«Солтүстікке көшіңіз!..»
28.02.2023
164
0

Оңтүстік және халық саны тығыз орналасқан аймақтардан солтүстікке көшкендерге әлеуметтік-материалдық көмек көрсетіледі. Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарынан солтүстікке көшкендердің саны жыл сайын артып келеді. Былтыр Маңғыстау облысынан 45 отбасы ерікті түрде қоныс аударған. Биыл да біраз отбасы солтүстікке қоныс аударуға ниеттеніп отыр. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопановтың айтуынша, солтүстікке қоныс аударушылардың дені жұмыссыздар мен Түркіменстаннан қоныс аударған қандастар. 2022 жылы Түркіменстаннан келген 20 отбасы (95 адам) қоныс аударып, әлеуметтік көмек алып, жұмысқа орналасқан. Мемлекет әр отбасы мүшесіне 214 410 теңгеден қаржылай көмек көрсеткен. Сондай-ақ жұмыспен қамтып, тұрғын үймен қамтамасыз еткен.
2023 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы белгіленген. Қоныс аударушылар Абай, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының кез келгенін таңдап, өзіне қолайлы мекенге көше алады.
Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес, солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Әйткенмен, бұл бағдарламаны әлі де жетілдіріп, халыққа қолайлы ете түсу керек.
– Сондықтан жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге тырысу керек. Бірақ оңтүстікте кәсібі дөңгелеп тұрған адам солтүстікке көше салмайды. Ендеше, арнайы бизнесті қолдайтын жоба қарастырып, кәсіпкерлерді солтүстікке қызықтыру қажет. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Өйткені Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, – дейді терістікке көшуді дәріптеп жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақанов.

Нұргүл Реукенова,
Ақтау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір