Мерейтойға сүбелі үлес

Ұлы ақын әрі қайраткер Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толу мерейтойы қарсаңында жазушы Болат Жүнісбековтің «Күнге асығу. Абай – Замана сыры» атты төрт тараудан тұратын роман-новелласы өмірге келді.
Жазушының бұл туындысы Абай тақырыбына арналған көп жылғы ізденістің жаңа бір белесі іспетті. Бұған дейін ол хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайындағы «Абай сәулесі», «Ақиқат ұшқыны» атты зерттеулер мен мақалалар жинақтарын және «Абайдың ақын ұлдары» кітаптарын оқырман назарына ұсынған болатын.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Болат Жүнісбековтің жаңа шығармасының сүйіну, күйіну, суыну, сейілу атты тарауларында мыңдардың арманы мен мұң зарын мың біріншінің – Абайдың және бірнеше ұрпақтың өкілі – Заманайдың жан сыры арқылы санаға тоқытады. Қазағын өркениет төрінен көруді аңсаған Абай-Заманай сыры: Күннің, яки жарықтың-ілім-ғылымның жасампаздығын паш етеді. Автор оқырмандарын ақыл дариясының тылсым құпияларын меңгеруге шақырады. Кітап мұқабасының бірінші және соңғы беттерінің жазушының немерелерінің салған суреттерімен безендірілуі де – оның өз ұрпағын Күнге «жетелеуінің» айғағы іспеттес.