КӨПТЕН КҮТКЕН КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ
10.09.2024
271
0

Ата заң күніне орай, Солтүстік Қазақ­стан облысында мерекелік шаралар өтіп, бірқатар нысандардың таспасы қиылды. Солардың ішінде қала тұрғындары көптен күткен «Ботай» сурет галереясының ашылуы өңір мәдениеті үшін елеулі жаңалық болды.

Ботай – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы көне қоныс. Өткен ғасырда аталған мекенде қазақ даласында жылқының алғаш қолға үйретілгені дәлелденіп, тарих ғылымы үшін құнды жәдігерлер табылған. Ғалымдар атқа міну мен дала өркениеті осыдан бірнеше мың жыл бұрын осындағы Иманбұрлық өзенінің жағасынан басталғанын айтады. Бүгінде аталған орында Ботай қорық-музейі ашылған.
Өңір өміріндегі айтулы мәдени оқиғаға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова, белгілі суретшілер, өнерсүйер қауым өкілдері қатысты.
Салтанат­ты шарада Ғауез Торсанұлы баға жетпес ұлт­тық киелі жәдігерлер тізіміне енген «Ботай қонысы» археологиялық орнының ерекшелігіне, адамның жылқыны алғаш қолға үйретуі нақ осы жерден басталғанына тоқталды. Бұған еліміздің солтүстігінде орналасқан «Ботай» қонысынан табылған қазбалар дәлел бола алады. Ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі IV–III мыңжылдыққа, яғни энеолит дәуіріне жатады.
– Жұртшылық жаңа өнер орталығында түрлі көрмелерді қызықтап, кездесулерге қатысып, жергілікті қылқалам иелерінің туындыларын да тамашалай алады. Галерея рухани әрі шығармашылық даму аймағына айналарына сенімдіміз. Жаңа нысанның ең ұзын Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасуының символдық мәні бар, – деді өңір басшысы.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Әбуованың айтуынша, 1980 жылы археологиялық экпедициясының жетекшісі болған зерт­теу­ші, тарих ғылымының докторы, белгілі археолог Виктор Зайберт ежелгі адамдар мекенін Айыртау ауданы Иманбұрлық өзенінің маңайынан тапқан. Содан бері Ботай қонысының жетістіктері әлемдік деңгейде үзбей насихат­талып келеді. Құнды мәлімет­тер беру музей бірлестігі жұмысының басты бағыт­тарының бірі болып табылады. Енді оның қатарын заманауи галерея толықтырып отыр.
«Осындай көрме залдары суретшілердің еркін шығармашылық дамуына жігер береді. Олардың шығармалары жылдан-жылға бағасы өсетін инвестиция тәріздес. Сондықтан әр қаланың өзіндік муниципалдық көрме залы болуы – заңдылық», – деді өз сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембіғали Смағұлов.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова да өзінің жүрекжарды лебізімен бөлісіп, солтүстікқазақстандықтарды Ботай заманауи көркемсурет галереясының ашылу салтанатымен құт­тықтады. Барша қазақстандықтар үшін айтулы күн екенін тебірене жеткізді. Ботай мәдениетінің ашылуы төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге көшпенділер мәдениетінің бесігі, өркениет­тің бастауы болғанын айғақтайды.
Аталған мәдени нысанның «Ботай» атын иеленуі де тегін емес. Өңірде «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» суретшілер симпозиумы бірнеше жыл бойы өткізіліп келеді. Халықаралық шараға әр елден жиналған қылқалам шеберлері Айыртау ауданында болып, ондағы әсем табиғат­ты, Ботай қонысын кенеп бетіне бейнелеген. Енді аталған туындылардың бәрі келушілер назарына ұсынылып отыр. Галерея экспозициясына қазақстандық өнердің негізін қалаушы суретшілердің картиналары, облыс аумағында және одан тыс жерлерде тұратын қылқалам иелерінің, I және II халықаралық «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» симпозиумына қатысушы суретшілердің туындылары ұсынылған.
Галереяның құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталған. Нысанның ашылуы облыстағы көрме залының жоқтығы мәселесіне нүкте қойды. Оның жобасын Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков жасаған. Облыс орталығындағы ең көп жаяу жүргінші жүретін көшенің бойындағы жаңа галерея, мемлекет қаржысына қол салған шенеуніктен тәркіленген ғимарат­та ашылып отыр.
Мереке қарсаңында қаланың көркі саналатын Қазақстан Конституциясы көшесінің жаңғыртылатыны да мәлім болды. Ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі саналатын жолдың бойында қаладағы мәдени нысандар мен тарихи сәулет ескерткіші есебіндегі көне ғимарат­тар орналасқан.
Бұдан бөлек мерекеде қала алаңдарында концерт­тер өт­ті. Аудан-ауылдардан келген ұжымдар салт-дәстүр фестивалінде бас қосты. Көше бойы орын тепкен ұлт­тық ойын алаңдары, жәрмеңке мен шеберлік сабақтары, көрмелер бұл күннің мәнін аша түскендей болды. Одан бөлек аудан, ауылдар мен жекелеген мекемелерде концерт­тер, дөңгелек үстелдер мен әдеби сағат­тар ұйымдастырылды.

Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір