АДАМ ЖҮСІПТІ «МӘШҺҮР» ҚЫЛҒАН АДАМДЫҚ ЖОЛ…
06.07.2023
327
0

Биыл Алаш жұртының әйгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толды. Соған орай жер-жерде тағылымды іс-шаралар да көптеп өтіп жатыр. Соның бірі – 5 шілде күні «Сенімен болашақ» РҚБ ұйымдастыруымен өткен шара.

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен бірлесе ұйымдастырылып жатқан симпозиумға қазақ тарихы мен әдебиетіне еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдері, ЖОО, мектеп, кітапхана басшылары, БАҚ өкілдері, Алматы облысына қарасты аудан әкімдігінің мамандары қатысты. Бұл шараның негізгі бөлімінде бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асановтың бастамасымен және М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолдауымен шығарылған М.Көпейұлының бес томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Шараның мақсаты – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан философ-ақынның рухани мұрасын дәріптеу, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту. Әдебиет және өнер институты білікті мамандарының күшімен және мұрагерлерінің қолдауымен бұрынғы текстологиялық қателіктері түзетіліп, шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімінің лентасын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мамай Ахет, Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан және №81 мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жансая Сәдуақасқызы қиды. Алғашқы сөзді «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы, бүгінгі іс-шараға арқау болып отырған кітаптың жарыққа шығуына септігін тигізген азамат Нұркен Жарылқапұлы алып, бұл кітап студенттерге, мектеп оқушыларына, жалпы кітапсүйер қауымға арналған баға жетпес қазына екендігін жеткізді. Филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Еділбайұлы кітапты таныстырып, баяндама жасады. Жарыссөзде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, мәшһүртанушы Мамай Ахет кітаптың құндылығы, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тигізетін пайдасы жайлы ой өрбітіп, кітаптың жарыққа шығуына себепкер болған жандарға алғыстарын жеткізді.
Модератор «Сенімен болашақ» РҚБ -нің журналисті Меруерт Дүйсенғалиева кітап туралы өз пікірін айта келіп, кітап Алматы қаласы мен облысы бойынша 40 мекеме мен ұйымға, яғни мектеп, кітапхана, ЖОО және мешітке үлестірілетінін айтып, құттықтады.
Бабамыздың ғасырлар бойы қатталған ұлы мұрасын болашақтың  игілігіне айналдырып, кітаптың шығуына қолдау танытқан жандарға жұртшылық алғысын білдірді.

Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір