Қытайда Қазақстан мәдениет орталығы ашылды
09.09.2025
210
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды.

Салтанатты жиынға арнайы делегация құрамында барған Қазақстан Жазу­шылар одағы Басқармасының төра­ғасы Мереке Құлкенов те қатысты.
Мем­лекет басшысы орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағалады.
– Мұны, шын мәнінде, тарихи оқиға деуге болады. Бұл – қазақтың қытай халқына деген риясыз көңілі. Сондай-ақ қытай жұртының қазаққа білдірген достық пейі­лі. Ең алдымен, осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін аса қадірлі төраға Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтамын. Қытай елінің Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели мырзаға, сондай-ақ осы іске атсалысқан барша қытай және қазақ азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы салтанатты жиынға менің қытайлық ескі достарым, дипломаттар, кезінде маған сабақ берген ұстазым Лю Шицинь мырза және зиялы қауым қатысып отыр. Баршаңызға ыстық ықыласымды білдіремін. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, руханият – әр халықтың дүниетанымы, болмысы, ішкі әлемінің көрінісі. Сондықтан төл мәдениетімізді дәріптейтін бұл рухани орда қазақ пен қытайдың өзара құрметі мен татулығын арттыра түсері сөзсіз.


– Қытайда ежелден айтылатын нақыл сөз бар: «Жалғыз ашқан гүл көктем болмайды, көктем барлық гүлдер құлпырғанда келеді». Әр алуан мәдениет, идея және өркениет тек өзара алмасу мен үйлесімді өмір сүру арқылы адамзат қоғамын өркендетеді және дамытады. Бүгін Бейжіңде Қазақ мәдени орталығының ашылуы – осы ұғымдардың жарқын көрінісі, – деді Президент.
Со­ны­мен қатар Мемлекет басшысы ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге Мәде­н­иет орталығын аралап көрді.
Қ­а­сым-­Жомарт Тоқаевқа кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық ка­­­бинет­тері таныстырылды. Көрме за­лына Қазақстанның ежелгі сақ дәуірінен бастап, XX ғасырдың бас кезіне дейін­гі тарихынан сыр шертетін экспонаттар мен артефактілер қойылған.
Экспозиция археологияға, зергерлік бұйымдарға, қару-жарақ жасау өнеріне, ұлт аспаптарына және этнографияға арналған бес бөлімнен тұрады. Орталықтың кітап­хана қорында қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі мыңға жуық кітап бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір