Әлихан және Ғұмар
22.04.2016
2242
0

11115Қарға тамырлы қазақтың мәңгілік киесі Алаш мұратына ақтық демі таусылғанша қалтқысыз қызмет етудің өшпес өнегесін қалдырған ақ жүрек ерлердің тау тұлғалары уақыт өткен сайын асқақтай түсуде. Әлихан Бөкейхан және Ғұмар Қараштың әлеумет ісін, қоғам жұмысын ұйыса атқарудағы кемелділігі елшілдік бағыт, мемлекетшілік сана ұстанымының тағылымды мектебі болуымен маңызды.

«Жарық жолға бастаушыға ереміз бе, Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе? Таза қанды, кір­­сіз жанды қазақ жұрты, Өз алдына ел бол­ға­нын көреміз бе?» деп ұлт тәуелсіздігін жырлаған Ғұмар Қараш Алаш партиясы туын тіккен Бі­рін­ші жалпықазақ съезі, Алаш автономиясы жариялан­ған Екінші жалпықазақ съезінің жұ­мыстарына қатысып, азаматтық парызын өтеуге ар биігінен келді.
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы, Сағындық Досжанұлы, Елдес Омарұлы тарапынан Екінші жалпықазақ съезіне қатысты жолданған жеделхатта «…Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ хал­қы құрбан болады. Соның үшін милиция құру­дың үстіне съезде қазақ халқының жұрттығын жоғалтпау үшін не қылу керек деген зор мәселе де қаралатыны» айтылып, Қайырша Ахмет­жан­ұлы, Қабидолла Ишмұхамедұлы, Ахмед ишан Оразайұлы, Қожа Ахмед Оразайұлы, Қорғамбек Бірім­жанұлы, Жалмұхамед Жанқожаұлы, Шаһ­ке­рім Құдайбердіұлы, Юсұфбек Басығараұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Уали­хан Танашұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Жанғожа Мергенұлы, Ишанғали Арабайұлы, Ораз Тәттіұлы, Ахметкерей Қосуақұлы, Нұрлан Қияш­ұлы, Тұрмұхамед Сағынайұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл қажы Маманұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Салық Қарпықұлы, Наурыз­байұлы Ілияс қажы сынды алты Алашқа есімдері мәшһүр тұлғалар қатарында Ғұмар Қараш арна­йы шақырылды. Сол бір «Отансыз жұрт отанды болған» (Әлімхан Ермекұлы) тарихи күндердегі барша әлеуметтің алабұртқан көңіл толқынын ақын «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлең­де­рімен әдіптеді.
Қазақты азаттық пен теңдікке, рухани жаң­ғыру­ға бастаған қайраткерлердің саясат май­да­нын­да қолдаушысы, әдебиет айдынында жырлаушысы болған Ғұмар Қараш отаршыл жүйенің қанды тезіне тап болған халықты тығырықтан алып шығуда ерен еңбек атқарған азаматтардың кемел бейнесін, сөз өнерінің айтулы өкілдерінің өнерпаздық болмысын сомдауда парасаттылық танытты.
Ресей отаршылдығына қарсы күрескен атақ­ты батыр Сырым Датұлының өршіл намысын, дұшпанға бас имеген рух асқақтығын «Сырым батыр» толғауында «…Қор болғанша ер жігіт, Кеткені жақсы дүниеден. Ар, намыстан айрылмай, Шаһиті болып заманның» деп жеткізді.
«Ала ту Абылайдың ала аттансаң, Аламан ар­тындағы біреуі мен» деп білген Шәңгерей Бөкейұлының азаматтық болмысын «Жиһангер ханның немересі сұлтан Шахингерей Сейды­ге­рей­ұлына» өлеңінде айшықтады.
Қайраткер, алғашқы қазақ драматургтарының бірі Ишанғали Меңдіханов опатына «Меңдіханов Ишанғали қазасына» жоқтауын арнап, егілді.
«…Ер едің қанды жүрек жеке туған, Елім деп ерте оя­нып белін буған. Жоқтаусыз ел намысы кетпе­сін деп, Аямай шыбын жанын қылды-ау құр­бан».
Ата тарихындағы ерлік пен өрлік тағылымын, арда тұлғалардың кемел істерін дәріптеген Ғұмар Қараш ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның құрме­тіне орай кенже ұлына Әлихан есімін берді. Барша исі қазақ баласы ардақтаған Алаш ардақтысының қайраткерлік болмысын «Ғ…ға» (1918) өлеңінде бейнеледі.
Ақынның «Ғ…ға» өлеңі қазақ сөз өнерінде Әлихан Бөкейханның тарихи тұлғасын сомдауда ал­ғаш қадам жасаған Көкбай Жанатайұлының «Қарағым, жалғызымсың қазақтағы», Ахмет Байтұрсынұлының «Досыма хат», Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Әлиханның Семейге келуі» мақаласы, «Таныстыру» поэмасы, Әріп Тәңір­бер­генұлының «Міржақып Дулатұлы мен Әлихан Бөкейханұлына» өзге де елім деген ерін қадірлеген дарындар өлеңдерімен қатар аталатын құнды мұра.
«Ірі жұмыс қолға алып,
Айға шапқан арыстан.
Таза жүрек, ақ пейіл,
Терең ақыл, данышпан,
Тайғақ кешу жерлерде
Тар қапулар келгенде,
Ұлт намысын қолынан,
Жібермеске шалысқан», –
деп Ғұмар арыстандай айбатты тұлғаның ұлт намысын қолға алған ке­мең­герлігін ақындық шабытпен тебірене жет­кізеді.
Отаршылдармен «тізгін бермей қарысқан» текті ата ұлының «ақиық айқын ерлермен» теңдік пен азаттық жолындағы «белсеніп шығып алыс­қан» жанкешті қызметін батырлар жырының дәс­түрінде безбендейді.
«Қалың бауыр жұрты үшін,
Жасанған қолды бұзам деп
Жарып өтіп озам деп
Тізгін бермей қарысқан.
Жүлдені қалай берем деп,
Жатқа не деп ерем деп,
Ақиық айқын ерлермен,
Белсеніп шығып алысқан.
Екі сөзді білмеген,
Сер көңілді серекпен
Серт байласқан жерінде
Ұрандасып табысқан.
Алдаспанын асынып,
Айбарын да асырып,
Мұздай болат киініп,
Аруаққа сыйынып,
Қабағыңнан қар жауып,
Қадамыңнан қан жауып,
Шығар болсаң көңілім,
Қарсы тұрар қай дұспан?!».
Ғұмар Қараштың «Түс» өлеңінде Әлихан Бө­кей­хан және оның мұраттас серіктерінің тарихтың қия­мет-қайым талқысында тұралаған әлеуметті отар­шылдық қысым тамұғынан арылтып, азат­тық өріне жетелеудегі тарихи миссиясын жет­кізеді. Мақшар күнінде таразыға тартылған қылбұрауда имансыз пысықайлардың тамұққа айдалып, ұлтына ақ адал қызмет еткен тұлғалар­дың екі дүниедегі орны жұмақ боларын екшей­ді.
Тарих толқынының талқысында тұралаған, тамұқта есеңгіреген қазақтың адасқан көшін елдікке бастаған Алаш қайраткері Әлихан Бө­кейханның ерен ісі дәріптеледі. Сағым қуған қияли санадан арылу, елдік қасиетті сақтауға қажыр-қайратын салып жүрген Алаш арыстарын қолдау басты орынға қойылады.
«…Тани кетті ділмәрім,
«Әлекем ғой анау!» деп,
«Әулет сүйген ерлердің
Дәрежесі сол-ау! деп
Пәлсапасын соғады.
«Ақиқаттың жолында
Жан қинаған ерлерге,
Не болса да, жол-ау» деп…».
Қазақ көшін елдікке бастаған тау тұлғаның қадір-қасиетін жете сезінбеген тобырлық сананы сынға алып, анық пен танықты, жақсы менен жа­манды айырмаған жетесіздіктен арылуға ой салады.
Отаршылдық езгінің қиямет-қайымынан арылтып, азаттық пен тәуелсіздік өріне жетелеген Әлихан Бөкейхан және оның үркердей ғана сенімді серіктерінің саяси ұстанымдарынан бір та­бан шегініс жасамаған адалдықтарын жет­кізеді.
«…Маңдай алған бағыты,
Ұжмақтың жолында.
«Алаш» сөзі жазулы
Ұстаған ту бар қолында.
Алғы сүндет, гимназист,
Оңы менен солында…
…Үркердей топтанысып, сауық құрып,
Келеді құлақ салып тартқан сазға…».
Ұлтының намыс туын ұстап, саяси теңдігі мен азаттығы, рухани кемелділігі үшін тарихи қызмет атқарған Алаш ардақтыларының ерен еңбегін Ғұмар Қараш тебірене жеткізеді.
«Ұстаған қолдарында жарлығы бар,
Жазылған алтын потал ақ қағазға.
Тігілген киіз үйдің рәсімі тұр,
Көз салсам алдындағы бір қағазға.
Жолдасым жөн сілтейді, маған енді:
«Сөз жазған жазушылар бұлар» дейді.
«Сарыарқа», «Ұран», «Қазақ», «Бірліктерден»,
Шығарып жол көрсеткен солар дейді.
Көрсетіп қолыменен анау рәсім,
Киіз үй мағынасын кім ұғар дейді.
«Халқының көзін ашқан сабаздардың
Әлбетте орны ұжмақ шығар» дейді».
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Есенғали Тұрмұхамедұлы, Ғабдолхамит Жүндібайұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы түзген «Алаш» партия­сы­ның бағдарламасының жобасындағы» мем­ле­кетшілік ұстанымға негіздеген саяси тұжы­рым­дамаларды Ғұмар Қараш әлеуметтік лири­касы­мен көркемдік танымда жаңғыртып отырды.
«Алаш» партиясының бағдарламасының жобасындағы «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық», «Негізгі хұқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Ғылым-білім үйрету», «Жер мәселесі» бөлімдеріндегі мемлекетшілдік ұс­тын­дар Ғұмардың «Көреміз бе?», «Жұртым саған не болды» өлеңдерімен ұлт санасына құйылды.
«Көреміз бе?» өлеңі Алаш Орда үкіметінің тәуелсіз мемлекет құру талаптарынан туындайтын саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық шарттарын өткір жырлауымен ерекшеленеді.
«Алдын-артын мейлінше байқап алып,
Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,
Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,
Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?

Жас буынға жаңа таза білім беріп,
Надандықты терең қазып жерге көміп,
Қазақ-тағы өзі күнін өзі көріп,
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?».
Қай істе болмасын дос пен дұшпанын айыратын Алаш перзентінің мерейі қашан да үстем, өзгелерден еңселі болуы үшін оқу-білімнің
тер­ең­дігі, береке-бірліктің жоғарылығы, ұлттық сана-сезімнің асқақтығы, саяси бағыт-бағдардың айқындығы, елшілдік және діни имандылық ұстанымдарының нақтылығы қажет. Осындай іргелі шарттарға иек артқан, оны ұстанған ұлттың алар асуы, шығар биігі зәулім болмақ.
«Оқу жұрты даярланып жеткендігін,
Жалпы оқуды қазақ міндет еткендігін,
Қазақ ұлы озат шығып кеткендігін,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

Талас қойып ынтымаққа кіргендігін,
Бір жолменен бір бағытқа жүргендігін,
Дос-дұспаны кім екенін білгендігін,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын,
Орынсызға дәулет мүлкін шашпағанын,
Керек жерде бойды балап қашпағанын,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын,
Дін деп қорқып ақиқатты жасырмауын,
Ешнәрсені өлшеуіне асырмауын,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?».
Ұлттық бірлікті еселеу, мемлекеттігімізді ны­ғайту өткір қойылып отырған қазіргі тұста атал­ған өлеңде көтерілген саяси-идеологиялық мә­селелер қашан да санаға тоқылар ұлағат деп білеміз.
Тәуелсіздіктің басты сипаты – мемлекеттік істердің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі, өз жерінің қазба байлығын халық игілігіне жаратуы десек, осынау кемелділікке жетудің жолдарына қатысты ғасыр басында-ақ Ғұмар келелі ойлар түйеді.
«Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,
Әдемілеп айқыш-ұйқыш жол салғанын,
Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,
Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,
Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?!».
Қазақ рухын асқақтату, өзіндік ұлттық болмысын сақтау және әлемнің дамыған елдерінен үлгі алуға шақырған Ғұмар Қараш арманы барша Алаш Орда қайраткерлерінің ел алдында өтеу ісіне деген парыз бен қарыз ұғымына ақтық демі таусылғанша адал болып өткенін танытады.
Түйіндей айтқанда, Отан тарихында өшпес із қалдырған Алаш арыстарының тарихи ерен еңбектері, жасампаздық ғұмыры рухани кемел­ді­лік тұрғысынан барынша насихатталуы керек. Ту­ға­нына 140 жыл толып отырған Ғұмар Қараш шы­ғармашылығымен қатар Алаш автономия­сы­ның 100 жылдығы, ұлт көсемі Әлихан Бөкей­хан­ның 150 жылдығы қарсаңында атқарылатын игілікті іс-шаралар ұлттық ұйысу мен елшілдік рух­тың жаңғыруына қызмет ету қажет деп біле­міз.

Сағымбай Жұмағұл,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық
университеті қазақ әдебиеті кафедрасының
профессоры, «Алаш» мәдениет және рухани даму
институтының ғылыми қызметкері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір