Құрмет­теңдер Жазушылар одағын!
17.12.2024
208
0

Шаяхмет АЛЖАМБАЕВ

ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

* * *
Дүрілдеп бір тұрса-дағы дәуірің,
Алқып-шалқып
тассаңдағы бауырым,
«Асқақ ойлар иесі» деп қадір тұт
Ақындар мен Жазушылар қауымын.

Бұл құйтырқы саясат­та толы ағым
Мың құбылып, өзгереді қоғамың.
Қай заманда, қай жүйеде болмасын,
Құрмет­теңдер Жазушылар одағын!

Ордасы бұл ақыл менен ойдың да,
Баға жетпес байлығы бар қойнында.
Ел қамы үшін «Дат!» айтатын патшаңа,
Ең ауыр жүк осы Одақтың мойнында!

Көркем сөздің қыздыратын көрігін,
Бағалай біл талант­тардың шоғырын.
Елді ойламай кетсе әділдік биліктен,
Солар айтар өз ұлтыңның өр үнін.

Әрбір ұрпақ тәлім алып, саралар,
Өлмес сөзін қалдырыпты даналар.
Қай елді де танығысы келгендер,
Ең әуелі, жазушысын бағалар.

«Байлық болса, болам деме, неге зар»
Рухани байлықты кім бере алар?
Қаламгерін ескермеген ел азар,
Қаламгерін қастерлеген ел озар!
Қаламгерін жәбірлеген ел азар,
Қаламгерін қадірлеген ел озар!

Бұл құйтырқы саясат­та толы ағым,
Мың құбылып өзгереді қоғамың.
Қай заманда, қай жүйеде болмасын,
Құрмет­теңдер Жазушылар одағын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір