Сағымды дала, сағынышты ғұмыр
Өмір КӘРІПҰЛЫ
1. Бақытты балалық шақ
Біз де бала болдық, жас болдық. Қияндағы қойлы ауылдың қоңырқай тіршілігі менің қатарымды қиялдауға, армандауға бейімеді. Қаршадайымнан кісі үйінде, интернатта жатып оқыған, өзгені қайдам, мені сағыныш есейтті. Есейткені сол – ішімді кеулеген мұң жүрегімді түрткенде жан дүнием иесіз үйдей азынап сала береді де, аңыраған үнмен алыстағы ауылымды, әкем мен шешемді – бес қанат қоңырқай үйімізді, қара қазанға сұғынатын шешемнің тұтқышы мен қырғышына дейін көз алдыма келіп, сағынышымды ұлғайтып жіберер еді.
Біздер, қойлы ауылдың балалары, әке-шешеміз бола тұра тірі жетім өстік. Әкесіз балалар қаншама. Жесір аналар мен жетім балалардың мұңы бізге қарағанда тым ауырлау келетін еді. Шешем аурушаң болатын. Сонау ерте күзден қыс тоқсанын өткеріп, көктемді аяқтай бере үй қарасын бірақ көретін менің тоғыз ай бойындағы іші-тысымды кеулеп шыдатпайтын сағыныштан да бұрын апам (шешем) өліп қалмаса екен деген уайымның жегісі кіп-кішкене жүрегімді езетін де жүретін. Оқу жылын аяқтап, туған үйіңе оралу тілмен айтып жеткізбестей ең бақытты сәт еді-ау, шіркін! Менің келе жатқанымды біліп алған шешем ақ жаулығы ағараңдап алдымнан тосып тұрар еді. Аңыраған даусы құлағыма жеткен сәтте ұзақ айлар мен күндерді анамды зарыға сағынумен өткерген мені қапелімде бір шағынысты мұң еңсеріп басымнан өткерген қапалы жағдайды шешеме еңіреген егіліспен жеткізуге асығар едім. Анамның жып-жылы құшағына көміліп оның өзіме етене саумалдай бұрқыраған исіне тұшынған сәттегі көңіл толқынысымды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Енесімен зарығып табысқан ашқарақ қозыдай қоймай-қоймай түртініп анамның болбырақ босаң емшегіне тұмсығымды жұғыстырғандағы тұшынысым сарылған айлар мен күндердегі сағыныш азабын сәтте ұмыттырып, бір момақан тыншу сәттің тербелісінде жан рахатын сезінер едім. Шешемнің қандай сезімде болғанын айтып бере алмаймын. Неше қилы айналыс пен толғаныстың қайсыбірін ұстап қаларсың. Әкеме деген сағынышым бөлекше болатын. Оны мен астындағы мінген аты, алдына салған отары, басына киген түлкі тымағы, қолындағы тобылғы сапты қамшысы, соңына ерткен тазысымен бірлікте алып, толайым тұтас күйде сағынар едім. Балалық шағымның куәсі табиғаттың жанды бейнесі әкем сияқтанатын. Арқаның жатаған таулары мен шомбал жартастары, сұлу шоқылары менің көзіме әкем боп шалынатын. Содан да өлеңге ентелегенде: «Туған жер әр түп көдең қымбат маған, қайнарың қыз күлкілі жыр жаттаған, кең жайлау ғашықтардың сая бағы, жүрекке махаббатты құндақтаған», – деп бір өтіп, табиғат дарқандығын әкем мен шешеме ұқсатар едім. «Тауларың қазағымның қара шалы, жақтырмай қабақ түйген аласаны, кең дала берекелі мол дастархан, май сіңген анашымның алақаны». Жасыруға болмайды, балаға әкеден де шеше жақын тұрады. Шешем менің отыз жасымда озды өмірден. Анамды күні бүгін ұмыта алмаймын. Ауық-ауық оған жыр арнаймын. «Балаңның сипап айдарын, желбіреп желмен байламың, көз алдымнан кетпейді-ау, өреге құртты жайғаның. Кім аңсамас өткенін, кім сағынбас көктемін, жарастықты еді-ау анашым, шүйкелеп шылбыр ескенің. Сықпаға сықап ұртымды, талмаушы едім құртыңды, зар болып сынық малтаға, өзіңді жоқтап күрсіндім». Шешем байғұс жылауық еді. Төркін жұртымен жүздескенде дауыс қойып аңырап-аңырап алатын. Қайдағы-жайдағыны айтып ұзындата созғанда, шыдай алмай кетемін де көзіме ерік беремін. Кейін есейе келе шешемнің жылауықтығына сын айтқанда: «Балам-ау, біз не көрмедік. Бес балам мен күйеуім тау арасында аштан өлді. Сенің әкеңе қосылып қос ұл тапқан едім. Қолхоз жұмысынан көк иық боп жүргенімізде күтімсіздіктің салдарынан бірінен соң бірі шетінеп кетіп, содан зарықтырып сен тудың. Сенің тірлігіңді ойлаумен-ақ күндіз күлкім сұйылып, түнде ұйқым бөлініп алпысқа жетпей бетімді әжім торлап нұсқынымды кетіріп алғанымды көрмеймісің?», – дегенде, не айтарымды білмей іштей қазылып жайым кететін. Әкемнің жылағанын көрген емеспін. Қой соңында жүргенде аздап «мырсылдап» алатыны бар. Себепсіз жыламайды. Атасу мен Шажағай өзенін кезек жайлайтынбыз. Атасу бойы толған тас қорым болатын. Болмашы тас үйіндісінен адам сүйегі ағараңдайтын еді. Шашылып жатқан сүйектерді балалық аңғалдықпен ұстап көретінмін. Тас орнына лақтырып қойдың алдын қайыратынмын. Әкем сол ағарған сүйектерді топыраққа көмгіштеп жататын. Шашылып қалған адам сүйектері ши арасында бырдай болып жататын еді.Әкем кейде қойдан көзі қызарып оралатын. Шешем екеуі күңкілдесіп отырғанда, атамның көзі не себептен қызарғанын біліп қоятынмын. Ши арасында қалың сүйектерге кез болып, соны топыраққа жасырған екен. Біздің бала кезімізде «отыз екінің аштығы» айтылмайтын. Сондай-сондай қызыл қырғын қырып сал заманның зобалаңын бастарынан өткерген әке-шешелеріміздің қабағындағы көлеңке бала болсақ та бізге де ауысып еді.
Үлкендердің бейнетке мойымайтын жансебілдігіне таң қалатынбыз. Әке-шешелеріміздің ауырға иық тосқыш жансебілдігі біздің буынға жұғысты болды. Содан жамандық көрген жеріміз жоқ. Қабырғамыз қатаймай жатып шөп айырладық. Қозы бағып, қой қырықтық. Қи ойдық. Соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде де халықтың қабағы ашыла қойған жоқ. Екінің бірі жесір, екінің бірі жетім. Майдан даласынан қайтпай қалған жарын жоқтаған қаралы жесірлердің сұңқылы жүрегімізді жеп тастайтын еді. Әкесіз жетім өскен балалардың мұңайыңқы момын кейпіне көзіміз түскенде, оларды іштей аяп және жұқарар едік.
Бала күнгі көргендеріміз көңілге мұң үйіріп, көзге жас келтірер еді. Өзгені қайдам, өз басым күні бүгін мұңға бейім тұрамын. Замана мұңы санаға ертерек орнап ауыр жылдардың қасіретіне қанығып өскен шер көкірек біздер мейірімге шөлдегіш боп өстік. Әке-шешемнің қатарлары шетінен балажан келетін. Өз баласынан да бұрын кісі баласына төгетін мейірімін. Қарағым-шырағымдап тұратын. Әсіресе, аналардың жүрегі жұмсақ еді. Апа-жеңгелеріміз де бізді көргенде балажан тұсақтай мекіреніп тұратын. Осыдан кейін жүрек жұмсармағанда қайтеді. Біздің буынның шетінен ақын жанды келетіні содан да шығар-ау.
***
Советтер Одағы делінген мемлекеттің ақ пен қарасына баға беру менің міндетіме жатпайды. Маркс негіздеп, Ленин жүзеге асырған социалистік құрылыс көктен түскен жоқ. Социализмнің басты шарттары мен адам сүйгіш қағидалары қазақ халқының жүріп өткен жолдарында да сақталып келген. Ата-бабаларымыз «далалық социализмді» ұстанған болатын. Ұлан байтақ сахарада, табиғаты қатал өңірде мал малданып, жан жандану оңайға түспеген. Халықтың құрсағы кең. Сол кең құрсақтан шыққан ақылмандар мен данагөйлер далалық социализмнің шарттарын білгірлікпен жүйелеп заңдастырған болатын. Бабаларымыз ұстанған далалық социализмнің негізгі шарттарының бірі – өле жегенше бөле же. Жесіріңді қаңғытпа, жетіміңді есірке. Қонақ келсе қол қусыр, төрге шығар. Қойыңды сойып, қонақасы бер. Соңына ерткен тазысын, қолына қондырған бүркітін де сыбағасыз тастама. Осы тәртіпке бағынбағандар үлкендер тарапынан ат-шапан айыпқа бұйырылады. Қонақты қондырмай жібергендер билер талқысына түседі. Өлікті жөнелтуге асық, қызды ұзатуға асық. Қосты тонама. Қырықтың бірі қыдыр. Көлденең кезіккен көк аттылыны сыбағадан құр тастама.
Үйін дауыл құлатып кеткен кедейге асар жасап қолғабыс көрсететін кім? Астындағы атын жолдасына түсіп беретін мәрт жігіттерді қайда қоямыз? Қыз намысы – ел намысы деп білек сыбанған ағалар қайда жүр? Халық сараңдықты да талқыға салған. Шық бермес шығайбай атандырған. Соның жұқанасын біздің буын да көріп өсті.
Тоталитарлық режим ұлттық үрдісті халық санасынан біржолата өшіре алмады. Нәтижесін енді-енді көре бастадық. Көргеніміз осы боп тұр. Орыстық социализм ойыншық боп қалды. Қазаққа тән «далалық социализм» көрген түстей санадан өшіп тынды. Сонда біз қай қоғамда өмір сүріп, қандай кезеңді бастан кешіріп жатырмыз?
Мал бағуды өнерге балаған ата-баба тәлімін ұстанған әке-шешелеріміз қолхоз (ұжымдық шаруашылық) малын өз малым деп бақты. Біз де қаршадайымыздан малға жақын өстік. Қойдың қоңыр қозысы, құлдыраңдаған құлын, сүйкімді бота, ешкінің бөрте лағы – бәрі-бәрін жан тартып жар жағалай жүгіргіштеп ойын салған қозы-лақтың алаңсыз момақан қылықтарына сүйсінер едік. Тай үйретіп, тайлаққа міну бізден қалды. Өгізбен жарысқанымызды көріп қалған ферма бастықтың каһарына ұшыраған күндер еске түскенде алыста қалған жылдарды ойлап, әлі күнге шейін шала бүлінемін деп кімдерді сендіргендейсің? Қыстаудан жайлауға түйемен көшкеніміз әлі күнге көз алдымда. Түйеге артқан жүк ауа берген соң арқанды келтекпен бұраулағанды да көрдік. Оны бұрау дейтінбіз. Келе-келе өгіз арбаға қол жетті. (Қорапты машинаға жүк артып көшкеніміз бертінде). Жұрт жаңалағанда жүкті өгіз арбаға тиейтінбіз. Жаңа жұртқа кеп шаңырақ көтеріп үй тіккендегі қарбаласта шешемнің жіті қимылына көз ілеспейтін еді.Мұншалықты шапшаң адамды әлі күнге кездестірген емеспін. Әкем шешемнен де жылдам болатын. Көкарай шалғынға тігілген үйдің алды алаулап ошақтан түтін шалқығанда, тіршілік базарына жан бітіп төңірек дүбірге толып кетер еді. Қой-қозының бейбіт маңырағаны ән әуеніндей құлағыма жағымды шалынғанда менің де балаң көңілімде елігу басталады. Ақбөкендер табыны іргелес жатады. Киіктерді көргенде көңілімді желік буады. Байтақ дала дүбірге толып табиғат ажары жібек кілемдей жайнап кетер еді, құлпырып түрленіп көз суырады.
2. Әдебиет – тәрбие құралы,
кітап – білім бұлағы
«Біз қала да салып жатырмыз. Даланы да малға толтырып болдық. Үй-жайымыз қандай. Астымызда иномарка. Шетел асып та кетеміз, еркін заман деген
осы, – дейді өзуреген өз қазағың. Тіліміз күрмелетін, бір ғана тілде сөйлейтін мыңқылдақ қазағыңыз біз емес. Үш тілді еркін меңгеретін боламыз. Сендер келіп үгіт айтасыңдар. Жабайы қоғамның ескілікті салты, дәстүрі дегендер ендігі жерде бізге қол емес. Ондай-ондай қол байлайтын әдет-дағдылар өмір сүруді тежейтін аяққа оралғы кедергілер. Махаббат деген де біздің басымызды ауырта қоймайды. Әке-шеше де аяққа оралғы. Кітапқа тесіліп не қыламыз. Миды шірітіп кітап жазу деген не? Ақылдым-
сыған құрғақ үгіттерің өздеріңе».
Оларды дауласып жеңе алмайсың. Капиталистік жүйенің құрсауындағы далалықтар (қазақ халқы) енді міне қаланы шырғалайды. Қала – қатал тіршіліктің ордасы. Ол сені есіркей қоймайды. Әке – балаға қарайласа алмайтын, бала – әкеге көмек қолын созбайтын рахымсыз заманда адамды мұңға батыратын гөй-гөй сарынды бүгінгінің адамдары қайтеді. Бүгін – ертеңдік ғұмыры қалған өлмелі шалдың сарынына басқан жазғыштардың (жазушы деуге келмейді) сарыуайым гөй-гөйі ендігі жерде құлаққа енбейді. Бүгінгі сарын осы. Сонда халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық өнерді Батыстың байбаламдаған әулекі байбайының бодауына жіберіп қоямыз ба? Әдебиетімізді ше?
Әдебиетті жоғалтып алсақ, онымен тіліміз де бірге кетеді. Қазақ әдебиетінің мәнсізденуі – тілдің соры. Мен саясаткер емеспін. Ішімде кетпесін деп айтамын. Ауыл – қазақтың ажары болудан қалып барады. Қазақ әдебиеті – рухани кеңістік.Сол кеңістікті ерінбейтін, елгезек, есті жас қана игере алады. Білім нәріне жүрдім-бардым қарайтын жеңілтектік әдебиет пәнінің мұғалімі болам деген студентке жараспайды. Болашақ әдебиет пәнінің мұғалімі бола тұра көркем әдебиетке құлықсыз боп шықсаңыз, кітап оқуды қиынсынсаңыз, онда сіз қазақ әдебиеті мен ана тіліміздің насихатшысы болып жарытасыз ба? Бүгінгі ата-аналар да туған тілінің уызына жарымағандар. Олардың дені көркем тілден, әдеби тілден махұрым. Бүгінгі таңда мектептерде қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беру саналы ұстазға «майданға түскенмен» бірдей екенін осы бастан сезініп, соған әр студент өзін дайындауға тиіс. Жоғары оқу орынының филология факультетінде кілең кітап құмар әдебиетті атасы мен анасынан да артық көретін шәкірттер оқып жатса, нұр үстіне нұр. Тіл-әдебиет пәнінің мұғалімдерінің еңбекақысы жоғары болса ғой, шіркін. Оларға ерекше қамқорлық көрсетілсе деп және қиялдаймын.
Біз жатпай-тұрмай кітапқа бетбұрыс жасауымыз керек. Жер-жерлерде кітап-
құмарлар қоғамы құрылып, кітап оқуды насихаттайтын орталық ашылғаны жөн.Бұл қалпында жүре берсек, кітап оқуды ұмытқан ұрпақ қазақ тіліне де салғырт қарай бастайды. Кітапханалар жүйесі қайта құрылуға тиіс. Кітапханашылардың қатары молықпайынша, олардың жұмысы алға баспайды. Олардың кәсіби біліктілігіне талап қойылуы қажет. Бүгінде қалада да, ауылда да кітапхана залдарынан оқырманды сирек ұшыратасың. Көшпелі көше кітапханаларын ұйымдастырған жөн. Әдеби сыйлық кітап авторына емес, кітапқа берілуге тиіс. «Жылдың үздік кітаптары» әр облыстарда, қалаларда мадақталып жатуы керек. Дарынсыз жайдақ жазарманды орынсыз қолпаштау әдеби шығармалардың сапасына кері әсерін тигізеді. Бүгінде әдебиет сыншысы жоқ дейміз.
Енді бір шындықты айтпасқа болмайды. Кітап оқылмай, көркем әдебиеттен бедел кете бастағанда, күріш арқасында күрмек су ішедінің керіне баққан «кітап жазғыштар» әр ауылдан өріп шықты. Бұл да әдебиет арбасына оңай жүк болып тұрған жоқ. Дарынсыз шимайкештердің құдайы жарылқады. Төпей береді, төпей береді. Осыдан кейін әдебиетте нендей құн қалады? Мұндай жағдайда әр адам өзінің талғам таразысына, ары мен ұятына жүгінсін. Кеудемсоқ мінезге басып әдебиетке тас лақтырмасын.
Қазақ әдебиетінен, оның ұлттық кейіпкерінен көз жазу ұлтсызданудың салдары демеске амалымыз жоқ. Әдебиет – қартаң адам тәрізді, оның көргені мен көңілге түйгені орасан. Оны шетқақпай ету – дана қартты жетімсіретумен бірдей. Әдебиет – ұлттың жады, ақыл-ойы, арманы мен мұңы, сағынышы мен қиялы, өмірге деген құштарлығы. Әдебиеттің мәнсізденуі – ұлттық жадының жойылуына әкеп соғады. Жады өшкен ұлт ұсақтайды.
Әлем халықтары алты мың тілде сөйлейді. Сол тілдердің дені жойылып барады. Қазақ тілі ондай қатерден ада. Мен сіздерге басқа бір қатерді жеткізгелі тұрмын. Ғұмыр бойы ауылда, қазақ ішінде тұрып келе жатқан мені тіл білмейді дегенге кім иланады? Тілді жақсы білу үшін тілдік орта керек. Мен сол ортадан шықтым. Ана тілінде сөйлеймін, ана тілінде шығармалар жазамын. Мүтін жан дүнием қазақы қасиетке толы. Қырық жылдан бері шығармашылықпен айналысамын. Онда да қара сөздің мәйекті саласы – көркем прозамен шұғылданамын. Өлеңді де өкпелетпеймін. Көсемсөзге де ұрынамын. Сөйте тұра, қаламым жиі сүрінеді. Ол неден? Бүгінгі ауыл адамдарының сөйлеу мәнері бір сарынды, қарадүрсін. Кешегі өткен ескі көз қарияларға зар болдық. Олар оралымды да орнықты сөйлейтін еді. Ойды өрбітудің, сөзді жеткізудің неше қилы әдіс-тәсілдерін білетін. Қазақы әңгімені жақсы айтушы еді. Бүгінгі қазақтар, ауыл қазақтарының сөзінде түйір жоқ, сұйылып кеткен. Солардың сарынынан мен де шыға алмаймын. Түсіндірме сөздікке жиі жүгінетінді шығардым. Сонымен, тоқ етерін айтқанда, қазақ сөзінің құнары кеміп барады. Тіл біледі деген менің жағдайым осы болғанда, үш тұғырлы тілге ауысқан бүгінгі қазақтың үлкені де, кішісі де ана тілін жетістіріп жатқаны шамалы. Бейнелі, сұлу тілді сонда кім жетік білуге тиісті? Ана тілінде шешен сөйлеу жазушы мен ақын, жорналшы, мемлекет қайраткерлеріне, әдебиетшілерге ғана міндет болғаны ма? Кеңсегерлердің де ана тіліндегі сауаты сын көтермейді. Жоғарғы шенділер мен заңгерлер, түрлі мамандық иелері, халыққа қызмет көрсететін саланың мамандары да қазақ тіліне шорқақ.Мешіт имамдары халыққа шариғатты өз тілінде емін-еркін жеткізе алмайды.
Шешендік өнер насихатталмаған соң, әркім өз білгенін қарадүрсін жайдақ сөзбен немкетті жеткізетінді шығарды. Осыдан барып, ауызекі сөйлеу тілінің бағасы түсіп, сөзден қасиет қаша бастады. Ғаламтор желісінде ауыз өзімдікі дейтіндер не болса соны сөз қылып, бос лағатынды шығарды. Қазақ жастарының сөзі дөрекіленіп барады.
Сөйлеу мәдениетіне мән берілмейтін болды. Сөз – адам мінезінің айнасы, адамгершілік сүзгісі. Сөзі бұзықтың – іші кірлі келеді. Сөздік қорымыздан шығып қалған, шығуға бет алған, көнере бастаған сөздердің тізбесін жасауға ешкімнің де қолы бара қоймас. Менің де олай етуге жүрегім дауаламайды. Бір ғана төрт түлікке байланысты атаулар қаншама. Малдан безген қазақ баласы қойдың қоңыр қозысын бөжекей көреді. Сұмдықтың көкесі демей не дерсің, қалада тұратын өзіміздің бүлдіршіндер (оқу жасындағы қыз бала) иттің күшігін көшеде жетектегенді көріп, жағамды ұстадым. Балабақшалардан төрт түліктің төлі мүсінделген бірде-бір қуыршақ көрмейсің. Төрт түлікке байланысты жүздеген атаулар сөздік қорымыздан шығып қалуға жақын. Киіз үйдің бау-шуы, уық-керегесі, төсеніші, ыдыс-аяғы, ескілікті мүлкі қаншама. Жаппай темір көлікке ентелеген бүгінгілер ер-тұрман әбзелдерін ұмыта бастады. Қалада өскен қазақ баласы дала бедері – тау-тас, бел-белес, төбе-төбешік, қырат-қырқа, жыра, жылға, суағар, бөгесін-бөгетке бас ауыртып қайтеді.
***
Сұлулыққа әркім-ақ құштар. Әсемдікке жаны жақын адамдар қартаймайды. Сөз сұлулығын меңгерген адамдарға баға жетпейді. Адамның адамшылық қасиеті сөйлеу мәдениетінен көрініс табады. «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деп Абай осыдан айтқан ғой. «Аузынан сөзі түскен, қойнынан бөзі түскен» сөз білмейтін мыңқылдақты үлкендер жартпаған. Мен сіздерге шеттеріңнен шешен бол, сөзге жүйрік бол деп жаппай талап қоймаймын. Өлеңді көп жаттау керек. Сонда сіздің санаңызға сәуле түседі. Өмірге деген құштарлығыңыз артады. Көркем әдебиет үлгілерінен (роман, повесть, әңгімелерді) үзінділер жаттап алу керек. Өзіңнің бір жақсы көретін ақының, жазушың болуға тиісті.
Мектептерде оқушыларға мазмұндама, шығарма жаздыру былай қалып, реферат жаздыру деген шықты. Бір сөйлемді тақтаға өз ойынан шығарып жаза алмайтын шіп-шикі оқушы ғылыми негізге жататын рефератты қалай жазады? Ауыл мектебінде он сегіз жыл ұстаз болдым. Тіл-әдебиет пәнінен сабақ бердім. Қазақ тілі оқулығындағы дап-дайын жаттығуларды оқушыларға көшірте салмай, мазмұндама жаздыруға, ойдан әңгіме құрап келуге тапсырма беретін едім. Сабақта балаларға түрлі тақырыпта суреттеме жаздырып қоятынмын. Мектептерде мұғалімдер тест сұрақтарынан алып, төменгі сыныптың оқушыларына шамасы жетпейтін тапсырмалар беріп қоятынын көріп жүрміз. Реферат жаздырудан баланың білімі молықпайды, бар болғаны, дайынға жүгіріп көшірмеші боп шығады.
Біз ұрпақ үшін жан қиятын халықпыз. Қазақтан өткен балажан халық, сірә, жоқ шығар-ау. Қазақ халқының елдігі ұрпағымен нығаяды. Ұрпақ сабақтастығын үзіп алмау үшін әр саналы жас өзін осы бастан отау иесі болуға дайындауы керек. Қыз арын сақтасын, ұл бұрыс жолға қия баспасын. Осы күні «отырған қыздар» көбейіп барады. Қосылып алып, ажырасып жататындар қаншама. Махаббат пен достыққа жеңіл-желпі қарайтын ұшқалақ жастардың бой көрсете бастағанын несіне жасырамыз. Бүгінде әр адам ғасыр сырқауы – «жалғыздық» дертіне шалдыққан. Адамдар бір-бірін жақсы танып-білуді ұмыта бастаған. Күйбең тіршіліктің ырқында жүріп, сырласып, мұңдасуға да уақыттары жетпейді. Отбасы – адамдарды жалғыздықтан құтқарады. Үй-күйі, бала-шағасы бар адам нағыз бақытты. Өмірде әділетсіздік бола береді. Өзге біреуді жоғалтқаныңмен, өзіңді жоғалтып алма.
Тұрмыс қиыншылығына бола бала өсіруге салғырт қарайтын ата-ана әр елде де жетіп-артылады. Жер шарында адам өсімінің тоқырауы ғасыр дертіне айналды. Еуропаның дамыған елдерінде әйелдер бала табуды тоқтата бастады. Жапон халқы қартайып барады.
Кәрісі қадірсіз елдің жастары арсыз келеді. Қазақ халқы көбеюі керек. Қазақ жері бос қалмауы тиіс. «Бос жер – жау шақырады…».
3. Ұлт рухының тұғыры – атамекен
Қазақы қасиетіміздің бір негізі – атамекенге құштарлық, ауылға деген сағыныш, далаға ынтызарлық. Қазіргі дала аңырап тұр. Тауында арқар қалмаса, сағымды белдер мен селеулі белеңді дүбірлеткен ақ бөкендер құрып кетудің алдында тұрса, қоғалы көлдер мен қорысты көлшіктер құс базары болудан қалса, тышқан аулаған түлкі, ін сағалаған қарсаққа да зауал келіп, бейкүнә қояндардың да көзі жоғалып бітуге тақалса, даланы «індікеш қалаға» толтырған ептейсіз момын борсықтар да көзден тасаланып жоқтыққа жұтылып кетсе, дала адамы біздерде (қазақтарда) қайбір көңіл күй болсын. Шөптің де түр-түрі бірте-бірте жойылудың алдында тұр. Жердің соры енді қайнады. Табиғат тепе-теңдігін сақтай білетін ата-бабаларымыз қыс қыстау, көктемгі көктеу, жазғы жайлау, күз күзеудің маусымдық тәртібін бұлжытпай сақтайтын. Кешегі келмеске кеткен кеңестік кезеңде де жерді пайдаланудың маусымдық заңдылығы үзілмеп еді. Бүгінгінің фермерлері қысы-жазы қыстақтан ірге аудармайды. Бір орыннан тапжылмайды. Соның салдарынан қыстау төңірегі тері сүйреткендей ақ шаңдаққа айналған. Жер тозып барады. Шаруа қожалықтарының жерге жаны ашымайды. Олардың күйбеңі бір күндік қана. Үкіметтің қаржылық көмегін (субсидия) жеке бастарының пайдасына жұмсап, қымбат жеңіл машина сатып алады. Дүбірлетіп той жасайды. Қыдырып серуендейді. Сөйткен шаруагердің қойы бағылмай, қорасының қиы ойылмай жатады. Жұрт жаңалауды қиынсынады. Далаға, табиғатқа деген қазақы жанашырлық әкесінде болмаған соң, аз ғана байлыққа мастанған баласы да далаға бөгденің көзімен қарайтынды шығарған. Қасқыр аулап жүрміз деп сылтауратқан «жас фермерлер» қар үстімен жорғалайтын «қара тажалдарын» арқардың соңына салып қойып «біз дегендер қырып сал аңшымыз» деп бөсетінін қайтерсің. Аз киіктер де солардың жемі. Мен бұл деректі көзім көрген соң айтып тұрмын. Сонда далаға кім ие? Далаға деген, табиғатқа деген жанашырлықты, қамқорлықты кімдерден күтеміз?
Қазақтық қасиетіміздің бір артықшылығы – төрт түлік малға деген аялы алақан еді. Әр қазақ баласын қалай мәпелесе, малдың жас төлін де сондайлық жып-жылы алақанмен аялаған. Қазіргі кезде жастар малдан қашады. Малға жақындағанды ар көретінді шығарды. «Мал соңында жүру бүгінгінің дамыған жастарына жараспайды» деген психология онсыз да ұлттық дәстүр-салтқа жүрдім-бардым қарай бастаған жаңа заманның қазақтарының үйреншікті дағысына айналды.
Халқымыздың экологиялық мәдениеті жоғары болған. Төрт түлікті өсіргенде де дала табиғатына орайластырған. Жайылымды тегін әрі тиімді пайдаланудың оңтайын келтіріп, жылқы ұстаған. Өз аяғымен жайылып тебіндейтін төре түлікті қораға қамап ұстау – қиянат. Жылқының қолы кең жайылысты дала. Әрі жылқы жарықтық даланың сәні. Мал өсіру – күнкөріс көзі болумен қатар, қазақ баласының ішкі дүниесін реттейтін, көңіл күйін орнықтыратын, керек десең, мінезін де оңтайлы қалыпқа түсіретін тартымы бар кәсіп. «Темір-терсектің» басқа шыққан өктемдігіне тосқауыл мал өсіру боп табылады. Мал бағу арқылы сен ішіңді үңгіп жеп жатқан жегі хабар-ошар тасқынынан бір сәт аулақтап, өзіңді екінші анаң – табиғатпен қауыштырасың. Бақташы мен малшы беделі кешегі кеңестік кезеңде қатты көтерілді. Менің әкем қолхоздың, кеңшардың қойын бақты. Аудан басшылары әкеме кеп сәлем беретін. Совхоз директоры біздің үйге қона жатып, менің қойшы әкеммен ұзақ-ұзақ әңгімелесер еді. Шаруагерлер бүгінде қойды «ішкіштерге» бақтырады. Сонда төрт түлікте нендей құн қалады?! Төрт түліктен құн кеткен соң, қазаққа тән бақташылықта да мән қалмай барады. Қазақ өз малын өзі баққанды ар көрмеген. Құдай-ау, бұл неткен салғырттық деп пұшайман боласың?! Мен білетін бір фермердің бала-шағасы жүзге жуықтайды. Бәрі жабылып бір отар қойды жөндеп баға алмайды. Бұл нені көрсетеді? Ата кәсіп – малшылықты тәркі етудің салдары ұрпақты бойкүйез жалқаулыққа, жатыпішер арамтамақтыққа душар ететін жағдай. Бұның түп себебі – үкіметтің ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамытудың ұлттық бағдарының нысаналы болмауының салдары. Еліміздегі аграрлық саясаттың кешенді жоспарын жоққа шағарудан аулақпын. Қазақ жерінің дені жартылай шөлейтті аймақ. Шөлейтті өңірлерді игерудің кешенді жоспары ұлттық мақсатқа негізделуге тиіс. Қазақ мал өсірумен қатар, баланы да көбейтсін.
Қазаққа керегі жер, қазаққа керегі мал. Осы екеуінің аясында қазақ ұлты өркен жаяды деп білемін. Қалаға орнаған бауырларға тілектеспіз. Қала тіршілігін жөнге келтіріп жатқан үкіметке мың алғыс. Өркениеттік жетістіктен теріс айналуға болмайды.
Мен ауыл тіршілігін насихаттайтын қаламгермін. Қалаға тән өркениеттік үрдістерге сын көзіммен қараймын. Қала тіршілігі ауылда өскен қазақтардың табиғи жаратылысын бұзып, даланың аңқылдақ желіндей ақкөңіл мінезін ірітіп жібереді деп есептеймін. Табиғаттың өзіндей тап-таза ұлт қалаға орнап болған соң, ығы-жығы қала тіршілігіне еріксіз бейімделіп, күн көріс қамына кіріседі. Жасыратын не бар, сауданың небір түрлері қаланың іші-тысында жүріп жатады. Айтуға ауыз бармайтын тән саудасы да қалада, небір сұмдықтар да қаладан табылады. Соған қарамастан, қала – білім орталығы, мәдениет орталығы. Әлемдік өркениет те қаладан бастау алады. Осындай бастауларды көрмеушілік көрсоқырлыққа жатады. Жарайды, жасасын қала қазақтары деп, бөрікті аспанға атайық. Сол «қалалық бауырларымыз» бүгінде жаһандану үрдісін сыйлы қонағындай төріне шығарғанын көріп отырмыз. Төршіл «қонақтың» өз есебі болады.Ұлыңды нашақорлыққа, қызыңды жеңіл жүріске бейімдейді.
Қазақтың кіндігін даладан әсте айыруға болмайды. Даласында малы мен жаны болсын. Қазақ ауылда тұрақтаса, малы мен жаны көбейер еді. Жан көбеймеген соң, даладан дүбір кетеді. Құт мекендер иесіз қалады.
Рух қайтсе күшейеді? Ол әр қазаққа туған даласының саф ауасынан, сағымды белінен, айдынды көлінен, құз-қиялы тауларынан, қияда қанат қомдаған қыран құстың шүйілісінен келеді. Ата-бабаларымыз мәңгілікке дамылдаған кесенелерден, балбал тастардан, қараорын қыстаулардан ауысады. Рух өміршең болу үшін халықтың ұлттық жады қылаусыз таза болуға тиіс. Ұрпақ санасы жалған ақпардан аулақ болғаны жөн. Тарихты қолдан жасап, рушылдықты қоздыратын даурықпалық, атаққұмардың көпірме сөзі жеке басты дәріптейтін даңғазалық, бақ пен мансап жолындағы текетірес ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді.
Жеке адамның рухы күшті болса, ұлттың рухы да биіктей түседі. Даурықпа, жадағай ұрандардан халықтың еңсесі көтеріле қоймайды. Ұлттық рух әлсіресе, өсер ұрпақ жасып кетеді. Жасқаншақ бозымдар жау түсіріп жарытпайды. Қызға да уыт керек. Болбыр-босаңдыққа бой алдырған жастар сырт елдердің насихатына (терроризм, жат діндерге бой ұру, бөтен ұлттардың әдет-дағдысына) еліккіш келеді.
Рухтың күш алатын бір тұсы – ұлт саулығы. Дені таза жас ұрпақ шынығып, шымырлануы керек. Ата-бабаларымыз шылым шегіп, арақ ішпек түгілі, бір қайнауы кем етті аузына алмаған. Арам өлген малды аш отырса да жемеген. Шетінен дегдар болған. Содан да қазақ жастары шымыр да ширақ боп жетілген. Ата-баба аруағына сыйынудың қазақ үшін оғаштығы жоқ. Аруақты қастер
тұту – ұлттық дәстүрге жатады. Бір есте болатын жағдай – ата-баба аруағын Алладан жоғары қоймау керек.
Қарағанды қаласы.