Мінезді адам
Сонау бір балаң жылдарымызда қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан аға Шаймерденұлының «Мезгіл», «Қарғаш», «Жыл құсы», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» повестерін, «Ан-Арыс» баспасы 2013 жылы шығарған 5 томдық Шығармалар жинағын әрқашан әсермен оқыдық.
Жұрт талқысына ерте іліккен «Инеш» романы басылған соғыстан кейінгі жылдардың әр мезгіліндегі табиғат көріністері, студент жастардың қалыпты өмір ортасын суреттеудегі қалам алымы жазуға бірқанша дайындықпен келгенін, шеберліктің айла-тәсілдеріне ынтығулы қалпын байқатқан.
«Инеш» – өз кезеңі үшін қатты қыстан, қату қабақ сұр бұлтты лайсаң шақтардан кейін зарықтырып барып жеткен, жарқ етіп ашылған күндей шуақты, жаңа нышанды, жанға жақын шығарма болды.
Сол бір жылдарда студент атаулыға жұрт құрметпен, үміт жалғап қарайтын. Қоғамдағы студент мәртебесі жоғары, кәделі болатын. «Инеш» романында жас автор озған, өскен жұрттар қатарына қайта ілесе бастаған, замана көшінде дағдарып қалғанымен, туабітті айқын адамшылық артықшылықтар даралап тұрған туған ұлтын интеллектуалды әдеби шығарма ортада ашуды көксейді. Шығарма
мұраты – осы.
«Ан-Арыс» баспасынан 2013 жылы шыққан бес томдық жинағының екінші кітабы жазушы Сафуан Шаймерденұлының повесть жанрындағы туындыларынан құрастырылған.
Мың сан адам, қиылы заман, қым-қуыт уақиғалар. Қызық құбылыстар, қызу сезімдер. Тауысып айту мүмкін емес тылсым… Қос ағыс бөлек әлем.
Игілік сынды байлардың «тап жауы» болып кектендік.
Біздің әдеби талғамымызға «жағымды», «жағымсыз» кейіпкер ұстанымы әлбетте, өз «септігін» тигізді…
Сафуан Шаймерденұлының «Қарғаш» повесіндегі «Арам Сары» – есепші Мелдес кеудеде қолайсыз бір күдікті күй туғызып, ұмытылмай, қалып қойған «жағымсыз» жағымды бейне. Жағымды болатыны – жазушының осы кейіпкері иландырады, қылаудай күмән тудырмайды.
ХХ ғасырдың 50 жылдарында көркемдік әлуетін мығымдау жолындағы жаңа бұрылыстарды көксеген қазақ прозасының былайғы дамуында Сафуан Шаймерденұлының сара соқпағы қалды.
«Қарғашта» жазушы қаламына тіршілік драматизмі мен өмір сүйгіш, жасампаздық аңсар қатарласа қызмет көрсеткен. Кейіпкер әрекетін ашық-шашық бейнелегеннен гөрі жұмбақтау алып, күрделі күйлер мен қымтай жазу бағытындағы ізденістің таңбасы бар.
Аудан орталығындағы жаңбырлы түннен кейін көрінбей кеткен Қарғаш нендей тағдырға душар болғанын іштей болжаймыз. Күн көріс қамы ма, әлде әдемі бойжеткеннің назданып жүріп, амал-айланың торына шырмалғанын байқамай қалуы ма?
Жазушы осы шығармасы жазылған уақыт үшін жаңа, саяси астардан азат, жас адамдарды шарпымай өтпейтін жастық шақтың нұрлы сәттері, жақсы көру сезімі, өмірлік ситуациялар шырмауындағы жеке бас шырғалаңдарына бұрылады.
Арам сары сынды іш алдырмас – «жабық», қапсыз қашалған тың, бірегей-біртектес бейне сомдау шеберлігіне көтеріледі.
Сафуан Шаймерденұлы «Мезгіл», «Жыл құсы» повестерінде заман, уақыт психологиясын барлайды.
Жазушының «Мезгіліндегі» негізгі өмірлік желі – «Бір таба нан» атты деректік повесінің де арқауы. Осы шығармалардағы қазақ әйелінің көзге ұрып көрінбейтін бағзыдан бар кісілік қасиет, аналық мейірімін бала жүрек сезінген Бейіс – Бибігүл мен жетімдік, жоқшылықтың суығы соққан, қорғансыз балапан – қарғалардың табысу, жақындасу драмасын автор атам заманғы құдіретті адамгершілік сарында шалықта үдетіп, заман басқа салған бақытсыздық, жалмаған аштық образымен тайталасқан ар арпалысы үстінде ашады.
Сексеннен аса жасаған ғұмырында жазушы сонау балаң кезден-ақ кеңестік жүйені атойлап дәріптеуден бой тартқан, қаламына оңтайлы келген повесть
жанрында жазылған жекелеген туындыларында ел басына уақыт, кезең әкелген қайшылықты, күрделі, екіұдай кепті көрсетіп отырудан бой тартпаған мығым мінезді бұзбапты.
С.Шаймерденұлы өзі көркемдік кеңістікке алып шыққан адамдарды әсте бірыңғай дұрыс немесе бұрыс етіп көрсетуге құлық танытпайды. Адам баласының әрқилы жағдайда қылаң беріп отыратын осалдығы да, күтпеген таңдау шақтардағы артықшылық – абырой биігі де дәйім қоса қабат алынады.
Жазушы кейіпкерлерін қалпына сай сөйлету, өткір, ұтымды диалогтар туғызу шеберлігін сонау жас күнінде жазған «Болашаққа жолдан» («Инеш» – Қ.М.) байқата бастайды.
Қаламгердің «Жыл құсы» повесіндежазушы жанын «жаңа өмір» орнығып жатқан кезең, жалпақ жұрттың ғасырлар бойғы ғұмыр салты жасаған көшпелі өркениеттен қондырма қалыпқа қайтусыз ойысып жатқан уақыт қозғайды.
Битабар балуанның күшіне құрық салған әккі басшының, «өркениет әкелген» «озық» адамның бір айналымнан аспай бас көтеретін аярлығы түршіктіреді. Асты-үстіне түсіп алдаудан жанға жол бермес сұм, жалғыз перзентінен айырылғанда да айтқанымен жүрген Битабар балуан мертігіп қалғанда, төбе көрсетпей безіп кеткен. Елсізде тұралап тұрған көлігін көтеріп шығарып жіберген кісіні әдейілеп іздеп тауып алғанда жолыңа байладым деп, дала тағысы ақбөкенді сылқ еткізген шетен қалпақтының мезіретін Битабар іштей «қажет болса сені де осындай жасаймын», – дегендей пиғылға жорыған еді. Қателеспеген. Шетен қалпақты – шерлі елдің төбесінде ойнаған өктем отаршыл жүйе тұспалы.
Битабар – бір мәнде кесек тұлғалы нұры сөнбейтін, қуаты өшпейтін ұлттық бірегей болмыс.
Сафуан Шаймерденұлы «Жанкешті жігіт» деректі әңгімесінде «тың игеру» тұсындағы басынулар мен бассыздықтарды батырып айтты. Жазушы өзінің бір сұхбатында да «тың игеруге» даурықпай, дабырламай астарлы тұстардан салқын қарайды.
Жанкешті жігіт – туған ауылы «Суаткөл» колхозында председатель болып істеген Ескен Құсайынов деген азамат. Ауыл үйдің адамын басынып, ойына келгенді істеп жүргендерді намыс жеңген жігіт бір күні атпен жапырып, таяққа жығып тастайды. «Ескен мал өрістен қайтқан сәске тұсында үйіне келген ғой. Шамасы, сүт пісірім шаққа көз шырымын алмақ. Етігі мен үстіндегі ауыр киімін шешіп қисая берген екен, бақыра жылап бір әйел кіреді. Үсті-басы сарыала сауыс сүт. Қолы-басы қан».
« – Күн көруден қалдық қой, түге. Тапа-тал түсте өз үйінің қасында арақ ішкен бұзақыларға таланып, көрдік қой көресіні. Еркексіңдер ме, кімсіңдер өздерің? Беттерін қайырмайсыңдар ма, көстеңдетіп қоя бермей?!».
Ескен алдымен әлгі сүтін төгіп, қаймағын тартып алған, енді тауық қуалап жүрген екеуін, соңынан солардың жиып келген жиырма бір адамын жалғыз жайпаған. Соңынан істі болып, бірер уақыт қамауда отырып шыққан.
Жазушы сонау бір жылдарда «Мәдениет және тұрмыс» журналының тілшісімен болған сұхбатта кіндік қаны тамған жерінде тұрып жатқан өз елінің мүддесіне қаратып, шындықтың бетін тырнап отырып, басынып кеткендерді сескендіре сөйлейді. Алматыдағы ахуал, Одақ көлеміндегі ең көшпелі ел кім болып отырғаны, бей-берекет қоныс аударушылыққа алаңдайды. «Дәл қазір бұрынғы көшпелі ел – қазақтардан артық орнықты, отырықшы ел жоқ. Ал бұрынғы отырықшы ел – орыстардан бетер көшпенді ел жоқ». Жазушы академик Д.Лихачевтің осы жөнінде орыстарға арнап беталды көшіп-қона беру кісілікке, адамгершілікке жатпайды деп қынжылыс білдіргенін келтіреді. Бірнеше бадырайып тұрған келеңсіздіктердің жайын тарқата, шешім, тоқтам, түйінге тарта ой өрбітеді.
Жазушы КСРО-да үздіксіз жүріп келген беталды ауа жайылып, көшіп-қона берушілікті тоқтату керек дейді. Бір уақыттарда Мұхтар Әуезовтің шеттегі қазақтарды шақырып алайық деп көтерген бастамасына басшылық құлық танытпаған екен. Керісінше, тың көтеруге кім келмеді, деп күйінішін жасырмайды.
Қаламгердің ар-ождан, уақыт, ел, жер ауқымындағы жүрекжарды ой сөзі түскен сұхбат-әңгімелері әлеумет өміріне айтарлықтай ықпалын тигізіп отырды.
Бес томдықтың төртінші кітабына жазушының өз дәуіріндегі әдеби беталыстар туралы әр жылдары жазылған толғаныс, ойлары айтылған пікірлері топтасқан. Бұл өзі – жөні бөлек бір жинақ. Қаламгердің шығармашылық зертханасына қызығушылар қанағат табатын сыр-сұхбаттар, қанаттас, қатарлас тұлғалар қара көрсетіп әдебиет әлеміне елітіп, елеңдей бастаған қаламдас інілер шығармашылығындағы даралылық белгілері бедерлене түскен соны нышандар қалтқысыз ой зердесіне тартылады.
Әр жылдарда жазылған мақала, жасалған баяндама, әңгіме-сұхбаттарында ұдайы, үзілмей қозғалып отыратын көркемдік талғам, талап, шығармашылық үрдіс, қазақ әдебиетінің қал-қауқары туралы, ой-пайымдары мәселенің тоқ етер қойылымымен, мейлінше талапшылдығымен тұлғалана түсетін қаламгер Сафуан Шаймерденұлының «Әдеби толқындар» сын кітабы мен «Ағалардың алақаны» ғұмырбаяндық естелік-эссе жинағына Мемлекеттік сыйлығы берілген еді.
Сафуан Шаймерденұлы әдеби сында өзіндік, негізгі бірбеткейлігімен, көркемдік мәселесінде көңілжықпастыққа бармайтын тура би түзулігімен танылып, мойындалды. Сыңар езу біржақты, айттым, бітті, шала қамтыған, дүмбілез сын жазбаған. Суыртпақтап тарқата отырып классиктің де, кенже буын өкілінің де кемістік, жетістігін нақ бағалап, дәл танудың біліктілік өнегесін көрсетіп отырады.
Академик Серік Қирабаев атап көрсететін, Сафуан Шаймерденұлының «Болашаққа жолдан» басталған шығармашылық жолы «бұрылмай» жалғасты.
«Ол шығарманың тақырыбын саудаламай, өзінің жазушылық концепциясын айқындығын, адамды тануға, адамдық қарым-қатынастарды, қоғамдық орта мен жеке адамның өзара байланысын зерттеуге ұмтылысын көрсетті».
Еңбегінің жемісін жеді, бағасын алды. Орден тақты. Халық жазушысы атанды. Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Тұлғалы адамды ел сүйген жақсы баласы – Саянының қазасы еңкейтіп кетті. Анадан ерте айырылған еді, қарттық жеңе бастағанда баланы жоқтау оңайға соқпады…
Осының бәрі адам еркінен тыс Алланың құзырындағы құбылыстар ғой. Осылай қабылдаймыз.
Әдебиет, сөз өнерінің өзі Алланың адамды кенелткен ұлы шапағаты туралы айтқан үстіне айта беруден өріс алмап па еді. Өкінішке орай, қазақ әдебиеті әлемдік әдеби үрдістегі Бальзак, Достоевский, Толстой, Булгаков сынды ондаған, жүздеген қаламгерлер арқауын босатпаған осы мығым негізден кеңестік кезеңде ажырап қалды. Оның мын сан ішкі-тысқы себептері болды. Қазақ сөз өнеріндегі үзіліп кете жаздаған адам өмірін Алланың құзырында ұғыну Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі» сынды шығармаларда жаңғырды.
Сафуан Шаймерденұлының шығармашылық әлемін тұтастырып тұрған дүниелік негіз, әсіресе саясатқа елікпей, ұлтына тән мінезбен әдіптелген арқау да – осы.
Жазушының жары қазірде тоқсан жас жасап отырған, жарты ғасыр орыс мектебінде қазақ тілін оқытқан ардагер ұстаз Бағдат апай Көлұзаққызы – Шаймерденкеліні 60 жылға жуық бір шаңырақтың аясында ұрпақ өсіріп, бірге ғұмыр кешкен отағасын ерекше жылы сезіммен еске алды.
«…Негізі мінезді адам ғой. Шындықты айтатын. Жаңа жазған жастарға қамқор сөзін айтып отырды. Өзі өмірден өткен соң кісілік қадірін білген көзкөргендер, қаламдас қатары, іні достары жазып жүр. Жазбайтындары да бар.
Жүріп, тұрып, кісі алдына барып мәселе шешуге менің жасым болса келіп қалды. Не Алматыда, не Астанада көше атының берілмеуін түсінбеймін. Кітабын да өзіміз шығардық. Мектеп атын береміз дегеніне 5 жылдан асып кетті. Бар ғұмыры бір түзу жолмен, жазушылықпен өтті. Халқына қажет дүние жазды. Білімін, білігін аяған жоқ. Тура жүрді, тура сөйледі…».
Иә, сол Сафуан атамыздың да келесі жылы туғанына 95 жыл толмақ.
Қанипаш Мәдібай,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология
ғылымдарының докторы, профессор.