ТАҒДЫР БУМЕРАНГЫ: САЙТАНИ ЖЫРЛАРДЫҢ САЗАСЫ
22.08.2022
445
0

Әңгіме әлемдік ақпарат құралдарының соңғы күндері тынымсыз жазып, теледидардан көрсетіп жатқан тақырыбына байланысты. Тақырыптың өзегі – біраз уақыт танымдық ой-сананы дүрліктіріп барып басылған, сосын ұмытыла бастаған Салман Рушди.

 

Осы айда Нью-Йоркте ұзақ уақыт, ішінде Скотланд-Ярд та бар, Батыс арнаулы қызметтерінің қырағы күзетінде болған Рушдиге қастандық жасалды. Қазір ол Америка ауруханасының жансақтау бөлімінде оттегімен тыныстап жатыр.
Рушдиге қатысты бұл оқиғаның, басқаны айтпағанда, геосаяси маңызы орасан орыс-украин соғысын да көмес­кілендіріп жібергенін аңғару қиын емес.
Оу, сонда ол қандай мықты, қандай керемет, деген сауалдың туындауы да заңды. Өз заманында Иран Ислам республикасының көсемі Аятолла Хомейни осы Рушдиге қатысты пәтуа жариялап, оны өлім жазасына кесті. Діни ұйымдардың оның басы үшін 2,8 миллион доллар тіккені де есте. Алайда арнаулы қызметтердің Рушдиді Рим папасынан да бетер қырағылықпен қорғауының арқасында ол аман-сау жүр еді. «Аңдыған – алады» дейді данышпан қазақ. Аятолла пәтуасының жартылай болса да орындалған жайын көріп, біліп отырмыз.
Мәселе дінбұзарлыққа байланысты. 1988 жылы тегі пәкістандық мұсылман Салман Рушди Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбарға қарсы «Сайтани жырлар» деген кітап жазып, бір миллиард пайғамбар үмбетінің ашу-ызасын оятты, қарғысына қалды.
Романның сюжеті бойынша әуе апатына ұшырап, тірі қалған екі үнді азаматының бірі – Ібіліске, екіншісі – Жебірейіл періштеге (мәтінде архангел Гаврилл) айналады. Одан арғы баян белгілі. Кейбір теологтар мен таным иелерінің әлемдік тұрақтылық пен саясатқа тікелей әсер еткен бұл оқиғаны орта ғасырлық-медевистикалық «Крест жорықтарының» жаңа сипатта көрініс беруі есебінде қарастырғаны да есте.
Жалпы, адамзат тарихындағы қарулы қақтығыстардың көбінің артында саясатпен қоса діни алауыздықтың жататыны өтірік емес. Адамзат тарихында соның айғағы есебінде «Крест жорықтары», «Варфоломей түні» сияқты тіркестер мәңгі өшпестей жазылып қалды. Соның бәрінің қыруар адам шығынымен аяқталғаны және рас.
Басқалар не десе, о десін, ретіне қарай ұлы Шыңғыс ханның бұл орайдағы көрегендігін әсте айтпай кетуге болмайды. Ұлы жиһангер өзі жаулап алған халықтардың бірде-бірінің діни ұстанымына қысым жасамаған. Себебі рухани ұстаным – дінмен ойнауға болмайтынына көзі жеткен.
Тағы да бір қисын мынау: Константинопольді жаулап алғанына алты ғасыр өтсе де түріктер Ыстамбұлдағы әулие София шіркеуін тек алдынғы жылы ғана мешітке айналдырды. Ал Салман Рушдиді АҚШ президенті мен Рим Папасынан бетер қорғап келген Батыс саяси ұстанымының мүлдем кері сипатта екенін салауатты сана көріп, біліп отыр.
1988 жылы «Сайтани жырлар» жазылысымен әлемнің әр түкпірінде, әсіресе кәрі құрлықта ислам діні мен оның пайғамбарына қарсы науқан өршіді. 2020 жылы Париждегі: «Charlie Nebado» журналы Мұхаммед пайғамбарды әжуалаған карикатура жариялап, оның арты үлкен жанжалға ұласты. Көп ұзамай журнал редакциясында жарылыс болып, біраз қызметкері қырылды. Сол жылы Парижде мәскеулік шешен жігіт сол карикатураны оқушыларға көрсеткен мұғалімнің басын алды. Аталмыш журнал жабылысымен Германияда оның неміс тіліндегі нұсқасы шыға бастаған. Түрік президенті Ердоған сол журналға қарсы сотқа талап-арызын берді. Бұл жанжалдың халықаралық сипат алуының басы болатын.
«Charli-ге» шабуылдан соң бір ғана Францияда 270 адамға діни сипатта шаб­уыл жасалды деген де дерек бар. Көп ұзамай Малайзия премьері Махаткир Мохамадтың өз твиттерінде «отаршылық кезіндегі қылмысы үшін мұсылмандар мыңдаған французды өлтіруге қақылы» деп жазуы мәселені одан әрі ушықтара түскен. Пәкістан, Ливан, Индонезия, Бангладеште халық француз президенті Макронның «басын алу керек!» деп ұрандатып, көшеге шықты. Ал бұл кезде халықаралық жанжалдың басиесі, британ жазушысы, Букер сыйлығының иегері, ағылшын ПЕН клубының президенті Салман Рушдидің өзі батыс құпия қызметтерінің қорғауымен ішкені – алдында, ішпегені – артында, тып-тыныш, бақуатты өмірін кешіп жатты.
Дінбұзарлық пен этноруханиятты сату бір басқа да, бір миллиард мұсылмандар арасындағы пайғамбардың беделі бір басқа. Осы оқиғалардан соң-ақ ислам әлемі атқа мінген. Оның салдары айтпаса да белгілі. Бір ғана 2001 жылғы Америкадағы жойқын жарылыстарды, Бен Ладенді, талибтерді айтсақ та жетіп жатпақ.
«Сайтани жырларда» пайғамбар «Махунда» деген есіммен аталады. Әлбетте, ол – жағымсыз кейіпкер. Дін мұсылманнан ашу-ызасын тудыратын да сол. Үндістан, Судан, Мысыр, Сауд Арабиясы сияқты елдер «Сайтани жырларды» басып шығаруға тыйым салды. Оны жапон тіліне тәржімалаған аудармашы өлтірілді. Италияда – аудармашы, Норвегияда – баспагер соққыға жығылды. Англияда кітапты саудалаған интернет-дүкен отқа оранды. Кітап негізінен батыс тілдерінде ғана жарық көрді. Ислам әлемі оны әдеби туынды есебінде қабылдамайды. Аспан айналып жерге түспесе, қазақ тіліне аударылуы да екіталай.
Дәл осы жерде ыңғайсыздау бір сауал туындайды. Бізде ресми саналатын тағы да бір тіл бар. Әрі орысша білмейтін қазақ аз. «Сайтани жырлар» орысшаға аударылды ма екен? Әрі бұл өте орынды сауал дер едік. Себебі ресми деректер бойынша Ресейде 30 миллион мұсылман тұрады. Посткеңестік дүниенің орыстілді миллиондаған аудиториясы тағы бар. Иә, «Сайтани жырларды» орысшаға тәржімелеу әрекеті 1990 жылы басталған. Тіпті оның бір тарауының, ұмытпасақ «Страна и мир» болса керек, бір журналда басылғаны да есте. Сонымен орыс­ша аударма кілт тоқтады. Оның да өзіндік себебі бар сияқты. Ол кезде Татарстан мен Қап тауындағы саяси ахуал күрделі еді. Көп ұзамай «Шешен соғысы» басталған. Орысша аудармаға осы оқиғалардың әсері болуы мүмкін.
Әр әдеби, өнер туындысының өз жанры болуы заңды. Мәселен, постмодерннің серкесі Борхесті әлемдік әдеби қауым бірауыздан қолдайды. Өйткені жанрдың өзі заман талабынан өмірге келді. Мойындалды, мақұлданды, жаппай қолдау тапты. Яғни, постмодернизмнің болашағы үлкен деген сөз.
Соцреализм деген де жанр болған. Қазір оның болмашы жұрнағы ғана қалды. Ал батыс сарапшылары Рушди шығармаларын «мистикалық реализм» деген жанрға жатқызады. Профессионализм тұрғысынан алып қарастырғанда, ең басты сауал да осы жерден туындайды.
Мистикалық реализм? Әдебиетте бұрын айтылмайтын, айтылса да қисынды ойға сыймайтын бұл не қылған жанр сонда? Атауының өзіне талдау жасап көрейікші. Реализм – шынайылықты, айқындықты білдіретін ұғым. Ал мистика, ол – мистика. Яғни, табиғаттан тысқары құбылыстарға сену. Нақтыланған постулат емес, сену ғана. Оу, сонда бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар – ақиқат пен құр сенім арасында қандай байланыс болуы мүмкін?
Демек, бұл жанр – күні өтіп, архаизм ауылына ауған күні кешегі соцреализм сияқты баянсыз ағым.
Бүгін американдық аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан Рушдиді осындай күмәні басым, күңгірттеу әдеби ағымның өкілі, яки бір миллиард Адам ата ұрпағы ұстанып отырған рухани қазынаға, дінге топырақ шашқан кері пиғылды пенде деп те қарастыруға болады.
2005 жылы Салман Рушди ақпарат құралдарының бірінде «Исламды реформалайтын кез келді» деген ыңғайдағы мақала жазып, мұсылмандарды «дінге тарихи көзқараспен қарауға» шақырды. Рушди айтқан реформацияға келсек, жұмырбасты пенде үшін ол екібастан таңсық емес. Реформацияның айды аспаннан бір-ақ шығарған сан алуан түрі болған. Ішінде дарвинизм де бар, соның көбі жаңалық, реформация есебінде қабылданбады. Медицинада да солай. Қарапайым скальпель екеш скальпельдің өзі де әлдекімдер айтып жүргендей соңғы дәуірдің жаңалығы емес екен! Оны сонау Гилеем заманында да пайдаланылған. Тіпті тарнсплантация да солай. Рас, дінде реформациялар болған. Құзырлы императорлардың пендауи пәрменімен Інжіл мен Тәурат­тың сан мәрте өзгертіліп жазылғаны бүгінде құпия емес. Ал Исламда ше? Исламдағы ақиқаттар мүлдем басқаша. Шариғат бойынша, дінбұзарлық – үлкен күнә саналады. Оның бір мысалы – тегі мұсылман бола тұра шоқынып, орыстың Орталық Азиядағы отаршыларына жол көрсетуші болған дінбұзар Бекович-Черкасский. Түрікмен сарбаздары оның басын кесіп, ағашқа қадаған.
Дінді сатып, Исламды реформалап, Құран Кәрімді қайта жазатындар табылса, ондайларды кешірер діндарлар аз бол­уы мүмкін. Шабылған басы қазыққа ілінеді. Оны бәрі де біледі. Отыз жыл бойы Аятолла пәтуасынан соң шыбын жаны үшін шырқырап, арнаулы қызметтердің көлеңкесін сағалаған, бүгінде хәл үстінде жатқан Салман Рушди оқиғасы да соның куәсі дер едік.

P.S: Біз діндар да, теолог та емеспіз. Қазақстанның қарапайым азаматтарының біріміз. Ел арасында жиі болып тұрамыз. Осы оқиғаға байланысты халықтың ой-пікірін де естиміз, сондықтан білеміз. Мақаланың өзі де соның ыңғайымен жазылғанын ескерте кетуді парыз санаймыз.
Қазақстан – көпұлтты, көпконфессиялы, толерантты мемлекет. Дінге де, ұстанымдарға да осы демократиялық, толеранттылық биігінен қарайды. Исламдық қағидада да, моноатеистік діндердің бәрінде де Жаратушының өзінен түскен төрт кітап бары айтылады. «Сайтани жырларды» жазса, жазған шығар, бірақ олардың «авторы» Салман Рушди емес, әлбетте!
Ішінде діни постулаттар да бар, барша рухани құндылықтарға құрметпен қарау – парыз. Әрі оны заңғар гуманизмнің белгісі дер едік…
Міне, ағайын, бүгінгі күннің бір сабағы да осы!..

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір