Ел чемпионаты алғаш рет ауылдық жерде өтті
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты алғаш рет ауылдық жерде өтті. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына еліміздің 14 өңірінен 300-ге жуық жас зілтеміршілер келіп, өзара сынға түсті.

Ел біріншілігі қыздар және ұлдар арасында өтті. Жүлде үшін бәсеке жоғары болды. Жас спортшылар зілтемір көтеруде ептілік танытып, күтпеген салмақтарды еңсерді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыс өсіп келе жатқан таланттардың көптігін байқатты. Бапкерлер соған қуанды. Бұл Қазақстанда ауыр атлетиканың болашағы жарқын екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары талабы таудай толағайлардың дені ауылдан шығып жатыр. Әсіресе Қармақшы ауданында ауыр атлетикаға жастардың қызығушылығы жоғары. Ауыл мақтанышы Ерасыл Сәулебеков –жастар арасында Әлем және Азия чемпионы атанып, бүгінде болашағынан зор үміт күтіп отырған спортшы.
12 мен 14 жас аралығындағы зілтеміршілер осы чемпионат аясында іріктеліп, Қазақстан жастар құрамасы бапкерлерінің назарында болады.