СОҒЫС ШЫНДЫҒЫ ТҮПКІЛІКТІ АШЫЛҒАН ЖОҚ
Шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтай жүгіріп: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын», – дейтін бала Аян көпшіліктің есінде шығар. Жалпы, қазақ көркем әдебиетінде Екінші дүниежүзілік соғыстың шері мен зары аз айтылмады. Сөйтсе де, Екінші дүниежүзілік соғысқа кетіп бара жатып Шығыстағы еліне қимай ұзақ қараған, азаматы кеткен Батысқа ұзақ қадалып, сол жақтан хабар күткен тұтас ұлттың тағдыры таңбаланған шығармалардан Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы, сол соғыстың ауыр жылдарындағы, соғыстан кейінгі ұлттың психологиясын, талайы тағдырын іздейміз. Иә, Екінші дүниежүзілік соғыстың шері мен запыраны бізге көркем әдебиет арқылы жақсы таныс. Ал сол соғыстың бары мен жоғы бүгінде тарихшы мамандар тарабынан қалай зерттеліп, зерделеніп жатыр деген сауалдар төңірегінде Гүлжаухар Кәкенқызымен әңгімелескен едік…
– Дүние дүние болып жаралғалы адамзат баласы ғаламдық және аймақтық ауқымдағы көптеген соғысты бастан өткеріп келеді. Біреуі жеңіп, екіншісі жеңіліп жатқан сол алапат соғыстардың тарихын тасқа басқанда әр ел қандай саясат ұстанады, қандай тарихи әділеттілікті бағдаршам етіп алады, қандай нақты деректерді қолданады?
– Адамзат тарихындағы барлық соғыстар тарихын бір сұхбатта айту қиын. Сондықтан заманымызға жақынырақ соғыстардан мысал келтірейік. Франциядағы революция нәтижесінде құрылған республиканы империяға айналдырған соң, Наполеон Бонапарт жаулаушылық жорықтарын бастағаны белгілі. Бұл соғыстар Еуропа елдері тарихында «Наполеон Бонапарт империясының құрылуы және күйреуі» деген мәселе аясында қарастырылады. Наполеон әскерінің шабуылына ұшыраған бірде-бір елдің тарихында бұл соғысқа айрықша атау берілмеген. Ал Наполеонның осы жорықтарының бір көрінісі – Ресей мен Франция арасындағы соғысты Ресей тарихнамасында «1812 жылғы Отан соғысы» деп атайды. Алайда, бүкіл Еуропа елдері, соның ішінде, Ресей тарихнамасында бұл соғыстардың тарихы бұрмаланбай, объективті түрде зерттеледі. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысты алғанда да еуропалық тарихнамада айрықша бұрмалаушылықтар жоқ. Дегенмен де, Батыс майданындағы аса бір ауыр шайқастар, Ұлыбритания мен Францияның мойнына түскен ауыртпашылық бұрынғы кеңес, қазіргі көрші ел тарихнамасында көмескілеу көрсетілгенін байқаймыз.
– Екінші Дүниежүзілік соғыстың шындығын әр ұлт өзінше айтып, жазып жүр. Әр елдің өзіндік қалауы, мемлекеттік амбициясына қарай бұл соғыс шындығының бұрмалаған тұстары да бар шығар?
– Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы кеңес кезінен бастап-ақ бұрмаланды, ол кезде Кеңес Одағының соғыс қарсаңындағы сыртқы саясаты, кеңес-герман қатынастары, кеңес әскерлерінің Польшаға енгізілуі, кеңес әскерлерінің алғашқы айлардағы жеңілісінің себептері, Батыс елдерінің жеңіске қосқан үлесі, соғыс тұтқындары, кеңес-фин соғысы, тағы басқа үлкен мәселелер тарихы тек КСРО үшін тиімді сипатта түсіндірілді. Сондай-ақ, осы мәселелерге қатысты деректер мен құжаттар сақталған мұрағат қорлары зерттеушілер үшін мүлде қолжетімсіз болды. Өткен ғасырдың 90 жылдарында бірқатар мұрағат қорлары ашылып, соғыс тарихының бұрын белгісіз болып келген тұстарын зерттеуге мүмкіндік берілген-ді. Жаңа деректерді талдау нәтижесінде Екінші дүниежүзілік соғыстың, соның ішінде 1938–1939 жылдардағы халықаралық саяси дағдарыстың жаңа қырлары ашылды, Кеңес Одағының осы дағдарыс жылдарындағы сыртқы саясатының «ақтаңдақтарын» ашуға мүмкіндік туды. Алайда, бүгінгі күні тарихшылар осы мүмкіндіктен тағы да айырылып қалып отыр. Бұл жағдай соғыс тарихының бүкіл мұрағаты қолында отырған көрші мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы кейбір өзгерістердің салдарынан туып отыр. Осылайша бүгінгі күні Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалаудың жаңа толқыны басталды. Сол бұрмалаушылық біздің солтүстік көршіміз бен Балтық жағалауындағы мемлекеттердің арасында салқындық туғызып отырғанын байқаймыз.
– Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қазақтар көрсеткен ерен ерліктер ұмыт қалып, ендігіде, әсіресе, империялық пиғылы басым мемлекеттер тарапынан қазақтарды жеңіске дәнеме қоспағандай санап жатқандары көңілге келеді. Кезінде «Правда» газеті қазақтардың «жақсы соғысып жатқаны» туралы жазғанын да айтқысы келмейтіндер баршылық. Кейінгі уақытта «Соғысты Орта Азиясыз-ақ жеңетін едік» дейтін астам сөздерді естіп қалдық. Жеңіске қосқан ерлігіміз бен еңбегімізді елемейтін астамшылыққа қандай жауап бергеніміз жөн.
– Иә, бүгінгі күні империялық амбициялары күшейген мемлекеттерде өзінің тұрғындарынан басқа халықтардың соғыстағы ерлігін көмескілендіру әрекеті бар екенін білеміз. Сол психология мен сол амбицияны Шығыс Еуропадағы соңғы он жылда қаптап ашылып жатқан орыс тілді туристік мекемелердің саяхаттық жетекшілерінің (гид) сөздерінен де көріп, жанымыз түршігеді, олар тіпті «кеңес әскерінің ерлігі» деген сөзді айтпайды, бір ғана халықтың ерлігін еске салады. Әрине, мұндай адамдар соғыстың мәнін түсінбейтін, ұрандап шапқылауды ғана білетін тоғышарлар екені даусыз. Ал енді «соғысты Орта Азиясыз-ақ жеңетін едік» деген пікір – тым жаңсақ айтылған, ойсыз, мән-мағынасыз сөз. Жау Кеңес Одағының бүкіл Батыс жерлерін басып алып, Мәскеуге жақын келіп, масайрап тұрған кезде, Орта Азия республикалары мен Қазақстан сияқты ресурстарға бай тыл болмаса, Батыстан осы аймақтарға көшірілген кәсіпорындар айрықша жылдамдықпен іске қосылып, кеңес әскерін қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етпесе, жауды қалай талқандар еді?! Шығыс республикаларда жасақталған әскери бөлімдерді қалай ұмытуға болады? Мұндай астамшылыққа біз Қазақстанның, қазақ халқының жеңіске қосқан үлесін ғылыми түрде зерттеумен, жаңа деректерді іске қосумен жауап беруіміз қажет. Алайда, соңғы жылдарда шығып жүрген кейбір еңбектердің атауларына қарасаңыз, әжептәуір тарихшылардың өзі соғыстың шынайы тарихын жетік біле бермейтінін байқайсыз. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы көптеген елдердің тарих ғылымында үлкен, маңызды мәселе ретінде зерттеледі. Ал бізде Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы публицистика мен көркем әдебиеттің ғана еншісіне берілген, ғалымдар бұл мәселеге арнаулы ғылыми еңбектер жаза бермейді, сондықтан да кейбір мемлекеттерде «соғысты Орта Азиясыз-ақ жеңетін едік» деген пікірлерге жол беріліп жүр. Мұндай пікір айтатындарды жаңа дәйекті зерттеулермен, жаңа деректермен, тарихи құжаттармен «төпелеп» қана тоқтатуға болады.
– Әлем әдебиетінде баталия жанры ерекше дамыған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты көркем шығармалар сан алуан. Бірақ А.Бектің «Волоколамск тас жолы» басқыншылық соғыста аз ұлттан шыққан ұлт офицерінің образын сомдады. Егер, шығарма кейіпкері аз ұлт өкілінен шыққан офицер емес, империялық пиғылы басым ұлттан болса, кейіпкердің даңқы мен дақпырты қаншалықты алысқа кетер еді деген сұраққа жауап беруге бола ма?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Әрине, жоғары әскери білімі бар, офицерлік шеберлігі мен тәжірибесі мол, ойы ұшқыр, батыл, қайсар Бауыржан Момышұлы сияқты феномен біздің халқымыздың айрықша мақтаны екені даусыз. Сондай-ақ, осы бір ғажап адамның ұлтын сүюі мен ұлттық намысын жоғары ұстауына таң қаласыз, оның еңбегі мен ерлігінің ескерілмегеніне қынжыласыз. Бірақ Қазақстанда батыр ағамызды білмейтін және мақтаныш тұтпайтын адам жоқ қой, соның өзі жоғары баға емес пе? Ал басқа, бөтен халықтың мойындаған-мойындамағанының қандай маңызы бар? Кеңес Одағының басқа аз санды халықтарының да біз білмейтін, бірақ өздері мақтаныш тұтатын кейіпкерлері бар шығар. Осы кейбіреудің бізге «үлкен аға» болып, «жөн үйретуінен» мезі болған жоқпыз ба? Жақсымызды, дарынымызды, батырымызды өзіміз танып, өзіміз құрметтейік, басқаның мойындауына телмірмей-ақ қояйықшы!
– Қазақ тарихында «Батыр» атағын алған ержүрек жандар аз емес. Алайда, сол батырларымызды тану мәселесі қандай? Тіпті, Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевтың екі жүзге жуық жау танкісін жойғанын көпшілік біле бермейді. Майдан даласындағы әскери көрегендігі шет мемлекеттерде үлгі ретінде оқытылатын Бауыржан Момышұлының өзі сол соғыста еленбеді. Аты аңызға айналған Талғат Бигелдинов, Невель қаласында опат болған полковник Әбілқайыр Баймолдин… деп тізе берсек, бұл тізімнің таусылмасы анық. Ендеше, ерліктері белгілі-белгісіз жауынгерлерімізді ұлықтау мәселесін кім, қалай қарастыруы керек деп ойлайсыз?
– Бұл мәселе жоғарыда айтылған Қазақстандағы соғыс тарихын зерттеу мәселесіне барып тіреледі. Жыл сайын қанша студент, қанша магистрант, қанша докторант Қазақстан тарихының мәселелері бойынша дипломдар мен диссертациялар жазады. Неге соларға осы тақырыптар берілмейді? Докторанттар немесе жас ғалымдар неге Мәскеудің мұрағаттарына барып, осы мәселелер бойынша деректер жинамайды? Дәйекті дәлелдер бар болса, оны жарыққа шығару қиын емес қой. Сондай-ақ, студент немесе магистрант аса кең көлемдегі немесе теориялық тереңдіктегі еңбектер жаза алмайды, бірақ соғыстағы жеке адамның ерлік істерін анықтай алады ғой, мұндай қолданбалы сипаттағы жұмыстар олардың қолынан әбден-ақ келеді емес пе. Сондай-ақ, жеке адамдардың ерлігіне қатысты құжаттар мен дәлелдер іздеу жұмысымен өлкетанушылар да айналыса алады ғой. Ресейде өлкетанушылар соғыста хабарсыз кеткен адамдардың бірталайының есімдерін анықтап, қабірлерін тауып жатыр ғой. Бізді өлкетанушылар да сондай нақты жұмыстармен айналысуы қажет қой. Туған облысында немесе ауданында қанша әнші немесе ғылым кандидаты барын анықтауға уақыт жібергеннен гөрі, соғыста хабарсыз кеткен немесе аты-жөні белгілі, бірақ ерлігі елеусіз қалған батырларды анықтаса, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Дәйекті дәлелдер жинақталған соң, олардың ерлігін атап, марапаттау ісіне тиісті мекемелерді тарту аса қиындық туғызбайтын шығар деп ойлаймын.
– Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 млн.-нан аса азаматын шығарып салған екен. Сол майданда 500 мыңға жуық қазақ азаматы қаза тауыпты. Бұл санның қазақ халқы үшін қандай қасірет екенін бүгінде ескере бермейміз. Сөйтеміз де, соғыс жайлы, соғыстың қаһармандары туралы орынды-орынсыз пікір айтуға құмармыз. Осының себебі неде?
– Бұл – жалпы ғылымға деген көзқарастың өзгеруі мен ғылымның беделі төмендеуінің көрінісі. Қазіргі тарихшылар жылдам диссертация қорғауға, жылдам кітап шығаруға, жылдам атақ алуға ұмтылады. Сондықтан көп зерттеуді, мұрағаттарды көп қазуды талап ететін тақырыптарға жоламайды. Соның салдарынан бірқатар маңызды мәселелер көлеңкеде қалып жатыр. Кейбіреулер мұрағаттарды қазудың орнына интернеттен, әлдебір төмен сапалы кітаптардан үзіп-жұлып алған мәліметтерін өзі тапқандай қылып, жылдам теледидардан, баспасөз бетінен айтып қалуға тырысады. Кейде өмірінде соғыс туралы бір мақала жазбаған, тіпті ХХ ғасыр тарихымен мүлде айналыспайтын адамдардың соғыс тарихының күрделі де маңызды мәселелері туралы батыл пікір айтып жатқанын көреміз. Бұл қазіргі ғылымның барлық саласындағы кәсібилік (профессионализм) деңгейдің төмендеуінің, дилетанттық пен әмбебаптылықтың (универсализм) орын алуының көрінісі. Мұндай адамдар интернеттегі күдікті мәліметті тауып алып, өз пікіріндей көрсетуге арланбайды. Кейде олардың ойсыз, ұшқары пікірлерін жастар қағып алып, саяси мәселеге айналдырып жібереді. Өзін-өзі сыйлайтын, ғылыми деңгейі жоғары адамдар өзі айналыспайтын тақырып туралы пікір айтпайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
P.S.: Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғыстағы жалпы адам шығыны нақты емес. Соғыс даласында нақты қанша қазақ шейіт болғанын да дәл айта алмай, болжам жасайтынымыз бар. Шамамен болжап айтар санымыз – жарты миллионға жуық қазақтың қанын мойнына жүктеген ол соғыстың талай құпиясы мен шері әлі де ашыла түсуі керек болар…
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.