғылыми және мәдени байланыстарының тарихындағы аса маңызды белестердің бірі болды.
Бүгін, жүз жылдан кейін, біз сол тарихи дәстүрді жаңа мазмұнда жалғастырып отырмыз.
Бұрын ғалымдар түркі халықтарының тілдік және ғылыми ортақтығын талқыласа, бүгін біз сол ортақ рухани кеңістікті әдебиет арқылы одан әрі кеңейтуге ұмтылып отырмыз.
Осы ортақ дүниенің биік тұлғаларының бірі – ұлы Әлішер Науаи.
Науаи мұрасы – өзбек халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ қазынасы. Оның шығармаларындағы адамгершілік, әділет, білім, елдік, ізгілік идеялары бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Науаи түркі тілінің көркемдік мүмкіндігін биік деңгейге көтерді. Оның шығармашылығы ана тілінің қуатын танытқан ұлы мектеп болды. Қазақ әдебиеті үшін де Науаи есімі қашанда қастерлі.
Біздің классикалық әдебиетіміздің даму тарихында түркілік әдеби дәстүрдің орны айрықша. Абайдан бастап кейінгі буын қаламгерлеріне дейінгі қазақ әдебиетінің рухани кеңістігін осы ортақ арнадан бөліп қарауға болмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби байланыстардың болашағы зор деп есептеймін.
Қазақ пен өзбек әдебиетінің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеру үшін нақты жобалар қажет деп санаймын. Осы форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның әдеби ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтырудың да маңызы зор. Алдағы уақытта екі ел классиктері мен қазіргі қаламгерлерінің шығармаларын өзара аударып, басып шығару, ортақ антологиялар мен әдеби жобаларды жүзеге асыру, әдеби кештер мен форумдар ұйымдастыру, шығармашылық делегациялар алмасу, жас ақын-жазушыларды қолдау, әдеби басылымдар арасындағы тұрақты байланысты күшейту – біздің ортақ міндетіміз болуы тиіс.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясындағы «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы да қазақ және өзбек әдебиетінің көрнекті өкілдерін кеңінен танытып, ортақ әдеби-мәдени кеңістігімізді нығайтуға қызмет етеді.
Сонымен бірге 2027 жылы Өзбекстан жерінде дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ақындарымыз Төлеген Айбергеновтің 90 жылдығы мен Есенғали Раушановтың 70 жылдығын екі ел болып жоғары деңгейде атап өтуге ерекше мән беруіміз керек. Бұл мерейтойлар әдеби кештермен, ғылыми конференциялармен, поэзия күндерімен ғана шектелмей, олардың шығармаларын қайта басып шығару, өзара аудару, туған жерлерінде және Қазақстанның ірі мәдени орталықтарында тағылымды шаралар ұйымдастыру арқылы жалғасын тапса, екі халықтың рухани байланысын бұрынғыдан да тереңдете түсер еді.
Осы орайда бүгінгі басқосуымызда ерекше бір оқиғаға тоқталғым келеді. Ташкент облысының Бостандық ауданындағы Қараманас ауылында дүниеге келген көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі осы ауылдағы №34 мектепке берілуі – біз үшін үлкен құрмет әрі зор қуаныш.
Қазақ қаламгерінің есімін Өзбекстандағы білім ордасына беру – екі халықтың рухани жақындығының нақты көрінісі. Бұл – әдебиеттің шекара танымайтынын, ортақ тарих пен мәдениеттің ұрпақтарды жалғастыратынын көрсететін тағылымды қадам.
Рахметолла Райымқұловтың аты берілген мектеп – қазақ пен өзбек әдебиеті арасындағы алтын көпір. Осы көпірдің ғұмыры ұзақ болсын!
Түркі дүниесінің рухани мұрасы – біздің ортақ байлығымыз. Ал әдебиет – сол байлықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін бірден-бір дәнекер. Қаламымыз ортақ мұраттарға қызмет етсін! – деді Мереке Әбдешұлы.

ТАШКЕНТ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ – ӨЗБЕК ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ
ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Ташкент декларациясының қабылдануы болды.
Аталған құжатқа Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының басшылары мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті қол қойды.
Декларацияда екі елдің шығармашылық өкілдері, ғалымдары, аудармашылары мен мәдениет мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, әдеби шығармаларды өзара аударуды кеңейту, бірлескен баспа жобаларын жүзеге асыру, жас шығармашылық иелерін қолдау және әдеби мұраны цифрландыру сияқты маңызды міндеттер белгіленді.
Айта кету керек, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы әдеби ынтымақтастықтың тарихы тереңде жатыр.
Кейінгі жылдары екі ел арасындағы әдеби байланыстар одан әрі жандана түсті. Қазақтың көрнекті қаламгері Кемел Тоқаев шығармаларының өзбек тілінде жарық көруі, «Tañ-Sholpan» журналының 2023 жылды «Өзбек әдебиеті жылы» деп жариялауы, сондай-ақ 2025 жылдан бастап өзбек жазушылары мен ақындарының шығармаларының қазақ тілінде жариялана бастауы бұл ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Ташкент форумы екі бауырлас халық арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды одан әрі нығайту, шығармашылық өкілдері арасындағы диалогты кеңейту және ортақ рухани мұраны келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам болды.
Форум аясында қабылданған Ташкент декларациясы бұл ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастыруға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға маңызды негіз болады.

Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір