МАЗАҚ БОЛҒАН МАХАББАТ
01.04.2016
1662
0

originalГи де Мопассан бізден
өз өмірін жасырып келді.
Ренар.


Төлеген ҚАЖЫБАЙ

 

Париж!

Құдайдың өзіндей құдіретті француз жұртының іргетасын қолмен қалап тұр­ғыз­ған, келе-келе әлемдегі ең салтанатты да сәнді, сымбатты да сұлу қалаға ай­нал­ған ару Париж ғой бұл. Отырғы­зыл­ған жасыл желекті ағаштың артық та емес, кем де емес, өз орнында тұруы, ас­панға мың-миллион жаһұт шашып тұр­ған алып су бұрқақтарының алаңдар мен көше қиылыстарына келіп орналаса қалу үйлесімділігі, барокко, готика с­тильдерінде бой түзеген небір ғажап ғи­мараттардың қала салтанатын арттырып тұрған сымбатты сипаттарын көр­­генде сәулетшілер сұңғылалығына, құ­рылысшылар құдіреттілігіне сүйсін­бес­ке әддің қалмайды.

Мүсіншілердің қолдарынан шыққан мың сан мінсіз мүсіндері – құдайлар мен сол құдайлардың өздерін тамсантқан сымбатты сұлулар орнай қалған алаңдар мен хауздарды қайда қоясыз!

Париждің Ана-құдайы соборының сиқырлы сыры мен жырын өз қаламы-ның қуатты желпінісімен әспеттей әр­леп берген Виктор Гюго шеберлігі, «На­­­­по­­леонның найзаның ұшымен жаулап ала алмаған жұртын, қаламымның ұшымен жаулап аламын» деген ұлы
Ба­ль­зактың тәкаппар қарым қуаты, ал­тын­мен апталып, күміспен күптелген мәрмәр залдарда күндерін бейберекет ырду-дырду, құнарсыз қызықтардың құр­­баны еткен корольдер тұрмыс тір­шілі­гін терімдей жазған әкелі-балалы Дю­ма­лар дарыны, желікпелі жастар мен жеңіл етекті куртизанкалардың жалт-жұлт еткен ерке қылықты ерсі де есер әре­кеттерін суреттей білген Ги де Мо­пас­­санның мінсіз таланты…

Сәулет өнері мен бейнелеу өнерінің, өркенді өрісін адамзат ақыл-ойы жетер биікке қапысыз көтеріп әкеткен небір ға­ламат шеберлерінің қолтаңбасы қал­ған шырайлы қала қойнауында сыры ашы­­лып болмаған небір қордалы қа­зына жатыр-ау, шіркін. Оны қырда қой соңын­да жүріп күн кешкен біз – қазақтар қай­дан ғана ұғынайық. Өйткені, бар ма­дағы да, ештеңеге теңгермесі де жоқ қы­зы­ғы қырық тесік киіз үйлері ғой. Бар көріп баққаны сол болса ол қазаққа не өкпе.

Жаңағы бір әзірде Ги де Мопассан деп кеттік қой.

«Мен әдеби өмірге құйрықты жұлдыз (метеор!) болып ендім, ал одан найзағай­лы жасындай (молния!) болып шыға­мын» деген Мопассан ғұмыры оның осы бір шынайы пікірін жоққа шығармаса керек.

Өнердің өлшемін, қаламгердің қуат қарымын қапысыз танып, кез келген француздың мақтан-марапатына айналдыра білер Париждің кінәмшіл де тал­ғам­паз қоғамы жанарынан жалын жар­қыл­даған, тұлға тұрпатынан сымбатты сұлулықтың сәулесін себезгілет­кен, қала­мынан француз сұлуларын сұқтан­дыр­ған нелер көркем шығармалар­ды ширата төгілдірген Мопассан шыңында да қаламгерлер қауымының ор­та­сына тосыннан-тосын келгендігі сон­дай, олар­ды өз шығармаларымен қат­ты қы­зық­тырған әрі таңдандырған ерек­ше құбылысқа айналып жүре берген.

Оның жазғандары жерде қалмаған. Жерде қалғаның не, небір жауһар дүние­лерін жерге жеткізбей іліп алып оқитын жұртшылықтың, әсіресе, әсіреқызыл жі­­гіт-желеңдер мен бойжеткендердің бой тұмарына айналған.

Сол бойжеткендердің бірі Жанетта еді. Бұл да ата-анадан ерте айрылып тұл жетім болып ер жеткен. Париждің кілең ұры-қарылар мен жезөкшелер, кедей студенттер мен өмірде жолы болмаған суретшілер мен ақындар адасып келген көң-қоқысқа толы лас кварталдарының бірінде өмірдің жиіркенішті тірлігімен тыныстаған бейкүнә бүлдіршін болатын. Жетімдікпен қоса келген жоқ­шы­лық­тың да жосықсыз қасіретін молынан татқан. Киер киім, ішер астан таршылық көрді. Сұлу бітімді балғын тәнін жасырар жөні түзу көйлегі де болмады. Шоқ­пыт ішіндегі нәзік жүректі, бітімі сұлу тұл­­ғасына көз тоқтар пенде табылмады. Өзіне ешкім мүсіркеп болсын қарамаса да Жанетта сұлулыққа, ибалыққа иманындай табынып өсті. Әсіресе, сұлулық­тың сыр-сымбатын сипаттай алар сөзге ғашықтығы алабөтен еді. Сол ға­шық­­тығымен үндесер қасиетті Ги де Мопассан әңгімелерінен тапты. Таңыр­қады. Тамсанды. Неткен ғажап шығар­ма­лар еді деді. Ал енді өзі қандай екен деп ынтықты. Сырттай ғашық болды.

Жанетта жалпақ Парижден таңда­ға­ны да, танығаны да Мопассан туындылары болды. Іздеп жүріп оқыды. Қолда қалған жалғыз сантим болса Мопасан­ның жаңа дүниелерін сатып алып оқы­ды. Аш отырса да жазушының сыршыл шығармаларына шырмалған қалпы бас алмай оқыды. Көз алды қарауытып талықсыса ғана жастығының астына жа­сырды кітабын. Өзегі талып, үздіктір­ген аштықтың азабын Мопассан әңгіме­лері ерекше қуатымен тарқатқандай ал­дарқатып, жас тәніне тың қуат қос­қан­дай қуанышқа кенелтіп, тән азабын жан рахатымен алмастырып, жадау жанын ерекше бір нұрға бөлеп жататын.

Сөйтіп жатып қиял бесіктің  әлдиі­мен талықсып барып ұйықтап кететін. Терең ұйқыға бой алдырған бойжеткен­нің санасын тәтті бір түс еніп, ерекше әсер­лен­діретін. Сұлу мұртты, қою қара шаш­ты, сымбатты жігіт Мопассан екен дейді. Жанеттаның ынтызар көңілін сезіп, білмегендей суық қарайды бұған. Онысы несі екен. Әлде жетім қызды жатсына ма. Жатсынатындай бұл не бүлдіріпті. Қайта бауырына тартпас па. Бұл ұмты­лып барып бірдеңе дегісі келеді. «Соңғы әңгімеңізді оқыдым. Ғажап екен! Мен Сізді өте жақсы көремін… Кешіріңіз… Бұл сөзді менің айтпауым керек еді. Бір­ақ жүрегі түскір еркімді билеп кетті. Айып­қа бұйырмаңыз… Өміріңізде өзіңіз­ге деген ғашықтығын білдірген бойжеткенді кезіктірмеген боларсыз. Сол бойжеткен менмін. Мен сізден ештеңені де талап етпеймін. Қалауым – қасыңызда болайын. Күңіңіз болуға да бармын. Тек бір ауыз жылы сөзіңізді естісем болғаны».

Ал Мопассан бұған жон арқасын беріп жүріп кетті. Артына бір ғана жалт қараған болды. Сұлу мұрты жексұрын ұры мысықтың мұртындай үдере тікі­рейіп, нұрлы жанары сұрқия сайқалдың жымысқы жанарындай жылмия қалып­ты. Арманды жазушы мұның көңілінде­гі­дей болмады. Бірін-бірі ұғына алма­ған­дай ма, қалай?!

Жанетта шошып оянды.

Апыл-ғұпыл киінді де, бір кесе қара су ішіп фабрикаға – жұмысына жүгірді. Жол жөнекей жаңағы түсіне түсіне алмай мең-зең болып келеді.

***

Жанеттаның жадау тұрмысы мен тау­қы­метті тірлігі бойжеткеннің бойын­да­ғы Мопассанға деген ықыласты пейілін бір мысқал кемітпеген. Кері­сін­ше жас жүрегін жаулап алған махаббат сезімі оны ештеңеге қаратпай ілгері же­те­леп, қалайда ұлы жазушыға жолық­тыру­ға итермелеген. Онысын өзі жөн сана­ған. Ұят-аятты қойып, жазушыға деген ыстық ықыласын жайып салмақ. Оның несі айып. Жігіт қызға сөз айт­қан­да, қыз неге айтпасқа.

Содан жатпай-тұрмай үстін бүтін­деуге ұмтылған. Ішіп-жемі жетпей жатса да әр сантимін үнемдеп жұмсап, иығын бүтіндеген. Бойына қона кеткен әде­мі көйлек, аяғына жылтырауық әше­кейі бар башмақ сатып алған. Босағадағы сынық айнаға қараған сайын өзінің өзіне көңілі толып, сұлу жүзі шырайлана түсетін.

Мопассанның ізін аңдыған жас ару қаламгердің Париждің шулы ортасынан безініп саяжайға қоныс аударғанын білген. Не де болса осы жерге келіп, Мо­пас­санға жан сезімін жайып салмақ. Жазу­шының бірінен-бірі өткен ғажап туындыларынан рухани ләззат алатын­дығын, өзінің жан дүниесіне шапағат нұрын құйған қаламгерді шексіз әрі адал көңілден сүйетіндігіне сендірер болса мына өмірде Жанеттадан асқан бақыт иесі болмасына өзін иландырғандай еді. Содан саяжайға қарай құстай ұшты. Тезірек жетіп Мопассанға ағынан жарылса жас арудың терең де мөлдір сезім­ге оранған жан сырына сенер, сенер де сыртқа теппес, тебуге тиіс еместей кө­рін­­ген. Бұның жан сырына құлақ асып, түсіністікпен тілегін қабылдамаса не­сіне жазушы болып жүр. Адамның, әсіресе, әйел адамның арманшыл асыл сезімін Мопассаннан өткен қапысыз танып, терең түсінген кім бар бұл Парижде. Ешкім де жоқ. Ешкім де оның сезімтал, нұрлы, шапағатшыл жүрегінің адалдығына кінәрат түсіре алмайды.

Міне, Жанетта іздеп келген сая­жай­дың темір торлы есігі алдына да жеткен. Сәл кешіксе сүйікті сезімге толы көңіл шарасын шайқап алардай, сөйтіп мөлдір сезімі төгіліп қалардай асығыс қалыпта есік қаққан. Атқақтаған жас жүрегі кө­кі­рек тұсын тепкілеп, алас ұрады. Тұ­ла бойы бір ысып, бір суып өзіне-өзі ие бола алмай, абыржулы еді. Арғы жақтан басқа біреу көрінді. Өзі сырттай құмарт­қан адамына тіпті де ұқсамайды.

Тұла бойына көрмеге қойылған заттай сұқтана, сұғына қараған шегір көз­дер ішіп-жеп барады. Көңілі толды ма екен:

– Сізге кім керек еді, бикеш? – деді Пьер.

– Маған жазушы мырза…

– Ә, Мопассан досым ба. Ол әзірге үйде жоқ. Ашынасымен басқа жайда жатыр.

Тас төбесінен мұздай суды құйып жібергендей Жанетта мына бір жексұрын хабардан шошынып кетті. «Ашынасы… Басқа жай… Жатқаны қалай?». Өкініштің өксікті оты шарпып өткендей опынған бейкүнә бойжеткен алды-артына қара-май тұра жүгірді. Пьер болса жас сұлуды ал­дағанына мәз қалыпта соңынан ілесе ұмтылды.

Жүрегіндегі ең асыл, ең қастерлі затындай сақтаған мөлдір сезімін әлдекім арам қолымен жұлып алып аяқтың ас­тына лақтырып тастағандай күйікті хал кешкен Жанетта фиакрге алдап-сулап отырғызып алған Пьер Бурженің ұрғашы көрсе құтқармас құзғын қылықты ловелас екендігін қайдан білсін. Өкси-өкси жылаған байғұс қызды құшағына алып жас төккен жанарларын, аялы жүзін, шырын тепкен еріндерін аймалай сүй­ген. Пьер сол кеште қыздың пәк пердесін сы­пырып тоят тапқан. Ертеңіне досы­ның Мопассанға мақтанышпен мәлім­де­ген мына пасық әрекетіне жазушы мырс етіп күлген де қойған. Тіпті, селт еткен де жоқ. Былайғы жұрттың алдамшы арам қылыққа барған Пьерді ар мен намыстың сардары Мопассан жағынан бір тартар, әрісі дуэльге шақырса да са-
уап деп ойлары ақиқат. Бірақ Париждің аясынан шығып, дүйім Европаға атағы кеңінен жайылып үлгерген қаламгер етекбасты  ұрғашы түгілі өз әріптесте­рінің көбін мойындамайтындай тәкаппар мінезге дендеп бара жатқаны шындық болатын. Кезінде «мен әдебиет­тегі құй­рық­ты жұлдыз, жайдың оғымын» деу­і­нің де түпкі кілтипаны оның тереңде ұй­ықтап жатқан өркөкірек пиғылының сайтан түрттімен бас көтере бастаған­дығы еді. Оның үстіне ибалық шы­мыл­ды­ғын көтеріп тастап еркек пен ұрғашы арасындағы тәңірдің де назарына лекпес ләззатқа берілген ессіз сәттерін сурет­теу­дегі сыршылдығы оның талассыз та­лантын танытқан, танытқан да даң­қын асқақтата көтеріп әкеткен. Әсіресе, желөкпе жастар, желкөңіл бикештер Мопассанды өздеріне табынар талант тұтқалы оның пенделік пиғылы адами ұят шекарасын кейде кеуделей бұзып, кейде айналып өтіп кете беретін. Оған етекбастылар алдында өзін еркін ұстау, ойындағысын орындамай тынбау күн­де­лікті тірлігінің ажырамас бөлігіне айналғандай еді. Әйтпесе орыстың нәзік сырлы суретші қызы Елена Башкирце­ва­ның бұған деген сүйіспеншілікке толы таза көңілдің айнасындай үміт-ті­лек­ке толы хаттарына менменсіген ана­йы жауап қатып, мазақ етпес еді ғой.

Енді міне, Париждің бір жетімек қы­зы өзіне сырттай ғашық болып келіп, ақыры алаяқ Пьердің қармағына түсіп отыр. Ол бейбақтың бар күнәсі (егер күнә деп саналса!) мұны сырттай сүйіп, өлердей ғашықтықтың құрбанына айналуы ғана. Ал бұл аянышты тағдыр Мо­пассанды тіпті де селт еткізбек тұр­сын ойландырған да емес. Сонда ұлы қаламгер ет жүрегі тас жүрекке айналған рақымсыз көр кеуде біреу ме? Олай болса, «Өмірді», «Сүйікті дос», «Пьер мен Жан», «Мадемуазель Фифи», «Су үстін­де» тәрізді жауһар дүниелерді жазар ма еді. Жоқ, жаза алмас еді! Сонда не? Біз жауабын біле алмадық.

***

Жанетта Париждегі жезөкшелер үйі таласып шақыратын даңқты куртизан­каға айналған. Сантимдерін күнде санап жүріп, тамақтан қағылса да Мо­пассанға жақсы көріну үшін әдемі көй­­лек сатып алған жетім қыз бұл күнде құмарлық құлына айналған кілең бір айғыр еркектердің айызын қандырар әрекетінде жолы болып, жұлдызы жар­қырады. Еркекпен қатынастың нелер сиқырлы сырларына қанығып, қалта қағудың небір амалдарын игеріп алған. Ендігі жерде еркектер қалауы емес, Жанеттаның қалауы алға шыққан. Ай санап бәсі артып, бағасы шарық­таған.

Жанетта Париждің кіндік тұсындағы ғажап ғимаратқа ауысқан. Ішкені алдында, ішпегені артында… ағыл-тегіл күн кешкен. Париждің небір марқас­қаларын үйінде қабылдап, би кештерін өткізуге де ойысқан. Оноре де Бальзак, Виктор Гюго, Александр Дюма, Жорж Санд сияқты шоқ жұлдыздар да Жанет­та­­ның жомарт дастарханынан дәм та­тыс­қан. Орыстың Тургеневі де осы ара­да сан рет болған дейді. Бірақ үй иесі бір­де-бір рет Ги де Мопассанды шақы­рып, құрмет етпеген көрінеді.

Бірде ашық тұрған терезеден газет сатушы баланың ащы дауысы ойын бөліп жіберген.

– Газет алыңыздар! Ұлы жазушы Мо­пассан, Ги де Мопассан мырза қайтыс болды. Газет хабарын оқыңыздар!

Жанетта үй күтушісін тысқа, газетті сатып әкелуге жұмсады.

Өмір бойы арманы болған адамының жарқын дидары газеттің алғашқы беті­нен бұған кірпік қақпай қарап қалыпты. Жүзі жарқын көрінгенімен қос жанарын кіреукеленген мұң пердесі тасасынан бұған «кешіре алсаң кешкейсің» дегендей мөлдірей қадалады. Өзі қаншаға келген екен?

Қаралы хабарда қаламгердің 1850 жылы туғандығын, кеше кешкісін саяжайда жападан жалғыз өмірден өткендігі тәптіштеп жазылыпты.

Қасынан айналсоқтап шықпайтын досы Пьер сұм қайда болды екен сол сәтте?

Бейшара қиналып жатқанда басын сүйеп, аузына су тамызар да ешкімнің болмағаны ғой. Қасында мен болғанда қайтер еді? Бәлкім не бары қырық үш жасында өлмес пе еді? Кім білсін? Бірақ ме­ні алдағанымен тағдырды қалай алдамақ? Алдай алмағаны ғой…

Париждіктердің қалың нөпірі сүйікті қаламгерін шеру тартып, шығарып салды. Бұл шеруге ілескен жоқ.

Жанетта Ги де Мопассанды жерлегеннен кейін бір жетіден соң арнайы іздеп барды марқұмның мүрдесінің басына. Жалғыз тал қалампыр гүлін қой­ды төбешік болып үйілген қара топы­рақ­қа. Еріндері жыбырлап мінәжат еткен болды.

Өлілер мекені үнсіз мүлгиді. Өлген­дер мазасын алмайық, тыныштығын бұзбайық дегендей жалғыз ғана көк қар­ға құлпытастарды түгендей қонып, оқта-тек барқ-барқ етеді.

…Мына топырақтың астында аса та­лант­ты жазушы жатыр. Енді бір қы­рық күнде алас ұрған алып жүрегі еріп, қара жерге бір уыс қан болып сіңеді. Үнемі күлімдеп тұрар қос жанарының орнында үңірейген қос тесік-ұя қалады; талай қызды аймалап сүйген еріндері жидіп, арғы жағынан ақсиған жақ сүйек­тері мен тістері ғана қалады ырсиып; ақ қағаздың бетінде желе жортқан он саусағының бунақ-бунақ сүйектері бір-бірінен ажырап, шашылып түседі…

Неткен үрейлі елес еді.

Жанетта теріс айналды. Ауыр бір күрсінді де, өлілер мекенінен ұзап, алыс­тай түсті.

***

Жаңа ғасырдың басында өмірден озған Жанетта өз өсиетінде Ги де Мо­пас­санның мүрдесінің қасына апарып өзін жерлеуді өтініпті. Ал оның себепті сырын ешкім де түсініп, білмеген құпия күйінде қалса керек.

Біз болсақ өз түйсігімізден туған оқи­ға қалпын бұзбаған күйі сіздерге жет­кізуге асықтық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір