ОСЫ ЗАМАН АДАМЫНЫҢ БОЛМЫСЫН АШАТЫН ПЬЕСАЛАР КЕРЕК
02.12.2021
1577
0

Амангелді Мұқан

Әлемді жайлаған індеттің кесірінен жаппай жабылған театрлар, жіпсіз байланған шығармашылық тұлғаларға ауыр тиген 2020 жыл бәріне де оңай болған жоқ. Шектеулер кезінде жасалған жұмысты көрдік. Бәріміз жылдың басым бөлігін үйде отырып өткізсек те, жыл басындағы екі жарым ай, жыл соңындағы бірер айда барлық жинап-тергендерін үйіп-төгіп көрермендеріне ұсынған театрлардың жұмысы бар екен. Карантинде отырған театрлардың көзге көрінбесе де онлайн форматта өткізген қырауар жұмысын байқадық. Қандай қиындықтарға қарамастан театрларымыз тірі, карантин кезінде де тоқтамай жұмыс істегені қуантты. Әрине бұл көрініс барлық театрларымызға тән емес. Күрт өзгерген күрделі кезеңде жұмысты ұйымдастыру, шығармашылық ұжымның еңсесін түсірмеу, оларды онлайн көрсетілімдерге, ағартушылық, танымдық шеберлік сыныптары мен дәрістерді өткізуге жұмылдыру үйде жіпсіз байланған шығармашылық тұлғаларды белгілі бір тонуста ұстауға мүмкіндік берді.

Бұл мәселелерді біз Қазақстан театрларында болып жатқан шығармашылық үдеріс, оның дамуы мен бағыт-бағдарын, репертуарын жасақтаудағы ұстанымдары секілді, т.б. көптеген ұйымдастыру-шаруашылық мәселелерді қамтыған сауалнама өткізу барысында білдік.  Театрлардың шығармашылық жұмысын сараптама жасау өзімізге және шетелдік кәсіби мамандарға еліміздегі шығармашылық жұмысының хал-жайынан хабардар етіп, барымызды бағалауға, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік береді. Осы орайда «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» 2020 жылдың театрда жасалған жұмыстарын жүйелеп сауалнама сұрақтары арқылы анықтауға жіберілген сұрақтарға барлық театрлар 100 пайыз қатыспаса да келіп түскен жауаптардан өткен жылдың жалпылама нобайын көрудің мүмкіндігі туды. Қойылған сауалнамға жауапкершілікпен қарап, дер кезінде жауап берген 43  театрдың деректері негізінде мониторинг жұмысын жүргізіп, шығармашылық және статистикалық көрсеткіштерге сүйеніп «Қазақстан театрлары – 2020» жұмысын қорытындылады.

2020 жылдың баспадағы үлкен жаңалығы деп ерекше атауға болатын жәйт ол «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына  – 30 кітап» атты рухани-мәдени акциясы аясында жарық көрген бір топ драматургтеріміздің пьесалар топтамасы. Олар: белгілі аға буын драматургтеріміз Дулат Исабековтың «Жеті желкен», Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі», Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр», орта буын және жас драматургтеріміз Сая Қасымбектің «Жанталас», Думан Рамазанның «Пешене», Мадина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» пьесалар жинағының жарық көруі. 

2020 жылға арналған жоспарлар көп болатын. Жыл бастала бере толығымен карантинге жабылған театрлар жұмысы саябырсып, жоспардағы біраз дүниелер сахнаға шықпай қалды.  «Сонымен бұл жыл несімен есте қалды?»  дегенде, алдымен: Ұлы Абайдың – 175 жылдық мерейтойына арналған спектакльдердің көптеп қойылуы, Шығыстың екінші Ұстазы атанған ұлы философ әл-Фарабидің – 1150 жылдығына арналған санаулы қойылымдар және ІІ дүниежүзілік соғыстың Жеңісіне 75 жыл толуы басты назарда болды. Қазақ театрына 2020 жылы қойылған спектакльдердің ішінен М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы мен «Абай жолы» роман-эпопеясы және Абайдың төл өлеңдері, қарасөздері, ән-күйлерінен түзілген инсценировкалық спектакльдер молынан болды. Олар: М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының драматургі М.Омарова мен Б.Әбділмановтың «Абайдың жұмбағы», режиссер әрі инсценировка авторы Ж.Жұманбайдың Абайдың ғақлия сөздеріне жазылған «Қара» спектакльдері, Алматы қаласының «Алатау» дәстүрлі театрында И.Сапарбайдың «Абай – Әйгерім», Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры К.Ежембектің «Абай – Жарық сәуле!», Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма театры Е.Раушанов жазған «Құнанбай мен Абай» сырласуы,        С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры М.Әуезовтің шығармасы бойынша М.Әбілдің инсценировкасын жазған «Жас Абайы», Арқалық қаласы Қазақ жасөспірімдер театры мен Шымкент қалалық Қуыршақ және жасөспірімдер театры Б.Римованың «Абай» пьесасы желісімен А.Алтынбековтың «Дара Абай», Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры А.Құнанбаевтың шығармалары негізінде «Бес нәрсе…», Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры М.Әуезовтің трагедиясы негізінде «Ғажайып трагедиясы», Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезов романы негізінде «Ерте ояндым, ойландым…», Жамбыл облыстық Қазақ драма театры А.Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық-ай» поэтикалық композициясы, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған облыстық қазақ драма театры Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?…», І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры мен Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрында режиссер әрі драматург Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының Т.Әсемқұловтың киносценарийі бойынша «Құнанбай», Республикалық Кәріс музыкалы-драма театрының Ни Е.П.  инсценировкасы бойынша  «Если я человеком зовусь» философиялық притчасы, Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театры М.Әуезов романы бойынша «Дорога к Истине», Ақмола облыстық орыс драма театры «Коней своих не прерывая бег…» т.б. қойылымдары есепті жылдың толық емес тізімі.

Ойшыл философ Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы мен Екінші дүниежүзілік соғыс туралы да бірнеше спектакль қойылды.  

Бұдан басқа Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалы драма театрында Ф.Оңғарсынованың режиссер Б.Ұзақов, Н.Жұманиязов сахналаған «Сенің махаббатың», Б.Римова атындағы  Талдықорған драма театырында драматург Ерсайын Төлеубайдың «Мұхамеджан Тынышбаев. Үзілген тамыр» трагедиясы, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ драма театрының М.Байғұттың «Асқаровтың аққайындары» драмасы, т.б. авторлардың пьесалары сахналанды. Осы жерде атап айтатындай дерек, Қазақстан театрлары сахнасында есепті 2020 жылы шығармалары көп қойылған 15 драматургтерді анықтаған еді. Сол тізімді жоғарыда аттары аталған үздік авторлармен бірге: С.Жүнісов, Р.Отарбаев, С.Қасымбек, С.Балғабаев, А.Вампилов, Ә.Байбол, Р.Куни, Н.Гоголь,  Д.Исабеков, А.Н.Островский, С.Беккет секілді пьесалары бірнеше рет қойылған авторлар құрады. Сонымен қатар қазақ театры репертуарынан Т.Әбдік, Ш.Құсайынов, С.Жүнісов, М.Мағауин, т.б. аға буын ұлт авторларының шығармалары да көрінгені бізді қуантты. Демек театрларымыз жаңа драматургияға тапышылық көрген кезде үйреншікті, уақыт сынынан өтіп әбден орныққан халқымыздың классик қаламгерлерінің туындыларына қайта оралып отыруы қуантқанын баса айтуымыз керек.

Енді, бүгінде жаңаша қарқын алып келе жатқан Drama.kz заманауи Қазақстандық драматургия фестивалі жайлы бірер сөз айта кетсек. 2017 жылы ресейлік драматург Олжас Жанайдаров бастамасымен құрылған Drama.kz әр жылы еліміздің түкпір-түкпірінен талантты авторлардың пьесаларын іріктеп Алматыда осы пьесалардың оқылымын ұйымдастырды. Оқылым бұл мәтінді театрға ұсынуға жол ашатын ерекше формат, актерлер шығарманы рольдер бойынша оқиды. Оқылымға қатысатын режиссерлер мен актерлер заманауи драматургиямен, жаңа тақырыптармен, жаңа тілмен жұмыс істеуге қол жеткізеді, осындай шығармашылық байланыс әдетте олар үшін жетіспей жатады. Фестиваль соңғы біраз жыл ішінде жаңа драматургияның негізгі тәуелсіз лабораториясы және Қазақстандық авторлар үшін ашық коммуникация кеңістігі бола білді. Бұл жерде тек мәтіндерді ұсыну ғана болмайды, сонымен қатар, тәжірибелі мамандардың пікірін естуге, аудиториямен диалог құруға мүмкіндік бар. Әрі фестиваль аясында білім беру бағдарламалары да ұйымдастырылып келеді, белгілі театр қайраткерлері өздерінің шеберлік сағаттарын өткізеді. Фестивальдағы оқылымдарды әр жылы әртүрлі режиссерлер қойып, Алматы қаласындағы көптеген театрлар актерлері қатысып отырды. Бұл бүгінгі таңда жаңа драманы дамытуға бағытталған Drama.kz заманауи Қазақстандық драматургия фестивалі үлкен күшке айналып келе жатқанын баса айтқым келеді. Әзірге бұл тәуелсіз фестиваль жұмысына ҚЖО тарапынан, оның «драматургия» секциясы назар аударса, қызығушылық танытса нұр үстіне нұр болмақ. Drama.kz – 2020 қазақстандық заманауи драматургия фестивалі қоржынына түскен 56 пьесаның 16-қазақ тілінде. 9  пьеса оқылымға қабылданып кәсіби театрдың актерлері мен режиссерлердің қатысуымен оқылды. Аманжол Қазыбектің ТуК-МаР қонақ үйі (комедия), Жәнібек Әлікеннің «Абайлаңыз, ескерткіш!» (драма),  Сая Қасымбектің «Ерекше күн» (психалогиялық абсурд) деп аталған шығармалар жеңімпаз деп танылды. Егер біз «Қазақстанның жаңа драматургиясын дамытуымыз керек!» деп бүгін мен ертеңге ұран тастайтын болсақ, шығармашылы жастарсыз, олардың заманды, қоғамды, адамдарды сезінуі мен түсінуі, заманға сай бейнелі де шынайы сомдап беруіне зәруміз.

2020 жыл қоғамды карантиндегі өмірге бейімдеді. Осындай форс-мажорлы қиын кезде отандық театрларымыз әлеуметтік желіден, интернеттің мол мүмкіндіктерінен өздеріне қажетін алуға бет бұрды. Әрине, бұл жаппай құбылыс болмаса да бірі кеш қолға алынуы көңілге медеу. Инстаграм, фейсбук, ютуб, т.б. желілерде екі актердің көрермен-тыңдарманмен сұхбаттасуы етек жайды. Бірте-бірте жеке және топ болып ән айтылып, өлең, спектакльден үзінділер оқылып, театр актерлерінің белсенділігі арта бастады. Үйде, шідерсіз байланған барша қауымға театрдың онлайн эфирдегі  жасаған азын-аулақ қызметін халық жоғары қабылдап, түрлі лайкпен, жазба пікірлерімен қошеметін көрсетті. Бірақ, бұның бәрі театр емес болатын. Театр болу үшін алдымен драматургия керек.

Сондай маңызды жұмыс театр сыншылары тарапынан да қолға алынып, Zoom платформасында online пьеса оқылымы ұйымдастырылды. Күтпеген жерден карантин шектеген бұл бастаманы жалғастырудың жолы қалай болар екен деген ой мазалағаны анық. Үй қамағында отырған театр қайраткерлерінің қатысуымен оқылымын өткізуге қолайлы жаңа пьеса таппай жүргенде, әлеуметтік желіде жарияланған созақтық автор Байділдә Айдарбектің «Коронавирус» екі бөлімді драмасы кездесіп, осы бастаманың жалғасын онлайнда өткізуді «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» қолға алып ұйымдастырды.  Атауының өзі айтып тұрғандай, пьеса тақырыбы өзекті, бүгінгі күннің жанды көрінісін ойып алып бере салғандай әсер қалдырады. Пьеса кейіпкері Омардың қасиетті Құрани сөзімен айтатын «Әрбір істің қайыры бар» деген әдемі сөз тіркесін шығарманың негізгі діңгегі десек артық айтқандық болмас. Тыңдарман халықтың басына келген «коронавирус» атты жамандықтың да қайыры тигеніне шүкіршілік етеді. Бұл жерде автордың әрбір айтылатын, баяндалатын оқиғадан сабақ алу, әрбір жамандықтың астарынан жақсы жағын көре білуге бастайтын оптимистік оң көқарасын көреміз. 

Бұл онлайн пьеса оқылымы республиканың 8 театрының артистерінің басын қосты. Бұл бұрын қазақ театр тәжірибесінде болмаған құбылыс. Онлайн пьеса оқудың өзіндік қиындықтарына қарамастан оларды жинап ұйымдастыру карантин жағдайында отырған жастарға пайдасы мол болғанын көреміз. Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктердің кезі, жаңа шешім қабылдауға жол ашатын ұрымтал сәт екенін еске салды.  

Ойымызды қорыта келгенде, заманға сай драматургтеріміздің тақырып таңдауы, бүгінгіше ойлайтын, кейіпкерлерді заманға сай сөйлету, бастысы сахнада әрекет ете алатындай сомдау мәселелері күн тәртібінде тұр. Қазақ театры мен драматургиясы өзінің дәстүрі мен табиғи болмысына тән, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Хұсайынов секілді, т.б. суреткерлер салып кеткен әдеби тілі мен көркем бейнелі сөйлеу үдерістерінен ажырап қалмай алға өрлей беруі керек. Пьеса жазу карантин кезінде де тоқтаған жоқ. Ендігі кезекте атқарылатын үлкен іс сол пьесаларды көрерменнің көзайымына айналдыру болмақ.

Аманкелді МҰҚАН,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

 Театр және кино бөлімінің меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір