Кәсіби жанудың алдын алу
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Арнаулы мақсаттағы басқарманың сұрауымен «Кәсіби жанудың алдын алу» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің журналисі және Алматы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызы мен филиал сарапшысы, практик-психолог, «Тәжірибелі психология» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Айгүл Исламбекқызы өткізді. Қатысушыларға алдымен бірлестік ұстанымы, атқарған жұмыстары мен жобалары жайлы түсінік берілді. Ағарушылық бағыты бойынша бірлестік ықпалымен шыққан кітаптар таныстырылып өтті.
Жалпы әскери саладағы қызметкерлерге қойылар талап жоғары болғандықтан олар кәсіби құзіреттілігін арттыру үшін физикалық, психологиялық жүктемелерді жасауға мәжбүр болады. Ол эмоционалды ресурстардың сарқылуына әкеледі. Кәсіби жанып кетудің салдары отбасындағы проблемаларға соқтықтырады. Туыстарымен, балаларымен қарым-қатынастың бұзылуы да осыдан басталуы мүмкін. Міне осы мәселенің алдын алу үшін психолог Айгүл Исламбекқызы ұжым арасындағы қарым- қатынасты нығайту, жағымсыз көңіл-күйден арылу, күш-қуат жинау, өзін еркін сезінуге көмектесуге бағытталған жаттығулар мен ойындар ойнатты. Семинар барысында қызметкерлердің кәсіби компоненттілігін арттыру және қызметтік міндеттерін тиімді орындауға жағдай тудыру үшін кәсіби жанудың алдын алуы мен оны жеңуі бағытындағы теориялық білімдері мен практикалық дағдылары жаңартылды. Семинар қорытындысында басқарма тарапынан алғыс айтылып, мұндай тренингтің өте қажет екендігі жеткізілді. Семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, пікірлері тыңдалды.
Медина ТҰРСЫН