«Мен Тәңірдің зор қатесі шығармын…»
20.11.2023
92
0

«…Ділі – жусан,
қиялы – қыпшақы
ердің Тарланы.
Жылқы мүсін болмысы,
Сордан кермек арманы.
Мұңы – Қобыз, төзімі
болдыртардай түйені,
Домбырасы – дұғасы,
Сөзі – серті киелі.
Қыран түгіл,
Қарғасы
қара ойды ұғар қиядан
Осы Дала – Отаным.
Ұқсамауға ұялам»,

деп жырлаған ­Мейірхан­ ақын – Мейірхан ­Ақтдәулетұлының Ақтөбеде ұйымдастырылған «Мен Тәңірдің зор қатесі шығармын» атты жыр-сұхбат кешіне жырсүйер жұрт көптен күткен қуанышқа ағылғандай, топ-тобымен келді. Т.Ахтанов атындағы драма театрдың залы лық толып, түрегеліп тұрғандардың да қарасы қалың болды. 

Биыл ақынның жырлары мен поэмалары, әр жылдары баспасөз бетінде жарық көрген, өз тұсындағы қоғамның ең түйткілді мәселелерін қозғап жазған мақалалары, аудармалары топтастырылған 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Осыған орай, қаламгердің шығармашылық кешін ұйым­дастыру қолға алынып, жан-жақтан қонақтар да шақырылған болатын. Сәрсенбі күні кеш иесі мен алыстан арнайы келген белгілі қаламгерлер – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы поэзия кеңесінің төрағасы Әділғазы Қайырбековты, ақын, мемлекеттік Дарын сыйлығының лауреаты Светқали Нұржанды, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуатты және ақын, республикалық «Түркістан» апталығының бас редакторы Бауыржан Бабажанұлын облыс әкімі Асхат Шахаров қабылдады.
Өңір басшысы ақын Мейірхан Ақдәулетұлын қазақ поэзиясында өзіндік үні бар ақын ретінде, қазақ баспасөзіне өлшеусіз сіңірген тұлға ретінде айрықша құрметтейтінін айта келіп, сый-сияпатын көрсетті, иығына шапан жапты.
Ал ақынның жыр кеші оның әйгілі «Қосүрейлер үйі» поэмасының желісі бойынша жасалған сахналық көріністен басталды. Бұл – алып империяның сырттай қалыпты көрінгісі келгенмен, үңіле білгенге ішкі қайшылығы, ақылға сыйымсыз тірлігі көп екенін, ыдырар алдындағы соңғы кезеңін меңзейтін шығарма. Шағын қойылымды Елтай Кемалдың режиссерлығымен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері әзірлеп, сахналады.
Бұдан соң кеш жүргізушісі, ақын Бауыржан Бабажанұлы сөз алып, Мейірхан Ақдәулетұлының шығармашылығына, журналистикада жүріп өткен жолына тоқталып:
– Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезең халыққа өте қиын тиді. Осы тұста қазақтың екі мықты қаламгері – жазушы Марат Қабанбай мен ақын ­Мейірхан Ақдәулетұлы өз шығармашылықтарын ысырып қойып, публицистикаға бет бұрды. Естеріңізде болса, сол кездері «Қазақ әдебиеті» газетінің әр санын Мейірханның жаңа мақаласын оқу үшін күтемін», – дейтін адамдар да болды. Мәкеңнің күн демей, түн демей еңбек еткен «Алтын Ордасы» да күллі Қазақстанның назарын аударып, ең оқырманы көп басылымның бірі болды, – деді.
Сөйтіп, алғашқы сөз кеш иесінің өзіне берілді.
– Адамзат баласы үшін өнердің орны қашанда бөлек. Бүгінгі зал толы жұрт сол өнердің қасиетті бір тармағы – өлең-сөзге бас иіп, осында өлең үшін келіп отырғандықтан, осы ыстық ықыластарыңызға алғысымды айтып, өлең оқып берсем деймін, – деп ақын өзінің «Бейуақтағы мінәжат» өлеңін бастап кетті.
Жалпы, Мейірхан Ақдәулетұлы кеш бойы өлең оқыды. Соның ішінде «Жалғасу заңы» жырын өзінің жақсы көретін өлеңі ретінде атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл ­Елеусінова құттықтау сөз сөйлеп, ақынға «Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ ол:
– Ақын Мейірхан Ақдәулетұлының жиі айтатын сөзі бар. «Адамға, адамдарға керек болу – өте маңызды», – дейді. Расында, ақын мен оның жыры керек болғандықтан, халық бүгін осы залға жиылып отыр. Осылайша бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүргенге жетер ештеңе жоқ, – деп, көрермен қауымға алғысын жеткізді.
Жиында өңір-өңірден келген ақын-жазушылар сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
– Егер Төлеген Айбергенов сағыныш туралы толғап, сағынышқа айналып кеткен ақын болса, Мейірхан ­Ақдәулетовті «мұңның ақыны» дер едім. Оның жырлағаны — қара басының мұңы емес, халықтың мұңы, – дей келіп, ақын Әділғазы Қайырбеков кеш иесіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Мереке ­Құлкеновтің құттықтау хатын тапсырды және осы қоғамдық ұйымның атынан иығына шапан жапты.
Маңғыстаудан келген ақын Светқали Нұржан кеш иесіне «Жұмекен Нәжімеденовтің ареалына, кеңістігіне біткен интеллектуал ақын» деп баға берді.
Мейірхан Ақдәулетұлының шәкірттерінің бірі, жазушы Дәурен Қуат та осы кешке қатысу үшін Алматыдан арнайы келіпті.
– Бүгінгі кештің әдемі өтіп жатқаны, қалың оқырманның Мейірхан ағаға деген ықыласы мен үшін де – үлкен мерей, мәртебе. Осы Ақтөбеде «Алтын Орда» газетін шығарған кезімізде Мәкеңмен күнделікті араласып, «Өзіне өзі өтірік айтатын ұлтқа айналдық», – деген сынды кесек-кесек ойларын өз аузынан еститінбіз. Бүгінгі кештің аты да адамды ойландырады. «Мен Тәңірдің зор қатесі шығармын, өзі ғана жөндейтін» деген сөзге бүкіл адамзат баласының тағдыры сыйып тұрғандай көрінеді. Осылайша ақынның сөзі, өлеңі зор болғанда ғана қоғам өседі, — деп жеткізді ол өз лебізін.
Ақын Ертай Ашықбаев:
– Өлең сөзде де, қара сөзде де, аудармада да қолтаңбасы ерекше көрініп тұратын Мейірхан Ақдәулетұлын кейінгі жастар өздеріне ұстаз тұтады. Жас қаламгерлер оны көрінген жерде қаумалай кетеді, көрінбесе іздейді, сұрастырады. Бұл – Мәкеңнің ұстаздық дәрежеге жеткенінің белгісі. Сөз өнерінде ұстаздық дәрежеге жету оңай емес. Ол арнайы оқумен немесе академик сайлағандай сайлаумен келмейді, оны халық өзі іріктеп, таңдайды, — десе, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншин өз сөзінде: «Мейірхан Ақдәулетұлы Ақтөбе, Атырау сынды облыс орталықтарында жүріп, бүкіл елге таралған, танымал басылым — «Алтын Орда» газетін шығарды. Өз тұсында бұл үлкен жаңалық, тыңнан түрен салғандай қадам болды. Одан кейін облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің басын қосқан мекемеге басшылық етті, «Адырна» журналын шығарды. Мейірхан Ақдәулетұлы қайда жүрсе, оқырман да солай қарай тартылды, – деп, Мейірхан Ақдәулетұлының қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесіне тоқталды.
Шынтас -Айнагүл Омаровтар, Дулат Айтжанов, Мейірбек Тәжіғұлов, Айбат Мақашев сынды өнер иелері ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, жиналғандарды ерекше күйге бөледі. Соңынан оқырман қауым сахна төріне шығып, ақыннан қолтаңба алып, гүл шоқтарын ұсынды.

Индира ӨТЕМІС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір