Құмда құлпынай өсіреді
28.05.2024
83
0

Облыс орталығы Орал қаласынан 600 шақырым қашықтықтағы Бөкей ордасы – Нарын құмының қойнындағы аудан. Бұл – өңір негізінен мал шаруа­шылығына қолайлы ауыл-аймақ. Бірақ «қалауын тапса, қар жанады» дегендей, бөкейордалықтардың арасында бағбандықты кәсіп қылғандар да баршылық. Мәселен, аталмыш ауданның орталығы – Сайқын ауылындағы «Біржан» жеке кәсіпкерлігінің жылыжайында қияр, қызанақ және құлпынай өседі. Таңатаровтар отбасы өз жылыжайларынан күніне 100 келі шамасында өнім алып, табыстың тайқазанын тасытуда.
Жылыжай шаруашылығына маманданған жеке кәсіпкерліктің жетекшісі Біржан Таңатаров жылыжай технологиясымен Мәскеу қаласында қызмет етіп жүрген кезінде танысқан екен. Туған ауылына оралған соң 2 800 000 теңге грант алып, көкөніс егуге кірісті. Еңбекқор азамат бүгіндері өзінің жылыжайының өнімдерін жергілікті азық-түлік дүкендері арқылы саудалауда.
– Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Бөкей ордасы ауданына 308 миллион теңге бөлінді. Осы қаржы-қаражат 68 кәсіпкерге берілді. Сол кәсіпкерлердің 66-сы мал сатып алды. Қалған екеуінің бірі егін шаруашылығымен айналысуды көздесе, бірі дәмхана ашқысы келеді. Биыл қаржы бөлініп, кәсіп иелері жоба-жоспарларын жүзеге асыратын болады, – деді Бөкей ордасы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан Нүркенов.
Біз жылыжайдың тыныс-тірші­лігімен танысуға барғанда Біржан Таңатаровтың ата-анасы Оразбек Таңатаров пен Рабиға Әліпқалиева көкөністерді баптаумен шұғылданып жүр екен.
– Болашақта жастарды жұмысқа қабылдап, оларға білгенімізді үйреткіміз келеді. Әрине, ол уақыт­тың еншісінде. «Еңбек етсең, емерсің» демей ме дана халқымыз, бүгінде қандай жетістікке жетсек те, соның бәрі адал еңбек пен маңдай тердің арқасы, – деді Оразбек Еділбайұлы.

Әлкеш ҚАЛҚАМАН,
Батыс Қазақ­стан облысы,
Бөкей ордасы ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір