Әйелдердің мемлекеттік қызметтегі үлесі артып келеді
Гендерлік мәселелер көптеген елдерде мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып отыр. Халықаралық сарапшылар гендерлік теңдік саласындағы үрдістерді үнемі қадағалап, саралап отыруды әдетке айналдырған.
1995 жылы Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекетімізде гендерлік саясатты қалыптастыруға бел буды. 1998 жылғы желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, өңірлерде кеңес беретін ұйымдар жұмыс істеуді қолға алды.
Бұл декларацияның мақсаты гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, барлық әйелдер мен қыз-келіншектердің құқықтары мен мүмкіндіктерін көбейтуге бағытталған. Бұл арада әйелдердің алдынан шығатын кемсітушіліктің барлық тәсілдерін жоюға және әйел заты үшін мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың тең болуын қамтамасыз етуге кепілдік береді.
Еліміз 2020 жылдың қорытындысы бойынша 156 елдің ішінде 79 орында тұрды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан рейтингінің айтарлықтай төмендеуі байқалған екен.
Сол төмен көрсеткіштің себебін жоюмен жұмыс жүргізіп келеді. Әйелдердің басқарушылық амбициясын қолдау мақсатында сайланбалы органдарда әйелдерге көп мүмкіндіктер қарастырудың арқасында үлесі көбейген.
Мәселен, 2020 жылы ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға түзету енгізілді. Енгізілген түзетулерде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі әйелдердің үлесі – 27,1 %, барлық деңгейдегі жергілікті өкілді билік органдарында – 30,5% болды. Өңірлердің алты облыстық мәслихатында депутат әйелдердің үлесі 30%-дан асқан.
2021 жылғы статистикаға сүйенсек, әйелдердің мемлекеттік қызметшілер арасындағы үлесі іс жүзінде 55,5 пайызды, саяси қызметте – 8,9 %, «А» корпусының әкімшілік қызметшілері арасында − 11,4 %, «Б» корпусында − 55,9% болды деген дерек бар. Басшылық лауазымда қызметте жүргендердің үлесі – 40% құрапты.
Әйелдердің, әсіресе көп шоғырланған жері – бірінші кезекте, шағын және орта бизнесте көптеп байқалуда. Тағы да статистиканы ашып қалсаңыз, шағын және орта бизнес саласында 44 пайызға жуығын қыз-келіншектер тізгіндеп отырғанына көзіміз жетті.
Осылайша, әйелдердің ерлермен теңесуіне жағдай жасайтын болсақ, нәтиже жылдан-жылға жақсарады деген үміт бар. Әйелдерді кәсіпкерлікке үйрету үшін арнайы орталықтар ашу жоспарланған. Халықаралық тәжірибеге сүйенген елімізде қыз балаларына кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету мақсатында бизнес-тренингтер ұйымдастырып, кәсіпкер әйелдер үшін көлемді инвестициялар тарту да жүзеге асатын болады.
Әйелдерді қолдап, оларға мүмкіндіктер жасау – ердің қолына алақан жаймай, ерлермен бірдей табыс тапқан әйелдің отбасында да рөлі артатыны ақиқат. Ана әр кез отбасының мүддесін жоғары қояды. Бала-шағаның қамы үшін 1990 жылдары ала дорба асынып, базар жағалап, бір әулетті асыраған аналар көп арамызда. Солардың арқасында қазақтың көп отбасылары тығырықтан шықты. Кәсіптің құлағын ұстап, әлі де соның жемісін көруде. Әйел баласының білімі мен оған салған инвестиция өз нәтижесін береді деп сенімді түрде айта аламыз.
Жанна АҚБЕРГЕНҚЫЗЫ