Жала мен нала…
24.09.2024
250
0

нақақтан күйген екі жастың тағдырына араша сұраймын

Қартайған шағымда қолыма қалам алып, құзырлы орган басшыларына шағым айтамын деп ойлап па едім? Әңгіме әділет туралы болғандықтан әрі туған балам мен келінім нақақтан күйіп отырғандықтан осы сөзімді «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловтың назарына жеткізуді жөн көрдім. Бәлкім, осы мақаладан кейін әділет орнап, заңсыздыққа барып отырған Алматы облысы Қарасай ауданының прокуратурасы оянып, заңсыздықтың жолы кесілер.

Менің ұлым Диас Төреханов тәрбиелі отбасында өскен. Екі университетті бітірген. Нархоздың магистурасын аяқтап, әмбебап менеджер мамандығын алған Жамиля атты келінді болдық. Ұлым «Торедо» деп атап, құрылыс серіктестігін ашты. Өзін құрылтайшы деп жаздырып, келінге іс-қағаздарына, бухгалтерияға ие болуды тапсырды. Солай бірер жекеше үй салып, одан соң 2 подъезді 3 қабат­ты үйдің құрылысын аяғына жеткізді. Диас «ең жақсы жарнама – сапалы үй салу» деген принципті ұстанды. Одан соң инвесторлардың (бұрынғы атауы «үлескер») өз ақшасына үй салуға бейімделді. Инвесторлар бірінші үйді шаршы метріне 160 мың теңге төлеп иелік етті. Келесі үйдің бағасын сәл көтерді – 180 мың. Сол тұста Алматыда үлескерлер (инвесторлар) шаршы метріне 350–500, 700 мыңнан төлеп жатқан. Сондықтан болар сапалы еуропалық стандарттан төмен түсірмеймін деген ұстанымынан Диас шегінбеді. Бұл жаңалық тез тарады. Үйлер тез сатылды. Соны ұзынқұлақтан емес, Диаспен бірге жұмыс істеген жігіттен естіп, күндердің күнінде «Торедоға» жасы тоқтаған, өмір көрген әйел адам Қарлығаш Өтеубаева келеді.
Шағын будканы уақытша кеңсе етіп отырған екі уыздай жасты көреді. Бірі – отызға толған-толмағаны белгісіз, бойшаң, екі тілде сөз саптай алатын әп-әдемі, балалық шағы аса ұзап кетпеген жігіт өзін Диас Төрехановпын деп таныстырады. Екіншісі – жиырманың ортасына жете қоймаған жас маман өзін Жамиля Жүнісова деп таныстырады. Сонымен, келген адамның аузына қарап отырады. Жаңадан отау иесі болған жастар, әрине, Қарлығаштың қап-қара қырсық ала келген адам екенін сезбейді. Бұрындар үлкен кеңселерде жұмыс істемеген, қақ-соқтың не екенін білмейтін, жасы үлкенді сыйлау, үлкен адамдар ар-ұяттан аттамайды, жақсы қасиеттер солардың бойынан ғана табылады деген тәрбиеден қол үзбеген екі жас Қ.Өтеубаеваның «бастадым» деген объектісін көреді. Үй деген аты тұрмақ, заты да (құрылыс материалдары) жоқ, этажерке тәрізді ырсиған бетон қаңқа ғана тұр. Үй Қаскелең қаласындағы Р. Мақашев көшесінде бой көтерген. Қарлығаш апайлары өз тарапынан жасалған шартты ала келген екен.
Екі тарап шарт бойынша 38 пәтерлі, үш қабатты үйді салып бітіреді. Содан соң пәтерден түскен қаржыны тең бөліседі де тарайды. Бармақ басты, көз қыстының не екенінен хабары жоқ екі жас шартқа қолды қоя салады. Үй салынып бітті. Сол бойда инвесторлар: «Біз үй жалдап тұрып жатырмыз. Ең арзан үй айына 150–200 мың. Тезірек кілттеріңізді таратыңыздар», – деп қаумалайды. Солардың жартысына жуығы пәтер ақысын 50 пайыз төлегендер. Тіпті одан да аз төлеп, 3 мәрте атқарушы директор Жамиля Жүнісоваға өтініш жазған, жалынып, қолхат беріп, кілтін алған бір әйел адам да болды. Кілт таратылды. Екі жас адамдарға қайырымдылық жасап, пәтерлерді таратқан. Оған Қарлығаш Өтеубаева да қарсы болмаған.
Даудың басы Қарлығаш апайларының пәтер иелерімен аулада өткізген митингілерінен басталды. «Торедоға» ұсыныспен келіп, үйді бітіртіп алған Қ.Өтеубаева тұрғындарға мынадай мәлімет таратып: «Сендерді жуық арада банк үйлеріңнен қуып шығады. Өйткені үйлерің «Каспий» банкте кепілдікте тұр, «Торедо» 190 миллион теңге ақша алған. Тездетіп не сол ақшаны банкке қайтарыңдар, оған қоса төлеген ақшаларыңды қайтарып алыңдар. «Торедо» иелері Д.Төреханов пен Жамиля Жүнісованың үстінен арыз жазып, прокуратураға тез жеткізіңдер!» – дейді. Сол-ақ екен Ж.Жүнісова мен Д.Төрехановтың үстіне жазылған арыздар 38 емес, 70 шағымның үстіне шығып кетті. КТК телеарнасының шығармашылық тобы келді. Сол кеште-ақ «Торедо» иелері – үйді салып бітірген шын еңбеккерлерді, КТК телеранасы күллі халыққа еш дәлелсіз, «алаяқ» деп таныстырып үлгерді. Оны естіген прокурор бір ғана арыз, онда да ақшасын және аяғына дейін төлеймін деп 3 мәрте Жамиля Жүнісоваға өтініш жазған, сол Жамиляның жақсылығын көрген әйелдің арызына сүйеніп, Жамиля Жүнісованы СИЗО-ға апарып қаматты. Сексен жастағы науқас, қарт адамдары қараусыз қалды. Прокурордың шешімімен Диас Төреханов жұмыстан шеттетілді. Аз уақыттан соң Диасқа іздеу жарияланды. 52 жыл отасқан қарттарға шүпірлеген 3 бала қалды. Жамиляның енесі, Диастың анасы бүкіл өмірін балабақшадан бастап, мектеп директорлығына дейін жеткен педагог Шолпан Ғазезқызы Нұрмолдина қант диабетімен алысып, күтім мен үйдегі жайлы ахуалдың арқасында жүрген еді. Мынадай батпан соққыларға шыдап бере алмады. Бар-жоғы 5 күн жатып, Шамалғандағы ауруханада жатып қайтыс болды. Енді сол балалармен 2-топ мүгедегі менің қызым Дина екеуміз қалдық. Мен асқазан жарасы, қан қысымымен отырмын. 1980 жылдан бері бір бүйрекпен өмір сүруден пайда болған подаграмен ауырамын. 80 жаста қосағынан айырылу – маған өліммен тең. Бүгін үйде кішкентайларым апалары да, мамалары да, әкелері де жоқ үш тірі жетімге айналды. Қазір үйдегілердің үлкені мен – 81 жастағы қарт және 2-топ мүгедегі Дина. Оның мектеп жасындағы қызы Роксана, үш кішкентай – бәріміз менің 180 мың теңге зейнетақыма қарап қалдық. Балалар қажет асын іше алмайды, витаминдерге ақша жоқ. Коммуналдық төлемдер және өкпені қысады. Қандай математик болса да, 180 мың теңгені қазіргі нарықта 1 айға жеткізе алмас еді. Келін, міне, жарты жылға таяу СИЗО-да у ішіп, қан жұтып отыр.
Ал, енді осы істің негізігі себепші болған Қарлығаш Өтеубаева «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» ерекше адам екен. Ол кісінің айтқанын прокуратура сол сәтте орындайды. Оған облыстан бергі барша емен есіктер түгел ашық. Неге? Ал біз жалдаған осымен 6-адвокат Қарасай аудандық прокурорының есігін сығалай алмады.
Осы жағдайда күндіз-түні зерттегенде бірер сұрақ өзінен-өзі туындайды.
Біріншіден, неге Қарлығаш Өтеубаеваның прокурорға айтқаны болады да тұрады? Неге жас балалары бар ана жарты жыл әлі дәлелденбеген айыбы үшін СИЗО-да отырады?
Екіншіден, Қарлығаш Өтеубаева неге өзі жасаған шарт бойынша «Торедомен» серіктес ретінде күллі «кінәні» тең бөліспейді? Неге Жамиля СИЗО-да отырады? Ал Қ.Өтеубаева алқып-шалқып рақат өмір сүреді? Ол 38 есіктің құлпын ауыстырып пәтер иелерін қуып шыққанда, неге прокуратура, әкімшілік тек Өтеубаеваның жағына шығады? Пәтер иелерінің жартысынан көбі Қ.Өтеубаеваға қарсы шығып, Астанаға барып қайтса да, Қарасай аудандық прокуратурасы Қ.Өтеубаеваның төбесінен құс ұшырмай отыра береді? Қ.Өтеубаевада не қасиет бар? Прокурорды қалайша өз айтқанымен жүргізеді? Нендей күш, ненің күші ол? Осы тұста тазалық бар ма?
Үшіншіден, үй құрылысы бір жылдан астам жүргені анық. Ол – заңды құбылыс. Егер «Торедоның» жіберген кемшіліктері болса серіктесі неге араласпаған? Неге тек бақылаушы, аңдушы міндетін өзіне алған?
Төртіншіден, неге Қ.Өтеубаева шартқа қол қоярдан бұрын 190 миллион теңге несие туралы «Торедоға» айтпаған? Ол ақша қазір қайда? «Торедоға» 190 миллионның 130 миллион теңгесін әртүрлі амалдармен Қ.Өтеубаева банкке құйғызған. Ол – дәлелденген факт. Даулы үй ЭКСПО-ның құрылысы емес. Бар-жоғы қуыршақтай ғана 38 пәтерлі үш қабатты үй. Сөйткенменде Қ.Өтеубаеваның қырсығы «қырық түйеге жүк болғалы» өте көп уақыт өтті.
Осы жерде Қ.Өтеубаевада нақты мақсат бар ма? Бар. 190 миллионды аман алып қалып, Жамиля Жүнісованы әйелдер абақтысына, Диас Төрехановты колонияға тығып, мына үйді түбірімен қайта сатып, бір төбе ақшаның үстінде отыру ма мақсаты?
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске жол ашу керек, қолдау керек деп Құдайдың құтты күні айтады! Ал Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында Президенттің «Жаңа Қазақстан» бастамасына жастық жігерін салып жүрген екі білікті маманды аудандық прокуратура қамап, жан азабына салып, отбасын талқандап, бизнесін типыл еткені қай саясат?
Егер осы шағымнан кейін құзырлы органдардан тексеруге пәрмен келсе, біз ел болып мәсленің қайда жатқанын табуға көмектесер едік. Күтеміз!

Эрнест ТӨРЕХАНОВ,
жазушы, Мұхтар Әуезов атындағы
республикалық сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан Республикасына
еңбек сіңірген құрметті қайраткер,
Кеген, Райымбек аудандарының
құрметті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір