ӨЛЕҢДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ЖОЛЫ ӨЗГЕ…
(Ақын, ғалым, академик Бағдат Телтаевтың шығармашылығы қақында)
1989-90 жылдары журфактың М.Сералин атындағы әдеби бірлестік жетекшілігі маған жүктелді. Студенттермен ән-жыр кештерін, ақын-жазушылармен кездесулер, ақындар айтысы, тағы-тағыларды ұйымдастырып, өз міндетімді абыроймен атқаруға тырыстым. Бір күні Алматы автожол институтының студенттер тарапынан комсомол жетекшісі Бағдат Телтаев пен Қалижан деген ақын жігіт екеуі мені жатақханадағы бөлмеме іздеп келді. Амандық, таныстықтан соң жөн сұрасқанда олар өз оқу ордаларында қалалық ақындар айтысын ұйымдастырып, оған бізді де шақыра келгендігін айтты. Ертесінде бірлестік ақындары топтасып барып, үлкен айтыстың дүбірін көтердік. Содан бері әр жерде Бағдат екеуміз бір-бірімізбен отыз шақты рет айтысыппыз. Оның моңғолиялық қандасымыз Тоқтамұратпен, Бекболат Тілеухановпен, Нұрлан Әбдібековпен, Аманжол Әлтаевпен, Елена Әбдіхалықовамен, Бекжан Әшірбаевпен, Оразалы Досбосыновпен, Мұхтар Бөпетаевпен, Айгүл Асановамен, басқа да айтулы ақындармен болған сөз сайысы сол кездегі заманауи мәселелерге өз тарапынан үн қосты. Бүгінде ел ағасының жасына келіп қалған Бағдаттың азаматтық қыры мұнымен шектелмейді. Ол әдебиет пен өнерге де, техника ғылымдарына да сүбелі үлес қосқан жан-жақты тұлға.
…Сағым қиял сәбилік сар далада
Сықылықтап күледі менсіз бүгін, (Балалық шақ – бал дәурен, өткен елес), – деп, өзі жырлаған Меркідегі Жауғаш батыр ауылында дүниеге келіп, Шудағы Аманкелді орта мектебін үздік бітіріп, Алматы автомобиль-жол институтын қызыл дипломмен тәмамдаған ол сол институттың оқытушысынан кафедра меңгерушісіне, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының президентіне дейін көтерілді. Ол бүгінде техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік және Халықаралық Көлік академияларының академигі, Қазақстанның және ТМД-ның құрметті жолшысы, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әлемнің көптеген елдерінде жарық көрген 600-ге жуық ғылыми еңбектердің, оның ішінде 7 ғылыми монографияның, 10 оқу құралының, 16 патент пен 5 терминологиялық сөздіктің авторы. Бұларға қосымша оның жалпы сараптамасымен 13 монография мен оқу құралы жарық көрді. Б.Телтаевтың ғылыми жетекшілік етуімен 5 ғылым докторы және 28 ғылым кандидаты қорғалды. Ол – ғылым саласынан Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
Енді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері атанған оның өлеңдеріне де тоқталайық.
Өзін түлеткен ауыл тақырыбына әркезде бір оралған Бағдат кейінгі бір көріністі:
Төбенің өркеш етегіндегі
Бес—алты үй қалды құлазып,
Сары тышқан ғана мекеніндегі
Сабылып, жинап жүр азық, –
дейді. «Сары күз. Сағыныш» деген бұл өлеңі «Үйде ит жоқ, тышқан аулар қайда көрсең» дейтін жолдары бар Абайдың «Күз» атты өлеңің еске түсіреді. Бір жағы – Тәуелсіздік қарсаңындағы аласапыран қиыншылықтар ауыл халқының басым бөлігін қалаға көшуге мәжбүрледі. Бұдан қазақ ұтылған жоқ. Өйткені, пәлсапа заңдылығы бойынша қала кімнің қолында болса, мемлекет соныкі. Бір күні университетте лекция оқып отырған профессор Т.Амандосов:
– Жастардың бәрі қалаға ағылуын тоқтатар емес, ауылдағы малды кім бағады? – дегені есімде. Зиялы қауымның айтқанын істеп, қазақ жастары ауылдағы мал соңында қалғанда Тәуелсіздік үшін Желтоқсанда бас көтеретін де жастар болмас еді.
…Шырмауықтың шыққанмен гүлі шатырға
Тарамыс болып тамыры жерде жатады…
Немесе:
…Туған жерімде кесілген кіндігімменен
Қалыпты бірге мәңгілік менің тамырым… (Ауылға бара жатырмын). Бұдан ұққанымыз – ұлт зиялыларының көбі ауылда, дала топырағында түлейтіндігі. Ұлттық тәуелсіздігі жоқ елдің қаласында туғандардан ұлт мүддесінің күрескерлері шыға бермейді. Шыққандардың өлеңдегі шырмауық сынды ұшар басы шатырда болғанымен тамыры дала топырағында жатады. Ал қаладан У.Шекспир, Н.В.Гоголь, А.И.Герцен, А.Дюма, Н.Чернышевскийлерді дүниеге келтіру үшін ұлттық мемлекет тұтастай мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс. Бағдаттың дала топырағынан сіңірген қасиеті әр саланы меңгеруіне ғана мүмкіндік жасап қоймай, 31 жасында мәскеулік ғалымдарды сұрақтан жаңылдырып, өз саласындағы ең жас ғылым докторы атануына да мүмкіндік берді. Ғылымдағы арасалмақ оның қоғамдық көзқарасына да ықпал етіп, еркіндіктің қадір-қасиетін ұлықтауды үйретті.
…Жүрген екем жылдар бойы сағынып,
Ауыл емес, ауылға ұқсас даламды…
Жеріміздің әр түпкірін өз ауылындай көрген ақын бала күнде өзі суына шомылған Тоқташ өзеніне:
– Сенің суың сіңгенде құм далаға,
Менің жаным толады мұң-налаға, –
дейді. Сосын төмендегі жыр жолдарында елдік мәселеге ауысады.
…Түрі жатқа тәттісін түгел сыйлап,
Өзің тарттың азабын кеңдігіңнің…
…Жердің асты сары алтын – сенікі емес,
Ал, үстіне билігің жоқ қолыңда…
…Пенденің бәрі біздерді түсінбегенімен
Олардың бәрін тырыстық түсінуге біз…
…Араға түсіп, арқаға сойыл тисе де,
Өзгелер емес, өзіміз, – дедік, – кінәлі…(Әбділдә Оңалбековке),
…Астанасы қазақтың –
Баспанасы орыстың…
Бұл – тоқсаныншы жылдардың жан айқайы. Өзімізде басталған Желтоқсан көтерілісінен кейін-ақ, Кеңестер Одағының әр түпкірінен бой көтерген қозғалыстар отарлықтың ордасын сетінетіп, тарихтың шері
– Қасиетті даланың кегі – мұхит,
Тасыса бір, білмеймін, не болады?.. –
деп, ақын айтқандай, теңізден бетер ақтарылды. Шердің түбі немен тынады дегенге:
…Жүректің жасын жинап бір төгетін болса,
Сахараға да жайқалып гүл өсер еді, –
дейді. Кейінгі демократиялық жаңғырудың басы 1988 жылдары саясаттан гөрі, әуелі тіл мәселесі, сосын ядролық сынақтар мен басқа да экологиялық апаттарға қарсылықтан басталған еді.
…Қар дегенім қатқан жасы шығар-ау
Сәуле тиген сәбиінің Семейдің…
…Жаңылысып сыңғырынан бал бұлақ,
Бүрсең қағып қалды дала, қалды бақ,
Күнтізбеден бір қателік кетті ме?
Бүкіл ғалам…
Мүмкін емес ол, бірақ…
…Байқоңырдан көтерілсе бір кеме
Байқадамда жел тұрады, белгілі…
Ақын бәрін де айта келе:
– Теректі көрдім құрт жеген тамырын, діңін,
Жапырағының бірінен өзімді көрдім… –
дейді. Бодандықтың зардабынан қалған қайшылықтармен күресу үшін де жаңа бір өзгерісті жақындатып тұрған қоғамдық жағдаят (ситуация) қалыптасуы қажет. Әйтпегенде:
– Қайшылығын шешеміз деп тағдырдың,
Қайшысына қалғандар көп қиылып, –
деп, ескерту де жасайды.
…Талбесіктен басталатын қайшылық
Жербесікке жеткеніңше қалмайды…
– Бұл да пәлсапалық тұжырым. Сондай қайшылықтармен күреске бел буғандар:
«Қазақтан небір қырандар шықты қалықтап,
Құлаттым бәрін қолымен жаттың шалып қап», –
деп, Бағдат айтқандай, тақиямызға тар келіп жатады. Қайшылық – пікірдегі қарсылықтың нәтижесі. Енді ақын болмысының қайшылықтағы кезінен жайшылықтағы кезіне ауыссақ та арагідік пәлсапалық ой-түйіндерін естіп қаламыз. Көбіне ол антикалық дәуірдің философтары жайлы да сыр шертеді.
…Өлім берген табиғат оныменен
Күресудің жолын да көрсетеді…
…Білетінім – өлімсіз болсам өзім,
Сүргім келмей өмірді қалатыным…
…Мен әйтеуір ғашықпын соны білем,
Бүгін жоқтың қолымда барлығына…
…Ғұмыры табиғаттың мәңгі ауысып,
Отырар бізге тылсым дәстүрменен…
Бұл жыр жолдарында материалистік танымдағы өзгерістердің заңдылығын, өмір мен өлімнің, бар мен жоқтың адам көзқарасындағы өлшемін, тағы-тағыларды өз сараптауымен тілге тиек етеді.
…Басыбайлы пендесі болғаннан соң,
Бақытына іңкәрмін жер үстінің,..
немесе:
…Өмір-ау, сені сүрем деп,
Жетекте жүрмін сүмеңдеп…
Осы жыр жолдарына мән берсек, адамның жарық дүние заңдылығынан тыс ешбір әрекетке бара алмайтын пәнидің құлы екендігін де аңғарамыз.
…Құстың дағы қасқыр алар қыраны
Кіп-кішкентай жұмыртқадан шығады.
Қарап тұрсақ, ғұмырың да ең ұзақ
Қысқа-қысқа сәттерінен тұрады…
Бұл жоғарыдағы ойымыздың мысалы.
…Жүректің тамған жасына ғана
Ақ парақты алып тоспақпын… –
деп өлеңге ар тұрғысынан мән берген Бағдаттың төмендегідей суретті, образды жолдары да аз емес.
…Хрусталь көңіл соғылып тасқа,
Қиюы келмей азапқа салды,..
…Өз кеудеме мен өзім сыя алмадым,..
…Жүректің мына мендегі
Кімдікі екенін білмеймін,..
….Қорғасын ойлар қонып ап езіп сананы,
Пұшайман сәттен пендеде сезік қалады.
Қиялым – тұлпар,
Үстіне жерді мінгізіп,
Ғарыштың түнек қойнауын кезіп барады.
…Кеудемдегі көрінбес күміс тордан
Біз шағала шыға алмай шарқ ұрады,..
Немесе:
…Намысымның қолымен шымшылады…
…Көңілдің туын көтерер,
Тауып менің күлкімді…
Кез келген ақын өзіне дарын берген табиғатты өз туындыларымен толыққанды суреттеп шығуы мүмкін емес. Өйткені, табиғат өз суретін өзі пендеден асырып салып қойған. Бұл салаға Бағдаттың да қалам тербеуі – табиғи сұлулықтан әсерленген шабыт пентабиғатқа деген өзіндік қошеметтің нәтижесі.
…Түзден ескен самалдың да сыбдырын
Жұтып қойған бір меңіреу тыныштық,..
…Жыраларға жасырынған сары күз
Сала алмай жүр салқын лептің құрығын…
Осы жыр жолдарында табиғат қалай еліктірсе, оның өзі ұнатқан адамына деген табиғи құштарлық та солай еліктіріп, жүрегін жаулайды. Сондықтан Бағдаттың тағы бір өзекті тақырыбы – махаббат.
…Гүлге сені теңейін-ақ деп едім,
Гүл ғұмыры меншігінде бір жаздың,..
…Адастырып қараңғылық тайғанда
Қорқамын мен қалам ба деп қайраңда…
…Сенімінен шыға алмадым мені ойлап,
Талай таңға көз ілмеген бір қыздың…
Осылайша жастықтың жетегінде ғайып болған талай қыздар кезінде көздің жауын алып, небір жыр шумақтарының тууына да түрткі болып еді. Әйтсе де, ақын арманындағы ару мына бір жолдардан нақтырақ байқалады:
…Жеткізген арман арман ба,
Арман боп қалшы жетпеген,..
сондай-ақ:
…Мен тілеймін – арулар алынбайтын
Қамалдай боп қол жетпей тұрса екен деп…
«Түсіме еніп тіл қаттың», «Қайдасың, көктемім?» атты әндері Бағдаттың домбыра, гитардың құлағында ойнайтын өнерпаз ғана емес, сазгер екендігін де танытты. Домбыра демекші, студент кезіндегі «Зерде» журналында жарияланған «Домбыра физикасы» деген еңбегінде ол ұлт аспаптарының үн шығаруы мен оның әсерлі жетуін қамтитын заңдылықтарды да зерттеп жүргені есімде.
…Мені судан таза, сүттен аппақ деп,
Айтқандарға, өтінемін, сенбегін… –
деп, пенденің бәрі періште болмайтындығын өз болмысы арқылы әдемі жеткізген. Осындай иман, тәрбие мәселесі оның шығармашылығының шоқтығын танытқан «Ар соты» және «Үміт» атты поэмаларында ерекше көрініс табады.
Екі туындының да тілі жеңіл, оқырманға түсінікті. Жан шеріңді қозғайтын эмоциялық әсерге де бай. Бағдаттың шығармашылығы республикалық «Жұлдыз», «Жалын» , «Қазақ әдеиеті», «Лениншіл жас», «Жас қазақ», «Өркен» басылымдарында жарияланды және «Өлеңбаян» атты жыр жинағы жарық көрді.
Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ,
ақын, сазгер,
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.