Ұлт руханиятын туындыларымен байытқан «Үш бәйтерек»
24.05.2024
354
0


Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жаңа дәуірін бастаған «алыптар тобында» ірі ақындар, іргелі прозаик және драматургтер Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиндердің орны ерекше бөлек. Биылғы жылы бір жылы дүние есігін ашып, бір жылы жалған жаланың құрбаны болған, өз кезеңінде ақындықтың жаңашыл реформаторлары дүлдүл ақындарымыздың туғанына бүгінде 130 жыл толып отыр.
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №26 кітапханасы С.Сейфуллин атындағы №74 ЖББ мектепте «Үш бәйтерек, үш діңгек: Сәкен, Ілияс, Бейімбет» атты әдеби кеш өткізді.


Ұрпаққа ғибратты да мәнді туындыларды мирас еткен «Үш арыстың» шығармашылығына арналған кешке, жазушы, ғалым, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері – Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш, Қазақстан Жазушылар одағының, Суретшілер одағының мүшесі – Еркін Ибрагимұлы Нұразхан шақырылды.
Жазушы Нұрдәулет Ақыш, адамзаттық тұлғасы басты орында болған үш бәйтеректің шығарамшылығындағы патриоттық пен отансүйгіштікке баулыған туындыларына тоқталды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі Сәкен Сейфуллин басқарған үкімет кезінде орын алған.
Бүгінде І.Жансүгіровтің ұлттық болмысты танытқан жауһар дүниелері оқушылардың да сүйікті шығармаларына айналғанын қатысушылар да растай түсті. Ал саяси-қуғын сүргін жылдарындағы Бейімбет Майлиннің тұлғасын Нұрдәулет Ақыш өз әңгімесінде ашып берді.


Қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өзіндік колтаңбасын қосқан белгілі суретші Еркін Нұразхан тағдырлары ұқсас үш бәйтеректің ұлттық әдебиеттің қалыптасуына, қоғамдық өмірді дамытуға қосқан үлесі туралы айтты.
Шарада мектеп директоры Раушан Асылқызы Батырбекова, қазақ әдебиетінің түрлі жанрында қалам тартып, дәуір түлектеріне үн қосқан үш бәйтерек хақында кіріспе сөз сөйледі.
Мектеп оқушылары қазақ әдебиетіндегі үш бәйтерегіміздің өлеңдер мен қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан ұлы тұлғаларымыздың шығармаларынан үзінділер оқыды. Оқушылардың дайындаған С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасынан, Б.Майлиннің «Күлшара жеңгей» әңгімесінен, І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасынан сахналық көріністері қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Оқушыларды дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Сандуғаш Нысанқызы Есенеева.


Кітапханашылар оқырмандарға «Үш бәйтерек» атанған С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды ұлы тұлғалардың шығармашылығын, өскелең ұрпаққа баға жетпес мұрасын, еңбектерін таныстырды.
Аталған іс-шара оқушыларды шабыттандырып, болашаққа бағдарларын нақтылай түсуге септігін тигізде деп сенеміз.

Светлана Апсалыкова,
№ 26 кітапханасының меңгерушісі

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір