ХII Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі
20–22 қараша аралығында Алматы қаласындағы «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Атакент-экспо» Халықаралық көрме компаниясы мен Қазақстан Республикасы Кітап палатасы, Қазақстанның Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясы ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолымен – 2024» ХII Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі» өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан сөз алған Алмаз Мырзахмет құттықтау сөз сөйлеп, көрмеге қатысушыларға алғысын білдірсе, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің аймақтық менеджері, Ресей Федерациясынан келген қонақтар және Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы, Иран Бас Консулы мен Латвия консулы көрме тұсаукесерінің лентасын қиды. Ашылу салтанаты барысында еліміздегі және шетелдік баспалардың кітаптары, жаңа өнімдер мен баспа технологиялары таныстырылды. «Түркі дүниесі әдебиетінің» 100 томдығының салтанатты тұсаукесері болды. Тұсаукесерде Өзбекстанның танымал баспа маманы әрі аудармашысы, құрметті қонақ Мухиддин Оманов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Әлібек Асқаров, ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ержан Алаштуған құттықтау сөз сөйлеп, түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын насихаттайтын көптомдықтың маңыздылығы жайлы айтып, тұтас 10 томы қазақ әдебиетіне арналған осынау 100 томдық «Түркі дүниесі әдебиеті» жобасының басталғанын ресми түрде жариялады.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен еңбектерін дәріптеу мақсатында «Алматы кітап» баспасының «Менің Қазақстаным. Ұлы тұлғалар» кітаптар сериясы аясында жарық көрген «Ахмет. Алаш ардақтысы» кітабының да тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Тұсаукесер шымылдығын «Алматы кітап» баспасының президенті Гауһар Айтжанқызы, кітап авторы Райхан Сахыбекқызы, Жангелдин мұражайлар кешені КММ-нің басшысы Гүлбану Құлетқызы мен ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Тұрғалиқызы ашып берді. Көрме орталығында «Атамұра» баспасы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» және «Балалық шаққа саяхат» сынды белгілі шығармаларының жаңа дизайн, жаңа форматта қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген нұсқаларын таныстырды.
Тұсаукесерге жазушының қызы Самал Соқпақбаева мен немересі, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, белгілі журналист Қайнар Олжай, ақын Серік Қалиев және басқа да танымал тұлғалар қатысты. Көрме аясында өткен бұл тұсаукесер ұлттық әдебиеттің және балалар әдебиетінің өзектілігі мен құндылығын тағы бір мәрте дәлелдегендей.
Үш күнге созылған дүбірлі кітап мерекесінде Көрмеге қатысқан шетелдік мамандар мен отандық баспагерлер әртүрлі номинацияларға ие болды.
«Жыл кітабы» аталымы бойынша Гран-при иегерлері – «ARMAN-PV» баспасы мен Майя Төлегенқызының қазақ мемлекеттігінің бастауы болған Жошы ұлысының тарихи рөлін жаңаша көзқараспен танытқан бірегей жоба ретінде «Жошы Хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» кітап-альбомы марапатталды. Жасанды интеллект қолданылу арқылы заманауи форматта жасалған кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Осынау үшкүндік кітап мерекесінде жүлдеге ие болған барлық кітап авторлары мен баспа ұжымдарын құттықтаймыз!