ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ
19.08.2024
90
0

Қызылжардағы әдебиет пен ғылымның ілгерілеуі осындағы кітапхана ісінің дамуымен тікелей байланысты. Бұл жақтағы алғашқы кітапхана, баспаханалар сол кездегі Ақмола облысының орталығы Омбы қаласында ХІХ ғасырдың екінші жартысында жұмыс істеген. Ал ғасыр соңында Қызылжардың өзінде қалалық кеңестің меншігінде кітапхана болған. Өткен ғасырдың басында көпестер мен саудагерлер қалада кітап дүкендері мен мұсылман кітапханасын ашуға рұқсат сұраған. 1909 жылғы құжаттарда осында болған Алаш арысы Міржақып Дулатұлының мұсылман кітапханасының басқарма мүшесі, кейін меңгерушісі етіп тағайындалғаны туралы деректер бар. Осының бәрі осыдан тоқсан жыл бұрын өңірде облыстық кітапхананың ашылуына негіз болған. Бүгінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана өңір мәдениетінің қарашаңырағына айналған.

«Адам сияқты әр кітапхананың да өз өмірбаяны болады, – деп бастады әңгімесін кітапхана директоры Бейбітгүл Әбілмәжінова. – Биылғы мерейтойда біз өткен күнге көз жүгіртіп, алдағы бағдарымызды айқындауымыз керек. 1934 жылы қалалық мәдениет мекемесінің орнына Қарағанды облыстық кітапханасы ашылды. 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысы ашылғанда мекеме атауы өзгерді. Алайда бұл осыған дейін мұнда кітап ісі болған жоқ дегенді білдірмейді. Қаладағы алғашқы кітапхана 144 жыл бұрын 1880 жылы ашылған. Онда көпестердің жеке қорлары мен төңкеріске дейінгі оқу орындарынан алынған баспа материалдары жиналған. Олардың кейбірі біздің сирек кітаптар музейінде бүгінге дейін сақтаулы. 1973 жылы мекемеміз жазушы Сәбит Мұқановтың ықпалдасуымен салынған қазіргі ғимаратқа көшірілді. Осы жылы дүниеден озған қаламгердің есімі кітапханаға берілді. Жерлесіміздің 80 жылдығына орай мұнда жазушының музейі ашылды», – дейді директор.
Рухани орталық басшысы қиындығы мол тоқсаныншы жылдарды еске алады. Мәдениет саласы тұралап қалған осы уақытта мұндағы мамандар жаңа заманға сай жол іздеп, жұмыс барысына жаңашылдықтар енгізеді. 1996 жылы осында автоматизация басталып, мекемеге бірден 6 грант беріліп, үлгілі өңірлік кітапхана жабдықталады. Соның арқасында Қызылжардағы алғашқы ғаламтор, факс, электронды желі, каталог сияқты өркениет игіліктері алдымен осында орнатылған екен. Содан бері Сәбит Мұқанов шаңырағы бюджеттер бөлінетін қаражатқа телмірмей түрлі халықаралық байқауларға қатысып, гранттар иеленіп келеді. Бүгінге дейін мекеме 27 грант байқауында жеңіске жетіп, өз жобаларын жүзеге асыруға қолдау тапқан.
Интернеттің игілігіне иек артқан мәдени орталық оқырманға электронды ресурстардың түр-түрін ұсынып отыр. Электронды каталог, кітапхана, виртуалды оқу залы, онлайн кеңесші, тапсырыс беру жүйесінің бәріне үйде отырып-ақ қол жеткізуге болады. Ал кітапхананың өзінде 2 ІТ-орталық, бағдарламалау курстары бар.
2000 жылдардың басында мұнда өткен халықаралық семинар нәтижесінде елдегі облыстық кітапханалардың ішінде алғаш болып Қызылжарда электронды кітапхана жүйесін іске қосылған. Бүгінге дейін аталған жүйеге өңір тарихынан хабар беретін 143 мың материал жүктелген. Оның ішінде Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты виртуалды антология, жергілікті жазушылар мен өлкетанушылардың архиві бар. Жуырда ұялы телефондарға арналған «Қызылжар кітапханасы» қосымшасы іске қосылған.
«Бір ел – бір кітап» жобасы аясында өңірде республикалық конференция өтіп, «Мағжан» порталы жасалып, бүгінге дейін мұнда ақын туралы 4500 мақала жүктелген. Одан бөлек «Біздің Мағжан» мобильді кітапханасы оқырман тарапынан жоғары бағаланған.
– Кітапхана халықаралық шараларға да белсенді атсалысады. Мәселен көршілес елдің шекаралас облыстарымен ортақ жобалар жүзеге асырылған. Бірнеше мемлекетте өткен шараларға өз көрмемізді апардық. 2020 жылы Еуропаның 5 елінде Абай орталықтарын ашуға атсалыстық. Пандемия кезінде бірнеше күннің ішінде жаңа жұмыс режиміне көштік. Аталған тәжірибенің тиімді тұстарын осы күнге дейін іске жаратып келеміз, – дейді Бейбітгүл Мағжанқызы.
Өңірдің мәдени, интелектуалды орталығына айналған кітапхана қорында 700 мың кітап болса, соның басым бөлігі мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Мұндағы 15 бөлім жылына 45 мың оқырманға қызмет көрсетеді. Мыңға жуық оқырман керек әдебиеттерді қашықтықтан алады.
Осы уақыт аралығында мәдениет ордасының қоржынына жиналған марапаты мен жүлдесі де жетерлік. 2014 жылдан бері бұл орын «ХХІ ғасырдың үздік кітапханасы» атағын иеленіп келеді. Сәбит кітапханасы «Рухани қазына» республикалық конкурсында бірнеше жылдан бері топ жарып жүрген жалғыз кітапхана. Мекемеге қарайтын Мағжан Жұмабаев, Аққайың ауданындағы мәдени нысандар үздік ауылдық, аудандық кітапхана атанса, облыстық кітапханалардың ішінде Қызылжардағы қарашаңырақ алдыңғы қатарда. Бюджеттен тыс қаражат тарту, әлеуметтік желілердегі белсенділік аталымдары бойынша да солтүстік өңір көш басында тұр. Ал мұндағы қызметкерлер кітапхана саласының үздіктері атанған. Ең көп кітап оқитын облыс анықталған «Оқырманы озық өлке» байқауында да ең жоғары сатыға қызылжарлықтар көтерілген. Былтыр мәдениет мекемесі Нидерландының бірнеше қаласында өткен 88-ші әлемдік кітапхана конгресінің қатысушысы атанып, әлемдік қауымдастыққа Мағжан Жұмабаевқа арналған көрмені таныстырған. Соның нәтижесінде бүгінде Алаш арысының кітаптары Амстердам патшалық кітапханасы, Брюссельдің патшалық және көпшілік кітапханасы, Роттердам көпшілік кітапханасының қорына енген.
Қазіргі тағда осында аптасына түрлі форматтағы 30 іс-шара өтеді. Облыстық телеарнамен бірлесе отырып бірнеше бағдарлама ашылған. Мамандар қаладағы саябақ, сауда үйлері мен өзге мекемелерде де шаралар ұйымдастырып келеді. Қызылжар дәмханаларында буккроссингдер орнатылған. Кітапханада оқырмандар үшін түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Кітапқұмарлардың 11 клубы бар. Ал биыл кезекті грант аясында креативті орталық құрылатын болады. Тұрғындарға қазақ, түрік, ағылшын тілдерін тегін үйренуге де жағдай жасалған. Биыл Франция елшісінің қатысуымен француз тілін үйренушілердің клубы ашылған.
Әр жылдары кітапханада Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сафуан Шәймерденова, Дүкенбай Досжан, Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбаев, Роллан Сейсенбаев, Кәкімбек Салықов, Евгений Евтушенко сынды қаламгерлер, өнер майталмандары Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева мен Швеция, Фрация, Түркия, АҚШ, Ресей, Тәжікстан елшілері болған. Белгілі ақын-жазушылардың қолтаңбасы қойылған кітаптары да жетерлік.
– Солтүстікқазақстандық кітапханалар ТМД елдері мен алыс шетелдегі әріптестердің тәжірибесіне сүйеніп жаңа стандарттардың деңгейіне жетуге тырысып жатыр. Заманмен бірге өзгеріп, заманауи және сұранысқа ие болып келеміз. Бүгінде біз, кітапханалар мәдени өзгерістердің бір бөлігіне айналып, оқырмандар саны артып, саладағы жұмыстар жанданған ерекше уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана өңірдегі интеллектуалдық коммуникация мен мәдени алыс-берістің орталығына айналлып, түрлі бағыттағы қорларды жинақтап, әр санаттағы оқырманғы қызмет көрсетіп келеді. Бұның бәрі Қызылжардың интеллектуалды әлеуетін арттырып, ғылым, мәдениет, кәсіпкерлік және басқа салалардың дамуына әсер етуде, – дейді кітапхана басшысы.
Оқырманға қызмет көрсетумен қатар мәдени мекеме аудан, ауылдардағы кітапханаларға әдістемелік көмек көрсетіп, жұмысын үйлестіреді. Өкінішке қарай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңірде 300-дей кітапхана жабылған. Жағдайды реттеу үшін кешенді шаралар жүргізу керек. Бір жақсысы, Мағжан Жұмабаев, Мамлют аудандарында ауылдық кітапханалар жөнделуде, биыл Тайынша ауданында модельді ауылдық кітапханалар ашу жоспарда бар. Ал облыстағы кітапханалардың жалпы қоры 4 млн. данадан асады.

Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір