СЕЗІМ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ХАНШАЙЫМЫ
Айхай, дүние-ай, тұнып аққан суша аңдатпай жылжыған уақыт шіркін неткен жүйрік еді! Кешегі ақсары қыз бүгін қалай 80-ге келіп қалған?! Жарық дүниенің жалт-жұлтына алаңдап, бейқам өткізген қайран күндерге осындайда еріксіз бір қайырылып, көз тастасаң, ішің елжіреп, жүрегің сыздайды. Жылдардан-жылдар өтіп, артыңа бір бұрылып қарағанда, зымырап өте шыққан ғұмыр жолың жарты-ақ тұтамдай боп, алақаныңда бұралаңдап жатқанын көргенде, ол шіркінде қандай із қалған екен дегендей үңіле қарауға мәжбүрсің. «Не тындырдым, аларымды түгел алдым ба, берерімді түгел бердім бе?» дейтін сауал сонда бас көтермек. Саналы көкірек бұл сауалды міндетті түрде қойса керек-ті. Амал қанша, ағын судан малтып өткендей ізсіз жоғалтатын күндер болады. Сусыған құмдағы көміліп қалып жататын ізге ұқсаған болымсыз тірліктер болады. Ал сонда түрен тісі осып өткендей жосылған терең із кімнен қалады, қайткенде қалады?.. Жарық жалғанның жалт-жұлт еткен қызығы таусылмастай көрініп, шалқып өткізген бұралаң жолыңда көзге түсер бір із қалғанға не жетсін!
Марал ЫСҚАҚБАЙ
Шәрбану Құмарова биыл сексенге толады екен дегенді естігенде, көңіліме әлгіндей ойлар оралғанын жасырмаймын. Қатар өстік қой, қатар жүрдік қой. Бүгін ол қай асуға табан тіреді екен? Қол созған биігіне көз жүгіртіп, деңгейін шамалауға мұрша таба алдық па осы? «Іздегені не екен? Тапқаны не екен?» деп ойландық па? Кәдіріне жете алдық па?.. Жауап тілейтін сауалдар емес пе бұлар?..
Мен Шәкеңді алғаш көргенде, ол университеттің төртінші курсының студенті еді. Өзімнің ауылдасым, сол кездегі жас ақын Рза Қунақова екеуі бірге оқитын. Қаншама талант жарқырап көрінген ғажап жылдар еді ғой ол. Сол тұста ҚазМУ-дің филология факультетінде кейіннен қазақ әдебиетіне мол олжа салған, белгілі қаламгерлер Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дүкенбай Досжан, Оразбек Сәрсенбаев, Қабдеш Жұмаділов, Жүсіп Қыдыров, Өтежан Нұрғалиев, Кәрібай Ахметбеков, Тұрсынзада Есімжанов, Мағираш Сарикова, Төлек Тілеуханов, Сәбит Баймолдин, Хамит Мархабаев, Өтеген Күмісбаев, т.б. қаншамажігіттер мен қыздар қатар оқыды. Жазушы боламыз, ақын боламыз деп келген жастар емеспіз бе, алғашқы курста жүргенде-ақ әлгі аталғандардың бәрін де сыртынан танып үлгердік. Тіпті кейбірімен жақындасып, достасып та кеттік.
Бірде дәрісхана алдында топырлап тұрған біздердің қасымыздан тығыншықтай бір әдемі ақсары қыз өтіп бара жатыр еді: «Мынау Шәрбану Құмарова» деп сыбырлады жігіттер. Бірінші курс студенті болғанымызбен, көпшілігіміз жас жағынан Шәкеңе құрдаспыз, тіпті ішімізде үлкендеулері де бар, өйткені сол заманның талабы бойынша, алдымыз төрт-бес жыл, артымыз екі-үш жыл «өндірістік тәжірибеден» өтіп келіп түскенбіз ғой оқуға. Сондықтан әлгі ақсары сұлуға есейген бозбаланың көзімен сұқтана бір қарасақ, болашақ әдебиетші ретінде «талантты қыз» деген аты шыға бастаған бикешке қызыға қараған жайымыз тағы бар-ды. Өйткені, сол кездің өзінде-ақ Шәрбанудың болашағы анықталып қалғандай еді. Бір қызығы, жоғарыда аты аталғаны бар, аталмағаны бар, бірді-екілі шығармалары гәзет-жұрнал бетінде жарияланып үлгіргендердің бәрі дерлік өлең жазатындар еді де, прозаға ден қойған қалам иесі – жалғыз Шәрбану еді. Бүгіндері атағы асқар таудай болған прозашы Әбіш пен Мұхтардың мұрнына әлі әзір прозаның исі бара қоймаған кез. Ал қазақ қыздарынан Шәрбануға дейін прозашы шыға қоймаған. Сондықтан Шәкеңе бәріміз де қызыға, мән бере қарадық. Тіпті, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов назар аударып, көңіл қойып жатуы тегін деймісің.
Студенттік шақта Шәрбану көздің құрты еді. Камералық сүйкімді даусы бар, әдемі әнші екен. «Әупілдек», «Бір келіншек», «Ләйлім» секілді лирикалық нәзік әндерді нәшіне келтіріп, сызылта салғанда, кейбір өңеш жыртар әншісымақтар далада қалатындай көрінетін. Оның үстіне, мың бұралған биші еді. Ол кездегі біз білетін бишілер Шара апай мен Нұрсұлу Тапалова ғой. Қазақтың ұлттық биін осыларша көзі-қарақты жұртшылық алдына қысылмай алып шығатын өнер иесі еді Шәкең. Ән салса да, би билесе де жайтаңдап, жайнап тұрар еді. «Көздің құрты еді» деп тұрғаным содан. Көзім көрген соң айтамын да. Өйткені, университеттің көркемөнерпаздар үйірмесінде бірге жүріп, студенттер алдында, қаладағы мәдениет сарайларында, тіпті Қаскелеңдегі аудандық мәдениет үйінде концерттер бергеніміз есімде. Мен ол кезде университет оркестрі құрамында прима тартамын. Шәрбануды мен көріп жүргенмен, көпшілік арасындағы мені ол байқай қоймағаны анық, әрине. Алып-жұлып бара жатқан өнері жоқ, төменгі курстың «баласына» менсініп көз тастады дейсің бе.
Арада жылдар өткенде, 1986 жылы дәм бұйырып, «Жазушы» баспасына директор болып тағайындалғам. Шәрбану проза редакциясында істейді екен. Шәкеңмен осы арада жақынырақ танысып, жақсырақ білдім. Талантына лайық парасаты бар, мінезі орнықты, ісіне мығым редактор еді. Кіл қаламгер азаматтардың ортасы болған соң, артық-кем шуылы, дуылы бұрқылдап тұратын мекемеде өз бойына «шаң» жұқтырмай, таза жүру, кәдірін жоғалтпай, кісілік деңгейін төмендетпей ұстап тұру қиындау нәрсе, ал Шәкең сол үдеден шыға білген тұлға ретінде танылды.
Бірде ол маған Шара апайды ертіп келіп, таныстырғаны бар. Ол кісі өз өмірін өзек етіп, кітәп жазған екен, соны сыйлап кетті. Кітәпті көркемдік тұрғыдан өңдеп, әдеби нұсқасын жасаған Шәрбану еді. Соны көрген соң, директор ретінде Шәкеңе бір қолқа салдым. Оның қызықты мәнісі бар: «Жазушы» баспасына тағайындалғанға дейін «Мектеп» баспасында директор болғанмын. «Жазушының» директоры Сайын Мұратбеков еді. 1985 жылғы Мәскеудегі «Кітәп жәрмеңкесіне» екеуіміз бірге барғанбыз, қолымыз босаған бір күні Орталық универмагке жол тарттық. Сайын плащ алмақшы еді. Бір сәнді ақсұр плащқа көзі түсіп, өлшеп көріп еді, онша тура келмеді. Сонда да қызығып, қимай тұрды да, «кәне, сен киіп көрші» деді маған. Киіп көріп едім, құйып қойғандай жараса кеткені. «Ой, мынаны сен ал» деді Сайын. «Қой, оны қайтем, ақшам жоқ» дедім мен. «Менде бар ғой, ауылға барған соң қайтара жатарсың» деді ол. Алматыға келген соң бере алғаныммен, қос-қостап плащ ұстайтындай мен қайбір байлығы тасыған адаммын, соны ойлап, тартыншақтап тұр едім: «Ой, ойланба, осыған жететін ақшаны мен-ақ берейін.Бір рецензиямен-ақ өтейсің ғой» деп, әлгі плащты алғызды. Алматыға келген соң, айтқан уәдесінде тұрып, бір қолжазбаны беріп жіберіпті. Қарасам, Бауыржан Момышұлының кейінгі жұбайы Жәмила Егенбердиеваның жазбасы екен. Мойнымдағы қарызымды өтеп тастау үшін тездетіп оқып шығып, пікір жазып бердім. Сондағы қорытынды пікірім: «Егер қаламы төселген жазушыға өңдетсе, Бәукең туралы жазылған жақсы естелік болатын түрі бар» деген сөз еді. Бір жылдан кейін Сайынның орнына «Жазушы» баспасының директоры болып тағайындалғам. Айға жуық уақыт өтті ме, өтпеді ме, Жәмила жеңгем келіп тұр. «Орның құтты болсын, енді өзің айтқан ұсынысты өзің істе» дейді ғой. Ұстайтын жерін дәп басып айтып тұр да. Амалым қанша, өз ұсынысымды өзім орындауға мәжбүр болдым. Қолжазбаны қызыға оқығам ғой: Бәукеңнің мінезі де, сөзі де, кейбір қылығы да, өте өткір, әдемі берілген-ді. Күндіз-түні қасында жүрген соң, әйел шіркін құдды жасырын камера құрып қойғандай, әрбір елеулі сәттерін сол күйі хатқа түсіре берген екен. Кейбір қағаз бетін көтере бермейтін тұстары да бар. Соны әдеби өңдеуден өткізіп, жазып шығуға қалайсың деп Шәрбануға ұсындым. Ол құп көрді де, келістіріп тұрып өңдеп шықты. Шәкеңді тағы бір тамаша қырынан таныған жерім осы еді. Бәукең туралы құнды естеліктің бірі болып қалды ғой ол кітәп.
Шәкеңмен бірнеше рет сапарлас болдым. Рзаға қатысты әр түрлі шараларға қатысу үшін Қордай ауданында бірге болғанымыз бар. Сонау қиыр шығыстағы Якутияда қазақ әдебиеті күндерін бірге өткізгеніміз бар. Тағы сондай реттерде Шәкең үнемі тек әдемі қырларымен, айналасына көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүретін ақжарқын жайлы мінезімен көзге түсетін.
Бұның бәрі, әрине, еске алынуға, айтылуға тиіс жәйттер. Шәрбанудай белгілі қаламгердің, біртуар сыршыл жазушының өмір дерегі ғибратты әңгімеге лайық деп білем. Бізде көбіне сол жетісе бермейді, көргенімізді, білгенімізді, бір-біріміздің кәдірімізге жетер сөздерді айта бермейміз. Әйтсе де, мен бүгінгі мерейтойы қарсаңында қарымды қаламгердің жеке басына қатысты жәйттерден гөрі әдеби қолтаңбасы төңірегінде азын-аулақ сөз қозғасам деймін.
Әдеби ортаның назарын бірден өзіне аударып, тіпті сол кездегі көзі тірі классиктеріміздің, тіпті жазба әдебиетіміздің атасы іспетті кісілердің назарын бұрып, жазушылық болашағын ғана емес, тіпті жанрын да ерте белгілеп алуға себеп болған шығармасы – «Бағираш» әңгімесін үшінші курста оқып жүрген кезінде жариялаған екен. Ал университетті аяқтай салысымен, 1961 жылы «Қыз сыры» атты кітәбі жарық көріпті. Содан бертінгі жерде оның қаламынан «Әйелдер патшалығына» қатысты ондаған көркем әңгімелер, хикаяттар, романдар, драматургиялық шығармалар туғанын білеміз. Демек, Шәрбану қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш прозашы ғана емес, шын мәніндегі алғашқы кәсіби жазушы да.
Шәрбану ілкі туындыларымен-ақ жұрт көңілін елең еткізгенін тұстастарының бәрі айтады. Сонда ол несімен елеңдетті? Ол әңгімелердің, хикаяттардың авторы қыз бала болғандықтан ғана ма? Ол да бар, әрине. Ал шынтуайтына көшсек, Шәрбану жазған дүниелерді ер азаматтар қаламынан туған шығармалардан ерекшелейтін өзгеше дәм бар еді. Біз еркектер жазған әңгіме, романдарды оқып өскенбіз, соған үйренгенбіз. Өзімізді өзіміз білеміз деп есептейміз ғой, ал бізге жұмбағы – қыздар әлемі, жалпы әйелдер әлемі болатын. Соны тәптіштей жазған ағаларымыздың, тұстастарымыздың «білгіштігіне» таңданбасақ та, айтқанын күмәнсіз, сеніммен қабылдап үйренгенбіз ғой. Сөзінің шынайылығына шүбә келтірмей: «Ой, пәлі, қалай-қалай сүйкейді,ә!» деп қолпаштай, таңырқайтынбыз. Әйтсе де, олардың ешқайсысының әйелдің «ішіне» кіріп-шыққаны жоқ. Әйел психологиясын өте жақсы біледі дейтіндердің өзі де, болжалдап қана жазатынын ескерген кім бар дейсің. Әйел де біз секілді адам ғой, осы ситуацияда осылай істеуге, осылай ойлауға тиіс деп келісесің автормен. Өйткені сен еркексің ғой, еркек жазушының ойы, логикасы саған жат емес. Мейлінше шынайы сыпат беріп жазса болды! Ал Шәкең жазуында ондай болжалдап ұқсатудың көлеңкесі де жоқ, әйел көзімен сүзіліп, әйел көңілімен өрілген, әйел жанының тұп-тұнық иірімдері тұрады. Сенің оған сенбеске хақың жоқ, оған күмән келтірудің өзі күнә. Шәрбанудың сөзі – «түпнұсқаның» өзі емес пе.
Сонау бір жылдары Фаризаның алғашқы кітәптерінің бірінде «Әйелдің монологы» дейтін өлеңі жарияланды. Бүгінде де кез келген ақын қыздың аузына түсе бермейтін сөз, ол кезде тіпті мүлдем тосын еді. «Сенің от құшағыңда ардан аттап, қалдырдым пәктігімді, ләззатқа батырған ақ түнімді. Айырдым мен аяусыз енді кимес ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі… Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін, сен мысқылдап, мен дағы жылап тұрдым. Өмір деген бұрқанған дарияға бұрымымнан ұстап ап лақтырдың. Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім… Мен күнәлі емеспін ар алдында, Құдайың да кешеді тап мұнымды» деп келетін-ді. Сол тұста мен осы өлең туралы: «Иә, бұл тосын сөз! Алданған махаббат, қайтқан көңіл, қорланған ар туралы күңіреніске, ренішке толы неше қилы боркемік жырларды көп оқыған едік. Әлі де оқып жүрміз. Ал мынау өзінің бөтен үнімен, жігерімен, ой логикасымен сізді елең еткізеді. Автор тұжырымымен келісу-келіспеу өз еркіңіздегі шаруа, ал әсер-қуатын амалсыз мойындайсыз. Көңіліңізге ұялаған екіұдай сезімнің өзін осы өлең туғызып тұрғанын түйсінесіз» деп жазып едім.
Шәрбану шығармалары туралы жазып отырғанда, осы жәйт есіме еріксіз оралды. Фаризаның бұл фәниден үлкен ақын боп аттануы тегін емес еді, ол қазақ қауымында ежелден қалыптасқан табиғи дәстүрді мансұқтамаса да, шеңберге сыймайтын шын дарынға лайық мінез көрсетіп, өмірдің әрсіз шындығының ішін ақтарып тастаған-тұғын. Әсілі, осындай батыл да тосын мінезсіз ақын да, жазушы да болмақ емес.
Шәрбанудың да әдеби қауымды алғашқы туындыларымен-ақ елең еткізіп жүргені осы секілді батылдығымен, өмірдің боямасыз шындығын суреткерлік шеберлікпен әрі әйел көзімен, әйел көңілімен әдемі көрсете білуінде еді. Бұл – Шәрбану Құмарова дейтін үлкен талант иесіне айналар жолдағы оның негізгі шығармашылық ұстанымына айналған шындық. Ол шындықтың өмір сүрер территориясы – «Әйелдер патшалығы»болса, «басқару жүйесіндегі» ұстанымына байланысты – ол «Сезім Патшалығы» деп аталса керек-ті.
Шәрбанудың «Киік оты» дейтін жақсы әңгімесі бар. Қарапайым ғана оқиға. Ондай әңгімелерді ер азаматтардың талайы жазған. Кездейсоқ ұшырасқан жігіт пен жас келіншектің арасындағы бірер күндік өтпелі «махаббат», түнгі ләззат төңірегіндегі оқиға. Әдетте мұндай әңгімеде белсенді әрекеттің тізгінін жігіт ұстар болар еді, ал Шәрбанудың әңгімесінде керісінше» «тұзаққа» түсіруші – шалқыған сұлу келіншек. Сырт келбеті жарасқан сұлудың ашық мінезі, ойнақы қылығы, ұтқыр әзілі, ішкі ойы, тіпті ашуына дейін – бәрі-бәрі өте нанымды көрінетіні сонша, соны дәп басып байқау үшін тек әйелдің жіті көзімен үңіліп, әйел болмысымен түйсіну керек шығар деп ойлауға мәжбүрсің. Және бұл қарапайым әйелдің көзі емес, талантты әйелдің, психолог жазушының көзі ғой. Оның үстіне, психологиялық штрихтарды қалай ойнатады десеңші: «Арғынбек шыға беруге ыңғайлан-ды, өйткені көршісі қозғалатын шығар деп ойлаған. «Отыра беріңіз» – Келіншек тізесінен сәл ғана нұқыды. Сол жері тура ойылып күйіп қалғандай; жоқ, тұла бойынан жүгіріп өткен жоғары кернеулі махаббаттың толқыны екен сөйтсе». Немесе мынаған қараңыз: «Бір кезде екі ұрты үңірейген, көзі шүңірейген шикіл сары тыриған қыздың әйелдік «міндетін» атқарғалы бері, құлпырып, екі беті нарттай жанып, бөксесі домаланып шыға келгеніне былайғы жұрт түгіл, күйеуі таң». Былай қарасаң, бұл өзі «күйеуге тигелі бері құлпырып кетті» дей салатын сөз ғой, бірақ Шәрбану оны міндетті түрде ойнатып, «құтыртып» тұрып ұсынады.
Шәрбанудың қаламгерлік негізгі ерекшелігінің өзі осысында. Әйел психологиясын ашуда ол ешкімді алдына салмайды. Әрине, ол түсінікті де табиғи жәйт шығар. Әйел психологиясын әйелден артық кім білмек. Үлкен шаруаның үстінде де ұсақ қулығын ішіне түйе қоюға шебер әйел мінезін ер адам жазса да, жаза алатынына сенем, бірақ әйелше толғап, әйелше нәзік түйсінеріне, әйелше нәзік түйеріне күмәнім бар. Әйел жанына үңіліп, махаббат тақырыбын жүз қаузаған Бексұлтанның да қолынан келе бермес-ау (әзіл ғой). Бізге беймәлім әйел болмысының ерекшелігі Шәрбану үшін жатқа білетін тақпағы іспетті емес пе, сонысымен тәнті етеді де.
Шәрбану шығармашылығының бүкіл болмысын белгілейтіндей символдық сыпаты бар ат берілген «Әйелдер патшалығы» дейтін триптихі – үш әңгімесі – еске түседі осындайда. Оның әуелгісі – «Егер де еркектердің аузында құлып болса» деп аталады. Мұнда «Киік отындағыға» керісінше, белсенді «әрекет» иесі – жігіт. Әжептеуір үлкен мекеменің басшысы, күйеуінен айырылып қалған сұлу келіншек шырт ұйқыда жатқанда, жарым түнде біреу телефон шалады. Безілдеп қоймағасын, еріксіз түргелген әйел секем алып, тұтқаны шошына көтерсе, «қайныңызбын ғой» деп тұрған бейтаныс біреу. Ішіп алған, әрине. Күйеусіз екенін біледі, сұлу екенін де біледі, есімінің Ұлданай екенін де біледі. Келіншек әуелі ашуланады, бетін қайтаратын ауыр сөздер айтады. Бойдақ әйел деп басынып тұрғанын ойлап қорланады. Қолында жүрген жиен сіңілісін екіқабат қылып, ақыры соған үйленіп, өзін тастап кеткен күйеуін еске алып, лағнет айтады. Ақыры ұйқысын бұзып, қайта-қайта мазалай берген бейтаныс «қайнысына» «не де болса көрейінші, ол кім екен» деген оймен, мекен-жайын айтуға мәжбүр болады. Таңертең ұйқысы шала күйінде, көзі кіртие, айна алдында таранып тұрған келіншек есік қоңырауы сылдыр ете түскенде, «жүрегі алып-ұшып» есікке ұмтылады да, «қандай адам өзі, тым болмаса сымбатты болса екен»деген тілек оянады көкірегінде. Жігіт босағаны аттағанда, «жүрегі дір еткенін» сезеді. Тым батыл мінез көрсеткен жігітке: «Батыл боламын деп, тасыр болмаңыз! Құтты меймансыз, сол меймандық кәдесінен аспаңыз» дейді дағы сылқылдай күледі. «Бұл күлкі әйел дәрменсіздігін сезінген, осал тұсынан оққа алдырған сәтін танытқан бір ғажап күлкі еді» деп сыпаттайды оны жазушы.
Кіл осындай ұрымтал психологиялық штрихтар арқылы суреттелетін әңгіменің аяқталуында да тосындық бар. Бір күні ойда жоқта бұрынғы күйеуі Манарбек жетіп келіп, Ұлданайға түтіге тиіседі. Сөйтсе, әлгі «бейтаныс қайнысы» бұның сұлу келіншегімен болған «қызығын» айналасына мақтанышпен айтып жүрсе керек. Өз намысына бола ма, әлде бұрынғы әйелінің намысын қорғағаны ма, қалай болғанда да, Манарбекке бұл әңгіме ауыр тисе керек. Ұлданай оған: «Керек болса, тиіп алам. Жоғал, сүмелек!» деп оны үйден айдап шығады. Келіншекті құптайсың, осылай істеуге тиіс екеніне дау тумаса керек. Ал «бейтаныс қайнысы» Алсай телефон соққанда: «Хабарласқаныңыз дұрыс болды. Өзім де сізге рахмет айтсам деп жүр едім» дейді жай ғана. Анау елеңдеп, «не үшін» деп сұрағанда: «Аузыңызға беріктігіңіздің арқасында екі жылдан бері көрмей жүрген күйеуімді көріп, көзайым болып қалдым» деп жауап береді. Зілі жоқ жалғыз ауыз сөзбен жайратып салып, телефон тұтқасын қоя салады.
Мұндағы қызық – өзі дүрдей бастық, өзі сылқым, сұлу келіншектің кездейсоқ біреуге құшағын аша салуын көрсетуінде емес, соның бар себебін – әйел пендешілігінен де гөрі басымдау тілегін, тән ләззатын аңсап жүрген бойдақ әйелдің сол әжетін өтеуге итермелеген адами осалдығын, адами болмысын ашатындай бүкпе сырын психологиялық жағынан тәптіштей даярлап, соншама нанымды суреттеп бере білуінде. Автор ешқандай мораль ұсынбайды, ешқайсысын кінәламайды да, ақтамайды да, әшейін ғана «өмір дегенің – осы» дегендей, болған жәйтті алдыңа жайып салады. Әңгіменің атынан және Ұлданайдың сөзінен байқалатын кінәні – автор кейіпкерлердің жасаған «күнәлары» үшін емес, аузына ие бола алмаған жігіт қылығы үшін қояды. Сол себепті, бұның алғашқысы тірі пендеге тән табиғи осалдық болса, соңғысы – жігіттің кісілік деңгейін белгілейтін ауыр айыптау болып шыққан. Жазушының шеберлігі де осындай тосын шешімдерінен көрінсе керек-ті.
Бұл екі әңгімені махаббат тақырыбын қозғағаны үшін емес, жазушы қаламына тән басым сыпатты ашуға мүмкіндік беретін психологиялық ұрымтал детальдары үшін ғана алдық. Бұдан Шәрбану шығармашылығы тек осы тарапта көрінеді екен деген ой тумауға тиіс. Оның шығармаларында адалдық пен арамдық, зұлымдық пен мейірбандық, жақсылық пен жамандық секілді бітіспес категориялар төңірегінде күрес жүріп жатады. Оның бірі махаббат тақырыбы арқылы ашылса, бірі әлеуметтік жүк көтеріп тұрады. «Сезім патшалығындағы» Жәнібек, Гүлмира, Ризат арасындағы тартысқа байланысты туындайтын ушыққан оқиғаларда бүгінгі күннің әлеуметтік-моральдық бейнесі тұр. «Буыршын мұзға тайған күн» хикаятында бұрын да болған, кәзір де бар бірнеше өзекті жәйт қат-қабат көрініс береді. Мейлінше дарынды, бірақ әлеуметтік жағынан жұтаң, сондықтан да дарынсыз бастыққа кіріптар жазушы Мақпоз, жазу-сызуға мүлдем икемі жоқ, есесіне «жоғарыдағы»сүйеніші мықты, соның арқасында кіл қалам ұстағандарға өкімін жүргізіп отырған пысықай Сындыбала, оның әрі жұмыстағы көмекшісі, әрі үйіндегі әйелге тән жұмысын да тындырып беріп жүретін жанторсығы, жарамсақ жігіт Нұржау, түр-түсі көрінбегенмен, телефондағы сөзімен, нақты әрекетімен «таныс» болатын билік басындағы әлдебір «мықты» – әрқайсысы белгілі дәрежеде бір-бір әлеуметтік-ахлақтық жүк көтеріп тұрған кейіпкерлер. Осындағы қоғамдық-әлеуметтік езгі сыпаты бар кіріптарлықтың біздің тіршілігіміздегі қалыптасқан жүйеге айналған зұлымдық екенін автор әдемі штрихпен көрсетеді. Сұлу көркі мен сылқымдығынан өзге ештемесі жоқ жайдақ әйелдің айтуымен (шынына көшсек, бұйрығы ғой) дарынсыз шығармаларға жақсы пікір жазып беріп, тіпті соның атынан мақала жазып жариялап қор болған Мақпоздың шыдамы таусылып, жұмыстан шығуға бел байлайды да, арызын тастап кете береді. Бірақ заң бойынша, кісі арызын жазғаннан кейін де бір айдай жұмыста болуға тиіс екені белгілі. Осы уақыт ішінде Сындыбала әрі Мақпоздай тамаша «жұмыс күшінен» айырылып қалмауға тырысып, әрі «басасаулығын» көрсетпек болған Мақпоздың мысын басып жіберуді ойластырып, әлгі «жоғарыдағы» мықтының көмегімен, босай қалған бір үлкен жұрналдың бас редакторлығын сұрап алады да, Мақпоздың келісіміне «пысқырмастан», өзімен бірге орынбасарлыққа ала кетеді. Жоғарыдан түскен өкімге бағынуға мәжбүр болған Мақпоз Сындыбаладан құтыла алмағанына қалай ыза болғанын намысы бар азамат қана түсіне алса керек.Тағы да авторлық тосын шешім. Мұнда қоғамдық-әлеуметтік әдемі тұспал жатыр. Ал тұспалсыз ашық айтылатын проблема – Арал тағдырына қатысты: ол да қат-қабат екені мен тергіштемесем де елге жақсы мәлім.
Шын сұлуға қандай киім кисе де жараса кететіні сияқты, Шәрбану не туралы жазса да, қалай жазса да жарасып тұрады. Одан міндетті түрде Шәрбануға тән ерекшелікті көреміз, қолтаңбасын танимыз. Осы орайда бір байқағанымды көрсете кетпесем болмас. Оның бірі – жоғарыда айтылған әйел психологиясына тән нәзік иірімдерді жеріне жеткізе тәптіштей алатын шеберлігі болса, екіншісі – «әйел қаламынан туған шығармамын» деп, «менмұндалап» тұратын суреттемелері. Мәселен, әйелдердің түр-сымбатына, киім киісіне қатысты жолдарға назар аударыңыз: «Екеуінің тыраштана киінгені сондай, бар мода үстерінде дерсің. Етегін шілтерлеп тоқыған кең қиықша юбка мен ақ шифон, жаға-жеңі желбіршекті кофта киген… Өкшесі биік, қылдырықтай тұмсығы башпайға ілінер-ілінбес қана, шашалықтан жіліншікке шейін шандып таңылған жіңішке қайысбаулы, жылтырақ сәнді туфлилері бірдей» (бұл «Киік отындағы» Бәтиманың тыстағы киімі). «Тобыққа шейін шұбатылған шұбар ала, өңірі кәдімгідей ашық, қос санының тұсы етегіне шейін қиылған креп-жоржет көйлек» (бұл Бәтиманың үйдегі кигені). Немесе: «Өте-мөте мойны әппақ, сонысын елге аша көрсеткісі келгендей, ылғи ашық жаға, кең қиық көйлек немесе үлпілдеген ақ кеудеше мен белін қынап, бөксесін бұлтита тар белдемше киіп жүреді. Ол юбка-белдемшенің артқы етегі қиықты, сандары жарқ-жарқ ете, биік тақалы қара туфлиі мен қара сөмкесін мойнына аса былқ-сылқ баса «Волгасынан» түсіп жатқанда барша жігіттер қирай терезеге таласатын» (бұл «Буыршын мұзға тайған күндегі» Сындыбаланың кейпі). Бүйтіп модасымен қоса матасының атына дейін тәптіштеп беру еркек жазушының қолынан келеріне сенімім аз. Енді жайылған дастарқанды суреттеген мына тұсты алайық: «Үш кісіге жайылған дастарқаннан гөрі көпке лайық көлдей столға түрлі салат, қуырылған қаз, тауық етін, сирақты қайнатып тоңазытқан, астына балықтың сүп еті мен қара бұрыш, әшкөк, лавр жапырағын бұқтырған ас, тағы басқаларын… Сәндеп туралған, үстін хош иісті шөптермен күлтеленте әсемдеген помидор, қияр, қызылша, сәбіз салаттарына ішпей-жемей тойғандайсың. «Шәй жабдығы» деп шағын сервант үстін чак-чак, санза, торт, пирог, пәрәміш салған тарелкалармен сықап қойған». Дастарқан мәзірін осылайша тәптіштеу тек дастарқан ұстап, қонақ күтіп жүрген әйел қолынан ғана келетіні анық. Әйелінен сұрап отырып жазбаса, ер адамның бұның бәрін білуі мүмкін емес.
Әйелдер арасындағы қарым-қатынасқа, үй тұрмысына, қазан-ошақ, дастарқан басына қатысты жәйттерді әйел адамның ерлерден гөрі артығырақ білетіні дау туғызбас. Мәселе соны білуде емес, орнын тауып сәтті пайдалануда жатса керек-ті. Ал енді бұл – шеберліктің еншісіндегі шаруа. Ол жағынан Шәрбану қамшы салдырмайтын жүйріктің өзі.
Бұл ғана ма, қарапайым баяндауларының өзінде де жай ғана іліп кетіп отырып-ақ, адам табиғатына, мінезге, қарым-қатынасқа қатысты әр түрлі жәйттерді емексіте кететіні, ишаралай кететіні бар. Біреулер әдейілеп тұрып тұтас абзац арнап түсіндіруге тырысатын нәрсені сөйлем ішіндегі бір ауыз сөзбен атүсті атап өтіп қана, түсінсең – түсіндің, түсінбесең өзің біл дегендей, сипай қамшылап өте шығады. Ол астары бар сөз бе, әлде сол күйі тура қабылдау керек пе, ол оқырманның ой өресінің деңгейіне байланысты. Шәкең реті келген жерде бұл әдісін қолданбай қалмайды.
Шәрбану – сөзсіз, қуатты талант. Оны жазған кітәптерінің саны ғана емес, бүгінгі ісі де дәлелдейді. Жасым ұлғайды деп, еріншек тартып, сарқылып қалған жоқ. Қаламын әсте қолынан түсірген емес. Қысқа әңгімелер, әдеби мақалалар жазып тұратыны өз алдына, жасы сексенге таяғанда, жасқанбай роман жанрына жүген салған ғой. «Ғасыр нұры» деп аталады ол романы.
Роман көлемі онша үлкен болмағанымен, қамтыған мерзімі жағынан үш тарихи кезеңнің суреттері бар. Сюжет желісінен байқалатыны – әуелгі оқиғалар жиырмасыншы ғасырдың басындағы немістер мен орыстардың арасындағы – қалыптасқан ұғым бойынша айтсақ – Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында өтеді де, кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңдеріндегі зұлматтар көрініс беріп барып, ақыры ғасыр соңындағы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі нәтижесінде жеткен тәуелсіздікке ұштасады. Демек, «Ғасыр нұры» – тәуелсіздік нұры болып шығады.
Сюжет желісінің дамуына белгілі бір дәрежеде қатысы бар эпизодтық кейіпкерлерді есептемегенде, роман оқиғасы негізінен бір-бірімен шым-шытырық байланысы бар үш әулеттің айналасында өрбиді: оның әуелгісі – Елшібек бай мен оның екінші тоқалы Сұлуқас айналасындағы оқиғалар; келесісі – Сұлуқастың әкесі Нысанбай мен баласы Нұрқасым төңірегінен өрбитін оқиғалар; үшіншісі – кезінде қалмақтан қолға түскен, қазақ әйелі баулып өсірген, кейіннен Бала батыр атанған Айсолтанның ғасыр соңындағы үрім-бұтағына байланысты оқиғалар. Романның басты кейіпкерлері Шынаргүл мен Мінуәр осы үш әулеттің ортасынан өрбіген ортақ ұрпақ, бір-біріне үш-төрт атадан қосылатын бөле болып келеді.
Романның композициялық тұтастығын ұстап тұрған осы үш әулеттің қиыннан қиысқан туыстық байланысы. Егер ол болмаса, романды жеке-жеке үш хикаятқа бөліп тастауға да болатындай көрінеді. Әрине, бұл – ретіне қарай айтыла салған сөз ғой. Өйтсек, бір ғасырлық қоғамдық-әлеуметтік өмір сыйып тұрған үлкен полотноның тұтастығы бұзылып, авторлық идеяның тіні жоғалар еді. Автор өзі белгілеген мақсатына жету үшін, қазақ қауымының бір ғасырда жүріп өткен жолындағы саяси-әлеуметтік формациялардың сыпаты мен адам тағдырының өзара тәуелділігін жақсы көрсете алған. Тоқал үстіне тоқал алып отырған заманда Сұлуқастай тамаша арудың екі әйелдің үстіне тоқал болып баруы үйреншікті жәйт болғанмен, сол Сұлуқасты өз шешесі қолдап, сүйген адамына, тіпті тоқал үстіне баратынына қарамастан, қашырып жіберуі – жаңа заманға лайық соны лептің белгісі секілді. Осының артынан іле-шала жеткен саяси-әлеуметтік төңкеріс үш әйелдің ортасында алшаңдаған Елшібек байдың түбіне жетіп қана қоймай, оның Айнұрдай ару қызының Айсолтандай түбі шикі, қылмыскер жалшыға тұрмысқа шығуына мәжбүр қылуы – заман бағыты қайда бұрылғанының тағы бір көрсеткіші еді. Ал сол Айсолтанның немересі Досымбеков Жүністің Социалистік Еңбек Ері атануы да шығармадағы символдық мәні бар деталь. Енді осынау аса құрметті еңбеккердің, Димекеңнің (Қонаевтың) алдында да кәдірі бар қарияның баласы – әртіс Мінуәрдің Желтоқсан дүрбелеңінде таяқ жеп, «үш әріптің» түрмесінде қорлық көруі – тағы бір жаңа өзгеріс толқыны жеткенін сипаттаған көріністер.
Осынау саяси-әлеуметтік алмасулар ешқандай ремаркасыз кейіпкерлер тағдыры арқылы суреттеледі. Автор эмоциясы тек Желтоқсан көтерілісіне ғана қатысты белгі береді. Өз көзімен көрген, бүкіл зардабын өз басынан кешіргендей сезініп, бар қасіретіне куә болған адам ғой, өзін бейтарап суреткер ретінде ұстамай, ашына жазады.
Роман сюжетіне арқау болған кезең суреттеріне байланысты мұндағы кейіпкерлер характерлері де өз дәуіріне сай көрініс тапқан. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Бижігіт, Салиха, Сұлуқас, Ұмсындық, Биғаным, Айнұрлардың мінезінен, сөзінен, іс-әрекетінен осы ғасырдың ортасы мен соңындағы қыз-қырқындар – Шынаргүл, Үкітай, Сындыбала, Бәтималардың жүріс-тұрысының, тіршілігінің көп айырмасы бар. Психологияларында үлкен «төңкеріс» жүріп өткен. Тұтас бір ғасырға жуық уақытта қазақ даласынан есіп өткен замана желі сахараның келбетін қалай өзгертсе, тұрғындарының тұрмыс-тірішілігін де, сырт келбеті мен ішкі дүниесін де солай өзгерткенін шымыр суреттеулерімен жақсы ашқан. Қаламының мұқалмағанын, әлі де тас қашар қауқары барын көрсете алған.
Шәкең сексенге үлкен жүк арқалап жетіпті. «Сезім патшалығы» деп аталатын Әлемдегі сонау «Бағираш» пен «Қыз сырынан» басталған ұлы жолдың бойына әр кезеңдегі оқырманы ат басын әдейілеп бұрып, аялдап өтер бекеттей ғып, үнемі жарқырай алдынан тосып алатын, ескірмейтін, тозбайтын тамаша ғимараттар салып тастаған екен: «Терезелер», «Қос шынар», «Сәуірдің ақ таңы», «Қазбауыр бұлттар», «Әйел шырағы», «Құлжа жолы», «Сезім патшалығы», т.б. секілді салтанатты сарайларының қатарына «Ғасыр нұры» деп аталатын әдемі, зәулім сарайын тағы тұрғызыпты.Мақаламның алдында қойған сауалдарыма жауап іздегендей осынау мол дүниенің ішін қызықтай біраз шолдым. Көңілім толды. Шәкең әйел атаулының қолынан келе бермейтін мол дәулет жиыпты. Сексеніне айтулы тұлға ретінде жетіпті. Артында жосылып жатқан терең ізге қызықтым, риза болдым, қуандым. Жасай бер, жаза бер, аяулы қаламдас дос!