Кітап оқу – кешірімге апаратын жол
22.04.2016
2110
0

_P5bMBj7jUnkNzi7T51FioXXXL4j3HpexhjNOf_P3YmryPKwJ94QGRtDb3Sbc6KYАнглияның Стратегиялық зерттеу орталығы XXI ғасырдағы «Ғылым-білімге құштарлығы жоқ» отыз ұлттың тізімін жариялапты. Біз жиырмалыққа ілініппіз. Бұ адам шошыр­лық статистика Бізге қанша­лықты ауыр тисе, соншалықты намысты жани түсуге тиіс. Ертерек ес жиып, етек жаппасақ, сынып­ша сырғыған Уақыт та Бізбен дос болудан қалмақ. «Хе, сол да сөз боп па?!» деп ақталуға болар, бірақ жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтыны хақ қой. Ғылым-білім саласын­дағы реформалар құмға сіңген судай ешқандай резонанс алар емес. Ең өкініштісі – осы. Бастаған ісін аяқсыз қалдырып жатқан министрлер жыл сайын ауысуда. Әркімнің өз жоспары бар. Алайда, жол ортасына келгенде о кісілерді таппай қаласыз. «Болон жүйесі» деген дән қазақ топырағына себілгелі бері үлкен жеміс алып келе алмай жатқаны тағы бар. Оқуды догмаға айналдырып, студент өмірін өз қолымызбен қиындатып жатқанымыз аса түсініксіз. «Бірге бірді қоссақтың» өзіне бір қағаз толтыруға әбден дағдыланып алғанбыз. Білім процесін жеңілдетіп, бірақ білім сапасын арттыруға тиісті едік қой. Ал бізде, керісінше… Осындайда: «Біз кітап бетін соңғы рет қашан ашып ек?» деген сұрақ өздігінен туындайды.

***
Аптаның қай күні екені есімде жоқ… Әй­теуір… мезгіл – күз. Ай – қыркүйек. 2013 жыл. Егер ұмытпасам, санамда сақ­тал­­ған хронология осындай ғой деймін…
Қатты жаңбыр жауып тұрған… қатты. Ас­панның түбі тесілгендей, тура. Қолымда – «Академ-кітаптан» сатып алған үш кі­тап: Вампиловтың пьесалар жинағы, Агни-Йога, Леонардо да Винчидың ой-тол­­ғаулары… «Алматы-2» теміржол бе­ке­ті­не жақындаған тұста күртешесінің ар­қа­сына Дәуіт жұлдызын бейнелейтін суретті тік­тіріп алған, басына кипа киген әрдайым ұшы­расатын жебірейді кезіктіріп қалдық. Көше сыпырып жүр екен. Амандасып, жанына таяп барып:
– Шалом алейхем, – дедік қайтер екен деп.
Жалт қарады да:
– Здравствуйте!.. – деді салқын ғана.
– Сөйлесуге уақытыңыз бар ма?
– Жұмыстан кейін әңгімелесейік. (Қо­лы­ма қарап) Кітапқұмармысың?
– Жоқ.
– Үйімде үлкен кітапханам бар. Егер уа­қыт тапсаң, жұмыстан соң менімен жүр. Алек­сандрия кітапханасындай болмас, бі­рақ аса кіші емес, – деді қалжыңдап.
– Бір сұрақ қояйыншы.
– Қой.
– Еврей ұлты неге әлемді жаулағысы келеді?
– Білмеймін. Өзімде ондай жоспар жоқ. (Күліп). Бір нәрсе айтайын… ғылым-бі­лімге ден қоюға бәрі құқылы. Баланы кі­тапқа жастайынан баулу керек… Ал қол­дан келсе қоныштан басқанға не жетсін…
Йосеф өзін өте қарапайым ұстайды. Туыс­қандары Йëся деп еркелетеді екен. Әл­гі кісімен біраз әңгімелестік. Белгіленген аумағын сыпырып болған ол, киімін ауыс­тырып қап-қара джипке мінді де кетіп қал­ды. Сыртқа сыр шашпайтын адам кей­де сын сұрақ, кейде жын сұрақ, ал кейде шын сұрақ қойып есіңді аударады. Бір нәр­сені өтірік білмегенсіп, сұхбаттасының па­расат-пайымын, ой-өрісін тексеріп алады. Йосефпен сөйлесіп отырғанда шы­ны керек, ішімде қызғаныш сезімі пайда бол­ды. Егер ынталанса олар үйренген дү­ние­ні қазақ та еңсере алады. Олар білген нәр­сені қазақ та біле алады емес пе?! Рас қой. Құдай біреуін артық, біреуін кем еткен жоқ. Бәрін тең жаратты. Бізге асылы қай­сы, жасығы қайсы, айыратын кез жетті. «Анау мықты, мынау дүлей» деген сайын адам санасында «психологиялық барьер» пайда болатынға ұқсайды. Атын естісек бітті, құрақ ұшып, бәйек қағатын жағдайға жеттік. Одан кейін көлгірсіп өтірік мақтап, жағымпазданып алып, кейде керісінше бі­лімсіздігімізді, сауатсыздығымызды ар са­намайтын дәрежеге дейін жеттік. Не­гізгі күш ақшада, дүниеде емес, білімде, кі­тапта екенін біле тұра, қазақ соған аса құ­лықсыз. Мәселені Абайша қойып, со­ның жауабын іздеп көрейікші. Қош. «Көп­пен көрген ұлы той» дегенді бұрынғының адам­дары «тобырлық санаға» қарата айтпаса керек. Керісінше, топ бастайтын да­ныш­панның дара жолымен жүруге ша­қыр­ғандай әсерде боласыз. Негізінен то­бырда сана жоқ қой. Ол тек белгілі біреулердің мүддесін жүзеге асыру үшін ғана қажет. АҚШ-тың девизі: «Ақша тау­сылғанда соғыс ашу керек»… Расында со­лай. Саяси тұрақсыз елдерде көтерілістер қол­дан ұйымдастырылатыны, оның көп­те­ген жоспары, сценарийі бар екені еш­кім­ге жасырын емес. Бұндай аса ауқымды жо­балардың басты мақсат-мұраты рес­пуб­ликаның бар байлығын басып алуға ба­ғытталған-ды. Психология, биология, ге­не­­тика, химия, медицина, дін, саясаттану, әлеуметтану сынды салалармен қаруланған «Ақылдылар алқасы» Жер планетасында өз билігін орнатуға бейілді. Дүние күйіп кетсе де отырған орнынан бір қозғалмайтын мінезімізді жөн көріп, «қойдай қоңыр» деп сылап-сипаумен әлі келеміз. Катаклизмге сабырмен қараған жапон жұртының мінезі бір ғана жылда не бір ғана ғасырда қа­лып­таспағаны мәлім. Ол самурайлар салған са­ра жолдан айныған жоқ. Сол арқылы өз-өзіне антивирус салды. Рухы қанша­лық­ты биік екенін көрсетті… Арына түскен қа­ра дақты харакиримен жуып-шаюға әдет­тенген олар Фудзияма басына шығып, Жа­ратушыға барлық сырын айтуға дайын жү­ретіні жүректегі каналдарды ашуға сеп­тігін тигізсе керек (осынау нәрсе адамды шы­найы әрі ашық болуға тәрбиелейді). Жа­пония қиын кездерді басынан өткеріп жатқанда бір тәтеміз айтпақшы: «Жапондар жақсы халық. Себебі, африкалықтар жа­ман болмайды, білемін», – деп бір шара­да елді күлдіргені бар. Дәл сол кезде шетелден келген қонақтардың құлақшындары (әлде аудармашы тетікті басып үлгерді ме екен?! Қалай болғанда да о жағы бізге бұ­лың­ғыр) істемей қалып, әлгі сөз қазақы күл­кінің фонында да қалып қойды. Егер ана сөзді конференцияға жиылғанның бә­рі тегіс естісе нағыз масқара сонда болар еді. Ұлт үшін… қазақ ұлтына сын айтылып, ұятты жағдайда қалар ма едік, кім білсін! Қайта Құдай сақтады… Әлгі тәтем кітап­тың құндылығы, оның адамзат өміріндегі мән-маңызы турасында бөсіп тұрған. Бір сөзі қа­зақша, бір сөзі орысша, енді бірде ағыл­шын «сленгтері» де сөз арасына кірігіп ке­тіп жатты. Соңғы қатарда отырған сту­дент­тер ішін ұстап күлкіге көмілді. Ал тәр­жімашы бүкіл сөзді «ақсүйектер тіліне» аударып, тігісін жатқызып әлек. Бұ жерден де аман өттік, әйтеуір. Басқасын қайдам, бі­рақ бір профессор тершіген желкесін қай­та-қайта сүртумен болды. Беті қып-қы­зыл. Е, қазақ үшін ұялып отыр екен ғой де­дік те қойдық. Шара аяқталған соң сұра­сақ, ұялған түгі жоқ, тек «давлениесі» кө­терілген екен…
Мың-сан рет ұшырасатын өмір кө­рі­ністерінің сәттері жүрек қозғамайды.
Жуырда Ә.Қастеев атындағы Өнер мұ­ражайында жас суретші Бейбіт Әсем­құл­дың көрмесі өтті. Сөз сөйленді, тілек ай­тыл­­­ды, лента кесілді… Халық екіге жа­­­рыл­ды. Бірі «үстел-фуршеттің» қызы­ғы­на кіріп, дастархандағы барлық тәтті мен дәмдіні пакет, сөмке, дорбасына салумен болса, енді бірі картиналарды көзбен шо­лып қана қойып, жанынан өтіп жатты, өтіп жатты. Қылқалам шеберінің жұмы­сын қаншалықты түсінгенін білмеймін, дегенмен қу тамақ бірінші кезекте тұрды. Ең қы­зығы, бір полотноның алдына жиналған кө­рермен адамның бетінен үшінші көзді таба алмай дал болды. Шынында да, ұл­ты­мыздың «Үшінші көзі» қайда екен, осы? А?..
Жақында Халыққа қызмет көрсету ор­талығына (ЦОН) барғанда бір нәрсеге таң қалдық. Құжат рәсімдеу үшін барған біз үшін соншалықты «криминальный» еш­теңе бола қойған жоқ. Жан-жағымызды шо­лып шыққанда көзіміз брошюра іс­пет­тес қызылды-жасылды қағазға түсті де, бі­рінші бетіндегі сөйлемді оқып шықтық – «E.GOV» электронды үкіметті пайда­лан­саңыз дұрыс болады». Екінші рет оқы­ға­ным­да даусым қатты шығып кетсе керек: «E.GOV» электронды үкіметті пайдалан­саңыз құба-құп (соңғы сөзі осылай жазылса деген ниет еді ғой, біздікі)» деппін.
Со ме­­­кеменің қызметкері:
– Кешіріңіз не дедіңіз? – деді қы­зы­ғу­шылық танытып.
– Құба-құп дедім.
– Ұятсыз сөз сияқты естіліп кетті ғой. А, құба-құп деген не?
Әлгі сұрақтан кейін сасып қалған біз, не дерімізді білмей:
– Білмеймін! – дедік. Жолдасым мырс етті.
Кітап өз алдына, көркем әдебиеттен қол үзген осындай салалар әр есікті ашқан сайын алдыңнан жамырап шығады. Жазу демей-ақ қояйық, қызметкерлер қазақша сөйлеп, екі сөздің басын құрай алатындай дәрежеде болса қуанар едік қой. Бір сөз айтсаң мағынасын түсінбей қайта сұрай­ты­нын қайтесіз…
– Абай, Әуезов, Мүсірепов, Мұқа­нов­тар­дың кім екенін білесіңдер ме, өзі? – де­дік сұраулы жүзбен.
Үнсіздік орнады. Бәрі бір-біріне қара­ды. Одан кейін назарын маған аударды да бастарын шайқады. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Жалпы алғанда ішінде кітап оқитындар да бар шығар. Дегенмен, халықпен жұмыс істейтін орталықтардың мамандары қолданбалы психологияны түсіндіретін еңбектерді оқыса ғой дейсің. Бұн­да өз ісіне деген адалдық пен тұлға ре­тінде қалыптастуды айтып тұрмыз. Жал­ған намыс жарға жығатынын ұқсақ қой. Қолыңнан түк келмесе де пұшық мұр­нын Көкке көтеріп, өзіңнен басқаны көр­меу қанға сіңгелі қашан. Оны қашан тү­зей­­міз? Уақыт болса өтіп жатыр. Замана көшіне ілескіміз бар. Бір қарағанда сон­ша­лықты ойсыз да емес сияқтымыз дейсің. Алай­да, іске келгенде артымыз белгілі бо­лып жатады.
***
Бүгінгі қазақ оқушыларында арман бар ма екен деген сұрақ біразға дейін маза­лап жүрді. Бірде аялдамадан бір топ бала ав­тобусқа сау ете қалды. Үш-төртеуі арт­­қы орындықтарға жайғасты.
– Аттарың кім?
– Сәкен, Берік, Айдос… Арман.
– Сендерде арман бар ма? Бар, міне жа­­­нымызда отыр ғой. (Күлді).
– Жоқ, арман деген – сезім…
– Бар.
– Романтика ше?
– Бар.
8 сынып оқушылары екен.
– Армандарың не?
– Банкир… Полицейский… Президент…
Төртіншісі ғана:
– Ғалым болғым келеді, – деді.
– Неге?
– Қазір техникалық ғылымдарға еш­кім барғысы келмейді. Мен болашақта бә­рін мойындатамын. Жаңалық ашу ойым­да бар.
Әлгі баланың қолын алып, сәттілік ті­ледік. Өз аялдамамнан түспес бұрын:
– Бұл ой қайдан келді?
– Ғылыми фантастикалық романдарды оқығалы бері…
Ертелі-кеш кітап қандай байлық, қан­дай құндылық екенін түсінеміз ғой. Алайда, о кезде өзгелер тыңнан түрен салып, кеңіс­тік пен уақыт аралығындағы процес­терді тануға дейін барса, нағыз өкініш сон­да болмақ. «Жүн түтіп отырып социализмге өтіпті» деген анекдот ұлттық траге­дия­ға айналмаса жарар еді…
«Болашақ жастарда» деген Сократтың сөзі әлі өзгерген емес. Бірақ адамды алға же­телейтін арман екенін де со ақсақал айт­қан-ды. «Егер арман болмаса, онда ғы­лым да білім де жоқ». Арманымыз асқақ бол­ған сайын Біз де өзгелердің жанында зорая түсетін шығармыз. Соған сенейік…

***
«REITING.KZ» зерттеу агенттігі мен «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу ор­талығына қоңырау шалып: «Кітап оқы­лымының статистикасын жүргізіп пе едіңіз­дер?» – деп сұрадық. «Жоқ!» – деген жауап алдық. Бұның бірнеше себебі бар екен. Жоғарыда аты аталған мекемелермен бел­гілі бір ұйымдар, бірлестіктер, одақтар бай­ланыс орнатып, сан-санақ жүргізуге құ­лықты екенін аңғартса ғой. Бүгіндері кітап­тың оқылмауы немесе оқылуы өзекті мә­селе болғанымен, онымен айналысатын, қадағалайтын, соған демеушілік жа­сайтын топ болуы қажет. Яғни бұдан шы­ғатын қорытынды – ұлттың өніп-өсуі, ілгерілеуі, дамуы һәм «жарқын болашағы» тек кейбір орталықтарды ғана емес, Билік­тің де қызығушылығын оятуы керек-ті. Ал әзірге оқу мен тоқу, оның ел өмірінде алар орны турасында толғануға негізгі тосқауыл не екенін түсіне алмадық…
2015 жылдың кітап оқу статистикасын өзі­міз жүргізіп көрдік. Нәтиже төмен­де­гі­дей болды:
Жамбыл атындағы жасөспірімдер кі­тап­ханасында 18 000 оқырман.
Алматы қаласы Орталық кітапханалар жүйесінде 89 454 оқырман.
Крылов атындағы қалалық Орталық балалар кітапханасында 9000 оқырман.
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінде 10 000 оқырман.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­в­ерситетінде 16 269 оқырман.
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында 7760 оқырман.
Қазақ Ұлттық Аграрлық университе­тін­де 8005 оқырман.
Ал Алматы қаласындағы Ұлттық кі­тап­­ханада 1 миллион оқырман.
Статистикада жан, сезім, жүрек, жүйке жоқ екенін ескерсек, торкөз қағаз бетіндегі жыпырлаған саннан гөрі сапаны көбірек ойлайтынымыз шындық. Сапаны ұлттық ахуалдан, сапаны халықаралық аренаға шыққанда, сапаны мемлекеттің дамуынан, сапаны зияткерлік олимпиадалардан, сапаны ғылыми жаңалықтардан, сапаны ұстынды дүниелерге деген құштарлықтан көретініміз тағы бар. Яғни сапа – салыс­тырудың, өсім өлшемінің басты критерийі. Статистика жансыз нәрсе болса да, оны адамдар жүргізеді. Жетпеген цифрды қа­лам­мен түзей салады. Жеткенді одан ары өсіруге құштармыз. Нөлдің артына тағы бір нөл қосамыз. Сонымен жоспар орын­далдыға санауға болар. Ал одан не өзгереді? Нәтиже бар ма?
Оқушылар мен студенттерге қала кі­тап­ханаларында американ және әдебиет бұрышы, «Кітап оқу озаты» мен «100 кітап» акциялары, түрлі үйірмелер, ғылыми-та­ным­дық залдар, интернет бөлмесі секілді мүмкіндіктер толығымен жасалынған. «Рухани орталыққа» түстен кейін бас сұ­ғатын қазекем, күз бен көктем айларында белсенді екен. Ал жаз бен қыста өз білімін жетілдіру үшін келетіндер болмаса, негізгі бөлігі тіршілік қамымен жүреді. «Ақша тап, жұмыс істе», – деп мақсат қоятын көп қа­зақ отбасыларында «интеллект жұ­мы­сына» аса мән бермейді (көп нәрсе жолға қойылмағаны, көп нәрсе шикі екені «ақылдың жемісін» артқа ысырудан аңғарамыз). Ал «көксандықтан» біреудің беделді сыйлық алып, мінберден сөйлеп тұр­ғанда: «Мынадан қай жерің кем?» – дей­тін қазақбайшылық ауруынан айыға ал­май келеміз. Бала тәрбиесімен түбегейлі айналысып, оның қанат жайып, қалып­тасуына, ойшылдық жағын дамытуына қан­шалықты еңбек сіңіргенімізді бір сәт бол­са да ойламайтындаймыз. Темірқазы­ғы­нан айырылған Біз үшін бір басынан екінші басына, бір полюстен екінші полюске көшу әлдеқайда оңай. Жастайынан өнер, ғылым, тіл, білім үйрететін, «бала – ка­питал» концепциясын берік ұстанған еврейлермен теңескіміз бар. Басқаны былай қойғанда, жай ғана: «Балам не істеп жатырсың?» – деп сұрауға уақытымыз же­те ме екен, осы?! Жегілген есектей бітпейтін тір­шілік қамытын киіп бала тәрбиесін ұмыт­қалы қашан. Тургеневтің «Әкелер мен балаларында» бір кейіпкердің: «Бала түсінбесе де онымен көп сөйлесу керек!» – деген қағида орыс ұлтының өзегіне айналды. Сондықтан шығар балалары сергек әрі ширақ. Ойын білдіргісі келіп, алдыға ұмтылған баланы бетінен қағу бүгінгі қа­зақтың кеселі. «Баланың бетінен қақпа, белін бу» деген сөзді таңертең айтамыз да түнде ұмытып кетеміз. Ақшаның жоқты­ғынан, тұрмыстың нашарлығынан, жұ­мыс­тың қиындығынан әбден мезі болған Біз үшін айқай шығу, ұрсысу ең оңай жол секілді көрінеді. Бірақ о жол ертең бәрімізді жарға соғатынын бір сәтке болса да ой­ласақ қой, шіркін. Ата салтын ұстанған алаш жұрт сананы толыстыру мен тәрбиені алға қойғаны бір кездері шетел ғалымдарын сүйсіндірген. Қазір содан айырылып қа­лып отырмыз емес пе?! «Ұлы айдарлы, қы­зы бұрымды» болып өсуі үшін өзімізді Жаратушы алдында жауапкер санамаймыз. Ал бүгін ше? «Кабуснамадағы» Кей­қаус­тың ұлына айтқан өсиетін оқып сүйсінесің ғой. Өмір мектебіне өзек бола алған барлық дүниелерді қамти отыра, мысалдап айтатын данаға, ең басты – әке­ге бас иіп, шынымен де таң қалмасқа ла­жың жоқ. Кез келген адамтану ілімінің жо­ғары деңгейіне көтеріле алған раввин, гуру, бодхисатва немесе сопылар жүрек көзін аша отыра, со көзбен мына әлемге қарауға үйретеді. Абай мен Құнанбай тандемін қазақ педагогикалы-этикалық өл­шем деп қабылдасақ, үлгі тұтатын, алыстан қол бұлғайтын «Александр шамшы­ра­ғын» мұхиттың арғы жағынан емес, мы­на өзімізден, отбасымыздан іздейік. Іште бүккен сырды, айтылмай жүрген әңгімені сыртқа шығарып, ішімізді бір тазартып, босатып алғанға не жетсін. Біз бір-бірімізге ашық болған сайын ата-ана мен бала арасындағы сыйластық орнап, арадағы тас қабырға құлайды. Сіз ашық болсаңыз, әлем де сізге құшағын аша түсе­ді. Ал осының бәріне үйрететін кітап… Со себептен оған деген махаббатымыз, оған деген ынтамыз ешқашан да құрымаса екен деп тілейік, Алладан! Соңғы үмітіміз – үміт­тің бар екенін түсіну. Тірек – Құдай, ал Құдай танығанды ұнатады. Танудың кілті – кітапта және адамгершілік биігінен ай­тылған: «Кешір!» – деген сөзде…
КЕ­ШІР! Бірақ қалай болғанда да ағыл­шындар жасаған әлгі статистика есімнен кетер емес.

Әлібек БАЙБОЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір