ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ ӨСЕДІ
16.08.2022
696
0

10 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Кездесу барысында мәдениет, өнер саласында атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспар талқыланған.

Президентке министр өзі жетекшілік ететін салаларда жасалған жұмысы туралы баяндаған соң, қызмет етіп жатқан азаматтардың кірісін арттыру шаралары туралы да мәлімдеген. Атап айтқанда биыл мәдениет, өнер және спорт мекемелері қызметкерлерінің жалақысы өскен. Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап, мәдениет пен спортты дамыту туралы жоспарларын айтты.
Д.Абаев мырза кітап шығару саласындағы жағдайды да тілге тиек етті. Соңғы кезде Президент тапсырмасымен мәдениет саласына, оның ішінде әдебиетке мемлекеттің назары ауып, оң көзбен қарап жүргені рас. Атқарылған іске көз жұмбай, жасалған жұмысты жасалды деп мойындау керек те шығар. Атап айтсақ, соңғы үш жылда Алматы қаласының жазушылары 500 мың теңге көлемінде стипендия алып жүр. «2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы» деп белгіленген соң, біршама баспадан 100-ден аса балаларға арналған кітаптар да жарық көрді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай республиканың бірнеше өңірінде жас қаламгерлердің кітабы да жарық көрді. Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен «Әдеби-тарихи өлкетану» жобасы іске асты. Кітап шығару жолы оңтайластырылып, бәсекеге қабілетті болуы үшін баспа ісі қайта жандана бастады. Мұның бір айғағы – қазақ тіліндегі кітаптардың дүкен сөрелерінде көбеюі. Бұрын бір бұрышта ғана «Атамұра» баспасының сериясымен шыққан шығармалар жетімсіреп тұратын еді. Қазір тіпті тек қазақ тілінде кітап сататын жекеменшік дүкендер де пайда бола бастады. Бұл да болса сұранысқа сай қызмет көрсетудің сапасы арта бастағанының дәлелі десек болар. Жыл сайын осындай бірсыпыра жұмыс атқарылып, кітап нарығы ақырындап аяққа тұрып келеді.
Д.Абаев мырзаның мәдениет саласы бойынша баяндамасын тарқатып айтсақ, әлі біраз жобаны тізіп жазуға болар еді. Біз солардың бастысын тілге тиек етейік. Қазір Мәжілісте Қазақстан Жазушылар одағын мемлекетпен стратегиялық әріптес, мәдени-әдеби серіктес деп қабылдайтын заң жобасы жатыр. Мәдениет министрлігінің де айтып отырғаны сол болар деп болжап отырмыз. «Негізгі күш баспа өнімдерінің, оның ішінде балалар әдебиетінің бәсекеге қабілетін арттыруға, сондай-ақ жазушыларды қолдауға бағытталғаны мәлім болды» деп «Ақорда» сайтының жазғанына илансақ, осы жорамалымыз шындыққа жанасатындай көрінеді. Бұл жоба қабылданса, қаламгерлердің жағдайы тұрақталып, мәртебесі де өседі деп сенеміз. Олай болса, мемлекеттің де осы салаға баса назар аударуы керек.

Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір