ЦЕНЗУРАМЕН КҮРЕС – ДАРЫНСЫЗДЫҚҚА ЖОЛ АШУ ЕМЕС
13.05.2016
1992
0

Олжас пен СафарОсыдан 50 жыл бұрын біздің өмірімізге салмақты да асқақ үнді Олжас есімі келіп енді. Міне, сол күннен бері біздің жолымызда ұлы ақынның, адал достың, адам бойындағы ізгілік пен мейірімділік тәрбиешісінің жарқын есімі шуақ шашып келеді.
Олжас –  Шығыс халықтарының ұлт-азаттық идеясының жаршысы әрі рух берушісі. Өзінің ақындық міндетін ол «халыққа ар-ождан реакциясына қажетті энергияны жеткізу» деп біледі.


Сафар АБДУЛЛО

 

Ол біздің ұрпақ кристалдану үстінде де­ген болатын. Халық арасында «ар-ож­дан реакциясы» жүріп жатыр. Қор бол­ған­дар қуана алмайды…

Ақынның шығармашылық жолына мұ­қият үңілер болсақ, оның өз ұранына ая­­ғына дейін адал екенін байқаймыз. Бұл жолдың қиынға соғарын өзі де бі­ле­ді…

«Біздің ұрпақ егілу мен от-жалыннан жа­­­ралған, оның сұлбасы шексіздікте». Әлі ұзақ уақыт тыншымайды, жүректер әлі талай әділет алаңдарында дабыл бо­лып қағылады. Біздің ұрпақ – ша­мыр­қан­­ған жердің бетіне өскен қылтандар». Ақын­­ның бұл айтқанын жан-тәніңмен ұғы­­на білуің керек.

Ұлы Ақынның бар қызметі, поэзия мен әдебиетті тұтастай танып-білуі на­ғыз өнерге – өмірге, соған орай ұлтқа, тұ­­тас адамзат баласына қызмет ету идея­сы­мен қаныққан. Өз халқын сүйген адам ғана өзге халықтарды түсініп, сүйе ала­ды. Өзінің танымал «Сен – менің қаһар­­­манымсың» (1962 ж.) атты ма­қа­ла­сын­­да жас ақын өзінің туған жері мен хал­­­қына деген пейілін айқын сипаттайды.

Мұнан сәл ертерек ол былай деген еді:

Біздің даланың түніндей түн бар ма –

ол басқанда аппақ тастардың өзі қарайып қалады.

Біздің даланың күніндей күн бар ма –

ол шыққанда қап-қара тастардың өзі ағарып салады.

Егер шаттық жүрегіңді жылытар болса

Күннің өзі көлеңке боп жабады…

Ол өз қаһарманы туралы: «Мен оған поэ­­зияның ұлғайтқыш айнасы арқылы қа­­раймын. Менің адамым миығынан күл­­мейді, қарқылдап күледі, ауырсынып тыжырынбайды, қаһарланады, бей­­шара күйде жалынбайды – айғай са­­лады. Ол сүрінсе орнынан қайта тұ­рып, қайта ұмтылады, өзіне өзі дем бе­ре­ді… Менің қаһарманым әлі жады болып қалыптаспаған сезімге еркін, ақыл­­ға құштар».

Олжастың өмірде де, шығар­машы­лық­­та да қас батырларша қайрат көрсетіп келе жатқанын бәріміз де көріп жүрміз. Ол туған елі мен жерінде болып жатқан бар­лық маңызды оқиғалардың ең бел­сен­ді қатысушысы. Олжас халықтың өт­кені мен бүгінгісін жырға қосып, бо­ла­шаққа бағыт сілтейді. Өз қаһарманына, хал­қына айтар сөзінде Ақын оны бел­сен­ділік пен батылдыққа шақырады. «Әр­бір жан, егер ол адам болса, тым бол­маса бір рет ұтуы керек. Тұрмыста қара­пайым бол. Бірақ бокста, ғылымда, жұ­­­­мыста, соғыста өжет бол. Отан үшін қиян-кескі ұрыста Әлия, Мәншүк, Бауыр­­­жандар өр, өжет болмады ма?! Егер ақындарымыздың абыройын асқақ ұстасақ, менің елім, менің қаһарманым, сен ұлықсың!».

Өз ойын осыншалықты дәл әрі се­нім­ді жеткізе білу үшін соншалықты ұлы ойшыл, сезімтал Ақын болып, сон­ша­лықты терең таныммен халықты сүйе білу керек шығар. Менің ойымша, бұл кі­шігірім мақалалардың оқырманға бе­рер ғылыми-теориялық және эмоция­лық-публицистикалық әсері ешкімге белгісіз ғылым докторларының жазған ондаған монографиялардан артық тұр!

Өзі жоғары деңгейдегі талғампаз су­рет­кер болғандықтан Олжас әрқашан шы­ғармашылық тұлғадан көркемдік ке­мелділікті талап етеді, бірінші кезекте, ой-таным кеңдігі қажет, миды қа­лып­­тасып қалған түсініктер бұғауынан бо­сату керек, болмысқа деген көз­қарас­тың даму динамикасының жойқын рухын көрсету керек деп біледі…

Олжас әдебиетті коммунистік мораль мен идеологияға беріле бағынған рух­ты қалыптастыру құралына айнал­дырғысы келген қоғамның талабына илікпейді, ол ақынның тәуелсіздігін қол­­­дайды. Оның атқарған үлкен еңбе­гі­нің бірі – ол ұлттың рухани дамуы мен білімділігінің бір факторы, ұлттық және жал­пыадамзаттық қоғамдық ойдың си­паты ретіндегі әдебиеттің маңызды ро­лін Орта Азия республикаларындағы за­ман­дастарынан бұрын әрі терең түсін­ді. Ол тарих – халықтың адамгершілік және философиялық тәжірибесі деп жазды. Тарихта қазіргі халық мінезіндегі адамгершілік қасиеттердің бастауы бол­ған ұлттық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының қайнар бұлағы және ке­зең­дері көрініс табады. Ол төл мәдениетті жетік зерттеуге үндеді, себебі көне мұра­лардағы сөздердің мағыналарын тек ақын­дар мен әдебиетшілер ғана түсін­ді­ріп бере алады. Ұлы Суреткер ретінде ол өз тарихы мен мәдениетін игеру ин­тер­националдық сананы дамытудың бірден-бір жолы деп біледі. Себебі, ол өзінің төл мәдениетінің жалпыа­дам­зат­тық мәдениеттің бір бөлшегі екенін жақ­сы біледі.

Олжас ұлттық қайта өрлеу мен ұлт­тық ерекшелік, қазақ әдебиетінің ха­лықтығы идеяларын барынша қорғайды. Ол қарабайырлыққа түбегейлі қарсы. Оның әдебиеттің жайдақтығы тіпті орынсыз, ол шындықтың өзін жайдақ етіп қана көрсете алады дегені өте орынды. Оның ойынша, әдебиет – ұлттық мә­дениеттің ең көрнекті үлгісі. Сон­дық­тан ол бұқара халық деңгейіне дейін түс­пеуі керек, себебі оның басты міндеті – мәдениеттің, білім беру мен ағарту са­ласының деңгейін көтеру. Егер Фир­доу­си, Хайям, Низами, Сағди және Хафиз өз заманында қазіргіден саны әл­де­қай­да көп шала сауатты адамдарға арнап жаз­ғанда ортағасырлық Иран әдебие­ті­нің, алты ғасырлық парсы-тәжік поэзия­сы­ның даңқы шықпас та еді.

«Реалистік» немесе «өмірдің шын­ды­ғын бейнелеу» деп аталатын сипаттау са­рынына қарсы бола тұрып Олжас ақыл­мен қанаттанбаған нәрсе әдебиет емес, себебі «Жұмысшы және колхозшы әйел» деген мүсіннің әйел мен еркек ту­ралы берер мағлұматының шектеулі бо­ла­тыны тәрізді оның да өмір жайлы ай­тары аз болмақ дейді.

Әлдекім айтқандай, ақ қағазға қара сия­мен сөз тізбектеу сырттай қарағанда оңай болып көрінетіні кейбір шығар­ма­шылыққа қабілетсіз, еріккен адамдар­дың қалам ұстауына түрткі болады екен. Олар шығармашылық қабілетті қол­же­тімді деп ойлайды. Өкінішке қарай, бү­гін­гі күні бұл қалыпты жайтқа айнал­ған. Қа­зір қаржылық жағдайы жақсы адам­ның бәрі бірдей өз «туындысын» жа­рық­қа шығарып әлек. Біздің заманымызда СӨЗ соншалықты қорғансыз халде. Тіп­ті кейде шынайы әдебиет өкілдері де іш­кі арандатушылық пен сыртқы жағ­дай­ларға арандап, нашар мәтіндер ту­ды­рып, осы тектес өзге дүниелермен ор­тақ мұқабада жарыққа шығарып, әл­сіз туындылардың да әдеби мұра қата­ры­нан орын алуға мүмкіндік беріп жа­та­ды.

Мүмкін осы себептен болар, Олжас соң­ғы жиырма жылда бірнеше рет «ер­кіндік пен бетімен кетушілік» мәселесіне көңіл бөлуге шақырды. Ол мәдениет – әр нәрсенің шегін білу, бәріне бірдей рұқ­сат етілгендік емес, рұқсат етілген мен табудың жүйесі дейді. Цензура деге­ні­міз – қоғамда белгіленген моральдық, саяси және адамгершілік заңдылық­та­ры­на сәйкес қойылатын белгілі бір шек­теу­лер жүйесі… Ол күйініп отырып бы­лай дейді: «Біз тоңмойын, біржақты цен­зу­рамен күрескенде мұндай дарын­сыздыққа жол ашайық деген жоқпыз».

Олжас қазіргі әдебиеттің тақырыбын кеңейт­ті. Қоғамның шынайы болмысын сурет­теуге талпынған жазушыға халық­тың тарихы мен мәдениетін зерттеуге кеңес береді: «Әдебиет – бұл ғылым, мүм­кін тіпті дүниетанымдық ғылымдар­дың ең биігі болар, бұл адам мен қоғам өмірін көркем зерттеу». Құбылысты тарихи контексте қарамасақ, біз бұл нәрсені түсіне алмаймыз. Егер біз шынайы мәлі­меттерге мән берсек, өткенмен негіз­дел­генін көре аламыз. Отаршыл ғылымның Азия мен Африка елдерінің өз тарихына деген құқығын шектеуі тегін емес, «тарихы жоқ халық» деген терминнің ен­гі­зілуі де бекер емес.

Қазақ, жалпы түрік халықтары тари­хы­ның ұмыт болған беттерінің көп­ші­лігі, негізінен, жазба дүниелерде Олжас із­деністерінің арқасында жандана түсті. Мұның басым бөлігі тарихи тақырыпқа ар­налған өлеңдер, «Қыш кітабы» атты та­маша поэма, теңдесі жоқ «Аз и Я» кі­табы, «Атамзаманғы түркілер» және т.б. еңбектер.

Олжастың әдеби-эстетикалық көз­қа­расы идеологиялық қысым пен ұлт-азаттық идеяның шарықтауындағы қай­наған әдеби күрестің жағдайында ұлт­тық, орыс және әлемдік мәдениеттің үздік үлгілерін зерттеу арқылы қалып­тас­т­ы және дамыды.

Көп жыл бұрын бір дана адаммен «Отан­ға деген сүйіспеншілік» деген та­қырыпта әңгімелескенімізде ол «Отанға деген махаббат адам өмірін жеңілдетеді, бақыт пен қуаныш сыйлайды» деген еді. Расымен солай! Бірақ мынадай сұрақ туын­дайды: Отанға деген махаббат тек қуаныш қана әкеле ме?! Кейде қайғыға салып, күйінішке ұрындырмай ма? Ал кейде қиындықтар тудырмай ма?!

Олжастың өмірі мен шығармашылы­ғы туралы ойлаған кезде мені осындай ойлар қамап алады. Оны ұлтшыл деп те, түрікшіл деп те кінәлады. Бір кездері оның жергілікті «өжет» айыптаушылары керісінше тым орысшыл деп айтып еді. Бұл Олжастың түрлі деңгейдегі ұсақ ұлт­шылдар ұстанымына қарсы өз ұстанымы барын айғақтайды.

ММУ профессоры Николай Анастасьев кезінде СССР ҒА Тіл және әдебиет бө­­лі­мінің мәжілісінде ұжымдық айып­тау­ға алынған «Аз и Я» кітабын талқылау үстінде Олжасқа тағылмаған айып қал­мағандығын айтады. Оған орыстарға қар­сы түсінік қалыптастырды деп жала жапты, бірақ Олжас өз сыншыларына бұл­­тартпас дәлелдермен жауап беріп, сүй­­сінткен екен. Ол «жаптым жала, жақ­тым күйе» деп отырғандарға тайсалмас­тан: «Мен орыс халқын да, оның әде­бие­тін де сүйемін әрі құрметтеймін. Бірақ ті­зер­леп тұрып сүйе алмаймын» деген екен.

Бұл  Ақынның нағыз Менін көрсе­теді. Ол ешқашан және еш жерде күш­тілердің ал­дында басын иген емес. Өйт­песе ол  Ол­­жас болмас  еді, оның ұс­та­­нымы – қай­­да болмасын, қалай бол­масын тек қа­­на әділдік пен шындықты дәріптеу.

Олжас – ұлы  отаншыл, өз  әрекетімен, шы­­ғармашылығымен ол бізді келер ұр­пақ алдындағы жауапкершілікке, бұ­рын­­ғы өткен ата-бабаны құрметтеуге үй­­­­ретеді.

Өз Отанын сүйетін адам рухани сұ­ра­нысы өсе түсетін болашақтың адамдары алдында жауапкершілікті сезінбеуі мүмкін емес.

Менің ойыма оның «Менің Шоқа­ным» атты тамаша мақаласы оралып отыр. Олжас қазақ халқының ұлы бала­сы­­ның ішкі әлемін уақыт пен кеңістік ке­шенінде 2-3 бет көлеміне сыйғызып, сон­дай шеберлікпен, жан-дүниесімен се­­зіне отырып, жүйелеп берген. Шыны­мен де, ғаламшардың қуанышы мен қай­ғысын төрт жолға сыйғызу үшін Хайям­ның таланты керек! Мына сөз­дер­ге мән беріңізші: «Ең сауатты сұлтан-әкім бұқараның құлдық психологиясынан қуат алған реакцияның «мәңгі дви­­гателіне» қарсы тұра алмас еді. Бұл кө­­семдерді халық сайламай, патшалық отар­­шылдық әкімшілігі тағайындайтын за­ман болатын. Өзін отаршылдардың күл көсеушісі ретінде көрсете білген жан­­дайшап қана халықтың ресми әкімі болу бақытына ие болды».

«Мен Академия бастырып, жария­ла­ған «19 ғасырдың тарих документтері» ат­­ты екі томды парақтап шықтым. Он­да­ғы архивте даланың үлкенді-кішілі әкімдерінің мыңдаған шағымы, домалақ арызы, өсегі, жаласынан басқа ештеңе та­ба алмадым. Бұл жолды басынан өт­кер­мей Шоқан сұлтан бола алмайтын. Егер сұлтан болған жағдайда – Шоқан Шоқан болмас еді. Ол мұндай мүмкін­дік­тен бас тартты. Өзінің дұшпандары­ның бірінің берген мінездемесінде ай­тылғандай ол, «мейлінше таза және адал адам болып қалды».

Дәл осы жолдарды ұстаз – маэстро Ол­жастың өзіне арнап та айтуға болатынына мен сенімдімін.

Осы тектес ойды Олжас М.О. Әуе­зов­тің 90 жылдық мерейтойында сөйлеген сө­зінде де айтқан еді. Ұлы жазушының өмі­ріндегі қитұрқы қиыншылықтардың бәрін санамалай келе, Олжас сталиндік режимнің ұлттық мәдениеттерге тигіз­ген кері әсерін күйіне отырып суреттеп берді, халық ұлдарына, соның қатарында М.Әуезовке тағылған жала мен жағыл­ған күйе туралы айтты. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын талдай келе, оның тарих пен халық  алдындағы еңбе­гін бағалай келе, Олжас өзіне тән көре­ген­дікпен былай деді: «Міне, біз кө­те­ріл­ген осы биік – күні кешегі өткенімізге сабырмен және үңіле қарауымызға, нақ­ты оқиғалар мен оған қатысқан адам­дар­дың кескінін көріп, олардың орнын не әсіре өсірмей, не өшірмей, қаз-қал­пын­­да көруімізге мүмкіндік береді. Абай­­ды биікке көтере отырып, халқы­ның санасын асқақтата отырып, Мұхтар Әуезов өзін де айдай әлемнің алдында асқақтата білді. Өзгені табанымен таптамай, керісінше көкке көтере отырып, өзіңді де асқақтата көрсетудің ең игілікті жолы осы емес пе. Бұдан басқа тәсілдің кез келгенінің болашағы жоқ екендігін империя мен жекелеген тұлғалардың өмір­лік тәжірибесі дәлелдеп берді. Тек қана бәріміз бірігіп, бірімізді біріміз биік­­тетіп отырсақ қана әрқайсымыз өзі­­­міздің шыңымызға көтерілеміз».

Олжас үшін тарих – халықтың адам­гершілік пен философиялық тәжірибесі. Олжас еркіндік пен тәуелсіздік жайлы көп айтып, аянбай күрескен санаулылар­дың алдыңғы шебінде жүр. Бірақ Олжас айтатын тәуелсіздік – бұл бүкіл әлемнің тағдырымен тұтастықтағы өз тағдырың жайлы толғану. Бұл туралы Олжас 40 жыл бұрын жазған: «тәуелсіздік саяси ке­дергілерден арылтып, отарлық бұғауы­нан босаған елдердің ғасырлар бойғы оқшаулануын жойып, жалпы адамзат қызметінің барлық саласындағы әлемдік ықпалдастық үдерісіне қатыса алуы». Олжастың 1978 жылы айтқан мына бір сөзі де күні бүгінге дейін өзектілігін жой­­ған жоқ: «халық арасында жазу пайда болғаннан бастап мемлекет, ғылым, өнер дамыды; жазу ұмытылғанда – мә­дениет құлдырады. Кітап – өрке­ниет­тің ең тиімді және көрнекті нышаны болып табылады».

Ол зерттеу міндеттері мен насихаттау міндеттерінің араласуы қоспа болып шығатынын жақсы біледі, оның ең бас­ты кемшілігі – ғылымсымақтық.

Олжас «Аз и Я» кітабынан «шабыт­танған» және тарихта болмаған нәр­се­лерді ойдан құрауға құмар біраз тарихқа қызығушыларға жауап қатуы қажет бол­ды. Ақын қазіргі уақытта ғылымсы­мақ ғылымды ығыстырып отырғанын, со­ның салдарынан академиялық ғы­лым­­ның деңгейі құлдырап бара жат­қа­нын жақсы түсінеді.

Мұндай ғылымсымақтық тарих пен әдебиет ғылымдарында шовинистік және экстремистік бағыттағы көзқарас­тар­ды қалыптастыруға себепкер болу қаупі жоқ емес.

Олжас өз ұранына әркез берік: «Тауларды аласартпай, даланы асқақ­та­та­йық». Сонымен қатар, тарихтағы әрбір мәдени өркендеу өткенмен байланысты. Сол өткен тарихты өзге халық­тар­дан, олардың мәдени тәжірибесінен тасалап, ұлттық тар таныммен қарамаса, онда ол жемісті болып, халық мәдениетін кеңей­тіп, түрлендіре түседі, оның эсте­тикалық сезімталдығын байыта түседі. Сондық­тан ол үнемі тарих пен мәдениет­ке ерекше мән беруге шақырады.

Олжас бірде былай деген еді: «кейбір жал­ған отаншылдар өзінің ұлттық мәде­ние­тін «өзгеге ұқсамайтын» етіп көр­сет­кісі келеді». Ақын бұл ұғыммен келіс­пей­ді. «Өзгеге ұқсамайтын» мәдениет тек теңіздің ортасындағы мыңдаған жыл­дар бойы адам аяғы баспаған аралда ғана болады. Өзге мәдениеттермен байланысы жоқ «өзгеге ұқсамайтын» мәдениеттің, яғни аралдық мәдениеттің деңгейі төмен, тілі жұтаң болмақ.

Олжас өзінің осындай идеяларының ар­қа­сында әлемге танымал ақын болға­ны­нына сенімдімін. Мұндай ойлар өл­мей­ді: нағыз әдебиет ұшқыннан бастау алады, ол өлімді мойындамайды.

Олжастың әдебиет туралы толғам­дарын оқи отырып бей-жай қала алмайсыз. Жазушы үшін ең басты табыс – ойлауға қабілетті жандарды ойландыра білу. Ақынның әдебиет туралы толғам­да­рынан оның білімі мен интеллект тереңдігі бірден байқалады. Ол әрдайым қоғамдағы ең өзекті және жалпыадам­заттық мазмұндағы мәселелер туралы ой қозғайды, пікір білдіреді.

Олжас «маргиналдық тұлға» ұғымын дәл және ұғынықты етіп түсіндіріп бер­ді. Қалыптасқан ұғым бойынша, маргиналды тұлға туған халқы, төл мәдениеті мен тарихи дәстүрінен айырылған кос­мополиттік дүниетаным негізінде тұ­рақ­сыз тұлғаға айналады-мыс. Олжас бол­са логикалық ой мен түйсік арқылы мұндай адамдардың кез келген мәде­ниеттің маңызды негізін құрайтынын дәлелдеп берді. Бұл, біріншіден, екі әлем тоғысында дүниеге келген интеллигенция, мәдени және этникалық қоспаның нәтижесі, ал екіншіден, бұл «байланыс­тағы мәдениеттердің өзара ықпалдас­тығының нәтижесі және сонымен бірге өзара кірігу үдерісін жалғастырушы өт­кізгіш». Маргиналды ортаның әлемдік деңгейдегі тұлғаларды тудырғанына бәрі­міз куәгерміз. Иран және араб мәде­ниеттерінің тоғысында Инб Сина, Әл-Хорезми, Әл-Бируни, ал иран және түркі мәдениеті тоғысында Навои қалыптас­қандығы туралы Ақын ойы шындыққа саяды. Олжастың әдебиет және әде­биет­шілер туралы толғамдары өзінің нақты­лығымен, дәлелдігімен қызықты.

Жақсы талғамға негізделген және те­геурінді күшке ие поэтикалық талант­тың берер жемісі мол. Көркем шығарма­шылық жеңіске жету үшін оған кең ақыл кеңістігі қажет. Ақыл мәдениеті ғана рух мәдениетін қалыптастырады дейтіндер дұрыс айтады.

Олжастың афористік және ассоциа­тив­ті дәл айтылған сөздері өте мол. Ассоциация байлығы ойшылдың ішкі әлемінің бай екенін көрсетеді.

Оның мақалалары мен сөйлеген сөз­дерінің тақырыбына мән беріңізші. Ол кеңестік кезеңнің өзінде ұлтаралық қа­ты­настар мен мәдениет мәселесіне «ас­қақтап емес, асқақ биіктен» сөз етуді талап етті. Өзінің «Әдебиет – қызмет пе немесе қызмет ету ме?», «Ақынның ас­қақ үнді қуаты», «Болу немесе болып кө­ріну», «Ең алдымен тұлға бол», «Біз бо­лашаққа қажетпіз», «Мәңгі Ақиқатты іздеу», «Тыңдаушы-халық оқырман-ха­лық­қа айналды», «Ой адалдығы керек», «Халқым менің, тарихыңды ұмытпа», «Қайта өркендеу деңгейіндегі тұлға», «Шын­дық» билік құрған кезде», «Тек ақын­­дар ғана шындықты айта алды» және тағы басқа мақалаларында нағыз қаламгерлер ғана әдеби үрдістің шынайы бағасын беріп, туындаған мәсе­лелердің шешімін ұсына алатындығын көрсеткен. Халықтың ұлы даңқы жазу­шы­лардың еңбегімен келетіні де ақиқат. Қазақстанның даңқы баяғыда-ақ оның ұлы перзенті – Олжастың арқасында та­ралып үлгерді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір