Тақ пен Тақта
18.04.2025
165
1

Тақта сөзімен алғаш мектеп табалдырығын ат­тағанда танысасың. Қолыңа қалам ұстатып, әріп танытқан алғашқы ұстазың тақтаға шығарып, тақтаның тәрбиесін бойыңа сіңіреді.

Тақта – қоңыр түсті, екі жағы есік сияқты қайы­рылып жабылатын топсаға орналасқан, сыныптың қабырғасына ілінген, ағаш материалдан жасалған дүние. Бұл өткен кезеңдегі және шалғайдағы ауыл мектептерінде әлі күнге де­йін тұрған тақталар. Ал заманауи тақталар ол – интерактивті тақта. Интер­активті тақта – мультимедиалық электрондық оқу құралы. Екі тақтаның материалдық айырмасы болғанымен, жауапкершілігі мен міндет­тері біреу.
Алғаш борды ұстап, тақта бетіне түрлі фигураларды да саласың. Одан ке­йін әріп жазып, үйге берілген тапсырманы да осы тақтаның алдында тақылдап айтуды, ми қозғалысын іске қосып, есеп шығаруды үйренесің. Енді осы «Тақтаның» өміріміздегі маңызына тоқтап, астарына бойласақ. Алғашында бұл жай мектеп құралы, мұғалімнің сабақ түсіндірудегі көмекші құралы деп қабылдайсың. Одан ке­йін оқушының тұлғалық қалыптасуы мен өмір жолының алғашқы баспалдағына қадам жасаудағы, үрей мен қорқынышты сейілткен, жауапкершілікті сезіндірген сынақ алаңы. Көз көріп, бой үйренгенімен ойын баласына жауапкершілік пен жалқаулықты еңсеру оңай болмайтыны анық. Бұның бәріне, әлбет­те, мұғалім мен сыныптағы тақта тәрбиелейді. Тақтаға шығудағы үрей ол бөлек. Бастауыш сыныпта жауапкершілікті түсінген оқушы ғана оны сезіне біледі.
Тақта алдында сабақ айтуды, есеп шығаруды бастауыш сыныпта оқушының барлығы дерлік жауапкершілік пен міндет деп қабылдайды. Бұл қабылдау бірте-бірте сертсіз саналардан су шайғандай жоғала бастайды. Сыныптан сыныпқа көшкен сайын тақта алдына шығуға ниет­ті оқушының қатары сирейді. Кейбірі тақтаға жоламауды «тапсырманы менен сұрамаса екен, тақта алдына шығармаса екен» деген ниет­те уақытын өткізеді. Оны дағдыға айналдырады. Тақта деген сөз құлағына түрпідей тиіп, мұғалім «тақтаға шық» десе кірпідей жиырылып, отырған партасынан зорға көтеріліп, тақтаға құлықсыз, қинала жетеді. Бұндай оқушы, әлбет­те, сабаққа дайын емес. Бос уақытын ойын мен тиімсіз дүниеге жұмсаған, мектептегі міндеті мен жауапкершілігін, ата-ананың үмітін ұмытқан оқушы. Ол бүгінгі тақта алдынан қашуын өзінің болашақтағы тағдырына тікелей себепті екенін түсінбейді. Сол үшін де мұғалімдер сағат­тап тақта алдында тұрып, тақта мен болашақ тағдырларын байланыстыра түрлі мысалдар айтады. Оны да елегісі келмейтін оқушы түрлі сылтаумен өз көңілін жұбатады. Тақтадан тартынғанының зияны мен зардабын бір өзі немесе бір ғана отбасы емес бүкіл Отанға тартқызатынын елмейді.
Сыныпта тақтаның қасиеті мен мұғалімнің қадірін, білім алудың құдіретін түсінген оқушы, мектеп қабырғасында әркез тақтаға шығуға құштар келеді. Жоғары сыныпқа көшкен сайын білім мен ілімнің жаңа бет­тері парақталып, оқыған сайын зе­йіні ашылып, көкжиегі кеңейе бастайды. Бұндай оқушы тақтаның қасиетіне арбалып, оқу-білімге деген араны ашыла түседі. Сонымен қатар жауапкершіліктің барын әсте естен шығармайды. Кейбір кез­дері сабақа дайын болмай қалған сәт­терінде мұғалімнен ұялып, сыныптастарының алдында білмегені үшін ыңғайсыз жағдайға ұшырайды. Бұдан қорытынды дереу шығарады. Келесі сабақта кеткен кемшілігін түзеп, берген тапсырманы асыра орындауға тырысып, тақта алдына ұмтылады. Бұндай оқушы әдеп пен сыпайылықты, мәдениет пен адамгершілікті, тәртіп пен тәрбиені бойына серік етеді. Тәртіпсіздік пен білімсіздікке бой алдыра қоймайды. Тақта алдында алған ұғымымен көпшілік алдына маңдайы жарқырап жақсылығы мен білімдегі жетістіктері үшін ғана, ата-анасы мен мұғалімдерінің мәртебесін көтеру үшін шығуды мақсат тұтады. Бұндай оқушыға ата-анасының ақ батасы мен мұғалімдерінің алғысы шексіз болады.
Тәртібі мен тәрбиесін, білімге деген құштарлығын бастауыш сыныпта тақта алдынан жоғалтып алған оқушы бұндай сәтке қызыға қарап, бар мүмкіндікті уысынан жіберіп алғанына, іштей өкініш білдіреді. Тақта алдына тәртіпсіз қылықтары мен білімсіздігінің салдарынан шыққаны есінде қалады.
Жоғары сыныпта тұлғалық көзқарас қалыптастыруда тақта сөзімен қатар «тақ» біздің санамызға жаңа атаумен ене бастайды. «Тақ» сөзі тарих сабағы мен әдебиет сабақтарында жиі кез­деседі. Адамзат өркениетіне қадам басқан сәт­тен тайпа көсемі, хандық-билік кезеңінде таққа деген ұмтылыстар мен тақ таласында әкелі-баланың, бір құрсақтан туғандардың бірін-бірі өлтіріп, қантөгіс, аяусыздық пен айуандық жолда қырылған оқиғаларға куә боламыз.
Таққа ұлт үшін ұлықталып, зе­йіні мен танымы, білімі мен көсемдігі тәңірден берілген таңдаулы тұлғалардың ұлт мақтанышына айналғандары қаншама. Тақ үшін емес, халқының тағдыры үшін жанын құрбан еткен тұлғалар тарихта қалды.
Кеудеңде сәуле болса «тақ» пен «тақта» сөзінің жауапкершілік пен міндет­терінің салмағын санаға салып саралай бастайсың. Тақтаға ұмтылып, білім-ғылымға құштар оқушының «таққа» деген құштарлығы мен ұмтылысы тақтадағыдай болмайды. Себебі ол оқушы тақтадағы ұмтылыс болашақтың жарқын бастауына деген қадамдар екенін біледі. Ғылым мен білімді игеру, мәдениет пен әдепті сіңіру даналық тәжін кигізіп, құрмет­тің тағына жеткізетін дара жол екенін түсінеді. Ал «таққа» отыру мен басшылық жасауда, халықтың алдында үлкен жауапкершілік пен міндет­тің барын ойлайды. Ақылды адамдардың ұят пен арды бойдан жоғалтпай өздігінен таққа ұмтылмайтыны да сондықтан.
Бүгінгі заманда тақ таласы тарихи кезеңдердегідей сипат алмағанымен, саяси сипат алып отыр. Таққа құмартқандармен бірге тақ түрі де көбейді. Ғылым-білімнің, мәдениет пен әдебиет­тің, денсаулық пен спорт­тың басқасын тізбелемесең де ата кәсіп малшылықтың да тақтары пайда болды. Тақтадан қашып, танымы тарылғанымен
есейіп, ержеткенде әкесінің байлығымен, көкесінің тамыр-танысымен кердеңбайлар мен шолжаңгүлдер қаптаған тақтың біріне ұмтылып, тағдырын таққа таңып, тақтарда желімдей жабысып отырғаны қаншама. Тақтаның жауапкершілігі мен міндет­терін түсінбеген кейбірі, бүгінгі үлкенді-кішілі лауазымда майлы көтендері жайлы (креслоға) таққа жайғасқанымен, оның жауапкершілігі мен міндет­терін ұғына қойғаны кемде-кем. Заң қаншалықты аяусыз жазалап, темір торға тоғытқанымен өзгесіне сабақ болмай жатыр. Оған ұғымдары да жетпей жатыр. Тақтадағы танымы ашылмағандар, тақтағы танымдарында «халықтың нанын емес, қамын жеу» керек екенін түсіне алмай отыр.
Тақ қызмет­тің жауапкершілігін арқалағанымен елдің әр түкпірінен жемқорлықпен ұсталған лауа­зым иелері, ішімдікке сылқия тойып жол апатын тудырып, бейкүнә жандардың өмірін опат қылған, той-думанға барып ар мен ұят­тан безіп, қалай болса солай айуани қылық көрсетіп, теледидар алдында аузына келгенін айтып, ойына келгенін істеп жүргендердің қылығына қарап, тақта алдындағы тәрбиені дұрыс алмаған деген тұжырымға келесің.
Біз ұлт­тың болашағына алаңдайтын болсақ, «тақта» алдындағы тәрбие мен құндылықтарға бас ауыртып, балтыр сыздатып, кеткен кемшілікті түзетуде көз ілмеуіміз қажет. Бүгінгі оқушының «тақтаға» деген, білім мен ғылымға деген құмарын арт­тырып, қызығушылығын оята алсақ, келер ұрпаққа кемелденген, білімді, саналы, қамқор, ұлтын сүйген үлкенді-кішілі «тақтарда» отыра алатын тұлғалар қалыптастырып, сапалы ұлтқа, сапалы ұрпақ қалдыра аламыз!
Тақ пен тақта ұғымы – дамыған ұлт­тардың сапалы болашақ қалыптастыруының басты негіздерінің бірі.

Еркебұлан Зағыпаров,
ШҚО Зайсан қаласы

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 18.04.2025 | 21:22

Не айтқысы келеді, түсініксіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір