Арман дейтін адастым Арда жолда…
22.04.2016
2239
0

12196092_1804609913099280_3340850564487165454_nМирас АСАН

ЖУСАН ИІСІ
Жусанның иісі – жанымның иісі аңқыған,
Бұл иіс мүмкін бір өлең шығар, бәлкім – ән!
Бір жұлдыз ерте туды да қайта кетті ағып,
Ай туды сонсоң артынан!

Жусанның иісі кермек-тін көзім жасындай,
Құлаймын бір күн құмарым дерті басылмай.
Менің ғұмырым жусандай ғана қып-қысқа,
Бір өлеңімнің аяғы менен басындай!

Жусанның дәмі өмір сияқты тым ащы,
Тіршілікпенен тілдесіп тұрмын түн асты.
Жанға ешбір ашпас жырларым менен сол түні
Жусанға ғана ашылып жаным сыр ашты…

Кім кешпей жатқан дүние дейсің кім кешіп,
Тербеп тұр бізді Қара Жер дейтін бір бесік!
Сен менің ертең кеудемнен өсіп шыққанда
Тамырың менен қабірім жатсын тілдесіп!

Жусанның иісі аңқып тұр қоңыр салқынмен,
Ей, өмір, өзі тасыңмен қоса алтын ба ең?
Жусанды жиі иіскей берем тұщынып,
Біреуді сонда сағынып тұрдым бәлкім мен?!
МЕЗГІЛСІЗ КӨКТЕМ
(Жарас Сәрсекке)
Қаңтарда жаңбыр құйды,
Мезгілге қайшы есеп тым.
Тамырын тағдыр қиды,
Алданған бәйшешектің…

Мұздыққа құстар қонды,
Адасқан аққуларым!..
Сезімге құштар көлді,
Жұбатшы гәкку-жарым!

Өріктер гүлдеді – әтір,
Жаңбырға жауған босқа…
Махаббат бұл не батыр?
Шара жоқ алданбасқа…

Ғашықтың сықылды әні,
Жерді Аспан алдады көп…
Қаңтарда сықырлады,
Қаңтарған арба-жүрек…

Ғашықпын мен де, сірә,
Көз жасын көктен сұрар.
Аяулым, сен де шыда,
Бұл мүмкін көктем шығар?!

Жаңбырды сел ғып мінген,
Қаңтардың тосын мәні…
Тағдырды енді ұқтым мен,
Ақынның басындағы…


6799_994670573913351_3549787932777979700_nЖанат ЖАҢҚАШҰЛЫ

ҚИҚОҢЫЗ
Әу, Қиқоңыз,
Дүниені дөңгелетіп үйге біз,
Тасып жүрміз, талғамай,
Біз де сендей –
Тезек терген күйдеміз.

Аласұрып,
Көлбеңдейміз көң іздеп,
Адам емес,
Қоғамда бұл қоңыз көп.
Екі көзі дүниеде, дүрбімен,
Жоқ іздеп,
Боқ іздеп.

Жер дөңгелек,
Ай дөңгелек,
Күн-дағы…
Шешілген соң адамзаттың құндағы –
Жерді тесіп құрт құсап,
Күн секілді сары алтынын ұрлады,
Ай секілді ақ күмісін ұрлады!
Жердің беті миллион тағдыр,
Миллион із,
Қызық қой бұл «Өмір» дейтін киноңыз.
Жер шарымды дөңгелетіп,
Қайда әкетіп барады,
Дүниеқоңыз бен Қиқоңыз?!

КАРТИНА:
«Маскүнемнің үйі» (Майлы бояу)
Түн мүлгісе,
Жұлдыз неге мөлидің?
Терезесі мөңірейді көр үйдің.
Есіктері мияулайды мысықша,
Тесіктерін тышқан бітеп сол үйдің.

Ақ шатыры ұлып жатыр Ай қарап,
Қабырғаның қасіретін лай жалап.
Жасырғанмен аймалап,
Көрінеді жауыры –
Жапандағы үй – жайдақ ат.

Мұржасы да көк кезеген ұңғыдай,
Ынсабы жоқ, ыңыршақты ындын-ай.
Ай астында сақ-сақ етіп күледі үй,
Жер үстінде жылап отыр жындыдай!

Табалдырық қорсылдайды талпайып,
Шөгіп кеткен шұнақ шалдай қартайып.
Шарбақтары шала мастау күйінде,
Шаптырып тұр талтайып.

Тілеуі де, тіреуі де тозғандай,
Бақытынан уақыт шіркін озғандай.
Маскүнемдеу иесінен аумайтын,
Үй тұр әні қозғалмай.

Түн мүлгісе шымырлатып арқаны,
Сол үй жақтан естіледі қарт әні.
Сол шал құсап боқтап алып біреуді,
Күрк-күрк етіп, махоркасын тартады.


12747972_1687738841475149_415979461214341305_oМақсат
КҮЗЕМХАН

ТӨРЕ
(Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның рухына)
Ұлы арман артқан ұлыс ұлдары –
Жарқ еткен ұшқын қылышымдағы.
Шаң басты жауын, алмасты қауым.
Дәуірдің мүлгіп тыныш ырғағы.

Елдің де келді ертеңі жылап,
Шер-мұңын бұлттар шертеді ыдырап.
Уақыт толқыны жағаға әкелді,
Жеті ғасырдың желкені құлап.

Сүбедэй нойон түсіме кірді,
Сұрқы суық-ақ, түсі де мұңлы.
Жорыққа тағы жори салып ем,
Кісенге қимай кісі көңілді.

Тарихты жазып көнеден күй қып,
Туды да қадап, төбелерді үйдік.
Төрімді таптап бір заман келді,
Теріс айналып Төреден билік.

Төреден тақ та теріс бұрылып,
Тектінің көбі тегіс қырылып.
Жапаннан жылап киемді іздедім,
Бөрімен сосын көрістім ұлып.

Алтын орданың алтын дәуірі,
Алпыс оғланның алқынған үні.
Ақ бұлдыр болып сағымға айналды,
Дештінің сыздап салқын бауыры.

Тегеурінді боп тегінде туған,
Шеңберін қорғап шебінде тынған.
Төренің тағы Төрешоқыдай,
Төрт құбыланың төрінде тұрған.

Ғайыптан қайттық ғасыр алмасып,
Бәсіре күннің бәсі жалғасып.
Ұлыс басынан бақ таймақ түгіл,
Денелер кетті басынан қашып.

Жатпен көрші боп жақындығы жоқ,
Баудай түсірді батырды бір оқ.
Алтын күн сүйген алтын әулеттің,
Әлихан туды ақырғы үні боп.

Тәңірден ғана аласа тағы,
Қанына тартқан қараша ханы.
Әлихан әке қазақтың сенсің,
Иығында қалған қара шапаны.

Асыл сүйектен жаралған бегім,
Алқынып аққан ақ арнам ба едің?
Арыстан жалды арыстарымның,
Кеудемде қайтем қадалған кегін?

Асқардан биік Алаш арманы,
Аспаннан төмен аласармады.
Ақырған заман арнаны бұзды,
Жапырған өзен жар аса алмады…

КӨК САҚА
Кірбің түгіл кіршік түспей көңілге,
Барқыт белде өстік біздер бал еміп.
Асығатын түк те жоқ деп өмірде,
Асық атып ойнап жүрген бала едік.

Апыр-топыр аунап жүріп ақ шаңға,
Асық ойнап жататынбыз таласып.
Қызық емес алтының да, ақшаң да,
Бізге ол кезде қымбат еді әр асық.

Ақ дорбаны жүз ақтарып түнімен,
Санайтынбыз асықтарды не түрлі.
Қуанушы ек сол дорбаға шынымен,
Асық емес асыл толған секілді.

Менде сонда бір көк сақа болатын,
Көлге қатқан көк мұздайын салмақты.
Атқаныңда орынында қалатын,
Мен үшін ол бәрінен де ардақты.

Асығушы ем көк сақамды шиырып,
Қатар тұрған асықтарды атқанша.
Сәске түсте қу тақырға жиылып,
Ойнайтынбыз күн қызарып батқанша.

Балалықтың балағына жармасып,
Ұтылсақ та ұтылдық деп айтпаушы ек.
Кей кезде сол асық үшін дауласып,
Ақырында төбелессіз қайтпаушы ек…

Сол баланы ылғи асық ойнаған,
Көп жыл болды көрмей кеттім айнадан.
Тіршілікпен алысам деп қайнаған,
Көк сақаны ұмытқалы қай заман?!

Қайда кетті балалықтың бал күні,
Асық атқан, аптығы бір басылмай?
Дөңгеленіп өте шықты барлығы,
Домалаған тастаяқтың тасындай…


10382552_1454572421459030_7432727811866593826_oЖәнібек ӘЛИМАН

***

Ызғарымен ықтырған ізгі үмітті,
Ала құйын көңілім күзді күтті.
Күзді күттім үзіліп, үздігіп мың
Алабұртқан күйіндей қыз-жігіттің.

Күзгі жауын… кінәмшіл, күдігі көп,
Тарқатылды арудың бұрымы боп.
Түзге көктем келсе де жібімейтін
Күз боп өткен жандар-ай жылуы жоқ.

Сары жалқын нұр сіңген шалғайына,
Тәңір алтын тылсыммен тал бойына,
Тізбекті өмір тырналар топ құрғанда,
Күз деп ғұмыр басыпты маңдайына.

Бес күндіктің базары бар ма қолда?
Арман дейтін адастым Арда жолда.
Күз мұнары кейіпті ізгі жаным
Күте-күте көктемін қалған ол да…

Күмілжуін қарашы күзгі өңірдің,
Қылымсуын қайтесің қыз көңілдің.
Ақыры атар таң болса атырапқа
Жөні болмас оны да сыз көрудің.
Айдың сұлу дидарын бұлт қамайды,
Көз бояған көктемге жұрт қарайды.
(Көктем ару қай көркін тықпалайды).
Күзді сүйем!
Өйткені, ол жалтақтамай
Дүниенің көзіне тік қарайды …

***
Жамалы жақұт нұрлы,
Барады батып бір күн!
Мен болсам мұңға байып,
Қойылған жырға лайық,
Налалы леп белгідей қатып тұрмын!

Зарлымын іші күпті,
Тағдырым түсініксіз, түсінікті…
Барлығын өзім жасап жүрмегендей
Әр жылым бойыма артты кісілікті…

Кіндігі шер-налада,
Ындыны жырға кепкен мен ғана ма?!
Тірлігі кейде күйкі, кейде дара,
Адамзат сүймеген соң пенде ғана!

Ерттеп ап ерікті атша,
Дерт жамап сезім суық, сезік патша.
Өртке орап, жанып кеткен жақсы, білем
Күн құсап шығарына сеніп батса…

Сорыма сүйенгенде,
Жоғыма жетпеген соң күйем мен де.
Қорыңа былғанғым жоқ, тәнмен бірге
Түспесе болғаны да кием көрге…

Түршігіп тағы келем,
Қырсығып кетсе кетсін бәрі менен.
Аузыма тықпай жетім жүрегімді
Қасымда қала тұршы, лағыл өлең!
Жаным, өлең!..


12801415_172018569853700_7832213170724429102_nАйдын БАЙЫС

***
Әлқисса, шын куәгер – көмескі Күн.
Ғашықтар хикаясы – ол ескі ұғым…
Жаным-ау, саған барып сумақай Жел,
Мен жайлы көп айтады деп естідім.

Ол дағы жеке-жалғыз мендей ғаріп,
Еседі, талай мәрте өлмей барып.
Айтқандарын елей сал,
Бәлкім жаның,
Хат-хабарға мен жайлы шөлдейді анық.

Іші өртеніп жүр дей ме, дауа қалмай?
Сенделіп жүрсем-дағы сау адамдай.
Жек көреді дей ме екен, өкпеледі,
Қаңғыған бұлт сияқты жауа да алмай?

Үкісі үлбіреген нар қамысым…
Жұтады жел толқынның жан дауысын.
Сағынбайды десе егер, ол – өтірік!
Сол сөзіне сенбегін!
Қалғаны – шын.

P.S.: Жабырқаған жанымның күзгі әлегі,
Өлең болып қашалған қыз бәдені.
…Тірісінде қосылған екеу жайлы,
Ертегі айтып берейін сізге әдемі.


10903916_1374427962864424_5083422423701993118_oАян
МЕЙРАШ

***
Бір күш керек…
Үлкен күш…
Алапат күш…
Босау үшін торынан сары-ала құс.
Сары-ала құс не дейді түсінбедім,
Шалалаумыз…

Маңдай тердің салмағы жоқ артында,
Жасырмаңыз…
Әуеспіз көп алтынға.
Махаббаттан құн кетті дейтіндердің,
Бәрі құнсыз, МАХАББАТ со қалпында.

Даналығың жетсе егер түсінер ме ең?
(бұл қағида баяғыда-ақ күшіне енген)
Ақылы асқан арсыздан қорқу керек,
Түңілгенше ессіздеу кісілерден…
Кімдер қазір жүр дейсің сорыңды елеп,
Бәз біреулер созады қолын кенет…
Апыл-ғұпыл өзгерсе алған бағыт,
Демек, бәрі дәл солай болу керек…

Не болды екен тағдырдың қиын сыны,
Бәріне алаң көр соқыр тиын құны…
Көңілдің бұзылғаны болмаса егер,
Өмірдің жоқ ешқандай қиындығы.

Бір күш керек,
Үлкен күш,
Алапат күш,
Ол күш қайдан келеді махаббатсыз…
Тор сыртынан үңілген тұтқындарға,
Сағынышын айтады сары-ала құс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір