ӨШПЕС ӨНЕГЕ ИЕСІ
Қасым ақын айтпақшы, «күндей күркіреп өткен» қан-қасап соғыстағы Ұлы Жеңістің әр жылы келген сайын бүкіл Еуропаны түгелге жуық тізерлетіп, табанына салған фашистік айдаһардың белін сындырып, Отан үшін от кешкен әкелеріміз бен аталарымыздың теңдесі жоқ ерлігін еске алып, басымызды иеміз.
Айбынды Қызыл Армияның сондай аты өшпес қаһармандарының арасында қазақтың көрнекті жазушысы Кемел Тоқаевтың да болғанын бүгінде зор мақтаныш етеміз. Ресей Қорғаныс министрлігінің құпия беті жақында ғана ашылған мұра-ғаттарындағы Кемел Тоқаевтың майдан ерліктері туралы құжаттар қазақ әдебие-тіндегі детектив жанрының негізін салушы адамның жауынгерлік өмір жолына жаңаша қарауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жолдың өзі де, тегінде, желісі таңғажайып құрылған, бірақ шынайы қасіреттер мен жеңістерге толы шытырман оқиғалы романға ұқсайды.
Батырдың да өмір жолы балалықтан басталатыны белгілі ғой. Кемелдің бала-лық іздері Алматы (бұрынғы Талдықорған) облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында қалған. Ол – «орташа шаруа» отбасының екінші перзенті. Өзімен тетелес ағасы Қасым, ата жолымен, кемпір-шалдың баласы есебінде солардың қолын-да тәрбиеленсе керек.
Кемел Тоқаев қаршадай кезінен еңбек-ке етене араласып, әкесінің шаруашылық жұмыстарына қолғабыс етумен пісіп-жетілді. Алайда, жаппай қолға алынған ұжымдастыру науқаны қазақ халқының тарихындағы қайғы-қасіреттің жаңа бетін ашып беріп, Дала жұртының тең жартысын жалмаған ашаршылыққа ұрындырды. Сөйтіп, сол кездегі Орта Азияда саны ең көп этнос болған қазақтар өз республикасында тұрып-ақ ойсыраған аз халыққа айналды. Аштықтан пана іздеген Тоқаевтар отбасы уақытша Фрунзе қаласына (қазіргі Бішкек) қоныс аударып, Кемелдің ата-анасы дәулетті бір адамның үйіне жалшылыққа тұрды. Аштық есеңгіретіп, жол азабы титықтатқан жандарға осының өзі зор қуаныш болса керек.
Біршама уақыттан соң Кемелдің айдай сұлу мейірімді анасы тұрмыс тауқыметінің азабынан ауырып, сал боп қалды. Сонымен қоса адам айтқысыз бақытсыздық және келді – отағасы ұлдарымен бірге күн-көріс қамында жүргенде бір үйдің жас нәресте жалғыз қызы шарасыз жатқан анасының көз алдында ошаққа құлап кет-кен. Әлдене бақытсыздықты жүрегі сезіп, жан таппай үйіне жеткен сорлы әке тірідей күйіп өлген қызы мен сол сұмдыққа шыдамай жан тапсырған әйелінің үстінен түседі. Дәл сол күні ағасы Қасыммен бірге базардан қайтқан Кемел милиция күзеті-нің қолына түседі де, оларды панасыздар деп есептеген заң қызметкерлері екеуінің дәлелді сөздеріне қарамастан, балалар үйіне өткізеді. Көзі көрген қасіреттен есеңгіреген Тоқа енді екі ұлын жер-көктен іздеп таба алмай, сол кезде өктеп тұрған бандиттерге жем болған шығар деген оймен дүниеден баз кешеді. Беті ауған жаққа кете барады және содан соң оның өзін де көрдім деген жан болмайды.
Кемел мен Қасым тәртібі темірдей қатты жетімханаға тап болса керек. Әрі-бері-ден соң, екеуінің келісімі бойынша, ағасы жетімханадан қашып шығып, із-түзсіз қалған отбасын іздеп табатын болады. Жолазыққа азын-аулақ нан кептіріп алып, ақыры Қасым бостандыққа шығады. Сол беті Фрунзедегі қара орындарына жетіп, болған жайларды үй иелерінен естиді. Табан аузында естияр жанға айналған Қасым балалар үйіне қайта барып, түннің бір уағында жағдайды жолдастарына айтып береді. Өтірік ұйықтаған боп жатып, оның бәрін Кемел де естісе керек. Сөйтіп ағайынды екеуі жанашыр жақыны жоқ, тұлдыр жетімге айналды. Бүкіл КСРО-дағы өздеріндей миллиондаған жетімектер сияқты, олардың да жаңа өмірге бейімделуіне тура келді. Екеуі де оқуды жақсы оқыды, күні кешегі панасыздар ұжымында қабілет-қарымдарын таныта білді. Кейі-ніректе Шымкент қорғасын зауытының жанындағы интернатта тәрбиеленді (айтпақшы, бұл – Ұлы Отан соғысы жылдарында майданды оқ-дәрімен қамтамасыз етуде маңызды роль атқарған кәсіпорын). Кемел көбіне-көп гуманитарлық пәндерге бейіл болушы еді. Ал қарапайым қазақ ауылынан шыққан балаға орыс тілі алынбас қамалдай болды. Болашақ жазушының оны майдан аудиториясында игеруіне тура келді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» дейтін кітабының ең бір тебірентерлік тұсы, сірә, бауырлардың қоштасу сәті болар. Бәлкім, Кемел мен Қасым енді қайтып кездеспейтіндерін сезгенге ұқсайды. Ағасы әскери қызметке соғыс басталмай тұрып кеткен, ол Свердловскідегі саяси жетекшілер курсына алынған. Содан ол 1942 жылғы 22 ақпанда Ржев түбіндегі қан-қасап шайқаста қаза болып, Тверь облысы, Ржев ауданының Трубино қыстағындағы бауырластар зиратында жерленген. Ал 2009 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Тимурмен бірге Ресей Қорғаныс министрлігі арқылы саяси жетекші Қасым Болтаевтың сүйегі жатқан жерді іздеп тапты. Ескерткіштің басына бауыры – Кемел Тоқаевтың зиратынан алынған қазақ жерінің бір уыс топырағы жеткізілді.
Соғыс басталған соң 18 жастағы Кемел Тоқаев әскерге алынды. Ол кезде Орта Азия мен Қазақстанның мың сан жігіттері Фрунзедегі жаяу әскерлер училищесінде оқып, тәжірибе алатын. Болашақ жауынгер және жазушы өзінің балалық шағын өткізген қаламен осылайша қайта табыс-ты. Ардагерлердің айтуынша, жас жауынгерлерді нағыз соғыс өнеріне майдан көрген тәлімгерлер тәрбиелесе керек. Үш айдан соң сержант дәрежесіндегі Кемел Тоқаев майданға аттанды.
Ол өзінің жауынгерлік жолын Сталинград шайқасынан бастады. Бұл – ХХ ғасыр тарихындағы әбден зерттеліп зерделенгеналапат әскери оқиға. Еділ бойындағы тас қамалда болған бітіспес шайқаста бүкіл дүниенің тағдыры шешіліп жатты. Сол ұлы шайқастың от-жалынында одақтас республикалардан жасақталған миллиондаған адамдар ажал құшты. Дегенмен, қазақстандықтар үшін бұл сұрапыл ұрыстың маңызы айрықша еді, өйткені Еділдің арғы жағалауында Ұлы Дала жатқан еді. Кемел Тоқаев осынау отты сұрапылдан абыроймен өтіп, өзінің тұңғыш марапатына – «Сталинградты қорғағаны үшін» медаліне ие болды. Одан әрі ол Польшаға дейін жетіп, сол жерде ауыр жарақат алғанымен, жауынгерлік жолын жалғастырып, тағы да көптеген наградаларды, соның ішінде екі рет Отан соғысы орденін кеудесіне тақты.
Күллі адамзаттың қас дұшпанымен арпалыста асқан ерлігімен көзге түскен сержант Тоқаев Қызыл Армияның өзіндік бір бетке ұстары – танк десантына алынды. Оның майдан жолының басым бөлігі 7-ші жеке Гвардиялық Қызыл тулы Ломжин Қарқынды танк полкімен байланысты. Кеңес танкішілері неміс «фаустниктерінен» көп жапа шегетін әрі оның жөні де бар еді. Тіпті кере қарыс сауыттың өзіне болымсыз жарықшақ түссе болды, танкнің экипажы тірідей өртеніп кететін. Ал танк үстінде автоматшылар болса, қара дулығалы жігіттер алаңсыз шайқасатын. Бірақ қорғаусыз қалған десанттар танкішілердің қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалатын. Кеңестік жаяу әскердің осынау жанкешті тобына екінің бірі алына бермейді, оған тәуекел еткен әрбір ерікті өзін Қызыл Армияның ең таңдаулы жауынгері ретінде көрсете білуі керек еді.
Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» деген кітабында осының бәрі жақсы жазылған. Меніңше, романның ерекше құндылығы – оны тек майдан кешкен солдаттың ғана емес, соғыс сұрапылының қақ ортасынан шыққан адамның жазғанында болса керек. 1943 жылғы жаздың оқиғаларын бозбала жауынгердің көзімен сипаттай келіп, Кемел Тоқаев былай деп жазды:
«Біздің гвардия танк полкі Оңтүстік майданнан оралды. Көп жолдастар оралмады. Ұрыс алаңында қаза тапты. Сондағы күндерді ойлап отырып, өзіңнің дозақ отынан қалай шыққаныңа, аман қалғаныңа таңғаласың. Төңірегіңдегілер жапырылып қырылып жатты, ал сен тірі қалдың. Тіпті мүмкін емес сияқты. Бірақ шындық солай».
Сержант Кемел Тоқаев екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Марапаттың қадір-қасиетін атының өзі-ақ айтып тұр. Ал енді қазір сол ұрыстардың егжей-тегжейі белгілі болып, құжат арқылы расталып отыр. Міне, мынау – 7-ші жеке гвардиялық Қызыл тулы Қарқынды танк полкі бойынша «Құпия» белгісімен 1943 жылғы 5 тамызда шыққан №7 Н бұйрықтан алынған ең жарқын мысал.
«9. Автоматшылар бөлімшесінің ко-мандирі гвардия сержанты Тоқаев Кемел. 1943 ж. 17 шілдеден 1 тамызға дейінгі ұрыс-тардың күллі барысында үздіксіз танкілердің қасында болды, оларды қорғай жүріп, өжеттігі мен батылдығын танытты. Қарша бораған артиллерия шабуылы жағдайында танктермен байланысты үзген жоқ және мылтық пен пулемет оғының астында іс-тен шыққан танкілер мен олардың экипаждарының жай-күйін анықтау және танкілерге өткелек жол табу жөніндегі командованиенің бұйрықтарын орындады. Өз автоматының оғымен 20-ға жуық фашистті жер жастандырды.
1923 ж. туған, қазақ, БЛКЖО мүшесі, Қызыл Армияда – 1942 жылдан, әскерге Алматы қаласының Ленин аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған».
Өлім құшудың немесе жарымжан болып қалудың қаупі ушығып тұрған сол күндердегі шайқастар жағдайының өзіндегі таңқаларлық ерлік. Бір айға жетер-жетпес уақыттың ішінде гвардия сержанты Тоқаев «Ерлігі үшін» медалін екінші рет тақты! Мұрағат құжатынан тағы бір үзінді келтірейік.
«14. Автоматшылар бөлімшесінің командирі – гвардия сержанты Тоқаев Кемел, бұрын «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдерімен марапатталған.
Полктің жауынгерлік қимылдары ке-зінде үнемі алғы шепте болды. Аса күрделі жағдайларда, оқ пен бомба үздіксіз жа-
уып тұрғанда танкілермен жаяу байланыс орнатты. Ұрыс барысында су шебінен жылдам өтуге тура келгенде, командованиенің бұйрығы бойынша тез арада өткел тауып, танкілерді кедергілерден алып өтті.
1923 ж. туған, қазақ, БЛКЖО мүшесі, Қызыл Армияда – 1942 жылдан, әскерге Алматы қаласының Ленин аудандық әс-кери комиссариаты арқылы шақырылған».
Ал енді, қай жағынан да ең мәртебелі марапат туралы. Әңгіме ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені жайында. Бұған егжей-тег-жейлірек тоқталайық. Награда сұрапыл 1942 жылы И.Сталиннің тапсыруы бойынша армия мен флоттың ерекше көзге түс-кен әскери қызметшілерін марапаттау үшін тағайындалған болатын. Орденнің (КСРО-да тұңғыш рет) күрделі жарғысы болды, яғни оған не үшін ұсынылатыны нақты түрде тіркеп жазылатын. Оның І дәрежелісі – офицерлерге, ІІ дәрежелісі – жауынгерлер мен кіші командирлерге тиесілі болды. Бұл орден айрықша құрметтелді, себебі ол дұшпанмен бетпе-бет шайқастағы ерекше табыстар үшін бері-летін. 1945 жылғы қаңтарда Польша жерінде аса ауыр кескілескен ұрыстар болды. Қызыл Армия батысқа, тұп-тура Үшінші рейхтың қақпасына қарай сенімді түрде шеру тартып бара жатты. Бұл кезде гвардия сержанты Тоқаев тәжірибелі майдангер, оқпана бауырластығының «кәрі шөңгесі» болып үлгерген-ді. Марапат парақшасынан мынадай үзіндіні оқиық:
«Кеңестік Отан үшін болған ұрыстарда Тоқаев жолдас, полк комсомол бюросының мүшесі ретінде, өзінің жеке басының өнегесімен автоматшылардың 4-ші взводының жеке құрамын жауынгерлік істерге жігерлендірумен болды.
45 ж. қаңтардың 21-де солтүстік-батыс Еглиевец ауданында немістер түн жамылып біздің шептерге қарсы шабуыл жасады. Автоматшылар өз танкілерін табандылықпен қорғады, ал содан соң шабуылға шығып, немістерді тойтарып тастады. Тоқаев жолдас дұшпанның бекінісіне бірінші боп бұзып кіріп, өз автоматының оғымен 5 немісті жойды және жаралы 1 немісті тұтқынға алды».
Халқымыздың жарқын перзентінің майдан жолына көз жіберсеңіз, болашақ жазушының жаумен өте лайықты, тіпті ерлікпен күрескенін көруге болады. Қандай соғыста болсын, бұл оңай емес. 1945 жылғы қаңтардың сол бір қиын-қыстау күндерінде болашақ жазушының аяғына жарылғыш оқ тиіп, қатты жараланды. Жаралы аяқты кесу мәселесі тұрды, бірақ Кемел Тоқаев өзінің толық мағынасындағы өмірге деген құқығын қорғап қалды. Сол кезде алыс тылда, Омбы қаласында кеңестік медицинаның әйгілі шамшырақтары шоғырланған болатын (мәселен, онда аты аңызға айналған танкіші әйел Мария Логунова протездің көмегімен жүріп үйренді). Сол кезде әлі жап-жас, бірақ кейін әлемге аты жайылған ортопед-дәрігер Гавриил Илизаров та сонда болатын. Әбден майып болған қазақ жігітін қатарға қосқан да – сол.
1945 ж. 16 маусымындағы
№761 эвакуациялық госпитальдің ауру туралы куәлігінің көшірмесі.
1494 эвакуациялық госпитальдің
комиссиясы
Атағы: гвардия сержанты, бойы – 172 см, салмағы – 60 кг, кеуде ауқымы – 95 см. 1945 ж. 21 қаңтарда оң аяғынан жараланған. Хирургиялық операция жасалған және жараны жуып-тазалаған. Орама гипс салынған.
Аурудың объективті белгілері: оң аяқ тізесінің үстіңгі жағында Н тәрізді 15х4 см көлемді тыртық бар. Тыртықтың ортасында ірің бөлініп тұратын екі жыланкөз тесік бар. Тыртық оқтың кірген және шыққан тұсында. Балтыр тұсы буындарының қозғалысы дұрыс, одан төменгі тобығының бүгілуі – 100 градус, табанның бүгілуі – 110 градус, балдақпен жүре алады. Оң аяғын кесуден бас тартты.
Арнайы тексеріс нәтижесі: 1945 ж. 25 мамырындағы рентгенограмма. Сирақтың екі сүйегі де сынған, сынықтар бүйірінен және ұзынынан жылжып, бірігіп кеткен. Жұмсақ тіндерде орналасқан бірнеше ұсақ сүйек сынықтары бар.
Аурудың атауы: оқ тесіп өткен сирақ сүйегінің сынуына байланысты оң аяқтың қозғалысының тежелуі, остеомиэлиттің ауыр түрі.
Емдеу: физиотерапия, сүйекті таңу.
КСРО ХҚК-нің 1942 ж. №386 аурулар тәртібі бұйрығының 49-бабының II-III бөлігі негізінде бұдан әрі әскери қызмет атқаруға жарамайды. Айрықша есепке алынып, алты ай сайын кейін куәландырылып отырады. Мүгедектік тобы – екінші, үш айдан кейін қайта куәландырылады.
Жаяу жүре алмайды.
Қасында адам жүрудің қажеті жоқ.
Аурудың негіздемесі: КСРО-ны қорғау кезінде жараланған.
Соғыстан соң Кемел Тоқаев журналист болуды қалады. Жеңісті 1945 жылы ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданды (ол кезде журналистика осы факультеттің бір бөлімшесі болатын). Сабаққа балдақпен бара жүріп, Кемел Тоқаев университетті үздік бітірді де, тез арада болашағынан үміт күттірерлік журналист әрі жазушы ретінде қалыптасып үлгерді. «Жұлдызды жорық» (1954), «Тасқын» (1958), «Болашақ туралы ойлар» (1965) сынды алғашқы әңгімелер мен повестерінің жинақтары, газеттерде жарияланған көптеген мақалалары әп-сәтте сыншылардың оң қабағына ілініп жатты. Өмір көрген жауынгер әрі жазушы ретінде ол қылмыспен күрес жайында бірталай тартымды да тағылымды шығармалар жазды. Оны жұрт қазақ әдебиетіндегі детективтік жанрдың негізін салушы деп атайтын болды. К.Тоқаевтың кітаптары оңайшылықпен қолға түспейтін, іздеп жүріп оқитын қастерлі дүниеге айналды. Әсіресе, «Ұшқын», «Көмескі із», «Сарғабандағы оқиға», «Соңғы соққы» деген хикаяттары мен әңгімелері оқырман қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Ол республика ІІМ-інің байқауларында үш мәрте жоғары марапатқа ие болды. Қазір де Кемел Тоқаев қазақ әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер ретінде оқырмандардың есінде. Өкінішке қарай, қазіргі әдебиетшілер оның осы бір айрықша жанрдағы жазушылық өнерін өрге бастырып, жалғастырып әкете алмай келеді.
Менің атам – майдангер әрі ұстаз және әкем – бір кезде Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің хорында еңбек еткен сазгер әрі мәдени қайраткер Кемел Тоқаевтың әдеби мұрасын зор ілтипатпен бағалайтын және оның соғыс пен бейбітшілік, жақсылық пен жамандық туралы терең толғанысты әңгімелеріне тәнті болушы еді. Қазір тоқырау кезеңі деп аталып жүрген сол жылдарда милицияның қарапайым қызметкерлері, тергеушілер, криминалистер өздерінің жеке кітап қорларын Кемел Тоқаевтың тамаша туындыларымен толтыруды үлкен абырой деп білуші еді.
Көзінің тірісінде Кемел аға ешқашан да өзінің жауынгерлік ерліктерін алға тар-тып, пендешілік танытқан емес, қайта оларын кейін іркіп, маршалдардың, генералдардың, қарапайым жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің еңбегін асқақтатып отырушы еді. Ұлы Жеңіске жеткізіп, КСРО-ның әлемдік аренадағы құдірет-күшін танытқан солардың өшпес ерлігі деп білетін. Және керісінше, соғыстан кейін саңырауқұлақша қаптап кеткен қаукөрік, жасанды батырларға жиіркене қарайтын. Автоматтың немесе пулеметтің құрылысын білмейтін, соғыс жылдарының тауқыметін жылы пештің қасында отырып өткізген сондайлардың енді келіп жас ұрпаққа өздерінің «ерлігі» жайында әңгіме соғатынын, мерекелі даталарда басшылардан кәдімгідей сый дәмететінін естігенде орнында отыра алмай кетуші еді.
Кемел Тоқаев бір кездегі ұлы елдің на-ғыз азаматы, халқының шынайы патриоты болатын. Оның жауынгерлік ерліктерінің куәсі – әскери мұрағаттарда, ал әдеби ерлігінің куәсі – мың сан кітапта-рында. Халқымыздың даңқты ұлының өшпес өнегесі, өлмес өмірі осындай!
Данияр ҚАСЫМОВ,
тарихшы, «Strategy – 2050»
ақпараттық агенттігінің бас редакторы.