ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ ҮШІН
Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразиялық Топ (ERG) бірлесіп, бірнеше жылдан бері Республикамыздың өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген жұмысшы қауымның арасында «Шеберлер Елі» атты дәстүрлі әлеуметтік-шығармашылық жобасын табысты өткізіп келеді.
Ұйымдастырушы тараптар биыл аталған жобаны жандандырып, «Шеберлер Елі-16» атауымен Еуразиялық Топтың (ERG) жаңа әнұраны мен еңбек адамының мәртебесін паш ететін көпсериялы фильм сценарийіне арнайы байқау жариялады. Жуырда Еуразиялық Топтың қоғаммен байланыс және пиар бөлімінің мамандары мен қазылар алқасы арнайы бас қосып, байқау барысын талқылап, жұмыс жоспарын пысықтады. Жиынды, жобаны үйлестірушілердің бірі, Қазақстан Жазушылар одағы Орыс әдебиеті кеңесінің жетекшісі, ақын Любовь Шашкова жүргізіп отырды. Еркін пікір алмасу түрінде өткен басқосудан кейін қазылар алқасы мүшелерінің байқауға қатысушыларға арналған вебинар-кеңесі бейнетаспаға жазылып алынды. Байқау шарттары түсіндірілген бейнежазба барлық өндіріс орындарына таратылып, байқауға қатысушыларға арнайы көрсетілетін болады.
Компанияның жаңа әнұраны байқауының орыс тіліндегі нұсқасы бойынша қазылар алқасы: ақын, жазушы, әдебиеттанушы, қазылар алқасының төрайымы Татьяна Фроловская; ақын, әдебиетші Римма Артемьева. Қазақ тіліндегі поэзия бойынша Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Қаламгер-меdiа» орталығының директоры, ақын Жанарбек Әшімжан; ақын, аудармашы Алмат Исәділ.
Компанияның тыныс-тіршілігі мен еңбек адамын насихаттайтын жаңа көпсериялы фильмнің қазақ-орыс тілдеріндегі сценарийіне жарияланған байқаудың қазылар алқасы: жазушы-драматург, сценарист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Шахимарден Құсайынов; сценарист, режиссер Владимир Тюлькин; жазушы, публицист Василий Шупейкин.
Қазіргі кезге дейін компания ән-ұраны кәсіби шеберлігі жоғары ақындардың жазған мәтінімен орындалып жүр. Дегенмен, бүгінгі заман – жаңа талап-міндеттер жүктеп отырғандықтан, байқауды ұйымдастырушылар – «компания әнұраны тың мазмұнда, жаңа сипатта жазылуы тиіс» деп ұйғарып отыр. Еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған болашақ фильм сценарийінің нұсқасы да шынайы еңбекке араласып, өндірісте адал тер төгіп жүрген шығармашыл жандардың қатысуымен түзілмек. Сондықтан бұл байқауға бұған дейін «Шеберлер Елі» акциясына белсене қатысып, жүлделі орын алып жүрген, тек қана компанияға қарасты өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін шығармашыл адамдар қатыса алады. Компания басшылығы өз әнұраны мәтіні мен жаңа фильмнің сценарийін жазуға өзінің шығармашылық потенциалын тартуды ұйғаруы – ұтымды шешім деп қабылдағанымыз жөн.
Үстіміздегі жылдың 15 қарашасында қорытындылануға тиіс биылғы «Шеберлер Елі-16» акциясының мақсаты – еңбекқор адамдардың арасынан сөзі шешен, ойы жүйрік, әдебиет пен өнерге жақын дарынды жандарды анықтап, оларға әлеуметтік жағынан да, рухани тұрғыдан да қолдау көрсету. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қатардағы жұмысшылардың ішінде де талантты жандар баршылық. Бұған біз жыл сайынғы «Шеберлер Елі» акциясын өткізу кезінде талай мәрте көз жеткізгенбіз. Өйткені, өндірістің қиындығы мен қызығын, зауыттар мен кен орындарындағы еңбектің өте ауыр екенін сол жерде тер төгіп жүрген жандардан артық ешкім білмейді.
Жаңа мазмұндағы компания әнұраны мен еңбек адамы туралы түсірілетін фильм сценарийіне жарияланған байқаудың талап-шарттарына қысқаша тоқталып өтсек.
- Тәуелсіз еліміздің индустриалды қуатын арттыруға атсалысудың маңыздылығын;
- Компанияның корпоративтік мақсат-мүдделерін;
- Еуразиялық Топтың (ERG) мүмкіндіктері мен жетістіктерін;
- Еңбек Адамының беделі мен қадірін;
- Бір отбасы ретінде бір шаңырақ астында, бір өндірісте қызмет етіп жүрген көпұлтты жұмысшылар қауымының ынтымақ-бірлігін;
- Металлург, кенші, энергетик сынды өндіріс орындарындағы мамандық иелерінің еңбекқорлығын дәріптеп, ұрпаққа үлгі ету.
Алып зауыттар мен шахталарда ауыр жұмыс атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдарының арасындағы әдебиетке жақын, қалам ұстаған талантты жандардың шығармашылық ізденістерін талғам таразысына салған «Шеберлер Елі» атты игі шара бірқатар ірі өндіріс аймақтарында жоғары деңгейде табысты өтіп келеді.
Жоба басталған төрт жылдан бері байқауға 700-ден астам адам қатысып, жиырмадан астам қаламгер Еуразиялық Топқа енген еліміздің бірқатар өндіріс орындарында болып қайтты. Жоба аясында байқауға қатысушылардың таңдаулы шығармалары мен өндіріс ошақтарында болған қаламгерлердің очерктері мен еңбек адамдарымен сұхбаттары енген «Шеберлер Елі» және «Шеберлер Елі: Бір шаңырақ астында» атты қос кітап жарық көрді. Биылғы байқау да өзінің нәтижелі жемісін беріп, егемен еліміздің еңсесін көтеретін еңбек адамының абырой, мәртебесін асқақтата түседі деп сенеміз.
Балжан БЕЙСЕНБЕК.