КҮМІС КҮЛКІНІҢ КӨКЕСІ
05.05.2023
667
0

Оспанхан Әубәкіровтің аты аталса, жұрт­тың езуіне күлкі үйіріледі. Өйткені қаламгер шындықты тосын теңеулермен астарлап, әзілмен айтады. Кейде ыржалақтап отырған адамның өзі де әңгіменің төркіні айналып келіп, өзіне соғып жатарын аңғармай да қалуы мүмкін. Өйткені сықақшы әр шығармасын су төгілмес жорға үстінде ән салғандай сезімталдықпен жеткізеді. Ол – соңына мол мұра қалдырған әзілкеш. Қоғамдағы келеңсіз жәйт­тер, тіршіліктің күйкі көріністері, адамдар мінезіндегі оғаштықтар, басқа да күлкілі сәт­тер оның назарынан әсте тыс қалған емес. Атақты сықақшының қай туындысын оқысаңыз да тосын теңеуге, оқыс оқиғаларға тап болып, күлкіге қарқ болғаныңызды сезбей де қаласыз.

Осағаның қиял көкжиегі тіптен кең, тапқырлықпен сөз сиқырын шебер қолданатындығына таңдай қағасыз. Әңгімесін оқысаңыз да, сықақ өлеңіне көз жүгіртсеңіз де ішек-сілеңізді қатырады. Кейіпкерлері де жүрген бір әпенде. Бөден дейме-ау, Мимырт, Әусек, Кәуікбай деген секілділер қылығымен де, қытығымен де езуіңді еріксіз кейін шегіндіреді. Жазушының алғашқы кезеңдерде жарық көрген «Көктайғақ» деген жұқа кітапшасын аша қалсаңыз, тайғанақтап барып, тыра­йып құларыңыз кәміл. Басқа да сілені қатыратын сатиралық туындылары аз емес. Өйткені ол – күміс күлкінің көкесі Оспанхан Әубәкіров. Әне, аңғарғанға Осекең туралы «слух» аз емес.
Соңында қалған қолжазбаларының бірінде Осағаң былай деп жазыпты: «Қазақта шүкіршілігі бар адам – шектен шықпайды. Қанағаты бар адам – қалпын бұзбайды» депті. Иә, сықақшы ағамыз – шүкіршілікті де, қанағат­ты да ұмытпаған, тобашыл адам болатын. Ал мәңгілік мекен тапқан жеріндегі құлпытасына «Балаларға бар менің әкелігім, Әйелім бар ақкөңіл ақеділім. Бір адамның көңілін қалдырғам жоқ, Осы менің кішкене «қателігім» деп жаздыруды аманат етуінің өзі Әубәкіров әлемінен хабар беріп тұрған жоқ па?
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында «Лениншіл жас» газетінде жарық көре бастаған «Сүзеген сөз» сатиралық айдары мыңдаған оқырманды жалт қарат­ты. Жұрт іздеп жүріп, оқитын айдарға айналды. Жоғалған студент­ті іздеген «із кесуі» – күлкі іздеген көпшілікке біраз уақыт азық болды. Бұл кезде мен мектеп оқушысы едім, үлкендердің газет­ті алдарына жайып, жайдарыланып отырғанын талай көргенмін.
Бертін келе «Тамашаның» тамашасы есімізді тандырды. Басты автордың бірі – тағы да Осекең! Алматыдағылар билет таба алмай сандалса, ауылдағылар «көзі үйде, кірпігі даладағы» теледидарға көзін сүзіп, ауыздарынан сілекейі шұбырғаны күні кеше секілді.
Сақа сықақшыны бір көруге асық, сырт­тай ғашық болып жүргендердің қатарынан шығып, өзін жүзбе-жүз, тірідей көруге аңсарым ауды да тұрды. Қойшы, бірде жолым түсіп, Алматыға барғанымда, батылданып кетіп үйіне телефон қоңырауын сылдырлатайын.
− Әлө! – деген жуан дауыс ар жақтан гүр ет­ті. Осағаң осы кісі болып шықты. Осындай да осындай деп баяндап-ақ, жатырмын. Сөзімнің соңы:
− Мен сізге барайын ба, әлде қонақ үйге сіз келесіз бе! – деп сасқалақтап сөзімді аяқтадым, әйтеуір. Ар жақтағы кісі жағымды дауыспен ырқылдап күліп алды да:
– Нұрмахан, былай болып тұр. Мен «үйде отырайық» деймін, жеңгең «шақырған жерге, қонаққа барайық», – дейді. «Ойнап күрессе баласы жеңеді, шындап күрессе әкесі жеңеді» деген бар. Осы күресте жеңгең жеңіп, қонаққа баруға шығып бара жатыр едік. Әлде, сенің көңілің үшін шындап күресіп, өзіңді үйде тосып алайын ба, сен қалай ойлайсың! – деп манағы күлкісін ары жалғастырды.
− Ойбай, аға, мен үшін жолыңыздан қалмаңыз. Ертең кездесейік, – деп шырылдап жатырмын…
Осы танысуымыздың соңы көңіл жақындығына ұласып, жақын-жуық жүрдік. Үй-ішімізбен араласып кет­тік. Құдай берген дарыны болар, әзіл әңгіме, өлеңдері бөлек дүние, әшейін айта салған сөзі күлкілі естілетін. Кейде ойда жоқ, бірдеңені тауып алатын.
– Карта ойнамайсың, ә? – деді Осағаң бірде.
– Қаламайтын нәрсем еді, – деймін мен.
– Мен де королі мен валетін ажырата алмаймын. Бірақ дамасын сипасам танимын…
– Қызық қуып, қылтыңдайтын да әдетің жоқ екенін байқап жүрмін. Тәк, арақ ішпейсің бе? – деді Оспанхан Әубәкіров тағы да сынай қарап.
– Жоқ ә, ұрт­таған емеспін.
Атақты әзілкеш ағамның қай жағына шығып қаламын деп қыпылдап тұрмын.
– Мен де ішпеймін, ол пәлеңді.., тек анда-санда ауызымды шаятыным бар, –деп көсіледі Осағаң. Бұл кісінің шыны қайсы, әзілі қайсы кейде түсініп болмайсың. Неде болса, бір тамашаның құлағы қылтиған сыңайлы. Ары қарай байқап көрелік.
– Тәк, бір қызық ойын бар, соны екеуміз ойнап көрсек қалай болар екен?!
– Мейліңіз, – деймін мен әзілқой ағамның ығына жығылып.
– Бұл – өзі бір керемет, адамның көңілін көтеретін, көңілінің көкжиегін кеңейтетін ойын! «Бастық пен кассир» деп аталады. (Мұндай ойын бар екенін бұрын естісем, кәні?) Сонымен бастық кім болады, кассир кім болады, соны екеулеп шешіп алайық, – дейді Осағаң әңгімені онан әрі ширата түсіп.
– Әрине, бастық өзіңіз боласыз, жолыңыз да жасыңыз да үлкен, – деп күмілжимін мен.
– Дұрыс! Осылай дейтініңді өзім де шамалап едім. Бастық мен болсам, онда кассир сен боласың ғой. Өйткені ойынға қатысатын тек екеуміз. Ал онда заңдастырып, қол көтеріп, дауыс берелік. Қарсы, қалыс жоқ. Онда қаланың сырт жағында менің Күнсайын Қуатбеков деген композитор досым бар, соның көңілін сұрап шығамыз. Сен, кассир, дүкеннен қаужайтын бірдеңе-сірдеңе алып шық, – деп өзі таксиге тапсырыс бере бастады.
Жаңа «қызметке» тұрған адамда ес бола ма, жүгіріп барып, айтқанын лезде орындадым. Сонан композитор досы­ның үйінде екі-үш сағат отырып, оның көңілін аулап, ауырып жатқан кісінің де аузын «шайдырып», келіншегінің бөксесін сипатып, «қағындырып» ары қарай қозғалдық. Шыға сала бір қарт профессор құдасының үйіне тарт­тық. Онан кейін баяғыда қызмет­тес болған әріптесіне де амандасып шықтық. Бұйрық – бастықтан, орындау – кассирден, әй бір жырғаған күн болды-ау. Ертеңіне де сол сауық-сайран! Не керек, Осекеңнің баратын жері де, таныс-досы да таусылмады. Осылай екі күн серуен­дедік. Бастық – ол, кассир – мен. Бұйрық – одан, ақша – менен.
– Кассир, – дейді де талтайып тұрады. Үшінші күні телефон таң атпай безілдеп қоя берді. Көтерсем Осағаң.
– Бала, «жұмысқа» кешігіп қалма! Әлі баратын талай жер бар, – деп гүрілдеп құлағымды жарып барады…
Тағы бірде үйіне бас сұқсам, қуанып кет­ті.
− Нұрсұлу, тез дастарқанды қамда, – деді. Дастарқандағы қазы-қарта, жал-жая, жентке көңілсіздеу көз тастап тұрған Осекең келіншегі сыртқа шығысымен дереу «іске» кірісті. Бөлменің ана бұрышынан да, мына бұрышынан да суырып әкеліп үстел үстіне бөтелкелерді қатарластырды. Кітап шкафының ішінен біреуін, шифонерден тағы бірін қылғындырып алып шықты. Сөйт­ті де шетінен қалпағын қайырып аша бастағаны. Жан-жағыма қараймын, менен басқа мұнда ешкім жоқ. Бұрындары Ибрагим Исаев немесе көршісі Бекен ағай Әбдіразақов бас сұғып тұратын-ды. Мына қырман суырғандай қырғын, қарбалас тірлікке шыдамай:
– Осеке, біреулер келетін бе еді, бәрінің «бас киімін» бір мезет­те сыпырып тастадыңыз ғой? – дедім. Сол кезде сұқ саусағын ерніне тақаған сатирик:
– Тс-сс, үндеме! Бұл саған деген айрықша құрметім! Құдаңның үйіне бар, құрдасыңның үйіне бар, ешкім төрт бөтелкені бірден әкелмейді. Екіншіден, ауызы ашылып қалса, бұларыңның өмірі көпке ұзамайды, құйылатын құлқын табылады, – деп күледі.
Рас, көңілді басталған отырысымыз қызықты-ақ болды. Төрт бөтелкенің әрқайсынан бір-бірден ауыз тиген отағасы оларды қайта орындарына жайғастырып қойды да:
– Бала, мұны әскерилер «НЗ» дейді. Тактика! – деп жымиып тұрды.
Негізі «нервісі» мықты адам еді. Ол туралы өзі былай дейді: «Үйде де, түзде де көп еститін көкбет сөздің бірі – некелі «байың» секілді «нерв» деген сөз». «Байымыз» қайсы, «құдайымыз» қайсы – білмейді екенбіз. Байқасақ, басымыздағы ми деп жүргеніміз – ми емес, құмырсқаның илеуіндей құжынап жатқан нерв деген Жалаңтөс Баһадүрдің өзі екен ғой. Нервіміздің қисапсыз көп болғандығынан не істерімізді білмей, бұл күнде біріміздің нервімізбен біріміз қақпақыл ойнап, біріміздің нервімізді біріміз шашлыктай шыжғырып «жетісіп» жүрміз. Қайран, баршылық-ай!». Осекең осылай көсіледі. Мына сөздің дәлдігіне, оның соншалықты күлкілі шыққандығынан басқа сөз қоса да алмайсыз. Қайран, Осаға!
«Ит иесіне тартады» дегендей нервісі адамына тарта ма, әлде нервісіне адамы тарта ма, кейбіреу ыстық құйған шыныдай шорт сынып, шашылып түссе, енді біреу үстінен қой айдап, әлгі пәленбай миллиард «құмырсқаларын» таптап жатсаң да қыңқ демейді».
«Жақсыдан – шарапат» демекші, Осағаңның көлеңкесінде осы жолдардың авторы да талай мықтылармен араласты. Тіпті атақты композитор Әсет Бейсеуовпен дастарқандас болғаны бар. Иә, деймін-ау, 1981 жылдың көктемінде екі марқасқаға серіктес болып, ҚазМУ-дің юрфагінің студент­терімен кездесуге барғаным әлі есімнен кетпейді. Оқырмандарға қолтаңба беруді сонда үйрендім.
…Бір күні Осағаңның табалдырығынан ат­тай бергенім сол, менің «ассалау..,» деуіммен қабат­таса пәтеріндегі телефоны да шылдырай жөнелді. «Трубканы көтер, мені сәлден кейін келеді де» деп ымдады сықақшы.
– Оспанханның пәтері ме? – деді жаңағы жағымды дауысты, сырбаз кісі үн қатып. Мен үй иесінің әлгі тапсырмасын қайталадым.
– Жарайды онда, Ғабит Мүсірепов хабарласты дерсің, – деген арғы жақтағы кісі телефон байланысын үзді.
– Бәсе, – деді Осекең енді еркін демалғандай, – өзім де біліп едім, кейи­тін шығар деп трубканы алмағаным сол… Бұл әңгіменің төркіні былай көрінеді: «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы санына Ғабеңе арнаған Осекеңнің бір әзілі жарияланған екен. Кірпияз жазушы бір шикілік тауып қалды ма деп бұ кісінің қашқақтап тұрғаны сол болса керек. Сондағы әзілі мынау еді:
«Ғабе, сіздің тойыңызда
Қалсын деп ойыңызда,
Бір жұмбақ айтайын,
Шешуін тапсаңыз,
Бір түйем дап-дайын.
Бағымызда лашын отыр.
Лашынды кішкене дейін десем,
Алты қанат үйге сыймайды.
Алты қанат үйді кішкене
дейін десем,
Алты нарға сыймайды.
Алты нарды кішкене дейін десем,
Аспанмен таласқан
Бәйтеректің басын шалып жейді.
Бәйтеректі кішкене дейін десем,
Ертемен ұшқан тұрымтай
Кешке соның басына әрең
ұшып қонады.
Бұл не деген бәйтерек дейсіз ғой?
…Тап­падыңыз ба?
Ол бәйтерек – Сіздің досыңыз
Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов деген болады».
Бірде Нұрсұлу апа үйге сырт­тан сөйлей кірді. «Жазушылар одағында әріптес ініңді көрдім, фоэеде бір келіншекті қолтықтап алып, олай өтеді, былай өтеді, мені байқар емес. Шыдамастан: «Әй, Пәленше!» – деп едім жүгіріп келіп: «Бәсе, осы маңнан Осекеңнің исі шығады, қайда отыр екен деп аң-таң болып тап­пай жүргенім», – дейді қағынған».
– Иә, – деді сонда отағасы күлместен. – Жастарда ондай-ондай аңғалдық болады, одан да «иіс мына жерден шығады», – деп нақтылап көрсетіп жібермедің бе? – дегені.
Оспанхан Әубәкіровтің «ҢӨҢ» деп аталатын ертегі-өлеңі бар. «Ң» әрпі: «Менен басталатын бір сөз жоқ, бас әріп бола алмадым», – дейді өкпелеп. Расында ондай сөз жоқ қой. Бұған әзілкеш ағамыз былай деп төрелік айтады:
«Айсберг дегенді,
Арғы қазақ «ңөң» деген.
Көктемде көшетін,
Өзен суын сең деген…

«Ңөң» деген сөз қазақта,
Жоқ десең де еркіңде,
Қарыз сұрап тұрғам жоқ,
Бар десең де еркіңде.

«Ңөң» деген сөз қазақта
Жоқ десең де еркіңде,
Бар десең де дәл сонан,
Бұзылмайды көркің де!
Жазушы Оспанхан Әубәкіров – сыртын көрсеткенмен, ішін аша бермейтін Айсберг сияқты «ҢӨҢ» кісі еді. Өзі өмірден өткеннен кейін де бірнеше кітабы жарық көрді. Мәселен, «Қайда безіп барасың?», «Қаңғыбас иіс», «Мұрын ішіндегі мұрт», «Бір дорба ән», «Анау мен мынау», «Өй, сайрат­тым-ау» жинақтары оқырмандарына күміс күлкі сыйлап келеді. Ал өткен балалар жылында балаларға тарту ретінде «Қағаз қалпақ» пен «Жабақ туралы әңгімелері» «Фолиант» баспасынан қайта басылып шықты.
Әзіл-сықағымен жұрт­ты қыран-топан күлкіге бөлейтін ағамыздың лирик ақындығы ше?.. Оның сөзіне қазақтың атақты сазгерлері жүзден астам ән жазған көрінеді. Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиевтер Осекеңмен қоян-қолтық жұмыс жасады. Ал Әсет Бейсеуовтің «Мұңайма», «Біздің ағай тамаша», «Аспан қызы» іспет­ті әндері әлі күнге сахналарда шырқалып, тыңдаушы көңілін көркейтіп келеді. «Таң жұлдызы», «Кешір, жаным» әндерінің авторы Базарбай Жұманиязов. «Көп қарадым суретіңе!», «Айналайын, балдызым», «Көркем едің, көрші қыз», «Сағыныш екен бала кез» әндері, «Айнагүл-ау, Айнагүл» ескі көздердің есінен әлі шыға қойған жоқ.
Ойды ой қозғайды ғой, алпы­сыншы жылдардың соңына қарай Қызылорда облысының Жалағаш ауданында сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтің идеясымен ауданда «Алтын арай» ансамблі құрылады. Оның репертуарын өзгеше етіп шығару мақсатында Алматыдан арнайы сатирик-ақын Оспанхан Әубәкіров, композитор Әсет Бейсеуов, балетмейстер Рафаэль Сүлейменовтер көмекке шақырылады. Белгілі өнер адамдары үш ай бойы ауданның өнерлі жастарына дәріс беріп, жоғары деңгейлі өнерге жол ашады. Қос автордың «Армандастар», «Аспан қызы», «Күткенде», тағы басқа әндерінің алғашқы тұсауы алпысыншы жылдардың соңында осылай Жалағашта кесіліп еді. «Алтын арай» ансамблінің құрамы 80 адамға жетіп, облыс асып, республикада танымал болады.
Айтпақшы, Алматыдан арнайы шақырып, ансамбльге көмекке келген өнер адамдарына аудан басшылығы бар жағдайды жасап, қайтар кездерінде риза етіп шығарып салады. Бір мың сом көлемінде қаламақы төлейді. Осекең – тіптен қолы ашық кісі ғой, табысының жартысын жергілікті өнерпаздарға жуып, сыйлық жасап, қимай қоштасады. Үш-төрт күн қатарынан тойлағаннан шаршағанынан болар сықақшы ағамыздың: «Шешейдің бұрын өліп қалғаны болмаса, менен ауруы күшті емес еді» деп әзілдейтіні де – сол тұс.
Қолы ашық дегеннен есіме түсіп отыр, 1981 жылдың 6-7-8 сәуірінде Алла Пугачева Алматыдағы Республика сарайында қатарынан үш күн концерт берді. Адамдар көшеге сыймай кет­ті. Соның алғашқы күні атағы дүрілдеп тұрған әншінің өзі Әубәкіровтің үйіне арнайы келіп, екі билет беріп кеткенін естігенбіз. Осекең – сонау бір жылдары Мәскеуде мәдениет саласы білім көтеру курсында Пахмутова және Пугачевамен қатар білім алған әріптес көрінеді. Олардың да қолы ашық ағайды ұмытпағаны ғой…
Сықақшының абыройы асқақтап тұрған алпысыншы жылдары «Қожанасыр чемпионы» қуыршақ театрының сахналауында еліміздің алыс ауылдары тұрғындарына дейін барып көрсетіліп, мейлінше қолпашқа ие болған-ды. Мұнан басқа да қаншама әзілдері балаларға тәт­ті болғаны анық. Осындай қадау-қадау еңбектері ескеріліп, Алматыдағы қуыршақ теа­трына Оспанхан Әубәкіровтің есімі берілсе, құба-құп болар еді.
Сондай-ақ келешекте мәдениет саласының қызметкерлері Оспанхан Әубәкіровтің әндерін жаңалап жарыққа шығарса, ұтылмайды. Бұл Айсберг – Оспанханның жұртқа көмескіленіп бара жатқан бергі беті екендігін еске түсіреді.

P.S. Атақты сатирик 1986 жылдың 14 сәуірінде 52 жасында өмірден өт­ті. Келер жылы туғанына 90 жыл толады.

 

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір