КӨРЕРМЕН НЕГЕ СЕЛҚОС?
Ертеден қара кешке дейін, кейде тіпті түннің бір уағына дейін бір нәрсені тыңдап, көріп, оқып жүру бүгінгі адамдардың дағдысына айналды. Адам миының керексіз ақпаратты өздігінен сұрыптап алатын қызметін ескерсек, ақпараттың мұндай нөпір тасқыны адамзат үшін аса зиян бола қоймайтындай… Алайда, бұл нөпір енді ғана қалыптасып келе жатқан жастардың талғамын түтіп жеп қоятынын жоққа шығара алмаймыз… Бүгінгі ән де осы кейіпте. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қазір ән тыңдамай жүрмейді, анығында жүре алмайды. Үйдегі көк жәшікте көбіне ән айтылады, радиодан ән беріледі, көлікке отырсаңыз оның магнитофонына да ән жазылған. Оның екпіні өзінен басқа еш дыбысты естіртпейтін сарқырамадай қатты. Сол үшін болар, буыны бекімеген қоғам мүшелері түгілі, жөн біліп, ес тоқтатқандар да бүгінгі көп әннің дүрмегінен дүдәмал күйде жүр. Осы дүдәмалдық тыңдарман мен көрерменді селқос етті.
Бұдан біраз уақыт бұрын республика сарайында үлкен концерт өтті. Жұрт көп жиналды. Атағы елге мәлім көп әнші келді. Бірен-саран жас әншілер ғана жаңа ән айтты. Оның бірі сөзі мен әні қабысып сәтті шықса, енді бірі қазақы қоңыр үннен алыс, қазаққа жат дүние. Үш сағатқа жуықтаған кеште ес тоқтатқан әншілеріміздің өзі он-он бес жыл бұрын жазылған әндерін орындады. Бір ғана әнші сахнаға домбырасымен шығып қатарынан үш ән айтты. Билетін біршама ақшаға сатып алған концерттен неге құлаққа әбден сіңісті болған, бұдан талай жыл бұрын жазылған әнді тыңдаймыз деп наразылық танытқан көрермен болмады. Тіпті, концерт барысында жүргізуші келесі орындалар ән мен әншіні хабарлап, ән қойылғанымен, әнші сахнаға шықпай қалды. Бишілер де қысыл-таяң шақта сасып қалмай билей берді. Арада бір-екі әннен соң әлгі әнші қайта шығып, бағанағы бишілермен алдыңғы қойылған әнді айтты. Көрермен ләм-мим демеді. Әдеттегідей шапалақ ұрды да қойды. Мүмкін, мәдени ошақтың мәдениетіне селкеу түсірмейік деген болар…
Сахна мен әдемілік. Екеуі бірін-бірі толықтырып, сол арқылы халыққа эстетикалық ләззат сыйлайды. Ал шығармашылық деген еркіндік. Бірақ еркіндіктің барлығын эстетика деп ұғуға болмас.Кейінгі жылдары концерттерді жүргізуші қыздар сахнаға тым ұзын көйлек киетін әдет тапты. Осы концертте де жүргізуші қыз тым ұзын көйлек кигендіктен сахнаға шығуы мен қайтуы бірталай уақытты алды.Көрермен бұған да көнді.
«Қазақстан» ұлттық арнасының «Дара жол» бағдарламасында әнші Жанар Айжанова өзінің алғаш сахнаға шыға бастаған уақытында концерттер 1 сағат 40 минуттан аспайтынын айтқан.Қазіргі концерттер 2 сағат 30 минутқа, тіпті 3 сағатқа созылатын кездер жиі болады. Әрине, үш сағаттық концерт біреуге ұнауы мүмкін. Алайда, 3000 көрерменнің кейбіреуіне ұнады екен деп, өзгелердің уақытын ұрлау қаншалықты орынды… Өнердегі өлшем оны шектеу деген ұғымды білдірмейтінін осындай концертті ұйымдастырушылар ескерсе халықтың мәдениеті де қалыптасар еді.
Әлеуметтің сан алуан мәселесінің бірі көрермен. Қазір көрерменнің категориясын анықтап, түстеп-танып, талғамына қарай бөліп, сұрыптап жатқан еш орын жоқ. Әр әнші өзінің тыңдарманын өзі стихиялы түрде анықтап, әр концерт өз көрерменін өзі жинап жүр. Ары кеткенде интернеттегі бейне-баяндарды қараған адамның санымен өлшенеді. Сан сапаны анықтамайтыны тағы рас. Адамның интернеттегі бейне баянды көргені оны ұнатқанын білдірмейді. Ұнамауы да мүмкін. Белгілі бір заттың ұнамағанын білу үшін оны көру керек екені заңдылық. Дәл осы секілді сахнаға шыққан әншіге соғылған шапалақ та әннің жақсы екенін білдірмесе керек. Үлкен концерттердегі кей көрерменнің әнді ұнатпаса да қол соққанына қарап, қол соғу – көрерменнің шартты мәде-
ниетіне айналып кеткенін аңғаруға болады. Тиісінше қол соқпаған адам әнге риза болып, жақсы әсерге бөленіп отыруы мүмкін. Жалпы, қазақ мәдениетінде әнге сүйсіну қол соғумен өлшенбейді. Дала мәдениетінде ән мен әншіге риза көңіл «Па, шіркін», «Беу» деген одағайлар арқылы білінеді. Өнерге сүйсінудің бұл түрі қазір де шағын аудиторияларда кездеседі.
Кейінгі жылдары әншілер қауымы әннің өзінен бұрын аранжировкасына жіті мән беретін болды. Көпшілікке солай өтімді болады деген түсінік бекіп қалған. Ал аранжировканы тек ұлттық музыканың негізінде жасайтын өңдеуші кемде-кем. Әнді заманға сай өңдеуде өзге ұлттың ырғағын шектен тыс қолдану тек эстраданы ғана тыңдайтын жастарды ұлттық әуеннен алыстатып, ұлттық музыкамен сусындаған адамдардың бүгінгі әндерге селқос қарауына әкеп соқты. Бұл селқостық тыңдарманға жауапкершілік артпайды, ал әншілерге, керісінше, мол жүк артатыны шүбәсіз. Әншілер осыны ескерсе екен…
Мөлдір САТЫМҚҰЛОВА.