Құлжа мүйіз АЙ ТУДЫ
Мерей
Қарт
МЕРГЕНДЕР
(Баллада)
І
Дулы қала.
Шуағы жоқ бұл дәуір.
Ойсыз көздер…
Сөлсіз сөздер…
Тіл – жауыр.
Жүкті әйел көше бойлап барады,
көре-көре кіл жәбір.
Сынақ шығар, қатал тағдыр жолдаған.
Бұл Дүние — оған мүлде жалған ән.
Қыз күнінде қырсық шалып аяғын,
бір қу жігіт алдаған.
Сол қу жігіт – садақ ату шебері,
ерте жастан машықтанған себебі.
Сақинаның ортасынан өткізген,
бір тартқанда жебені.
Өнеріне сүйсіндірген сұрмерген,
Тамсанатын, таңданатын бір көрген.
Талантына, тұлғасына қызығып,
қыздың тілі құмарлықтан күрмелген.
Сұрмергенмен жылдам өтті бал айы.
Көктем еді, шуақ шашқан маңайы.
Сарғайыпты сағыныштан,
Күзден бе,
Саябақтың самайы.
Тәтті күндер,
Отты түндер тез өтті.
Дерт қарпыды, өрт шарпыды өзекті.
Аңғалдыққа келген сірә асығып,
қайғы шығар кезекті…
Салқын көңіл,
Сұсты көше, сұр тұман.
Судай сусып ғұмыр кетті ырқынан.
Сумаңдаған сөз бұрқырай береді
сұлулықтың сыртынан.
Орындалсын ондай шақта арман қай?!
Он сегізде от басыпты аңғармай.
Өсек-аяң етегіне жабысқан…
Содан бері – сор маңдай.
Құрсағына сәби бітті десе де,
Көңілі пәс, көгермеді көсеге.
Әке бейбақ – ащы судың соңында.
Ерте қайтқан шеше де.
Қайрат кеміп, жігер борша үгілген.
Туғаны жоқ, туысқаннан түңілген.
Сұм тағдырдың тырнағына шеңгелдей,
тым ертеден ілінген.
Бір бүйірден тұрмыс қысып барады.
Бір бүйірден толғақ қысып алады.
Жатырында тулап жатыр қос сәби.
Бұ Дүниенің қонағы.
Күні жетіп, ай, аптасы толғанда,
егіз ұлды алып келді Жалғанға.
Күдік іштен қанша жаншып жатса да,
үміт гүлі солған ба!
Тірлік – қиын, тұрмыс – ауыр, алдағы.
Өмір сүру оңай емес.
Жан қамы.
Бір сыңарын саудалады егіздің,
шырылдаған қолдағы.
Бірі қалды анасының төсінде.
Бірі кетті басқа ғұмыр кешуге.
– Иә, Құдайым, періштемнің обалын,
жаза көрме кесірге!..
– деді жесір, жанарынан жас ыршып.
Желге ұшты басындағы жасыл шыт.
Тұрлауы жоқ уақыт та, дәурен де,
шыр айналған бос ұршық…
Ана байғұс.
Перзентхана.
Күз бағы.
Қабағында – кешкі салқын ызғары.
Омыртқасы үзілердей күй кешіп,
омырауы сыздады.
Бір қолында – егіз ұлдың сыңары.
Сөнбей қалған ең ақырғы шырағы.
Туа сала саудаланған сәбидің
жо, жоқ енді сұрауы.
ІІ
… Жылдар жылдам емдеп алды жарасын.
Уақыт шіркін ұмыттырды наласын.
Еш адамға құпияны тіс жармай,
ер жеткізді баласын!
Өрен-ердің өрге тасы домалап,
Естіртпеді шешесіне жаманат.
Өзі епті, көзі отты, сұр мерген
аңшы болды ғаламат.
Небір алғыр, небір залым кісіден,
алға шығып тұра-тұғын ісімен.
«Әкесіне тартқан екен, тумағыр,
– дейтін шеше ішінен.
Сыңары да текке тартпай тұра ма,
өмір оны жыққан талай жыраға.
Адам атып, қан жүктеген мойнына,
белден батып күнәға.
Жалдамалы жендет болды, тым жүлік,
Сүйегіне біткен екен сұм қылық.
Талай мықты тұлғаларды жайратты,
тіршілікте қым-қуыт.
Егіздерге ортақ талант – мергендік.
Әке жақтан жалғыз ғана ерген құт.
Ерте жастан екеуіне жабысқан,
ішке қатқан шермендік.
Жұмыс – ауыр, тұрмыс – тәуір.
Отты күн.
Бес күн жалған аямады шаттығын.
Аңшы жігіт — тауға тартты бір күні.
Ашкөздіктен жоқ тыным.
Аңға шықса, жолы болғыш үнемі.
Мүлт кетпейтін атқан оғы бір елі.
Бір елікті көздеп тұрды шатқалда,
бал-бұл жанып түр-өңі.
Сұлулықты қалай қиды о тоба!
Жанап тисе, жүйрік елік жата ма?
Ет қызумен ажал-оғын көтеріп,
атып шықты жотаға.
Қуа-қуа қырға шықты көлденең.
Сол шақта өзін атты біреу кеудеден.
Аттан ауып, жерге түсті…
Әлі де көрер жарық сөнбеген.
Кеудесінен қоймаған-ды жан шыға,
Бас көтерді, жағын сүйеп қамшыға.
Тапсырыстың келген екен кезегі
байлығы мол аңшыға!
Атқан жауыз ұзамапты тым алыс.
Ол да – өзінше көңіліне жұбаныш.
Аңшы жігіт ақберенін кезеді,
астан-кестең жылап іш.
Жалғыз оқпен жанын жаhан ұшырды,
арғымақтың бауырына түсірді.
Қу тірліктің мәні – шерлі, о бастан,
сыныққанат құсүнді.
Бірі аңның киесіне ұрынды.
Бірі адам обалынан ілінді.
Құлқын және құмар үшін егіздер,
аяқтады ғұмырды.
ІІІ
Өмір солай…
тарта бермес өрге кіл.
Түңіл, мейлі, түбі жығар көрге бір.
Бір жатырға сыйған егіз сәбилер
сыймай кетті Жерге бұл.
Қос құлынын шеше бірден таныған,
шекедегі бірдей нысан-қалынан.
Нар көтермес, Ар көтермес қайғының
суығын-ай қарыған!
Дулы қала.
Шуағы жоқ бұл дәуір.
Ойсыз көздер…
Сөлсіз сөздер…
Тіл – жауыр.
Қаралы жан айдалада кетті өліп,
көңілінде – кіл жәбір…
ЖАҢА ТУҒАН АЙ
Жаңа туған Ай қандай?!
Жүзі әлі қайралмай…
Сапталмаған орақты
бұлтқа қадап қойғандай.
Жалт-жұлт етіп тұрған Ай
құбылады сырғанай.
Құлағынан бір қыздың
түсіп қалған сырғадай!
Қарашы Айға бүйірден:
кірісі жоқ түйілген
садаққа да ұқсайды
ақ қайыңнан иілген.
Қарай қалсаң қайта бір,
қатты соғар ой-тамыр.
Құлжа мүйіз ай туды!
Шеберсің ғой, пай, тәңір!
ДӘЛ ЕКЕУМІЗ
Кезіккенде сағынып, көптен көрмей,
Түспейік деп тырыстық
бөтен көзге.
Өзен неге тулайды, өткел бермей,
Дәл екеуміз аралға өтер кезде?!
Ассақ болды қай адыр, қай белесті,
Алдымыздан күтеді сел мен бұршақ.
Жұлдыз неге тым сирек, Ай көмескі,
Дәл екеуміз құрарда серуен бір сәт.
Тайғанақтап бір тұрып, бір құлаған,
Өмір ғой бұл кешегі сүрген Абай.
Неге тағдыр сүрлеусіз, мың бұралаң,
Дәл екеуміз бет алсақ шыңға қарай?!
Оралмасын әр сәттің сезінеміз,
Оңай емес, тез жету дәттегенге.
Неге өртке алдымен кезігеміз,
Дәл екеуміз орманға беттегенде?!.
Құр үмітпен жүрміз бе бос алысып?..
Әй, негізі алдамас биік арман!
Бірақ неге соғады қасарысып,
Жолға шықсақ екеуміз – құйын алдан?!
Аңқылдаған көңілді жабықтырып,
Өкініштер өтті сан өкпек желдей.
Неге осы қояды зарықтырып,
Сен екеуміз күткенде Көктем келмей?!
Іңір түссе, іштегі шер ауырлап,
Баянсыз күн ұзаттық бақта талай.
Неге тұман түседі, жер бауырлап,
Сен екеуміз адасқан шақта солай?
Өзгермейді дүние, — түңіл, қайғыр.
Күйдіреді жаныңды құрғыр отқа.
Ертегінің соңындай ғұмыр ғой бұл,
Сен екеуміз жетеміз бір мұратқа.
Жазылады жаңа жыр, жаңа дастан.
Тәңір өзі береді, тілеуімді.
Шаттық, қайғы, бақыт,
мұң араласқан,
Дәл екеуміз сүреміз шын Өмірді.
ШАТТЫҚ
Ішке түсер уайым қай?..
Иек арттым ертеңге.
Көктеп өскен қайыңдай,
Қайта шықтым өртеңге.
Терең еді тамырым.
Күлдім тентек құйынға.
Көктен түскен жарығым
Күн сәулелі – миымда.
Көкейімде гүл көктеп,
Көңіл іші – көбелек.
«Бізге де бір дірдектеп,
Көктем келер» — деген ек.
Ұя салды санама.
Жыл құсының думаны.
Тербе мені, о Дала!
Жүрек шіркін, тулады!..
Қайғы-мұңым кеміген,
Тіршіліктің әр таңы.
Үрейімнің көгінен
Бұлдырап бұлт тарқады.
Алай-дүлей жала-мұң
Алабұртып, басылды.
Жұтып сөздің самалын,
Жан сарайым ашылды.
Бір ғаламмен шектесіп,
Мың қызыққа қанықтым.
Бір бақытпен беттесіп,
Бауыр басып қалыппын.
СЫРҒА
Балауса балғынға,
Көк майса шалғынға,
Аунадық алаулап,
Жұлдыздар алдында.
Баурады бал тілің.
Құшақта балқыдың.
Шалқыдың елемей,
Мамырдың салқынын!
Қызардың Ай сынды.
Жасырдың қай сырды?
Әндеткен әр тұстан
Құстар-ай, ой, шулы…
Тып-тыныш Біз ғана.
Думанды Түз-Дала!
Күн шығып келеді
Әр сәтті қызғана.
Қаладан алшақтап,
Кетіпті жол соқпақ.
Жәудір көз — Аспаннан
Жас тамды моншақтап…
Түсім бе, өңім бе,
Діріл бар деміңде.
“Сырғамның сыңарын,
жоғалттым” — дедің бе?…
Бағалап бақты Біз,
Қалдырдық шаттық із.
Сырғасын жоғалтып,
Сыңарын тапты қыз!