СУПЕР «САРЫ ШАЛ»
08.04.2016
2825
0

Серікқали МҰҚАШЕВ

КазГУ. Абитуриент-88.

Б. ГубайдуллинОрал облысы Ақжайық ауданының Қызылжар ауылынан келген сары мұртты сабаз – Бауыржан Ғұбайдуллинді алғаш көргенде, оның талдырмаш тұрқы мен сап-сары балапандай сұрқына қарап, өзіміз қатарлы мектеп қабырғасынан енді ғана шыққан маймұрындардың бірі екен деп оңбай қателесіппіз.

Сөйтсек, оқуды ойға алмас бұрын әскери борышын өтемек түгілі, Оралдағы «оборонпромда» неше жыл жұмыс істеп, ысылып келген мінезі – мұздай, ізеті – қыздай, ересек қу екен.

Шақалақ шағынан-ақ ала доп қуып, футболшы болуды көксепті. Бокста да ептеп бағын сынаған. Бірақ, «доп ойнағанның тозарын», «қарадан қан шыққанша, сарыдан жан шығатынан» ерте ұққан есті көрінеді. Сөйтіп, жиырма екіден асқан жасында, ақыл толып басына, басқа емес, тап осы журфакқа түсуді жоспарлапты.

Түртіп қалсаң, қайдағы бір түсініксіз теорияны «бықсытып» қоя беретін біз сияқты «қияли қуғынбай» емес, сөзге шешен, ойлары көркем. Мектеп маңынан ұзай қоймаған өлшеулі өреміз жете бермейтін, марғау миымыз мықтап мықшыңдайтын түбірлі тақырыптарды қозғайды өзі.

«Қисық» аузыңа түзу сөз салатын сары алтындай салмақты қудың жып-жылы жылмиып тұрып-ақ қандауырдай қызыл тілімен теріңді тірідей «сыпырып», тәніңе тырсылдата қайта «қаптап» жіберетін жатыпатар екенін бара-бара байқадық қой.

Естуімізше, емтихандарды өте жақсы тапсырып, шығармашылық сынаққа ұсынылған тақырыптардың ішінен мәні қиын «Қайта құруды» таңдаған жиырма шақты үміткердің ішінен жалғыз өзі сүрінбей өтіп, студент атанған бұл мықты алғаш оқуға құжат тапсырғанда, аттестатындағы ирелеңдеген қалың «күштен» көздері тұнып кеткен комиссия мүшелері естерінен танып қала жаздапты.

Кейін өзінен білдік, сегізінші класқа дейін үздік оқып, дәл соңғы оқу жылдарында қабаттасқан орны толмас анасының ауыр қазасы мен өзінің денсаулығы күрт сыр беруі салдарынан үлгерімінің сапасын оңдырмай ойсыратып алған көрінеді. Ендеше, ерте есейіп, еңбекке араласқандығының да сырын осы маңнан іздей беріңіз.

Десек те, осы бір күн дидарлы бала-батырдың алысқа шабатын апайтөс арғымақ, «нәфрәтліден» қашық, «ғибратліге» ғашық, болашағы зор нән азамат болатындығы сол күндерде-ақ білініп тұрды.

 «Шок»

Курсымызға түскен нарқасқалардың ішінде мектепті алтын, күміс медальдармен, ол аз болса училищені қызыл дипломмен бітіріп келгендердің нөпірі қалың еді. Тіпті, алғашқы оқу семестрі басталған уақытта кемеңгер ұстазымыз Тауман Амандосовтың осы мықтыларды бір-бірлеп орындарынын көтеріп, деңгейлерін сынай түгендегені бар.

Оларды көрген Сырым Датұлындай сөзде – шешен, күресте – көсем, шайқаста – батырдың ұрпағы Бауыржанның «Құдай-оу, мұнша мықтымен иық тірестіре аламын ба?» деп, психологиялық тұрғыдан есеңгірей «шок» алған тұсы да осы болатын.

Алайда, шаппай тұрып, көзіне қос көрінген жалғыз бұл ма, тәйірі? Әр сәйгүлік бабына қарай шабатын білім бәйгесіне қиқулай қосылып, бауыр «бырт-бырт» жазылып, қолтық «сырт-сырт» сөгілген тұста ішкі күмән да «әумин» болған.

Ал, ең бастысы – өміріне нәсіп болған мамандығын адаспай таңдап, зауыт цехында «қурай» бастаған білімінің бұтағы құнарлы ортаға түсіп, бірден көктеп, жапырақ жайғанын Алланың сыйы деп қабылдаған Момышұлы аттас досымыз бұдан былай Батыр атамыз айтқан «көздің қорқақ, қолдың батыр» екендігі мен «қайраттың қамал бұзатындығын» қасарыса дәлелдеуге ден қойды.

 «Илеуге» илікпеген «игілік»

Білімнің де, «басқаның» да кәусарына бас қойған сәттен-ақ айналасына жасының да, «басының» да үлкендігін мықтап мойындатқан Баукең «сары шал» атанып үлгерді. Әсіресе қыздар қауымының алдында әуелеген беделінің салмағы сұмдық еді.

Сөйтіп, «ел мақтағанды – қыз жақтаған». Курсымыздағы екі топта староста, комсорг, профорг деген лауазымдар «талапайға» түскенде, бір ауыздан «шу еткен» ару қыздар кәсіподақ ұйымының төрағалығын бірден «сары шалдың» қанжығасына байлап бере қойды.

Масайрадық та қалдық. Ай сайын ашылып тұратын топ-томпақ қаржылы қоржын, санаторий, профилакторий атты жайлы мекендерге жантайтатын жолдамалар, тамаққа тегін талон және басқа да құдыреті керемет билік досымыздың қолына «топ» ете қалса, неге қуанбасқа?

Алайда, шәпкімізді атып, шаттанғанымызды қайтейік… Илеуіңе көнбейтін, сылтауыңа сенбейтін, «өзіміз ғой» десең де, «заңсыз жасап» бермейтін оның сол мәнсабының «игілік-қызығын» бірге оқыған бес жылда нормадан тыс көре алмай-ақ кеттік.

Ал «студенттік поэма» басталмай жатып-ақ жігіт-желеңді Күреңбайша сынап, «жаңғақша шаққан» курстағы «көріпкел» қыздар тізген «хит-парадтағы» «алтын ондықтың» қапысыз Құлагері боп қонжиып, содан бергі аламанда шабысынан жаңылмаған Баукең сол бір бәсекелі орнын ешбір сәйгүлікке ұттырмағаны анық.

 Ақындығын айтсам жасырмай…

Басқаны қайдам, журфакта жыл сайын толығатын елу студенттің алғашқыда қырық тоғызы «арқыраған» ақын, тек «шеттен шыққан» біреуі ғана жазушы болып келіп, бес жылдан кейін қырық тоғызы «жұлқынған» журналистке, жалғыз ғана «ақиық» музаның «құрбанына» айналатын «таңғаларлық» трансформациялық құбылыс бар.

Баукеңнің де қалам иелерінің қасиетті қарашаңырағында қалыптасқан бұл «аталы дәстүрді» айналып өте алмағаны рас.

Абай атамыздың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегені қанат бітіріп, лириканы «бұрқыратқаны» соншалық, оның оттай алапат сезімі Алматының аруларын «аласапыран күйге» түсіргені аздай, Алатау асып кетті. Сөйтіп, Бішкекте жайбарақат жүрген қырғыздың «қылығы ерке, еріні балдай» қара қызының жүрегіне барып «дік» ете қалады. Сонда бір-ақ есін жиып, халықаралық кеңістікті бұзып, «қатты кеткенін» түсінген ол поэзиялық миссияны шұғыл доғаруға мәжбүр болды.

Осылайша, Баукеңнің «жайын» белгілі әннің сөзімен «айтсам жасырмай», ақындық «жағдайы осындай» – елестей болып «мөлт еткен», «бір тамшы көздің жасындай».

 Осал емес бұл «шалың»

Байсалды Баукең поэзияны қояйын деп қойған жоқ. «Сүймегенге сүйкенбе» деген қағиданы білетін сұңғыланың іші құрығыр өзіне өлеңнің оң қабақ танытпағанын сезіп қойды.

Сөйтіп, «қолыңды мезгілінен кешікпей сермеуді» үйреткен Абайды қайтара оқып, жөнін тапқан бала-батыр белді бекем буды да, жай-жапсарын жүгірмек кезінен білетін өзінің Ақ Жайығындай ағыны асау журналистика мен арнасы кең жазушылыққа «күмп» етіп баспен секірді…

Әбет кезінде сабақтан есінеп шығатын қулар тәбетті еске алған шақта «құрметті редакция қайдасың» деп, зырқырап бара жататын «сары шал» «Алматы ақшамының», «Зерде» мен «Ақжелкеннің» шарығына қайрап-қайрап, қаламын «қылшылдатып» алды.

Бара-бара бас қатырып, бойлай бергіміз келмейтін күрделі тақырыптарды баспасөз бетінде «қолын қол, бұтын бұт» қып боршаламақ түгілі, жандарына жақындауға жүрегіміз шайлығатын, аттары «жер жаратын» жақсы-жайсаңдармен сыр-сұхбат жасап, «айды аспанға лақтырып» жүрді.

Тіпті, кейіннен Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының білдей бір мүшесі атанып, кеудесін медаль-марапатқа толтырып үлгерген оған «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Айқын» басылымдары мен КазТАГ агенттігі «таласып» қала жаздап, облыстағы меншікті тілшілік қызметтерін кезектесе ұсынса, «Алтын Орда» газеті бас редактордың орынбасарлығын «ала жүгірді».

Ал енді бүкіл Батыс Қазақстан халқы бетке ұстап, бедел тұтатын «Орал өңірін» он жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқандығы – сөзсіз, «сары шалдың» килограмдық салмағымен қоса, кәсіби-қоғамдық парасат-пайымының батпандап артқандығы.

Ашығын айтсам, бұл қасқаның «қытымыр» құнттылығына, тегі, сөз жоқ. Оны, өзгесін айтпайын, футболға қалтқысыз құмар қудың мықты матчтарға барған билеттерін, тіпті кіммен бірге барғандығына дейін «түртіп», тап-тұйнақтай «пешеттеп» қоятындығынан-ақ аңғарыңыз.

Тап осы қасиетімен қарманып жүріп, бүкіл жазған-сызғанын «Жаныма жақын жағалау» жинағына қыздың жиған жүгіндей ғып жиыстырыпты. Бұл еңбегіне дейінгі балдырғандар тілін балбыратар «Күн-бала» мен «Жиһанкез Ақкербезі» және бар. Осы «көсілгені» аздай, енді «Биленбеген вальс» атты кітабына енетін прозалық шығармаларын шытырлата санап, баспа таңдап, шалқая шырт түкіріп отырған көрінеді.

Біздің Баукеңнің «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» прозалық-публицистикалық дәмді дүниелерін Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Дулат Исабеков сынды әдебиетіміздің біртуар тарландары жоғары бағалап жатса, яғни, «сары шалымыз» осал емес, супер «сары шал» болғаны да.

Дегендей, «Ақ Жайықтың» асау толқындарына сол секіргеннен, қайратты «шалдың» қары талмай, құшағы олжаға толып, әлі күнге құлаштай жүзіп келеді.

 «Татариннің» әулиелігі мен әпенділігі

Енді «Қайда сол, КазГУ-городок, Алматы қайда, ел қайда?» – деп, Табылша жырлап, жастығымыздың куәсі – КазГУ қалашығында қайтадан оралып, Баукеңнің «сары шалдан» өзге бір басына жетіп артылатын тарихта бар бірқатар атағы мен жасаған «шатағына» аз-кем тоқталу – орынды деп ойлаймын.

Мәселен, бұл сабаздың жалпақ жұрт біле бермейтін «татарин» деген «титулы» бар…

Бірде саяси экономиядан емтихан тапсырып отырған оның шыбын жаны шындап қысылады. Білгенін сарқа айтса да, оқытушы сұрақтармен тұқыртып барады. Сонда жыланға арбалған торғайдай әбден тығырыққа тіреліп, тынысы тарылған сәтте «жаналғыштың» ұлты татар екені тұтқиылдан есіне сап еткен студент Ғұбайдуллин ақырын ғана: «Ағай, ең болмаса, фамилияма назар аударсаңызшы» – дейді дымы құрып.

Кімнің «кім» екенін «түсіне» қойған анауың да қаншыл бәле көрінеді, көзәйнегін көтеріп қойып, түрі де «татар», тегі де «татар» «бауырына» дәу бір «бесті» ойланбастан сақ еткізіпті.

Кім біледі, тап осы сәтте «тапқыр татариннің» сыбырын кездейсоқ естіп қалған Ғабит Мүсіреп ту сыртынан «Ой, әкеңді!..» деп, «гүж» ете қалмағанда, оның «татар халқының ұлы перзенті» екені тарихта қалар ма еді, қалмас па еді…

Ал енді бұл «татар текті» қудың «сары әулие» атануының бұлыңғырлау тарихы қосымша «зерттеуді» қажет ететіні рас. Десек те, ілгеріде сонау Қызылордада тұратын Қасымова Айсұлу курстасымыз Оралға бір хабарласқанда «егіз тап!» деген батаны беріп кеп жіберген «шалымыз» араға уақыт салып, Айсұлудың егіз сәбилі болғанын естігенде, өз «әулиелігінен» өзі шошынып, шатқаяқтап шалқасынан түсе жаздапты.

Бірақ, қазір оның «көріпкелдігі» тіптен «асқынып» кетті. Мәселен, Оралда тұрып звондайтын ол әлемнің қай түпкірінде жүрсең де, дәл сол мезетте телефон тұтқасын ұстап, өзімен сөйлесіп тұрғаныңды айна-қатесіз «көріп» тұрады…

Әулиеліктен әпенділікке дейін бір-ақ қадам екенін «дәлелдеген» де осы Баукең. Әйтпесе, сол бір студент шақта Ақ Жайықтың ақ балығымен сыра құйылар құлқындарға дәм енгізем деп, тәп-тәуір тәбеттерді тас-талқан еткені бар…

Пойыздан түсіп келген бойда шабаданын бөлмеге атып ұрған ол қақталған балық иісі бұрқыраған газет-ораманы жатақханадағы жайсаңдарға жағалай иіскетіп, сілекейлері шұбыра «шөліркеген шұбырындымен» бірге «тобылғылы суаттарды» іздеп кетеді.

Жайнаған жаздың қайнаған ыстығында тапшыға айналған сыра табыла қоймай, ұзақ әуре-сарсаңмен табан тоздырып, зорға тапқан сусынды ортаға алып, ораманы ашып қалғанғанда, ішінен балық емес… өзінің пойызда киіп, түсерде газетке орап қоржынға сүңгіткен тәпішкесі ыршып түседі…

Содан, күні бойы «иіске тойған» сырашыл қулар кешке қарай шабаданнан шыққан газетке ораулы балыққа беттей алмаған көрінеді.

 Қылжақ – дұшпан, қалжың – дос

«Не влезай – убьёт!» деген қауіпсіздік белгісін білесіз ғой? Білсеңіз, әдеп пен әжуаның нәп-нәзік шекарасын шебер меңгерген Баукенің алдында әдемі әзіл мен әсіре әжуаны шатастыра көрмеңіз – шалқаңыздан түсіреді! Осындай жағымсыз жағдайға нақақтан-нақақ ұрынып, сабырлы дейтін «сары шалым» «әкемді танытып жібере» жаздағаны бар…

Жігіттердің ұсқындарын аз-маз ұқсатып достық шаржды сойдақтатып жіберетін «өнерім» барын білетін ол өз пошымын «мыжғылап» беруімді өтіне қалды. Өзі сұранып тұрған соң, несіне аянайын. Тарихшы қатал ағай Саятулла Абдулпатаевтың сабағы болса да «басымды бәйгеге тігіп», барымды салып, шашын қақитып, көздерін ақитып, істіктей мұрнын көкке, шүршиген ернін жерге «тіреп» тастадым.

«Тастай» болған тапсырысты қол жалғап аттандырып жіберіп, сәлден соң одан ризашылық күтіп сығырая сығаласам, сойқанның беті бедірейіп, мұрты едірейіп қапты. Жүрегім зырқ етті. Сөйтіп, лекция бітер-бітпесте «Бояушы-бояушы дегенге…» деп, кіжініп келіп, бояуы кеппеген «туындымды» бетіме атып ұрған ол қарадан-қарап қып-қызыл боп түтігіп, шарт та шұрт болғаны.

Қашанда мамыражай пәлекеттің ондайын кім көрген? Қалжыңы ма, шыны ма? Түкке түсінсем бұйырмасын. Өтінген – өзі. Я ақталарымды, я ашуланарымды білмей абдырағаным-ай…

Күнәсіз күйгенім кейін белгілі болды. Қолдан-қолға өтіп, аудиторияның қарсы бетінде отырған пошым иесіне жақындап келе жатқан «поштаға» қапылыстан «қарақшылық» жасалғандығы «жедел тергеу» барысында анықталды. Сөйтсек, салмақты «сары шалды» сабырдан жұрдай еткен – мен ұсынған «ұсқын» емес, жолдан қосылған «ұсқынсыз теңеу» болып шықты.

Бұдан кейін, алда-жалда түлен түртіп, абыройсыздыққа ұшырағыңыз келсе, қазақы қалжыңды қисынсыз қылжаққа алмастырып көріңіз…

 «Жоспарлы романтика»

Қолға тиетін қырық сом стипендияның өзін отыз күннің бюджетіне қылдай етіп қақ бөліп, күлдірсе де, «бүлдірсе» де әрнәрсенің алды мен артын, оңы мен солын алдын-ала ойластырып, романтиканың өзін жоспарлы түрде жүзеге асыратын сабаздың сол бір сүйкімсіз оқиғамен сәтсіздікке ұшыраған шарждың көмегімен кімді «түсірмек» болғаны маған беймәлім.

Бірақ менің суретшілік өнерімді сол кездегі – болашақ жары, геофактың қасы-көзі қиылған бұраңбел сұлуы, бүгінгі – алтынқұрсақ бәйбішесі, ақ маңдайлы қос қызы мен торсықшекелі екі ұлының анасы – Балдай ханыммен танысуға шебер пайдаланғаны – тарихи шындық…

Ғарыштан оралған қазақтың даңқты батыры Тоқтар Әубәкіровтың ең алғашқы кездесуі КазГУ-дің студенттерімен болған еді. Ине шаншар орын қалмаған ғаламат үлкен аудиторияда өткен жиында жанымызға екі бейтаныс қыз жайғасыпты. Сонда, аяқ астынан қай жерін қандай шыбын «тыз» еткізгенін қайдам, алақ-жұлақ етіп отырған маған қараторысының суретін «салып бер де, салып бер» деп, күтпеген жерден қиғылық салсын.

«Аш пәледен қаш пәле»! Өткенде ғана «шарж-шимайы» шатаққа ұласа жаздаған «сары шалдың» өтінішін орындамасқа амал қайсы?

Қыздың кескінін өзіне байқатпай келістіріп отырып қолма-қол «сызып» беріп құтылдым. Тосыннан құрған «Барбаросса жоспарының» одан арғы «жалғасын» бұл сабаз менің көмегімсіз-ақ іске асырғаны анық.

Және бір қызығы – осынау қос құрбының аққұбасымен дәл сол жерде құлағы қалқиып, бейалаң отырған Бақытжан Әлімқұлов ешқандай романтикалық жоспарсыз-ақ танысып, ешбір суретсіз-ақ «қақты» да кетті.

Сөйтіп, «Өзі сүлу, өзі жәс, кімнің жәры екен-әй» – деп, әнші Жанар сызылтатындай, қазақтың тұңғыш ғарышкер ұлымен болған сол бір тарихи кездесу курсымыздың «сүрлене бастаған» қос бойдағына екі жас сұлуды «бұйыртып», өте-мөте жемісті аяқталып еді.

 Барлық әнге бір әуен

КазГУ-градтағы ең көңілді жарқын мекен – журфактың №5 жатақханасы. Әсіресе, көк күмбезде ай күліп, жұлдыздар жымыңдасқан шақта оның іші дауыл-думанға айналып, Алматының аспанына әсем ән қалықтап, жырдан шашу шашылады. Ғажайып түнде күмбірлеген домбыра мен сыңғырлаған гитараның ішегінен көбінесе Шәмші менен Табылдың әндері төгілетін…

Мұндағылардың бәрі – шетінен «әу» дегіш.

«Шыңғырған» әнші болмасам да, шырқаушыларға ілесіп, шама-шарқымша «шырылдайтын» өз басым музыкадан мүлде мақұрым қалған, яғни, саздық «слухы» жоқ пенде болады дегенге еш сенбейтінмін.

Қалайша, қалқандай құлағыңа кірген күйді құдықтай көмекейіңнен қотара салу қиын ба?

Алайда, Құдай көз берген пенденің көрмейтіні жоқ екен. «Ауылдың алты ауызын» аңырататын дүрмектегі кез-келген әнді өзінің «меншік» мақамымен-ақ «заулата» беретін «сары шалдың» оңдырмай «түйе таптаған» құлағын көріп қана «көзжетпеске» көңілім сенді.

Ой, Алла деймін, соған қарамастан, өзі барып тұрған – «күміскөмей». Сонау Қазан төңкерісіне дейінгі халық әндері мен революция марштарынан бастап, кеңестігің бар, қазіргің бар, қазақшаң, орысшаң бар – кез келген әніңді «ұрып» тастайды. Әуелі, шоң «Манасшыдай» екі көзді тарс жұмып ап, «Бирге жөрдүк бирталай» деп, қырғыздың «Арман-айын» да «ырлап» береді. Бірақ, барлығын бір үңкілдеген «үкінің әуенімен»…

Ілгеріде Атырауға құдалыққа барып, біраз жерге дейін жеке «шауып», талай құлақтың «құрышын қандырған» сабаз көздері бадырайып, аузына қарап аңырайып отырған құдағи-құдашаларға «ал енді қосылып айтамыз» деп, қиғылық салған көрінеді. Сөйтсе, олар «Құдеке, репертуарыңыз бай екен, тек мотив біреу болғасын қосылу қиын екен» десіпті еріндерін сылп еткізіп.

 Бастық болуға дайындық

Жатақхананың «жарықтықтары» кір киімдерін алып ұрып, сабынмен «сылқылдатып» жатқанда, салоннан қазір шыққан мұнтаздай шіркіннің шортигіне дейін сол кезде иісі мұрнымызға жетпеген «химчистканы» жағалап жүретін.

Ал сол тазарту орнының қайда орналасқандығын сұрап көріңіз. Автобустың нөмірін ғана жатқа білетін ол көз алдыңа аты-жөні беймәлім пенденің боз мүсінінің маңындағы аялдамадан түсетіндігің мен белгісіз бульвардың бойында бері қарап тұрған бес қабатты үйдің бірінші подъезі туралы «тамаша» маршрутты тізбектей бастайды. Және бұл ғана емес, кез-келген мекеменің мекен-жайы туралы ол беретін «анықтаманың» сиқы осындай.

Кейін байқасақ, кәлләсын адрес атаулы «артық» ақпаратпен толтырмай, баратын жеріне шопыры апарып қайтатын бастық болуға сол кезден-ақ дайындалып жүрген қу екен ғой сабазың.

Әйтпесе, кезекті бір оқу семестрі басталарға қарай бұл мықтыдан «күтіп алыңдар» деген, бірақ не күні, не көлік түрі көрсетілмеген тілдей жеделхат алып, әуежай, теміржол, сапаржайға далақтаған жігіттердің «Жайықтан шығып, кемемен кеп қалар» деген «күдікпен» Қапшағайға «сандалып» кете жаздағаны бар. Ал енді, айтқызбай-ақ аңғаратын шопыры болмасаң, ол бәленің қай күні, қай сағатта, қай жақтан сопаң ете қалтындығын анықтап көр.

Десек те, бәлкім, асқабақтай ақымақ басымызға қай-қайдағы «адасқан» ақпаратты тыпырлатып тыға бермей, тың ұстасақ, осы күнде барлығымыз Баукең сияқты бір-бір бас редактор болып отырар ма едік…

  Дәме зор, жоспар да жетерлік

Бүгінде ердің жасына көтерілген Ер Баукең «тоқ бұрымды, тоқ балтырлы, бадана көзді, байсалды мінезді, тапа-тал түстегі тас төбеңдегі күндей, толған айдай дөңгелек жүзді» бәйбішесі Балдайдың бабын келтіріп, Алпамыс пен Шыңғыстай батырларын Алматыдағы оқуларына аттандырып, «өзі туып алған» қыздарының үлкені Айнамкөзді құтты орнына қондырған.

Сөйтіп, мектептен шыққан сегіз жасар Ақкербезін еркелете жетектеп келе жатқанда «Немереңіз бе?» деп, сұрай қалғандарға «Қайдағы немере? Тіпті кенже деп айтпаңыз!» деп дүрсе қоя беріп, жорта ашуланатын ол бұл тұрғыда Құдайдың бергеніне тәуба десе, берерінен әлі де дәмесі зор.

Осылайша қутыңдай кейіс білдіріп қойып, «үкі-әуенімен» ыңылдай басып, Шәмшінің әніне салып бара жатқанда, Құдай біледі, қу ішінде талай «жоспардың» нобайы қаланып, бүгесі мен шігесі жіктеліп бара жатады.

Олардың жүзеге асқандығы туралы, амандық болса, алдағы алпыста әлі-ақ жамырай жазатын боламыз.

ПІКІР ҚОСУ