АЗАМАТЫ БІР БӨЛЕК
Қазіргідей құбылмалы заманда «тазы боп шалатындар» баршылық екені рас. Бірақ сол қарпығандары мен қамтығандарын қанатының астына басып емес, сұңқарларша маңайына шашып жейтіндер ілуде біреу-ау… Әрине, «Елім!» дегеннің ертеңі жарқын, болашағы биік. Әсіресе, ұлттық руханиятымыздың қадау-қадау тұлғаларына қолдау көрсетуге ықылас танытатындар, тіпті некен-саяқ. Десе де, материалдық игіліктер жасаудан алшақ, әдебиет, мәдениет пен өнерді көркейтуге ғана жаратылған талант иелеріне сол «некен-саяқтардың» бүйректері неге бұрып тұрады екен осы?.. Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті меценат Ислам Әлмаханұлы Әбішевті сол төңіректе әңгіме өрбітуге тартқан едік.
– Өмірде көп сыннан өтіп, жақсыны да, жаманды да бастан кешірдіңіз. Тіршілік барысында кездесетін қастықты қалай қабылдайсыз, достықты қалай бағалайсыз?
– Қастық дегенге тереңірек үңілу керек сияқты. Өйткені, қастық жасаған адам да өз ойынша «менікі дұрыс, мен дұрыс жасап жатырмын» деп ойлайды ғой. Ондайда сол адамның әрекетіне қарап, «мүмкін оның бұл ісі дұрыс та шығар» дегендей оймен барынша сабырмен талдау жасауға тырысамын. Осы уақытқа дейін менің өміріме тікелей қастық, қастандық жасап, тасадан тас атқан ешкім бола қойған жоқ. Мен туралы теріс пікір айтқандар мен жұмысымды сынағандарды қастық деп есептемеймін. Оны түсінбестік деп білемін. Мұзбалақ ақынымыз Мұхтар Шахановтың «Түсінісу теоремасы» деген ғажап өлеңі бар:
Оңай емес, оңай емес бұл егес,
Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.
Керек десең, түсінбестік – кінә емес,
Қылмыспен тең – түсінуге тырыспау! – дейді. Иә, жұмыс барысында аяқтан шалып,қызметке кедергі жасау үшін орынсыз сынап, теріс пиғылда мақалалар жазатындар кездеседі. Сондайлардың кесірінен қызметімнен алынып қалған кездерім де болды. Бірақ мұның бәрін мен қастық деп ойламаймын. Қалайда өз міндетімді дұрыс атқаруға тырысамын.
Мысалы, мен Өскемен қаласында әкім болып тұрған кезімде жергілікті Денис Данилевский деген журналист өзінің айына бір рет шығатын он беттік «Флещ» газетінің сегіз бетін менің жұмысымды сынауға арнайтын. Мен сол материалдарды түгел оқып шығатынмын. Ол жергілікті деңгейдегі талантты журналистердің бірі болатын. Нысанаға алған объектісін құр баяндап қана қоймай, терең зерттеп, саралап, дәйектермен дәлелдей жазатын. Жазғандарының 40 пайыздайы әділ сын еді. Мен сол сындарды дұрыс қабылдау арқылы қаладағы қайсыбір күрделі мәселелерді уақтылы шешетінмін. Кейін, үш жылдан соң, Астанаға қызметке ауысар кезімде тонның ішкі бауындай араласып кеткен өскемендіктермен қоштасарда оларға өз алғысымды білдіре тұрып, сол журналиске ерекше рахмет айттым.
Өйткені, мен оның жазғандарына қарсы мақала ұйымдастырып немесе газетті сотқа беріп, қудалап, әуреге түскен жоқпын. Бірақ сындарының жұмысыма пайдалы жақтарын ескердім. Мысалы, ол «қаланың үшінші ықшамауданында мынадай кемшілік бар», – деп жазса, мен тура сол жерге барып, бүкіл журналистерді, оның өзін де шақыртып, мәселеге көз жеткізіп, тұрғындармен дидарласып, олардың өтініштері мен талап-тілектерін қолымнан келгенінше қолма-қол шешуге тырыстым. Қазір ол екеуміз ең жақын адамдар болып кеттік, жақсы қарым-қатынастамыз. Міне, мұны баспасөздің, ондағы әділ сынның пайдасы деп түсінемін.
Осындай тағы бір жағдай болды. КТК арнасы Өскеменде үй-жайсыз қалған бір кейуана туралы хабар таратты. Иә, шын мәнінде солай екен. Ол апаны біз қадағалауымызға алған соң оған қаланың бүкіл қамқор азаматтары өз қолдарынан келген көмектерін жасады. Ол кейуананы қарттарды емдейтін жерге орналастырып, жағдайын жасадық. Соған қарамастан КТК арнасы арада бес-алты ай өткеннен кейін бұрынғы жазылған хабарын қайталап көрсетіп, елді шулатты. Сол кезде мен емес, бүкіл қала жұртшылығы, апаға қол ұшын созғандардың бәрі наразылық танытып: «Сендер бұрынғы таратқан хабарларыңның нәтижесін тексеріп, зерттеп барып неге материал ұйымдастырмайсыңдар? Шешімін тапқан мәселені неге көзбен көрмейсіңдер? Жалған жала жапқандарың үшін әкімдіктен кешірім сұраңдар», – деп, үш мыңдай адам қол қойып, КТК басшылығына хат жолдады. Бұның бәрі ненің арқасы? Әрине, кез келген мәселені халық арасына барып, ашық талқылағанның арқасы. Шындықтан қорықпау керек деп ойлаймын. Өйткені, шындық барлық уақытта өзін дәлелдейді. Соның нәтижесінде халық пен әкімдіктің арасында тығыз байланыс, шынайы сенім орнады. Сол КТК-ға қала әкімі емес, үш мыңдай халықтың өздері дәлелді хат жазғандары өскемендіктердің өз қаласына, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына шынайы жанашырлықпен қарайтындарын, болған қайсыбір келеңсіз жайларға қабырғалары қайысатындықтарын айғақтады. Бұл – бір өңірдегі ғана тірлік көріністері.
Ал қазіргі қызметімде нормативтік-құқықтық актілер жасау кезінде өз министрлігімізбен қатар өзге де министрліктермен үйлесімді жұмыс атқаруға тура келеді. Сондай кездерде келіспеушіліктер туындап жатады, бірақ олардың барлығы біртіндеп түсіністікпен шешіледі. Қызметімнен алғаш кеткенде де мен ол әрекетімді: «Жоғарыдағыларға өз позициямды дұрыс түсіндіре алмағандықтан, ынтымақта жұмыс істеудің мүмкіндігі болмады» деп қабылдадым. Кейін бәрін түсіндіруге мүмкіндік туды. Өз ұстанымымды дәлелдей алдым, сөйтіп, қызметіме қайта оралдым. Мұндай «кедергілердің» бәрін қастандық деп ойламаймын.
Ал енді достыққа келер болсақ, ол жай пайда бола салмайтын байланыс. Ол үшін достасатын адамыңмен ой-өрісің сәйкес келуі керек. Өмірге деген көзқарастарың да үйлесімді болуы керек. Тіршілік барысындағы ұстанымдарың да жақын болуы тиіс. Достық әр түрлі жағдайларда сыннан өтеді. Ол сол достасқан, тіл табысқан адаммен көзің жұмылғанша бірге, бір мақсатта болу деген сөз. Ертеректе, кеңшар директоры болып жүрген кезімде жазықсыз орнымнан алынып, кәсіпкерлікпен айналысуыма тура келді. Кейін, мемлекеттік лауазымды қызметте жүріп қызметтен негізсіз босап қалғанымда да сенген достарым жанымнан табыла білді. Ешқайсысының мінезінен ешқандай өзгеріс байқалған жоқ. Әсіресе, әдебиет пен өнер саласында жүрген азаматтар өз көзқарастарынан айнымады. Қайта мен солардың арасында көбірек болып, олардың шығармаларын оқып, музыкаларын тыңдап, бұрынғыдан да тығызырақ араласып кеттім. Сондықтан есепке құрылмаған достық – мызғымайтын нағыз достық деп білемін.
– Зиялылар өкілдерімен болған бір кездесуде Алматы қаласындағы жұртшылықты мезі еткен транспорт кептелісін реттеуге болады дегенді де айтып қалып едіңіз. Соны сөзбен бе, іс-әрекетпен бе, қалай шешуге болады.
– Үлкен қалалардағы, әсіресе, Алматы сияқты мегаполистегі ең күрделі мәселелердің бастысы – кептеліс. Оны шешу үшін ең алдымен сол кептелісті жасайтын жайларды терең зерттеп алу керек. Қай жерде, қандай уақытта және не себепті кептеліс болып жатыр? Ең бірінші сол қаладағы транспорт жүйесін зерделеп, көлік қай жерде тоқтауға болады, қай жерде тоқтауға болмайтынын байыптап барып, көше қозғалысын реттеуге кіріскен жөн. Мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары кезімде Шымкент қаласы бойынша транспорт қозғалысы мәселесіне басшылық жасадым. Қаладағы күрделі мәселелерді шешуге арналған штаб құрылып, соған мені жетекші сайлап қойды. Себебі, қала әкімінің қала бойынша құзыры жүргенімен, облыс деңгейіндегі сала жетекшілеріне әмірі жүре қоймайтыны рас. Сондықтан облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев қаладағы ең күрделі мәселелерді жедел түрде шешу үшін штаб басшысы етіп мені қойды да, біз қала әкімі екеуміз атқарған қызметтеріміз туралы апта сайын облыс әкіміне есеп беріп отырдық. Сол кезде маған осы кептеліс мәселесімен көбірек айналысуыма тура келді. Содан кейін Өскемен қаласының әкімі болған кезімде де бұл жағдай алдымнан шықты. Сонда қалалық автомобиль қозғалысын реттеу арқылы 15-20 пайыз кептелісті жоюға қол жеткіздік.
Екінші мәселе, қаладағы кептелісті тек қала бюджетімен ғана шешіп тастау мүмкін емес. Динамиканы қарау керек, қаладағы кептелісті шешуге қандай әрекет жасап жатырмыз, әрі қалаға қанша көлік қосылып жатыр. Оны есептегенде тек қала территориясындағы машиналардың есебін алумен ғана шектелуге болмайды. Қаланың қақ ортасынан алғанда айналадағы 150-200 шақырым радиустағы көліктер санын қоса есептеу керек. Өйткені, осы қашықтық арасындағы көліктердің кемінде 50 пайызы түрлі жұмыстармен аптасына бір рет қалаға кіріп жатады. Ал 40-50 шақырым қашықтықтағы мекендер тұрғындарының басым бөлігі қалаға күнделікті келіп жұмыс істейді. Оның өзінің есептеу коэффициенттері бар, сонымен есептеп, қалаға күніне қанша көлік кіріп, шығатынын, өсу динамикасын бағамдауға болады. Олардың саны 5 жылда қанша өсетінін айқындап алу керек. Сонымен бірге, кептеліс қалада қай жерде, қай сағатта, қандай маршрутта, қанша ұзақтықта болатынын зерттеп, оның бүге-шігесіне дейін біліп алу керек. Осындай статистика кептеліс мәселесін шешуге негіз болады.
Содан соң үшінші шарт, қай жерлердегі кептелісті қандай жолдармен азайтуға болады? Біз жоғарыда қала қаражатымен 20 пайыздай мәселені шешуге болатынын айттық. Енді қаржы жұмсамай-ақ шешетін мәселелер бар. Кейбір маршруттарды алып тастау не өзгерту, жол ережесіне сай белгілерді қою арқылы да ақшасыз, бірақ тиісті құжаттармен кептелісті азайтуға болады.
Мысалы, Шымкент – айналасымен қосқанда халқы миллионнан асып кеткен қала. Яғни көлік саны аз емес, бірақ кептеліс аз. Себебі не екенін білесіз бе? Себебі, онда Өмірзақ Естайұлының кезінде жасалған тәртіп бар. Екіншіден, Асқар Мырзахметовтың кезінде қаладағы үлкен көшелердің бәріне дерлік бағдаршамды күтпей-ақ бұрылып кететін қылта жолдар жасалды. Сол қылта жолдар қаладағы кептелістерді бірден азайтты.
– Бұл қылта бұрылыстар салу алғаш Алматыда жүзеге асырылған жоқ па?
– Алматыда бұндай қылта бұрылыстар көп емес. Әрине, республика өңіріндегі басқа қалаларды Алматымен салыстыруға болмайды. Алматыда мұндай қылта бұрылыстар сала беруге мүмкіншіліктер жоқ та шығар.
Одан соң кептелісті жоюдың үшінші жолы бар. Бұл күрделі, көше жолайырықтарын салу қажеттігі. Оны қандай қаржымен жасату керек? Оған мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктерді пайдаланып шешуге болады. Мысалы, кептелістің ең көбі қала ішіндегі немесе қаладан шыға берістегі базарларға байланысты. Мен ойлаймын, сол мекемелердің иелері сол базарлардан мол табыс тауып отыр. Ал қаншама халық сол базарлар тудырған кептелістен зардап шегуде. Яғни әкімшілік сол кәсіпкерлермен бірлесе отырып, кептелісті болдырмауды ойластыруы керек. Базар иелерінің пайда тапқаны дұрыс қой, ендеше халыққа зиянын да тигізбеуі керек қой. Біріншіден, қанша адам сол кептелістерде сағаттап тұрып, жұмыстарынан кешігеді. Екіншіден, қаншама экология бұзылып жатыр. Мысалы, біз Шымкентте кәуап пісірушілерді «экологияны бұздыңдар», – деп қудалаған кезіміз болды. Ал қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияны орасан зор базар маңындағы кептелістерге неге қарамаймыз? Базар иелерінің өздері бұл мәселені шешуге құлықты болуы керек. Яғни мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктерді пайдалана отырып, оны жақын уақытта реттеуге болады.
Төртінші, Алматы тау бөктеріне орналасқандықтан, оның өрі мен ылдиы бар. Жолайрықтарын салғанда осы ерекшеліктерді есепке алу керек. Бесінші, қала ішіндегі кептеліс тудыратын құрылыс жұмыстарын түнгі уақытта жүргізу керек. Жол жөндеу жұмыстарын да солай, түнде, өте тез атқару керек. Өскемен қаласында біз солай істедік. Әрине, Өскемен Алматының кішкентай бір бөлігіндей ғана ғой. Бұл менің жалпылама айтып жатқан ұсыныстарым. Дегенмен, екі жылдың ішінде Алматыдағы кептелістерді мүмкіндігінше азайтуға болады.
– Оңтүстік өңірдегі су мәселесін көршілес елдермен байланыс жасау арқылы жүзеге асыруға болатыны туралы халықаралық әңгіме қозғадыңыздар. Осы мәселені оқырмандарға аражігін аша түсіндіре кетсеңіз.
– Су мәселесі – өте нәзік мәселе! Мысалы, Жамбыл облысының 75 пайыздан астам суы көршілес Қырғыз Республикасынан келеді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзені трансшекаралық өзен, оған өзімізде тек Арыс өзені ғана қосылады. Қалғандарының бәрі жоғарыдан – Өзбекстаннан, Тәжікстаннан және Қырғызстаннан келеді. Біздің бағымызға, елдің бағына қарай осындай аса маңызды да нәзік мәселені Елбасымыз Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеті басшыларымен кездескенде жоғары деңгейде қозғап, шешіп келе жатыр. Достық рәуіштегі елдер арасында кешегі кеңес үкіметі кезінде белгіленген су бөлісі мөлшері сақталу үшін жоғары мемлекеттік деңгейде келісім жасалып, шешім қабылданған. Ал оның орындалуын қадағалау тиісті министрліктерге жүктелген. Туындаған мәселелерді бірлесіп шешіп отыруға тырысамыз. Су мәселесі, әсіресе, жаз айларында күрделене түседі. Соның өзінде әзірше шешілмей жатқан ештеңе жоқ. Еларалық түгілі бір ауылдың ішінде судың бас жағында отырғандар мен аяғында отырғандар арасында да кейде келіспеушілік болып жатады ғой.Мемлекеттік деңгейде қайсыбір қиындықтар болғанымен, министрлік, комитет деңгейінде келіспеушіліктер, кері тартушылықтар болған емес. Кейбір шиеленісті мәселелер бейбіт жолмен, түсіністік жағдайда шешіліп келе жатқанына Құдайға шүкір айтамыз.
Тәуелсіздік жылдарында, күні бүгінге дейін судың жетіспеушілігі, соның кесірінен егіннің шықпай қалып, үкіметттің компенсация төлеуі сияқты келеңсіздіктер әзірше орын ала қойған жоқ. Дегенмен, Сырдария өзенін пайдалану мәселесі туралы кезінде төртжақты келісім болғанымен, суды әр мемлекет өзі керегіне қарай көбірек алып қою жағдайлары болып тұрады. Бұл мәселелер кеңес кезінде жоғарыдан басқарылып отырды ғой. Тәуелсіздік алған соң әр ел өз саясатын жүргізе бастады да, бұрынғы ирригациялық режим сақталмайтын болды.
Қыс пен көктемгі су тасқыны Қызылорда облысының елді-мекендерін басып қалып, зиянын тигізсе, керісінше, жазда су жетпей қинайтынын ескеріп, біз Елбасының тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстан облысыда Көксарай су реттегішін салдық. Сол арқылы энергетикалық режимде жұмыс істеу бізге пайдалы бола бастады. Себебі, қыста Шардара су қоймасына 5 миллиард текшеметр, Көксарай су қоймасына 3 миллиард текшеметр, барлығы 8 миллиард текшеметр су жинап аламыз. Сөйтіп, Шардара ауданы мен одан төменгі аудандарға, Қызылорда облысына жеткілікті мөлшерде су сақтап алу мүмкіншілігіне қол жеткіздік.
Енді мұның екінші жағы бар. Мақтаарал ауданының 136 мың гектар суармалы жеріне жазда су керек болады. Шардараның суын жоғары қарай ағыза алмаймыз. Осы бір мәселелерді реттеу үшін Елбасының тапсырмасымен Шардара су қоймасынан насоспен су тарту арқылы Достық каналына су жеткізетін, екі араны жалғастырушы Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл каналын салдық. Оған ұмытпасам, 14 миллиард теңгедей қаржы жұмсалды. Бұл жерде айта кетерлігі, төрт мемлекеттің арасындағы келісім бойынша 960 миллион текшеметр суды Достық каналы арқылы алуымыз керек болса, біз Шардара су қоймасына иек арта бермей, сол лимитімізді тиесілі уақыттарда алып отыруымыз керек. Шардара су қоймасы төменгі жақ үшін керек болады. Яғни өзімізге тиесілі лимитімізден айрылып қалмау жағын қатаң қадағалауымыз керек.
Қазір төртжақты келісім өз деңгейінде жұмыс істеуін тоқтатқандықтан, меніңше әр елмен екіжақты келісімдер жасап, жұмысты жандандыруға тиістіміз. Өйткені, төртжақтыға қарағанда мұның оңайға түсетіні анық. Бұл ұсынысты Үкімет басшылары да қолдайды деп сенемін. Оңтүстіктегі су мәселесі дегенде жұрт ең алдымен Мақтаарал ауданын, Достық каналын еске алады. Ал сол мөлшердегі су Сарыағаш, Қазығұрт аудандарына да Өзбекстаннан келеді. Қайткенде де су жетпей қалған кездер болған емес. Ал ішкі сулар туралы айтар болсақ, мәселен, Түркістан ауданында тамыз айынан кейін су болмай қалады. Оған қарағанда Өзбекстаннан келіп жатқан сулармен қамтамасыз етілетін аудандарда мәселе оңайырақ шешімін табуда. Ол өңірлер тамыз, қыркүйек айларында да сусыз қалған емес.
Қазір мына Жамбыл облысында су мәселесі қиындау болып тұр. Мұнда суды қырғыздардан тікелей аламыз. 2014 жылы болған жалпы су тапшылығынан көп проблема туындады. Бұл жердегі бір қиындық – Қырғызстандағы ауыл дихандарының жоғары басшылықтың айтқандарын тыңдай бермейтіндігі. Өте үлкен мәселе осында болып тұр. Егер су азайса, олар алдымен өздерін толық қанағаттандырып алмай, бізге су жібермейді. Болашақта бұл мәселелер де дұрыс шешіледі деп ойлаймыз. Өйткені, көршілеріміздің де жағдайы жақсарып, басшылық дұрысталып келе жатыр, соған қуанамыз. Соның өзінде де көктемгі суларды жинайтын төрт су қоймасын салмақшымыз. Оның көлемі 100 миллион текшеметрдей болады. Бұл әрекетіміз су тапшылығы мәселесін жеңілдете түсетін болады.
– Бүгінгі атқарып жатқан қызметтеріңіз халықтың көз алдында, елеңдеп отырған жұртыңыз ертеңіңізден не күтеді?
– Біріншіден, құдай қаласа, үш жылдан кейін зейнеткерлік демалысқа шығуға тиістімін. Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданған, соған қазір түзетулер енгізіп болып қалдық. Енді соны түгел жүзеге асырып кетсем, менің осы қызметімде елімнің дамуына белгілі бір деңгейде үлесімді қосқаным деп ойлаймын. Қалғанын зейнет демалысына шықққаннан кейін көре жатармыз.
– Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет! Мақсаттарыңыздың орындалуына тілектеспін.
Әңгімелескен
Еркін ЖАППАСҰЛЫ.